- Әдебиет
- 06 Ақпан, 2020
«АЛҚАКӨЛ» КЕЛЕС ЖЕРІНДЕ МЕ?
Бір күні Мәдениет үйінің қызметкері Гүлайна Сұлтановадан кездейсоқ жағымды ақпарат естідім. Әнші туып-өскен жері жайлы сөз арасында «Алқакөлде ойнаушы едік» деді. Бұл сөзді ести сала мен «не дедің, қай жерде дедің, қайталап айтшы» дедім. Гүлайна үшін жай сөз ретінде аталған «Алқакөл» мен үшін қымбат мәлімет еді. Себебі Ақтөбе қаласының орны сияқты, Алқакөл ауылы да Шардара су қоймасының астында қалды-ау деген күдігім бар еді. Гүлайна айтқан «Алқакөл ауылы» осыдан үш ғасыр бұрынғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы» Алқакөлге апаратындығына сенімімді арттыра түсті.
Бір жолы, болашақ «Келесім – атамекенім» кітабы үшін, туған жер туралы өлеңдер жазуға жергілікті ақындарды шақырғам. Солардың ішінде Бозсу ауылындағы балабақшаның меңгерушісі, ақын Зағира Жүсіпқызының электронды пошта арқылы жолдаған өлеңдері ішінен: – Найманкөл Ащыкөлден құлаш ары, Алқакөл Көздікөлмен ұласады. Жағасы сұлу Сырдың тарих тұнған, Бойласаң бағзы көлдер сыр ашады, – деген жолдарды оқыдым да, сол сәтте автормен телефон арқылы хабарластым. Білгенім, ол қыз да Гүлайна Сұлтанова сияқты Ащыкөлде туып, екеуі бір мектепте оқыпты. Алқакөл мен Ащыкөлдің арасы 2-3 шақырым екен. Табаны әлдеқашан кеуіп қалған Алқакөлге олар оқушы кездерінде талай барып ойын ойнап, мал жайыпты. Білетіндері сол ғана. Сырдарияның жағасында болса да, суы сарқылып, тұзы шығып жатқан бұл жердің құпия сыры мол екенін олар тұрмақ, үлкендер де білмей келген. Өнерлі қос қарлығаш мені Алқакөлге алып баратын болды. Бүкіл Қазақ елін зарлатып, «Елім-ай» деп жоқтау айтқызған 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қырғыны кезінде Шығыс, Сарыарқа, Алатау, Қаратаудан жан сауғалап босқан ағайындардың біразын бауырына алған Келес алқабының Сырдариямен шектес аймағында ғұмыр кешкен біздің ата-бабаларымыз еді. Кейінгі замандар орыс билігі «Жаушықұм болыстығы» деп атаған әкімшілік бөлініске қараған, беріде іріленген Келес болыстығының қарамағына өткен Алқакөлдің («Алқакөл ауылы») аты қазақ тарихында өшпестей боп өрнектелген. Осынау тарихи орын Шардара ГЭС-інің құрылысы басталғанда дарияның суы тартылып, Алқакөлдің табаны кеуіп, заты кетіп, аты қалды. Осы жерде «Алқакөл» деген аты айтып тұрғандай, арудың мойнындағы алқадай дөңгеленіп, ортасы көкорай шалғынды түбек болып жатқан шағын аумақты көл болған. Одан берідегі көп жылдарда адам сенбестей өзгерістер орын алған. Тағы үш жылдан кейін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына 300 жыл толатын уақыт өз дегенін істеген. Бұл көлдің орны Бозай аймағына апаратын жолдағы, Жамбыл ауылдық округінің орталығы Бекбота ауылынан ары қарай, он шақырымға жетпейтіндей қашықтықта, Сырдарияның шығыс бетінде, яғни қазіргі Келес ауданы құзырында. Аудан орталығынан есептегенде жүз шақырымдай жерде. Үш жүз жылдай бұрын, жан сауғалап жаудан қашқан қалың қазақ Шыршық, Зарапшан, Жызақ, Самарқанға жетуді көздеп, Сырдария бойындағы ақтабан боп тұзданып жатқан жолмен шұбыра жылжып, Алқакөлге зорға жетіп сұлап жатты дамыл тауып. Осы жағдайды көзімен көрген Қожаберген жырау «Елім-ай» аталған ән де, күй де шығарған, жыр да жазған. Осы жырда айтылған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сөз тіркесі бүкіл қайғы-қасіретті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Бірақ осы фразеологиялық тіркестің мағынасын табуға талпынғандар тұйыққа тірелді. Олардың көзіне М.Тынышбаев жазған «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» деп аталған, 1925 жылы Ташкентте жарық көрген кітап түспеген болса керек. Біреуі «Алакөлді Алқакөл деп жаңылысқан» десе, екіншісі «қазақ жерінде Алқакөл деген үлкен көл болмаған» деп жазды. Соңғы пікір дұрыс еді. Ол көлдер шағын болғанымен босқындар уақытша болса да паналайтын, шаршағанын басатын дарияның жағасындағы қауіпсіздеу орын еді. Біз де түйіні күрделі түйткілді шешіп тастадық демейміз. Бірақ өмірде «Алқакөл» деген жер болмаған дейтіндермен келіспейтінімізді де жасырмаймыз. Оған дәлеліміз жеткілікті.
Біріншіден, ортасында ашық алаңы бар көлдер көктемде арнадан асып, бұрқ-сарқ тасып ағатын Сырдария суы азайып, сабасына түскен соң жер жағдайына орай пайда болатын. Ортадағы ашық алаңқай қыз мойнындағы алқадай болып қоршап жататын көлдерді ат қойғыш аталарымыз Алқакөл деп атаған. Мұндай көлдер Сыр жағасында бұрын да, кейін де болған. Жылда болатын көктемгі су тасқынынан қалатын көл суы келесі жылға жететін. Бұл Сырдарияға қатысты жайлар. Екіншіден, «Елім-айлаған» қаралы жылдарда күллі қазақтың үштен екісі шейіт болды. Қалған қазақ әупірімдеп өсіп-өніп, сан ұрпақ ауысты. Шамамен, он бес атадан асқан. Аталмыш көлді қоныс еткен немесе айнала төңірегінде тіршілік еткен түрлі рудан құралатын ағайындардың ұрпақтары естіген Алқакөл туралы әңгімелер көп. Сол ру өкілдері Келес ауданындағы 12 округтің әрқайсысынан табылады. Келестегі «Алқакөлдің» осы уақытқа дейін белгісіз болып келгеніне компартия билеген кеңестік дәуірдегі тарихымызды қасақана ұмыттыру қысастығы екені даусыз. Үшінші, Келес ауданына қарасты 150 мың гектар Бозай аймағының жарты ғасырға жуық өзбектерге жалға беріліп, «Алқакөлдің» сыртта қалуы дер едік. Төртінші, «Қожатоғайда» қырық жыл ұстаздық еткен, шежіреші, Келес даласындағы ағайындардың өмірінен кітаптар жазған Еркебай Бүрлібаевтың «Шанышқылы Бердіқожа батыр» аталған мақаласында «Алқакөл» туралы келтірген мәліметтерді айтамыз.. Бесінші, Оңтүстік Қазақстан тарихынан энциклопедиялық білімі бар тарихшы Өмір Шыныбекұлы ұсынған карта дер едік. Ол картада «Алқакөл құмы» деген аумақ анық көрсетілген. Бұның бәрі Сырдария бойындағы Келеске қатысты жердегі «Алқакөл» туралы айтылғандары еді. Сырдария бойында Алқакөл аталған көлдің тағы екеуі бар. Олар Шыршық өзенінің Сырдарияға құятын жеріне жақын Достық аталатын каналды қазу (бұрынғы атаулары жиі өзгеріп «Орынбайарық», «Романовский», «Николаевский», «Кировский» болған) басталған тұста дарияның екі жағында болған. Олардың орнын «Карта голодной степи» аталған ескі картадан көруге болады. Фотограф Прокудин-Горский 1905 жылы түсірген Алқакөлдің бір суреті АҚШ-та сақталған. Бұл суретті 1948 жылы Конгрестің дүниежүзілік кітапханасы фотографтың отбасынан сатып алған және «Озеро Алкакуль и мост через магистральный канал. Голодная степь» деп жазып, ғаламторға орналастырған. Суретте қыз мойнындағы алқадай айналып жатқан судың жартысына жуығы көрінеді. Ортасындағы ашық алаң, сол маңға қоныстанған ел мен олардың төрт түлік малына арналғандай. Осынау көрініс осы көлдердің неге Алқакөл аталғанына тағы бір дәлел дер едік. Жалпы қалмақпен соғыс 200 жылға созылды. Соның ішінде 1723 жылғы соғыста олар орыстан алған от қарумен қазақтың басым бөлігін жойып жіберді. Бұл соғыс «Елім-ай» атты ән, күй, жырға арқау болды дедік. Олардың авторы жаужүрек батыр, қолбасшы, ақын, жырау Қожабергеннен қалған мұра кейінгі ұрпаққа там-тұмдап болса да жетті. Солардан да Алқакөлдің қайда болғанын шамалайтындай дерек-дәйек ұшқындарын ұшырату қиын емес. Соңғы айтарымыз, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы» Алқакөл Келес топырағында дегенге илану не иланбау өз еркіңіз. Бірақ, (бәлкім, қателесерміз) оған тарынсаңыз, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматын зерттеп-зерделеп, мәңгі есте қалдырардай іс-шаралар қажет дегенге үн қосыңыз! Онда бәрекелді! Сол замандағы бар қазақтың үштен екісінің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» құрбаны болғаны анық. «Елім-ай» әнін ананың зарлы даусымен естігенде жүрегіміз елжіреп, өксік қысқанда көзімізге мөлтілдеп келіп қалған жасты байқамай қалған кездеріміз аз болды ма? Ендеше, сол заманда шейіт кеткендерге үлкен бір ескерткіш қою егеменді ел азаматтарының борышы. Оның орны табылды. Ол жерге кешенді топогеодезиялық зерттеулерді тегін жүргізуге әзірлігін білдірген келестік ғалым жігіттер хабарласты. Еліміздің әр түкпірінен ағылып келетін туристер көретін тарихи орынды, қалпына толық келтіре алмасақ та, қосымша панорама суретін салдырып, киіз үйге ұқсас музейге қою қиын бола қоймас. Бұл жұмыстар басталса, бар қазақ атсалысатынына күмән жоқ. «Алқакөл» – бүкіл қазақтың тағдыры. Сондықтан Келестегі тарихи туристік маршруттардың бірі болуы тиіс.Оңғар ИСАЕВ, журналист
Түркістан облысы Келес ауданы Суретте: «Достық» каналының басталған тұсындағы Алқакөлдің бір шеті.3085 рет
көрсетілді0
пікір