• Әдебиет
  • 06 Ақпан, 2020

БОЗАТАУДАН ШЫҚҚАН ҮН

Жақыпжан НҰРҒОЖА

...Жаңбыр төпелеп тұр... ...Айнала тас қараңғы... ...Жүрейін десе, аяғын қозғалта алар емес. Зілдей ауыр. Қорғасын құйып қойған ба дерсің... ...Алдында біреудің кетіп бара жат­қаны анық. Сұлбасы қарауытып көрінеді, әйтеуір. Етене жақын еке­нін жүрегі сезеді. Кім болды екен? Мына нөсердің астында қайда барады бұлар?.. Жұмбақ... – Мұқаш!.. ...Біреу шақырғандай болады... Қалың тұманның ішінде адасып жүргендей... ...Кенет жарқ етіп, айнала самаладай жарқырап сала берді... – Мұқаш деймін!.. ...Тәйірі, түс көріп жатыр екен ғой ­манадан бері. Лашын екен шақырған. Бөлменің шамын жарқырата жағып қойыпты. Көз қариды. – Біреу звандап жатыр. Сені сұрайды. Одақтан дейді... Мұқағали көзін әрең ашып, оған аңырып қарады. – Кім дейсің?.. – Е, қайдан білейін?.. Түн ішінде неғылған «одақ»? Қалжыңбас достарың­ның бірі шығар... Мұқағали мәйкішең дәлізге шығып, орындық үстінде шалқа­сынан жатқан телефон тұтқасын құлағына тосты. – Әлөу, бұ кім?.. Қабдыкәрімнің даусын әзер айырды. – Мұқа, Одаққа тез жетші!.. Нөкісте Төлеген қайтыс бопты. Айбергенов... – А-а, не дейсің?.. Төлеген!?.. Біреу миына ыстық біз сұғып алған­дай болды. Жүрегі зырқ ете қалды... «Құдай-ау, не дейді?.. Төлеген... Қалайша? Мүмкін емес. Жап-жас қой әлі...». Тұтқадағы дауысты ести тұра, сөздерін ажырата алар емес. Біресе басын, біресе кеудесін сипалай берді. Көзінен жас парлап барады... – Мұқаш, не болды?.. Нағиман анасы екен үн қатқан. ­Лашын екеуі состиып тұр. – Төлеш... Төлегеннен айырылып қалдық қой, Нақа... – Алда, байғұс-ай!.. Лашын иығына көнетоз кәстөмін әкеп жауып еді, кемсеңдеп отырған Мұқағали еңіреп қоя берді. Жұбатпақ болған Лашынның да сөйлеуге шамасы келмей, Мұқағалидың алдына тізерлей кетті. Иығы селкілдеп барады. – Сабыр етіңдер, қарақтарым... ­Балалар оянып кетпесін... Нағиман екеуіне жақындап, ­бастарынан сипады. Олардың дірілі бұған да ауысты. Енді үшеуі қосыла жылады.

* * *

Қабдыкәрім кабинетінде күтіп отыр екен. Мұқағали онымен ­жылап көрісті. Құшағынан босатар емес. Қабдыкәрім бұны қайта-қайта арқасынан қағып, жұбатып, орындыққа күштеп отырғызғандай болды. Мұқағали есін ­жинай алмай, есеңгіреп, ұзақ отырды. – Қабдыкеш, не болды бұл, не болды? – деп, басын шайқай береді. – Мұқа, сабыр қыл, енді. Түсінемін, Төлеген жан жолдасың болды ғой. Бәрімізге ортақ қайғы. «Өлі артынан өлмек жоқ» деген. Тірі адам тіршілік ­жасауы керек қой. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуымыз керек... – Апыр-ай, ә, сонда не жағдай болған өзі? Қабдыкеш, түсіндіріп айтшы құдай үшін... – Мұқа, менің бар білетінім ­мынау. Одақтың әдебиетті насихаттау­ бюросы ­Дихан Әбілев, Сағынғали Сейітов, Нұтфолла Шәкенов үшеуін Қарақалпақстанға іссапарға жіберуге ұйғарған. Содан олардың қарақалпақ жұртшылығымен кездесуін ұйымдастыру үшін бюроның жаңа қызметкері Төлеген Айбергенов алдын-ала Нөкіс қаласына ертерек барады. Сөйтіп, делегациямыз Нөкіске жеткен күннің ертеңіне Шымбай­ ауданына жүріп кетеді де, Төлеген аяқ астынан сырқаттанып, Нөкісте қалып қояды. Сол күні ақын өмірмен қоштасады... Неден қайтыс болғанын білмеймін, Мұқа. Нөкістен телеграмма түнде алдық. Бүгін жерлейді... Мұқағали кабинеттен шыққасын көз жасына қайта ерік берді. «Обал-дағы-ай, артында шиеттей бес баласы қалды! Не болар екен олардың күні?..». Фойеде ерсілі-қарсылы жүріп алды. Екі самайының тамыры солқ-солқ етеді. Шай қайнатым уақыт өткенде төменгі қабаттан абыр-дабыр дауыс естілді. ­Артынша әлдекімнің екінші қабатқа жүгіре басып көтеріліп келе жатқанын байқады. Саттар Сейітқазин екен. Мұқағали оған қарсы жүріп, құшағын жайып, ботадай боздай жөнелді. Саттар мұндайды күтпесе керек, сасқалақтап, не істерін білмей қалды. Мұқағалидың алып құшағында тұрып, ентігін баса алмай, мең-зең қалыпқа түсті. «Мұқа, сабыр, сабыр» деп қояды. Сосын құрсаудан сытылып шыққандай: «Мұқа, күте тұр» деп, Қабдыкәрімнің кабинетіне кіріп кетті. Сәлден соң қайта шығып: «Мұқа, ­барынша сабыр сақтайық. Қазір Төлегеннің үйіне барып, жұбайы Үрнисаны ертеміз де, аэропортқа тартамыз. Оған еш сез­дірмейік. Нөкіске жеткесін бір-ақ естіртеміз» деді сөзін салмақтап. Мұқағали үнсіз басын изеп, келіскендей болды.

* * *

АН-2 қарақалпақ аспанын қақ тіліп, қалықтап келеді. Мұқағали терезеге қадалып отыр. «Қызталақ, жете де алмай келесің, сені де «ұш­қыр кілем» дейді-ау. Құдды есек-­арба дерсің... Қанатым болса, шіркін, алдыңа түсіп алып, зулар едім... Е, бірақ, осыған да шүкір. Қайта мына Саттар еті тірі, әбжіл екен. Самолетке «жоқ» билетті тауып, Тәшкенге жеткізді. Ол жерден қалай екенін қайдам, өзбек комсомолын тауып ала қойды. Сөйтіп, оларың өбектеп шығарып салды. Енді нөкістіктер «ке­шіккен өздерінен көрсін» деп, Төлегеннің жүзін топырақпен жауып, жасырып қоймаса болғаны... Неге асығыс жерлейін деп жатыр екен? Мұнда бір гәп бар-ау...». Қызық. Төлегеннің өзі де ылғи асығып жүретін. Асығыс ылғи жортып жүруші еді, Бетпақтан су іздеген жайраңдайын... Өмір сүруге асқан құштарлық адамды­ шапшаң­дыққа бейімдейді, білем. Ол тіптен космостық жылдамдықты қалаған жоқ па?.. Төлегенмен алғаш танысқан сәті көз алдына келді. ...Тоқаш екеуі Одақтың алдында­ әңгімелесіп тұрған-ды. Анадайдан ат жақты, орта бойлыдан биіктеу, сылыңғыр, әдеміше келген жігіт бұларға қарап күлімсіреп келеді екен. Бұйралау қалың қара шашын артқа бір қайырып қойып, тез-ақ жақындады. – Ассалаумағалейкүм, ағалар! – деп, әуелете амандасып, өлең оқыған­дай екпіндете сөйлей берді. – Ай, айналайын­дарым-ай, өзім де біліп ем, жүрегім де сезіп еді, кездестірем-ау деп өздеріңізді, асыл ағаларымды!.. Әй-шәй жоқ, көптен көріспеген жандарша құшақтаса кетті. – Әй, мынауың жүдә іші-бауырға кіріп барады ғой, – деді Тоқаш, күліп. Танымайтын адамның аса бауы­р­­мал­дығын ұнатып қалса керек. Мұқағали да аузын ашса көмейі көрі­нетін ақкөңіл жігітке сүйсінгенін жасыра алмады. «Қай баласың?» деп төтесінен сұрақ қойды жас жігіттің иығынан қапсыра құшақтап. Сөзге шапшаң екен: – Алдарыңызда Айбергенов Төлеген ­­тұрыпты, Ақын ағаларын сыйлауға жоспар құрыпты, – деп, лып ете қалды. – Ой, пәлі-ай, мынау менің мәснәуи үлгісінде жазылған жырымның екі жолы ғой, – деп, Мұқағали жадырай түсті. Тоқаш та мұртынан күліп тұр. Төлегенде тыным жоқ екен. «Ал, ағалар, не тұрыс? Айқындайық бетбұрыс! Тарттық біздің үйге, Қаскелеңге, ­дастарқаннан дәм ­татып, кезекті берейік ән-өлеңге» деп, ұйқастыра сөйлеп, екі ағасын қолтықтап алып, дедектете, сүйрей жөнелді. Екеуінде айтар уәж қалмады, дегеніне көніп, жүре берді. Төлеген сол дегеннен бұларды бастап отырып, Қаскелеңдегі үйінің төрінен ­бір-ақ шығарды. Кішкентай қоржын үйдің бір қабырғасындағы «ул. Кирова, д. 57» деген жазу есінде қалып қойды Мұқаңның. – Ал, ағалар, Төлегеннің қосы – «өз үйім, өлең төсегім» осы. Мынау Үрниса деген келіндеріңіз, үш баланың үр анасы. Бұйырса, дүниеге келер тағы бір ұл баласы.­ Үрниса, сәлем бер ақын ағаларыңа, келісті, кең жайлаудай жағаларыңа. Мұртты ағаң – Тоқаш ­Бердияров, алпамса­ ағаң – Мұқағали Мақатаев, аз десең, тағы да кісі шақыртайық, – деп, ұйқасы мен әзілін араластырып, таныстырып жатыр. Төлегеннің өзі қандай келбетті болса, келіншегі де сондай сүйкімді, үріп ауызға салғандай екен. Ашық-жарқын мінезі, ­сы­­пайы­лығы бірден көзге түсті. Балалары­ да ешкімді жатырқамай, бұлаң өскен тәрізді. Кішігірім тойға айналған сол кеште­ Мұ­қағали ойлы отырды. Тоқаш пен ­Тө­ле­ген аттың басын қоя берді. Жарыса жыр оқыды, одан қалды, қалжыңдасып бақты. Бір уақта Төлеген Ілиястың «Дала» ­поэмасын жатқа айтатыны жөнінде Тоқаш­пен бәстесті. «Өй, аға, оны қойшы, мен соңғы шумағынан басына қарай зуылдатам» деді, қызды-қыздымен. Бой бермеген Тоқаштың қолына кітап ұстатып қойды. Бәсі қызық. «Жеңсем, ән салам, мүлт кетсем, оқимын өз жырымды» дейді. «Ал, кеттік!..» . Әжептәуір дауысы бар екен. ­Естай­­дың «Қорла­нын» нәшіне келтіре бір құйқылжытты дерсің!.. Төлегеннің «сізден» «сенге» ауысуы да тез болды. Оның «сені» соншалықты жарасымды естіледі екен. «Жаса, аға!» десе, бір жасап-ақ қаласың. «Өй, аға, соқ өтірікті!» деп қойып қалса, турашылдығына разы боласың. Өзі де төгілтіп жыр оқиды. Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, Жарқылдаған алмас па Дейсің-ау, дейсің сен оны, Айырып кетсе жол басқа. Орны тіпті толмас та. Тулатар тек от денені.

Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа Маңдайындағы бір атын Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын. Көкірегінен күн сөнбей, Осы бір шақтан, білсең ғой, Тұратын тауып мұратын. Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр. Жалаңаш батыр көбі оның. Аударып тастар сен үшін Алтын бар десең, астында мынау төбенің. Солардың аппақ ниетімен, Ақ қарға жаққан отымен Лапылдап мен де келемін. Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес Тұра да алмас шың бұлай. Қасқайып олар тұрғанда Биіктер сенің тұлғаң да, Миллион мәрте, құрбым-ай. Аралықта Үрниса үн қатты. – Төлеш, сен бір уақ қонақтарға сөз берсеңші. Мұқағали ағамыз терең бір ойға шомып кетті ғой, – деді наздана. Төлеген сасқан жоқ. «Ойбүу, расында да мен «түрікпен төрін бермейді» дегенге салып жіберіппін. Ал, аға, айналайын, ардақты өзіңнен жыр сұраймыз, сиясы кеуіп үлгермеген» деп, қолқа салды. Мұқаң әлі жарияланып үлгермеген өлеңін оқыды. Әйелдер-ай! Әйелдер-ай! Қандайсың?! Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың. Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың, Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың. Әйелдер-ай! Әйелдер-ай, қандайсың?! Әйелдер-ай! Әйелдер-ай, қулар-ай, Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай! Біле тұра бүйректерің бүлк етіп, Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай. Әйелдер-ай! Әйелдер-ай, қулар-ай! ...Әйелдерді еркектерден көп дейді. Ойбай, Ойбай!.. Бола берсін көп мейлі! Әйел деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді... Жыр аяқталысымен жұрттан бұрын шапалақ ұрған Төлеген: «Ай, түріңнен айналдым, асыл ағам, мынауың нағыз гимн екен әйелдерге арналған» деді шын қуанып. Үрниса: «Рақмет, аға» деді ­сыпайы ғана. Бұлар сол отырғаннан таңды атырды. Төлегеннің балалары мұндай отырыстарға әбден үйреніп кеткен сыңайлы. Аядай жатын бөлмеде пысылдап ұйықтап жатыр. Мұқағали қоштасарда Төлегенге: «Ақынсың, қызталақ!» деп, құшақтап, арқасынан қақты. Үй иелері: «Ал, үй осы, кеп тұрыңыздар, кез келген уақытта есігіміз ашық» деп, ақжарқын көңілмен шығарып салды. Үрниса: «Қуыс үйден құр шықпа дейді салтымыз» деп, Тоқаш екеуіне бір-бір түйіншектен ұсынып, қоярда-қоймай ұстатып жіберді...

* * *

Ұшақ Нөкіс әуежайына келіп қонғанша Мұқағали терезеден көз алмады. Көз ­алдында өткен күндер елестері көлбеңдеп тұрып алды... Ауыр тыныс алған ұшақ жерге табан тіреді-ау деген шақта ғана байқады: анадай жерде біркелкі қара костюм киген адамдар қатар түзіп тұр екен. Қарақалпақтың ығайы мен сығайы жиналған болар... Қасында отырған Саттар бұның білегінен ұстап қысып қойды. «Үрнисаға ештеңе сездірмейік» дегені. Сезбеуші ме еді?.. Әйел жүрегі сезімтал ғой... Әуежайдан шыққан ондаған мәшине тізбектеліп келіп, бір көшеге бұрылғанда, жол бойында қаңтарулы тұрған мәшине мен қаралы жиынның көптігінен өтер жер таппай қалды. Ардақты ақынды ақтық сапарға шығарып салуға бүкіл Нөкіс халқы жиналып келген бе дерсің... Көліктер легі қаралы үйдің ауласына әрең жетті... Үрниса бетін жауып алыпты. Иықтары селкілдеп отыр... Мәйітті аулаға шығарып қойыпты... Мәшинеден түсісімен Мұқағали мәйітке қарай жүгіре басты. «Ой, бауырым-ай, ой, ақыным-ай, серігім-ай, егізім-ай, не болдың, не болдың!?.».

* * *

Шорша әулиенің зираты көрінеді бұл... Қаралы митингтен кейін зират басы күңіреніп кетті... Ақынын қимаған халық жылап-сықтап жатыр... Мұқағали шеткерірек шығып тұрды. Іштегі запыраны таусылғандай. Бос шөлмек сияқты... Бір кезде жиналғандар тізе бүге бастады.­ Молда құран оқуға кірісіпті... Дұғасын іштей оқып болып, бетін сипады. Тұра бергенінде, байқады: күн қызарып батып барады екен... «Ей, Төлеш, әне жалқын күн де сенімен қош айтысуда... Енді сұңқар төсің томпиып, қасқая қарсы қарарсың ба? Енді қаршығадай қылшылдап тұрарсың ба?!.». ...Енді жоқ азаматым, аймаңдайым, Жоқ болды құмға сіңген айрандайын... Біреу жеңінен тартты. Саттар екен. «Мұқа, қазір асқа апарады. Одан кейін Төле­геннің туған жеріне жүреміз» деді. Үнсіз бас изеп, көрсеткен жағына бұрылып жүре берді... Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның, Қызарып батты ертеңгі шығатын күн... Қаралы лек өлім мекенінен асыға кері қайтты. Артынан бозғыл шаң шұбатылып барады... «Ей, Төлеш, ендігі мекенің осы. Өміріңнің дастаны шорт үзілді, шолақ ­тамамдалды. Әлгі Маяковскийде қалай еді, Есенин өлгенде жазғаны: «Вы ушли, как говорится, в мир иной. Пустота... ­Летите, в звезды врезываясь. Ни тебе аванса,­ ни пивной. Трезвость...». Бұ дүние мен о дүниені бөліп тұрған қақпаның ар жағында қалдың. Енді саған асығудың қажеті жоқ. Ештеңеге басыңды қатырмайсың. Ешкім сенен ештеңе де талап ете алмайды. Береріңді беріп кеттің. Ажал дейтін сұрапыл сені алса да, жырыңды алған жоқ. Торғай-өлеңің мәңгі тірі қалды. Артыңда қалған мұраға ие болсақ, жарар еді... Бақұл бол, бауырым! Иманың саламат болсын!». Маржан жырдың мөп-мөлдір бір түйірі Құмға түсіп кетті де, уатылды...

* * *

Мұқағали Саттарды шығарып салды. – Сәке, мен қарақалпақ жерінде бір-екі апта бола тұрсам деймін. Түсінесің ғой, шығармашылық толғаққа түстім. Командировка есебін өзің жайғастырарсың. – Жақсы, Мұқа, мен Ыбырайым Юсу­пов­пен сөйлесіп көрейін. Осындағы одақ­ты басқарады, мықты басшы. Көмектесер... – Біздің одақ Төлегеннің отбасына көмек беретін шығар, ә? Артында шиеттей бала-шағасы қалды ғой... – Материалдық көмек беріледі, әрине. – Жақсы, Сәке, жолың болсын! Жігіттерге сәлем айт. «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа» деп, күбірледі асыға аяқ басқан Саттардың сыртынан сүйсіне қарап...

* * *

Қоңыраттың кешкі қоңыр салқын желі еседі... «Ей, Төлеш, шыққан топырағыңды иіскеп, құмарым қанды. Қасиетті жерде туған екенсің... Көзіңді көргендер білгенін жайып­ салды. Елің еркелете де біліпті, еркелігіңді көтере де біліпті. Күншілдер де табылыпты,­ күн көрсетпеуге тырысып бағыпты. Қоңырат жері де, елі де қазаққа жат емес. Сені бұл елден кетірген көре алмайтын көрсоқыр, көркөкіректердің екпіні ме дедім. Олар қай елде де бар ғой, Төлеш... Сен өзіңді іздеп шарқ ұрдың. Таптың ба екен? Әй, таппадың-ау. Жұрт қой солай ойлайтын. «Тапты» деп. Ойлай берсін... Шын ақын өмір бойы ізденіс үстінде болады. Өзін-өзі тапқан ақын – өлген ақын...». «Ақындық деген – азап. Кейде ақын осы адам айтқысыз азаптан құтылу үшін өлгісі келеді. Шын ақындар өлмейді. Ажал олардың жанын алса да, өлеңін ала алмайды... Сен өлген жоқсың, Төлеш. Сенің екінші өмірің басталды. Ыбырайымның айтуы рас, шын ақынның екінші өмірі ұзақ болады. Сен мәңгілікке жол тарттың...».

* * *

Ыбырайымның адамгершілігі мол, мәрт жігіт екен. Жұмысының бәрін жиып қойып, бұған бір күнін бөлді. Екеуі ұзақ сырласты. Қазақша ағып тұр. Мұқағали оның қарақалпақша жыр-қосықтарын да тыңдады. Қарақалпақ тілі мұншалықты түсінікті болар деп ойламаған еді. Ыбырайымның ертеректе жазған «Пошша торғай» («Бозторғай») деген өлеңі шағын оқиғаға құрылыпты: зеңгір көк аспанға өз жүрегін шегелеп, туған жерін есі кеткенше шырылдап жырлап, сайрап тұрған торғайды аспаннан жауған бұршақ қағып құлатады. – Өлді ол. Бірақ та, өлеңінің Күшін Көз жетпес биікке шығарып өлді, – деп аяқтағанда, көз алдына Төлеген келді. «Ақын екенсің, ағатай» деді, асыра мақтауға жоқтығын байқатып. Ыбырайым жымиды да, қойды. Екі жас үлкендігі болса да, үлкен-кішіге бірдей «сіз» деп сөйлейтін әдеті екен. – Паспортыңыз бар ма? – деп сұрады. Мұқағали «ол не үшін қажет?» дегенді сұраулы жүзбен байқатса да, үндеместен қалтасынан шығарып берді. Ыбырайым хатшы қызды шақырып, оған паспорт пен тілдей қағазды ұстатты. Хатшы қыз ештеңе сұрамастан бөлмеден шығып кетті. ­Шамасы, әлгі тілдей қағазда тапсырма тап-тұйнақтай жазылған болса керек. – Мұқа, сіз өз досыңызды ақтық сапарға шығарып салуға келсеңіз де, күйректікке салынбай, оның соңын шығармашылық жолсапарға айналдыруды ниет еткеніңізді түсіндім. Саттар досыңыз да шет-жағасын ұғындырды, – деді Ыбырайым байыптап. – Сіздей ақынның бауырлас елге алғаш келгенінде тек мұң арқалап кетпеуін біз де ойладық. Қарақалпақ әсерлерін қағазға түсіреді деп үміттенеміз. Сондай-ақ сізден өтінеріміз – жаңа жырларыңызды бізбен бөліссеңіз. Мархабат етіңіз. «Қонақкәде» дей ме бұны қазақ? – Иә, солай. Ағатай, бірақ пәлен жыр шығарып берем деп уәде алмаймын. Өлең деген жайшылықта тумайды ғой... – Әлбетте, Мұқа, әлбетте... Осы кезде хатшы қыз рұқсат сұрап, бөлмеге кірді де, қолындағы пәпкісін Ыбырайымның алдына қойып, иіліп, қайта шығып кетті. Ыбырайым пәпкіні ашып, ішіндегілерді шығарды. – Мұқа, мархабат, мынау сіздің паспортыңыз. Ал мынау алдын ала беріліп отырған қаламақыңыз... – Өй, ағатай-ай, күтпеген жерден мойныма міндет жүктеп алатын болдым ғой мен енді... – Ағайын арасындағы сый-сияпат деп түсініңіз мұны, Мұқа... Енді, кешіріңіз, Мұқа, сізбен қош айтысуға тура келеді. Қызмет қой. Сізге қосшы болатын жігітті шақыртып қойдым. Сол жігіт мейманханаға орналастырып, одан арғы өтініштеріңіздің әммәсін орындайтын болады. Сәт сапар тілеймін сізге!.. Мұқағали Ыбырайымға алғысын білдіріп, қимастықпен қоштасты...

* * *

Қария қобызды аңыратып отыр... Мұқағалидың көзі жұмулы. Жүректі тырнаған зарлы үннің әсерінен көз алдында­ түрлі суреттер бірін-бірі алмас­тыруда. Тура кинодағыдай. Күмбездер, қорғандар, сарайлар, керуендер, қару асынған аттылы адамдар, тұтқындар, босқындар, шапқыншылықтар, қан кешулер, шабуылдар, майдандар, көтерілістер, соғыстар, бейбіт күндердегі тіршілік... Қарақалпақ әсерлері күшті болды.­ «Сырт көз – сыншы» деген рас-ау, көпшілік елей бермейтін өзгешеліктер көзге іліге берді. Көзі жетпеген дүниеге көңіл көзімен қарады. Сөзі жетпеген дүниені астарлады... «Әмударияны төңкеріліп аққаны үшін жойқын (жейхун) дария деп мақтайды. Оның құмға сіңіп, құрып кетпей жатқанын айтсайшы. Мұрапшылар Сыр мен Әмудің басын тізгін тартқандай тартуда. Келешекте құдайдың құтты суы үшін үлкен дау тумаса, қайтсін?!.». «Бұл жердің Бозатау аталуы не себеп? Боза тау ма, боз отау ма, қалай өзі? Тура мағынасындағы тау жоқ мұнда. «Құтты мекен» деген мағынасында айтылатын тәрізді. Қалай да, жұмбақ атау...». Боза тау ма? Боз отау ма? Кім білсін... Ал, ақсақал, бір күрсін. Боза таудан боздап шыққан сол бір үн Алатаумен бірге жатып, бір жүрсін... Қобызшы ақсақал жаңа күйді бастады.­ Мұны мүлгіп кетті деп ойлады ма, қобыз­дың ішегін басың­қырап, даусын қырыл­да­тып жіберді. Мұқағали көзін әнтек ашып, оған жақтырмай қарап еді, күйді өз қал­пына түсірді. Бұл да көзін қайта жұмды... Боза тау ма? Боз отау ма? Білмеймін. Боза тау деп, боз отау деп біл, мейлің. Боздап тұрған боза тауың, кәрия, Біздердегі «Елім-аймен» бірдей мұң...

* * *

Нөкіс әуежайы ығы-жығы. Қосшы жігіт Мұқағалимен құшақтаса қоштасып тұрып: «Айдын жол ­болсын, аға!» деп тіледі. «Рақмет, бауырым, Ыбырайымға сәлем айт» деді бұл... Ұшаққа отырарда тағы да терезе жақтан орын тигеніне қуанды... Сәлден соң ұшақ астында мидай дала сағым болып самғай жөнелді. Керуеннің ізі шимайлағандай тарам-тарам сызықтарға көз сала отырып, Мұқағали: «Осыншама сахараны иеленген, беу, бабаларым-ай, әне, сендердің қолтаңбаларың сайрап жатқан жоқ па?!.» деп тамсанды. Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді ғасырлар, замандар да. Менің жаным ашиды, мына өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға...

1904 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы