• Әдебиет
  • 06 Ақпан, 2020

МІНЕЗ ТУРАЛЫ МИНИАТЮРАЛАР

Жақау Дәуренбеков, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Мінез біреудің көзінен, біреудің сөзінен көрінеді. Айтқандайын, осы орайда Шерағаң­ның былай деп жазғаны бар екен. «Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О.Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында да мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап бұл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым» депті. Адамның жазуында мінезі жататынын Шерағаң қалай дәл айтқан десеңші?! *** Мінез – жүректің ісі, жүректің сөзі. *** Академик Серік Қирабаев ұлы ­Мұқаң­ды­ – Мұхтар Әуезовті бала мінезді депті. Өзінің көрген-түйгені мен куә болған жайымен айтады. Дерекпен сөйлеп, дәйекпен сипаттайды. Оны әрине өзіндік пайымы, шындықтың куәгері десек те болады. Енді академиктің айтқанын тыңдайық: –Мұқаң жазушылық ұлылығына қарамастан, тіршілікте қарапайым, кіші­пейіл адам еді. Менмендігі, астамшылығы болмайтын. Кейде алды тар, әңгімені еркін айтуға мүмкіндік бермей, адамды жасқап отыратын бір пенделер болады. Мұқаң олай емес-ті. Онымен еркін, қысылмай әңгімелесуге болатын еді. Ол кім болса да өзімен тең санап, тең сөйлесетін. Тек қытығына тиіп алмасаң болғаны. Қытығына тисе, мұрнын жұлқып, ашуланып, қап-қара боп түнеріп кететін, кейде қатты сөздер айтып тастауға да баратын. Елуінші жылдардың айтыс-тартыстарында оның мұндай мінезін де көрдік. Өзін сыйлай­ білгенге құшағы кең, мейірімі мол еді. Үйіне барғанда, есігін қиналмай ашып, «бәрекелді, жақсы келдің» деп қарсы алатын. Сөзге сенгіштігі сондай – кейде­ бала мінезді болатын, – деп академик Мұқаңмен бірге болған күндердің сағынышты сырын әсерлене әңгімелеген еді. («Ана тілі», 26 қыркүйек – 2 қазан 2019 ж.). Иә, ұлы Мұқаңның бала мінезінің дана мінезіне бастау бұлағы болғаны қайран қалдырып, қызықтыра баурап көңілге ұлылықтың қасиетін ұялатады. Міне, бала мінезді Мұқаңның қызық бір қыры осындай екен. *** Қазақтың мақтан ететін қаһар­манының бірі – Әбілсейіт Айханов. Тау тұлғалы, тура сөйлейтін, өз принципінен айнымайтын, тайсақтауды білмейтін нағыз нар казақ. Мүсіні мен мінезі қандай дара десейші?! Академик Оразалы Сәбден: «Әбілсейіт ағамыз өзі қандай биік болса­ мінезі де сондай биік еді» депті. («Сәуле – ғұмырда» 19 қазан 2019 ж.). Биік мінез дегені – асқақ айбарлы дегені емес пе?! Қапысыз дәл айтылған қағидалы сөз. *** Ғылымда бір институттың жұмысын бір өзі атқаратын жандар болады. Соның сайыпқыраны – Рәбиға Сыздықова апай. Сөздің сыры мен жырын зерделеуге­ бар ғұмырын арнаған ғалымның жанкештілігі қайталанбайтын қасиет. Ол – ғылымдағы сирек кездесетін құбылыс, оның үкісі бөлек үлгісі. Үлгі ғана емес, бұл ғылымда өзін мойындатқан мінез. Бұл мінездің тәнті етер әсері қандай десеңші. Сұлулықтың сырбаз үлгісіндей емес пе? Сыпайылығы мен сымбаты­ сүйіндіріп, сыңғырлы сөзі, сәулелі сезімге бөлер еді. Бойынан да, ойынан да тазалық пен талғампаздықтың салтанаты есіп тұрар еді. «Құрметті Жақаңа, ана тілімізге ­жасап жатқан қызметіңізге зор ризашылық көңілмен, әрі қарай да табыс тілеп, – автор Рәбиға Сыздықова» деген қолтаңбасында да (1994 жыл, «Санат» баспасы) мәдениетті жанның – сұлу мінездің сыпайы сыңғыры жатқандай еді. Тіпті сымбатты суреті елестеп, сөзінің сыңғыры құлаққа келгендей, жанның сұлулығы мен сөздің сұлулығының символындай боп елестеп, көңілді көрікті ойға, шуақты сезімге бөлейді. Бұл сұлу мінезді Рәбиға апайдың біз білетін болмысы еді. *** Өз мінезін – өзі мойындау да ерек қасиет. Қасиет емес-ау, бұл да Мінез. Міне, осындай мінез иесі ақын Ізтай Мамбетов ағамыздың мынадай мойындау өлеңі бар екен: Мен туыппын ақпандатқан боранда, Кім біледі бәлкім әлде содан ба, Ала құйын мінезім бар ашулы, Қапелімде басылам ба, болам ба?! – деп бір қайырса, енді бірде: Сабырсыз санап жұрт мені, Қызбалау жігіт бұл дейді. Жөн шығар мүмкін, үйткені, Өз мінін кей жан білмейді. Шабытым бірақ келгенде, Білемін, басқа мінезім: Қызуды беріп өлеңге, Сабырлы болам мен өзім, – дейді ағынан жарылып. Шалқар жырлы, шалт мінезді ақын ақиқаты бұл. Бәрін жүрегімен жайып салады. Өз мінезін өзі жазып кету де – мінез. Сирек кездесетін – сері мінез. *** Мінез саған емес, сен Мінезге бағынасың. *** Журналист Гүлзина Бектас «ұлттық мінезді» тауыпты. Әдемі – әсерлі жазады ол жайында. Оны Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күзінен» көріпті. «Қалихан Ысқақтың көркем тілді ерекше кестелей білуінің де сыры осында болса керек» деп түйеді, – яғни оның ұлттық мінезге бай болуында жатыр. Ұлттық мінез дегеннен шығады, көркем әдебиеттегі кейіпкерлердің дені Мінезден тұрады. Қалай десек те, қоғамның ащы көрінісін, келеңсіздігін көрсету бар повестің өне бойында. Дәл осылай жазбаса, Қалихан Ысқақтың шығармаларынан «Ұлттық мінезді» байқай алар ма едік?! («Қоңыр күз, қоңыр әуен, қоңыр әлем...» мақаласынан). Байқай білген, бағалай алған Гүлзинаға рақмет. Бұлай жазу да ұлттық мінезге деген жұғыстылық. *** Қазақтың сүйікті актері, бүгінгі ар­дақты ардагеріміз Сәбит Оразбаев теледи­дардағы әңгімесінде: –Мен 80 жылдығымды өткізуге ­бө­лінген қаржыға аудан әкіміне, ­«Рақмет, Алла риза болсын. Мына мен оқыған Ыбырай Алтынсарин атындағы ауылымдағы мектептің орнына, әбден тозып біткен екен, жаңадан мектеп салып бер деп өтіндім. Біреулер неге өйтесіз, 80 жасқа күнде келіп жатқан жоқсыз, өткізейік – мерекелейік деп қоймаса да, мен болмадым. Сол тойға кететін қаржыға мектеп салып бер дедім. Ақыры солай болды. Қатты риза болдым, – деді. Ақсақал Сәбеңнің осы сөзіне, енді тебіренбей көр. Мінез ғой бұл. Жай мінез емес – дархан Мінез деп осыны айтады. Иә, Сәбеңнің ешкімге ұқсамайтын дархан мінезі – дара мінезі. *** Өнер де мінезден туады, өмір де мінезден тұрады. *** Ақын Өтежан Нұрғалиевтің бар мінезі тілінің ұшында тұр. Ол барды-жоқ, жақсыны-жаман, өтірікті-шын деп айтады. Әдейі айтады, сондағысы сенің өреңді білу, шамаңды байқау, қарымыңды көру, сілкіп алу... Мұндай мінез – талантты адамның өзіндік қыры, «құпиясы». Ғалым інісі, шығармашылығын терең зерттеген Аманқос Мектептегі былай деп («Ана тілі», 2018 ж.)сипаттайды: «Байғанин мен үшін Скифия, мен – Еврипидпін!» дейді ол... Тектік құнары мықты, ен даланы еркін жайлап, сауық-сайран құрған сері де мәрт халық тағдырдың тәлкегімен небір зобалаңды, мемлекеттік дағдарыс пен жойқын зұлматтарды басынан кешірсе де рухы асқақ талант иелеріне ешқашан кенде болған емес. Сондай бойына өлең сөздің киесі қонған қазақтың ғаламат ақыны, биыл туғанына 80 жыл толып отырған – Өтежан Нұрғалиев. Қоғамдық өмірдегі келеңсіздік пен әділетсіздікке төзбей, әманда көзқарас пікірін ашық айтатын ақын «Ұлы болу үшін өлу керек» дегенін естігеніміз бар. Бұл қазақтың ұлттық мінез-құлқын, ділін терең зерделеген жанның ақиқатты тануы» депті. Алып-қосары жоқ ақиқат сөз! *** Шерағаң дүниеден өтті. Елі оның бар болмыс мінезін ағыл-тегіл ақжарыла айтты. Шәкірті Қали Сәрсенбай өз түйгенін қалтқысыз жеткізіпті: «...Баспасөзіміздің бірнеше буынын­ тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Бұл кісінің ғажаптығы – өзінің айтқанын істеген адам. Қаламы тиген қағаздың, қолы тиген газеттің бәрі көркейіп шыға келетін. Тіпті телевидениенің өзіне барған кезде де қалай құлпыртып жіберді! Таланттың аты, дарынның заты қандай! Бұл – мінез. Білім өз алдында, Құдай тағала берген дарынды, білімді іске асыру үшін мінез қажет». Ал Шерағанда болған мінез ерекше, қайталанбайтын, өзіне ғана тән еді. Оны Жұмабай Шаштайұлы: «Арыс­тандық мінезбен арыстандық тұғырында отырды да, қайтты» десе, ақын інісі Бақыт Беделхан: «Шерағаң ауырып жатқанда ұлымды апарып, маңдайынан сипатқым келіп еді, оған мүмкіндік болмады. Өйткені баруға болмайды, кездесуге болмайды деген шектеулер қойып ­тастады. Жазылар деп жүргенде көз ­жазып қалдық. Заманында арқырап жүрген, гүрілдеп сөйлеген арыстан адам өзі де ендігі қалпын ешкімге көрсеткісі келмеген сияқты. Рухы биік азаматтардың ешкімге ұқсамайтын намысы болады, асқақтығы болады. Аласаруға көнбейді. Міне, сондай мінез бақұлдасып қалуға мүмкіндік бермеді. Шерхан қазақтың рухы, мінезі еді. Міне, осы мінезінен, рухынан айырылып отырған қазаққа көңіл айтам» деп жазыпты. *** Бірде редакцияға («Лен.жас», 1975 жыл, 5 маусым) Осекең келді. «Сүзеген сөздің» тренері Оспанхан атақты сатирик қой. Жұрт Оспанхан деген есімді естігенде жымың етіп, күлімдей бастайтыны және мәлім. Бірақ сол Оспанхан бетпе-бет отырып әңгіме айтқанда онша күлдіре алмайды. Ал кейде күлдіргі ситуация айтады, соны қағазға түсіре алмайтыны және қызық. – Бірде, – деп бастады Осекең, – Адамды алдау деген оп-оңай екеніне көзім жетті. Аялдамада тұрғам. Бір кезде троллейбус келе қалды. Мініп отыра­ бергенімде біреу жеңімнен түртеді. Қарасам мектептен келе жатқан балам: – Папа! – деп арсалаңдайды. Ой келді, қулана қалдым. – Қай баласың? – дедім жайбарақат. – Ой, папа мен ғой! – Кет, ары, мен сенің папаң емеспін, – дедім жүзімді суытып, – Өзің кімнің баласысың? Балам састы. Сосын: – Оспанханның, – деді күмілжіп. – И-ә, әлгі... Оспанханның баласысың ба? Беу, сығыр-ай оның да сендей жігіт болған баласы бар екен ғой... Сөйдедім де орнымнан тұра бердім. Шығуға бет алдым троллейбустан. Үйге баратын екі жол бар. Бірі осы троллейбуспен барады. Екіншісі жолдағы аялдамадан түсіп қалып, үйлердің арасындағы жалғыз сүрлеумен тіке асып түсетін жол. Әрі тез – әрі төте. Түстім де үйге жеттім. Келсем балам әлі келмепті. – Шешесі, – дедім әйеліме, – қазір балаң келеді. Папам үйде ме деп сұраса ертелі жатыр ғой дей сал. Диванға барып шешініп, газет оқыған болып жата қалғаным. Салдыр-гүлдір етіп балам да жетті. Тура «сценарийдегідей» шықты. Сұрады, шешесі әлгі жауапты айтты. – Қойшы, – деп балам бөлмеге келді. Бетіме бажырая қарап тұрды-тұрды да: – Папа, – деді таңданыс аралас қобалжуын тежей алмай, – Жаңа бар ғой, троллейбуста тура точна-точ сенен айнымайтын бір адамды көрдім? – Ә-ә, – дедім мән бермегенсіп, – ондай-ондай болады ғой. Балам сенді. Қызық-ақ! Бірақ осыны әңгіме етіп жаза алмай-ақ қойдым!.. – деп Осекеңің кеңкілдей күлгені-ай... Аңқылдаған Осекеңнің осы қылы­ғынан ақжүрек ақжарқын бала мінезі көрініп тұрған жоқ па?! Жарықтық, Осекең-ай! Осы естелік әңгіме күнделігімде ­жататын. Жария етуге реті келмей жүрген. Сәті келіп, 2019 жылдың 10 сәуірінде, Үкеңнін үйінде, осы әңгіменің растығын Осекеңнің жары Нұрсұлу (80 жастағы) апайдың өз аузынан естіп, мәз бола күлгенімізді айта кетейін енді. Қайран, бала мінезді Осекең-ай! *** «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» депті ұлы Абай («Отыз жетінші сөз»). *** Сырбаз ұстаз, сырлы сөздің сүйрігі Зейнолла Қабдолов ағамыздың әр пайымы, әр сыпаттамасы тап басар табиғилығымен тәнті етіп жатады. Кім жайында айтса да артық кетіп, кем түспейді, дәйекті сөзі дөп түсіп жатады. Соның бірі Қали Сәр­сен­байды мінездеуі: «Қали университетті бітіргеннен кейінгі 22 жыл өмірі түп-түгел өзі қалаған журналистика саласында өтіп келеді. Жүрген жерінің бәрінде өзінің өзгеге ұқсамайтын нұсқалы қаламгерлік қолтаңбасы қалып жатыр. Сол арқылы біз оның тіл ерекшелігін, жазу мәнері мен машығын, сайып келгенде, журналистік мінезін таныдық. Қандай мінез? Батылдық, адалдық, әділдік! Осы үш қасиет оның адамдық бітіміне, азаматтық болмысына айналған. Журналистикада осылай қалыптасқан мінез енді көркем әдебиетке көшкенде тағы да өзгеше өрнек төгеді, өнімді нәтиже береді». Журналистік мінез дегенді ұстаздан асырып айту мүмкін болмас. Біздің түйгеніміз: журналистік мінез дегеннің бары рас екен. *** «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, Мінез ­деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі ­де ақымақтық» дейді ұлы Абай («Он сегізінші сөз»). *** Жазушы Орысбай Әбділдаұлы ұстазы, барша қазақтың Бейсекеңі – белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев жайлы былай деп еске алады: «Бейсенбай ағайдың аудиторияға бас сұққанының өзі елден ерекше. ­Бипаз, биязы, біртоға жүріс-тұрысы кісі қызыққандай. Бәрімізге нақ өз ­баласына сөйлеп тұрғандай жылы жүрекпен, жұмсақ жымиыспен, мөлдіреген мейіріммен көзінен шоқ шашып қарайды. Қаншама ашуланып, ренжіп қалатындай жағдай болса да туабітті болмысы шығар, сабырға жеңгізіп, қабағын қатты шытпай, дауысын көтермей, тілін беземей, жайдарылық аясына түсе қояды. Соншама ғұмыр болса да студенттерді өзімен тең санап, жайма-шуақ әңгімеге тартуы курстағыларға қатты ұнайтын. Зекуді, айбарымен ықтыруды ­ойына да алмайтындығы қандай қарапайымдылық десеңізші! Қай сұраққа да ерінбей-жалықпай ­жауап беріп, жалпақ тілмен түсіндіріп, құлаққа құйып тастайтындығы ­керемет еді. Сабақ кестесінің төркіні он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы халықтық, қоғамдық, ағартушылық ­жолында қалам тартқан демократ ақындар, шығармашылық адамдары төңірегінде болғанымен ол кісі арғы заманға да, бергі заманға да әредік шолу жасап кететін. Құлағымыздың құрышы қанады-ақ. Мейлінше жұпыны, майдақоңыр үнді, өмірде мақтануды білмейтін «бетегеден биік, жусаннан аласа» жазушы, сыншы, ғалым, бар болмысы мейірімді мінезден тұратын адамды аудиторияға тезірек кіріп, телегей-теңіз лекциясын тезірек бастаса екен деп асыға күтетінбіз...». Бәрекелді, қаз-қалпында қағазға түсіріліпті. Еш қоспасыз, шәкірттік көңілмен жазылған шағын портреттік сипаттамада Бейсекеңнің туабітті таныс мінезі көзге оттай басылыпты. Көңілге құяр шуағын айтсайшы?! Жақсы адамның мінезі де шуақ ­шашып тұрады екен ғой... *** Мінезді адам «Мінездемеге» ­сыймайды. *** Шоқ тілді Шонаның мінезіне бүкіл қазақ қанық. Шөкеңнің мінезі жайлы қатарлас­тары да көп айтады. Солардың бірі Үмбетбай Уайдиннің естелігі Шөкеңнің болмыс-мінезін аша түседі екен: «...Біздіңше, Шөкең әлі де өмір сүретін еді, егер біреулердей жақсылыққа да, жамандыққа да мыңқ етпей, ішкен-жегеніне мәз боп, пеш түбінде қорылдап ұйықтай бергенінде... Ол әлі де өмір сүруге тиісті еді, егер біреулердей неше түрлі бәле-мәтерлерді іштеріне жинап, халқын ойламай, қақайған қара басын ойлағанда. Желтоқсан көтерілісі кезінде біреулер тырқылдап ойнап-күліп жүрсе, Шөкең ұрпақтарын аяп, қанша уақыт қайғырып жүрді. Өлімге қимағандықтан ба, әлде халықтың Шөкеңдей мінездері өлуге тиісті емес деп ойлағандықтан ба, көп адам оның суық хабары құлақтарына ­тигенде нанбай, шошып, біразға шейін жаман атты хабарды жандарына ­жолатпай қойды. Жамандықтың да өз шындығы бар ғой, жолатпағанмен ол шіркін, мойындатпай қоя ма? Мойындатты. Мойындадық». Ақын Рафаэль Ниязбековтің мұның бәрін растап-нықтай, отты сөзімен түйіндеуі ерекше: «Қоғам кемістігін сынаған Шөкең секілді сатира сардары ылғи қағажу көріп, шер-шеменде ғұмыр кешті. Аспаннан шұға жауса да бұларға ұлтарақ та тимей, көк бөрідей «ұлыған» сәттері аз болған жоқ-ты. Бірақ бұлардың өксігі – өжет толқынға, күрсінісі – күн күркіріне ұласып жатты. Ашынған ақын жүрегінен адырнасын ала өгіздей мөңіреткен уытты, улы жыр жолдары үсті-үстіне толқын ата туындап, сардалаға сапар шегіп, туған елдің жігерін жанумен болды. Өжет мінезді ақындардың бірі әрі бірегейі көзі тірісінде сатираның сардары атанған Шона Смаханұлы ­болатын. Алғашқы күннен бастап жебесін алысқа атуды ойлаған ақын өзін ылғи шыңдап, озық әдебиетті іздеп оқып, үнемі үйренумен болды. Таланты толысып, талғамы арта келе айналасына, өзін қоршаған ортаға, қызыл жалаулы қоғамға, жарық дүниеге терең үңіліп, көздегенін қалт жібермейтін мірдің оғына айналған. Шона десең – мірдің оғы, мірдің оғы десең – Шона еске түсетіні, міне, содан». Шөкеңнің, мінезі осынау жолдардың өзінде көрініп-ақ тұрған жоқ па?! *** Қайрат күште білінеді, мінез істе білінеді. *** Мінезді адамда кек болмайды, тек болады. *** «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Мысалы, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, ­арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі» депті ұлы Абай («Жиырма бірінші сөз»). Ұлы данышпанды жиі-жиі қайталап оқып тұрайықшы, ағайын! *** Жұматай Сабыржанұлы мықты сатирик,­ ешкімге ұқсамайтын, ­жаратылысы бөлек жан еді. Ол жайында,­ сатирадағы серіктес інісі хақында Үмбетбай Уайдин ағамыз ­былай деп әңгімелейді: «Әр адам – мінез. «Мінез – айна, одан әркім өзінің шын сыйқын көреді» депті ұлы В.Гете. Жұматайдың «Өкпелесең өзің біл» атты кітабының тұлабойы тұнған оның өз мінезі. Қыңыр-қисыққа жатпайтын, оңайлықпен адам түсініп болмайтын, оңайлықпен ымыраға келмейтін біртүрлі мінез. Ол сыбырлап сөйлемейді. Адам бағалауы да өзгелерден өзгеше. Жаратылысы жасандылыққа жат. Күлкісі – тосын. Біртүрлі мінезін – ғажап мінезін деп те ауыстырғым келеді. Біртүрлі мінез ­талантты адамдарға тән ғой...». Мұнысы қазақ сатирасының үркердей тобының үмбеті Үкеңнің сатирик інісінің сөз саптауына сүйініп, оны шабысынан танып, біртүрлі мінезіне бар бейілімен ырза болған соң айтқан ықыласты баталы байламы болар. Әсте, онысына рақмет. Жұматай да сол біртүрлі мінезімен дара ғой! *** Жылқы мінезді халықпыз дейміз. Осы қасиетті кірлетпеу үшін де Мінез керек-ақ. *** Махамбет ақын «Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен» Исатайды былай деп мінездепті: «... Құландай ащы дауыстым! Құлжадай айбар мүйіздім! Қырмызыдай ажарлым! Хиуадай базарлым! Теңіздей терең ақылдым! Тебіренбес ауыр Мінездім! ... Арыстан еді-ау, Исатай! Бұл фәнидің жүзінде! Арыстан одан кім өткен?!» Нөсер ойдың нөпірі ғой бұл! Жетені сілкінтер жебе сөз! Мінездеудің қайталанбас хас үлгісі осындай-ақ болар! *** Баспамыздан 2014-2015 жылдары­ Әшірбек Сығайдың ілелетін екі шығар­масын шығардық. Бірі – «Таңғажайып театр», екіншісі – «Жансарай»­ кітабы. Қазақстандағы барлық театрдың ­тарихнамасы мен сахна тарландары жайлы «Таңғажайып театр» кітабы ерекше ­шабытпен жазылған. Әшекең төгіле толғап, ақтарыла әңгімелейді. Әшекеңнің не айтса да, не жазса да тек тәнті болғанын, көзбен көргенін, құлағымен естігенін соншалықты сыршылдықпен, театрға деген сүйіспеншілікпен әңгімелеуі әрі таңғалдырады, әрі өзімен бірге толқытып тебірентеді. Сондай сырлы­ әңгіме-дүкеннің бірінде Қасым Жәкібаев туралы­ айтқаны бар еді. – Қасекеңді сендер білмейсіңдер, ғажап актер болатын, – деді жадырай­ жайылып, – Кітабымда да жаздым, толық емес. Әлі де тереңдей жазу ­ойымда бар. – Қандай қасиеті ерекше еді? – Айрықша жаратылыс иесі еді. Сахнаны пір тұтты. Жарты ғасырдан астам тер төкті. Өмір болғасын сүрінді, төгілген теріне сүйенді. Мінезсіз кісіден үлкен өнер шығу-шықпауы неғайып. Сол өнерді ірі мінез ғана ұстап тұра алса керек. Қасекеңді осы мінез өзгелерден ерек етті. Мойындатты. Сахна мен экраннан соны бірден көруге болады. Өйткені ол ұлтымыздың пешенесіне біткен атақты үш Қасымның білдей біреуі ғой, – дегені есте қалыпты. Біліп айтудың білгірі, тауып айтудың ақтаңгері Әшекеңнің осынау өресі биік сөз қайырымына қарасайшы! Түйіп айтқаны қандай десеңші. Түйін сөз емес, тұйғын сөз дерлік. Қорғасындай құйыла салған көрікті ойға қарасайшы! Осы пайым-парасатынан Қасекеңнің бойынан ірі мінезді тани білген Әшекеңнің кең пейіл ақжайлау мінезі де көрініп тұрғандай-ау, ­па-шіркін! *** Берік Шаханов есімі бәрімізге белгілі. Қазақтың қарымды қаламгері сабыр­лы мінезімен тәнті етеді. Оның шығармаларынан да осы сырбаз сабыр­лылық еседі, қоңыр биязы үні жанға жағымды естіледі. Өзі бір қалыпты адал­дықтың эталоны боп елестейді. Кез келген қаламгер Бәкең жайлы жақсы сөзін айтады. «Қаламгерлігіне қарапайымдылығы, биязы мінезі ­жарасып тұрады» деп көңілінен көркем тілегін төгілтіп айтады. Адамдар өзгеріп жатыр. Ал Бәкең – баяғы биязы Бәкең, байсалды ақсақал. Бұл өзгермейтін қалып – тумысынан жара­тылған қасиет. Айтып жүрген мәде­ниет­тілікке тән мінез дегеніміз осы ғой. Кәдімгі қарапайым кемел мінез. *** Елдің мінезі бар, ердің мінезі бар. Екеуі де ерек, екеуі де керек. *** Ұлы Абайдың өзі бұрынғы ата-бабаларымыздың екі мінезіне мән берген екен. Түйін тіні тереңнен тартылып қазаққа қарата айтылған уәлі уәжі мен таразы талқысынан санаға түсер сәулелі ой астары аңғарылады. Куәға тартары көп осы бір отыз тоғызыншы қара сөзін оқыған жанның көңілінің көзі ашылып «Япыр-ай, ә!» демесі кемде-кем шығар. Ендеше, тағы да ұлы ақынның ұлағатты уәжін – ғақлия сөзін қайталап оқып көрелік: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабалары­мыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы ­деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса,­ дау-жанжалды болса, билік ­соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ ­басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді? Екіншісі – намысқор келеді екен. Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен, «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса­ да, безері болмайды» деп, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған бәлеге жолығар» десіп. Кәніки, енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұш­пандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық». Астарлы сөздің ақиқатына не дауа? Біле білсек елдің мінезі де бәрімізге сын екен...

3292 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы