• Білім және ғылым
  • 06 Ақпан, 2020

Мұғалім – мектептің жүрегі...

Елімізде «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның қабылдануы ұстаздар қауымын бір серпілтіп, өз мамандықтарына деген құрметі мен қызығушылықтарын арттырып, оған қоса жас мамандардың мектепте мұғалім болуға деген көзқарастарының өзгеруіне оң ықпал ететіні сөзсіз. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың ­айтуынша, Заңда көрсетілген кешенді шараларды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін 5,3 триллион теңге қаржы бөлінбек. Педагогтардың талқысына түсіп, қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасының қабылдануы білім саласының дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Заңда бекітілген бірінші мәселе – педагогтардың нормативтік оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа түсірілуі болды. Әрине, ұстаздардың жүктемесін азайту арқылы әр сабаққа ықтиятты ізденіспен дайындалуларына мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар педагог бос уақытында инновациялық-ақпараттық технологияларды меңгеріп, сабағын көрнекті-тартымды әрі қызықты етіп өткізуге тырысатыны белгілі. Оқушы білікті, шебер ұстаздың дәрісінен қалмауға тырысады, тіпті қосымша сабағына баруға ұмтылады. Бұл жерде қазіргі нарықтың талабына сай, мұғалім бәсекеге қабілетті болуға құлшынады. Екінші бекітілген мәселе – халықаралық олимпиада,­ әртүрлі байқаулар мен жарыстарын дайындағаны үшін мұғалімдерге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы тағайындалатын болады. Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тәлім бар. Әр шәкірттің қарым-қабілетін бағамдап, бейімін анықтап, ол балаға бағыт беріп, баптап, бәйгеге қосу, шын ұстаздың, жанашыр, кәсіби ұстаздың ісі. Бұл игілікті еңбек бағаланып жатса, нұр үстіне нұр. Келесі мүмкіндік – ауыл мұғалімдеріне жер телімдерін беру. Бұл игілікті іс. Қазақтың тамыры ауылда, ауылдық ­мектептерде сабақ беріп жүрген ұстаздардың жағдайын ­жасау, ұрпаққа ғана емес, қазаққа жасалған құрмет. Заңда қарастырылған тағы бір мүмкіндік – жоғары оқу орындарынан басқа білім беру мекемелерінде қызмет етіп жүрген мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру. Бұл дегеніміз, ер балаларды мектепке мұғалімдікке тарту мәселесінің оң шешімін табуына ықпал етеді деген сөз. Алайда мұғалімдік мамандыққа ер балалар көп бармайтыны, грант үшін барғаны болса да мамандығы бойынша жұмыс істемей жүрген жастар көп. Әрине, әскерге барудан қашу емес, ұстаздық қызметтің әскерде борышын өтеумен теңгерілгені де көңілге қуаныш ұялатады. Соңғы кезде мұғалімдердің сенбілік, сайлау секілді қоғамдық жұмыстарға орынсыз тартылатыны жайлы әртүрлі пікірлер туындағанын білеміз. Мұғалімдердің көше тазалауы, сайлауда үй-үйді аралап тізімдеме жасауы, әрине оған мұғалімге деген құрметке қатысты оқушыларда да кері пікір қалыптасады. Осы мәселенің де шешімін табатыны педагогтардың еңсесін көтеріп тастады. Жаңа заңда мұғалім сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады. Сонымен қатар магистр дәрежесі бар мұғалімдерге 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Мектепке дейінгі педагогтардың жалақысы 25 пайызға өсетін болды. Жалпы «Педагог мәртебесі туралы» заңда қазіргі мұғалімдерді толғандырған бірқатар мәселелер қарасты­рылғын.

Сәуле МАХАНОВА, Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-гимназияның ұстазы

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы

784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы