• Тарих
  • 12 Ақпан, 2020

ДОБРУЖА ТАТАРЛАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Дунайдың төменгі атырауы мен оған жапсарлас Делиорман (долыорман) аймағында жасайтын ғылымда «Добружа татарлары» деп аталатын түркі этникалық шоғырын 1965-70-жылдары тілдік-фольклорлық тұрғыдан кешенді зерттеген жас мадияр түркологы Мандоки Қоңыр ғылыми шығармашылығына баға берілген. Ол қол жеткізген нәтижелерін  Мажарстандағы құман-қыпшақтардың тіліне реконструкция жасауға арқау етуді мақсат тұтқан.  Мақалада Мандокидің бұл саладағы зерттеулерінің маңыздылығына тоқталады һәм деректанулық мәніне, ғалымның тұлғалық орнына талдау жасалған.

Мажарстандық түркітанушы Мандоки Қоңырды тұстастары «түркі әлемінде аңызды тұлға болған, ал өлімінен соң мифологиялық заңғарға көтерілді» деп бағалаған. Көзі тірі болса биыл жетпіс беске толар еді. Оның ілтипатқа лайықты ғалым, жансебіл зерттеуші, кесек концептуалдық мұраттар мен тың ғылыми қисындардың иесі болғандығын әріптестері мойындаған. Қоңыр – әлемдегі ең маңдайалдылар қатарындағы ­Вамбери, Неметтер салып кеткен озық түркология мектебінен сусындаған, әрі Немет Дьюла сынды мәшһүр ғұламаның төл шәкірті еді. Ол он шақты түркі тілдерімен қоса, еуропа тілдерін еркін меңгерген, методологиялық мәдениетті барынша игерген, әлеуеті мол зерттеуші ретінде танылды. Қоңырдың ерекшелігі жөнінде тұстастары «өз зерттеу саласына тек бір қырынан ғана емес, кешенді түрде, тілдік, фольклорлық, тарихи, этнологиялық жан-жақты қырынан зерделей алатын» алымдылығына сүйсінетін. Шығу тегі кулак болған Қоңырға университетке түсуге саяси жағдай бөгет жасады. Дегенмен, академик Неметтің партиялық кепілдемесі арқасында 1963 жылы Будапешт университетінің гуманитарлық факультетіне түркітанушы мамандығына оқуды бастайды. 1965 жылдан бастап студент Қоңыр Еуропадағы түркi этникалық топтарының ортасында ғылыми экспедицияға шығуды әдетке айналдырған. Осындай мақсатпен Польшадағы қарайым, Бұлғариядағы татар және Румыниядағы түркі-татар шоғыры арасынан тiлдiк, фольклорлық және этнографиялық мәліметтер жинақтаумен айналысқан. Себебі социалистік жүйенің жаңа мүше мемлекеттерінің азаматтары үшін ­совет жеріне немесе Түркияға немесе онан әріге қатынаудың өзі екіталай болатын. Мұндай экспедициялардың мақсаты – Қоңыр зерттеуінің басты мақсаты саналатын «құман-қыпшақ диалект сөздерінің түп тамырын саралау үшін дерек іздеу» болған. Әсіресе, Добружаға ықыласы ­ерекше ауған. Себебі кездейсоқ емес. Тарихтың әр кезеңінде де көптеген жұрттан құралған ­Добружа аймағының этникалық келбеті салт атты көшпелі халықтармен тікелей ­байланысты өрбіген. Ежелгі уақытта бұл аймақ Скития ­Минор – Кіші Скифия деп аталды. ­Батыс Ғұн ­империясы ыдырағаннан кейін ­Дунай Бұлғарларының хандығы бұл жерде біртұтас мемлекет құрған. Бұл өңір ғасырлар бойы ­Оногур – бұлғар түрік мемлекетінің ықпалында болған. Мадиярлар Карпат қойнауына қоныстанғаннан кейін печенегтер осы аймаққа ойысқан. Кейін құман-қыпшақ, түркі-татар халықтары ­осында қоныс тапқан. ХІV ғасырдан бастап тұтас Бұлғария және Дунайдың төменгі сағасы Осман түрік билігіне өтті. Қырым түбегі орыстардың иелігіне көшкеннен соң Қырым жергілікті тұрғындардың басым бөлігі Добружаға қоныс тебеді. Яғни Добружа аймағындағы татарлардың елеулі бөлігі 1829 жылғы орыс-түрік, әсіресе 1854 жылғы Қырым соғысы салдарынан қонысын тастап қашқандардың ұрпақтары. Мандоки Қоңыр зерттеуінде аталмыш тарихи жайттарды қарастыруды қалыс қалдырмаған. Добружа аймағы үш мемлекетке бөлінген: басым бөлігі Румыния аумағында, бір бөлігі – Бұлғарияға, ал шағын бөлігі Украинаға тиеселі. Өкінішке қарай, бұл жерлердегі азсанды түркілерге қатысты сол кездегі әлемдік саясатқа тән жайттар орын алған. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында аймақтың негізгі қожайынына айналған румындар түрік-татар тектес халықтардың санын азайту мақсатында өзге жұрттарды жаппай қоныстандыру саясатын жүргізген. Мектеп пен шіркеу көптеп салынған Добружаға Балқаннан ондаған мың македо-романдықтар қоныстандырылған. Романдастырудың мұндай саясаты Екінші дүние­жү­зілік соғыс жылдарында, содан кейін дүние­ге келген социалистік жүйе тұсында да толастамаған. Тарихи-мәдени тұрғыдан аса қызықты, әрі түрколог үшін маңызды аймаққа жасаған алғашқы сапары туралы Мандоки Қоңыр Үлкен-Құманияда шығатын журналға ­хабарлама жариялады: «Добружада татарлар тұратын үлкен-кішілі кенттерді араладым. Меджидия, Констанца маңайындағы Валеа Неагра, Когалницеан кенттерінде болдым. Олардың тұрғындары Қырымнан шыққан татарлар. Меджидия ауданының Чиочирлиа де Кос және Тулча ауданының Қарамурат кентінде де болдым. Бұл кенттердің тұрғындарының бір бөлігі Қырым ноғайлары, екіншілері заманында Қырымға қараған ноғай даласынан келгендер». Осы сапарындағы бірінші сәтті олжасы – Түркияға қоныс аударуға қамданған татарлардан біршама мәлімет алғандығы. Асан Айболат есімді ақсақалдан «Шора батыр» дастанының біршама толық нұсқасын жазып алған. Мұнан кейінгі сапарларында жас зерттеуші жұмбақ, мақал-мәтел, халық әнінің мәтіндерін, «Едіге батыр» дастанының үзіндісін хатқа түсірді. Дегенмен, Мандоки Қоңыр Добружаның румыниялық бөлігінен гөрі оның оңтүстік-батысындағы Бұлғария қарамағындағы (Делиорман өңірін) түркі-татарларды зерттеуге ден қойған. Себебі румын диктаторлық режиміндегі өңірде мадияр зерттеушісі үшін жұмыс жасаудың қиыншылықтары мол болған. Әрі, добружалық татарларды зерттеумен румын түркологы В.Дримба айналысқан-ды. Қоңыр ерекше ден қойған зерттеу ­нысаны вербальдық мәдениет үлгілері, әсіресе фольклорлық деректер болды. Себебі оның пайымдауынша, «онда сақталып қалған көне архаикалық пласттардағы жасырынған тілдік деректерді және мәдени кодты ашу арқылы лингвистикалық реконструкцияға жан бітіруге болады» деген ұстанымда болды. Бұл ­позицияны ту етіп ұстаған Қоңыр бізге жазғы каникул кезінде ескі көздерден ән мен ертегі, аңыз мәтіндерін баяндалу қалыбы бойынша хатқа түсіріп әкелуді тапсыратын (өз басым осындай бірқатар мәліметті жинақтап тапсырған едім – авт.). Қоңырмен танысқан тұста ол қазақ, қырғыз, ноғай, құмық, қарашайлар арасында фольклор үлгілерін жинақтаумен белсене айналысып жүрген кез еді. Бұл туралы биыл мерейтойы Түрксой деңгейінда тойланған құмық ақыны (ақтық демі үзілгенде жанында болған) Бадрудтин Магомедов өз еңбегінде тарқата баяндаған. Экспедиция барысында өзі жинақтаған материалдарын академиялық зерттеулермен ұштастырған Мандоки Қоңыр 1971 жылы ­«Добруджа татарларының тілдік зерттеулері (морфологиялық сараптама және халық ауыз әдебиетінің нұсқалары)» тақырыбында университет докторы жұмысын summa cum laude дәрежесімен үздік қорғап шығады. Диссертацияның кіріспе бөлімінде жұмыс әдістемесі мен деректік базасы туралы былай деп жазған: «...Экспедиция барысында тек қана халық поэзиясының материалдарын ғана емес, сонымен бірге әңгімелерді де үнтаспаға жазып алуға тырыстым. Өйткені күнделікті әңгімелесу ешқандай мәнерге бағынбайтын өзіндік қалыбын сақтайды. Ал халық әндерінің табиғаты басқаша, табиғи, әрі өзінен-өзі түсінікті болып келеді. Тілтану тұрғысынан маңызды шетін мәселелерді саралау үшін халықтық поэзия материалы (кейбір халықтың проза туындыларынан басқасы) көп жағдайда қолайлылық тудырады». Расында, Мандоки Добружа татар фольклорының бірнеше томға жүк боларлық – халық ертегілері, батырлар жыры, халық әндері, айтыс үлгілері, жұмбақ, мақал-мәтел, шешендік сөздер сияқты үлгілерін жинақтаған. Бұл салада ғалымның еңсерген еңбегін таразылау үшін ғылыми жарияланымдарын шолып өту жеткілікті. Университет қабырғасында жүрген кезінің өзінде Мандоки Қоңыр әлемдегі беделді ғылыми журналға мақала жариялаған, мадияр оқырмандарын да ұмыт қалдырмаған. Добружалықтардың халық әндерінің мәтінін түпнұсқада және француз тілінде арнайы жинаққа және «Чокрак» журналына жариялаған. Добружалықтар арасынан жинақтаған үш ертегі мәтіні «Падіша мен иалан», «Қырмысқа мен шегерткі», «Шобан, ечдара иалыны ман түлкі» деген үш бірдей ертегіне жазып алып, тілдік тұрғыдан саралаған. Көп мәрте жариялаған бұл мәтін (және оған қоса Бұлғариядағы добружалық татарлардың ән мәтіні де) Мажарстанда университет түркология бағдарламасының оқулығына (хрестоматиясына) енгізілген. Бұл ғалымның шығармашылығына деген бір баға десек, артық айтқандық емес. Қазақстанда да түпнұсқа тілде, кириллициамен транскрипциясы қоса жария­ланды, ал биыл «Қазақ әдебиеті» газетінде (№7) жарыққа шықты. Қоңыр диссертациялық жұмысын қорғағанан кейін де бұл өлкеге қайта айналып соғып отырған және добружалықтарға қатысты ғылыми жарияланымдарын тоқтатпаған. Мандоки Добружа татарларынан жинақтал­ған ауыз әдебиеті үлгілеріндегі деректерді мадияр тіліндегі құман-қыпшақ ұғымдарына этимологиялық талдау жасауға арқау етті. Мандоки Қоңырдың ғылыми басты ­миссиясы құман-қыпшақ тілін жаңғыртудағы ілкі тірегі Добружалықтардың тілін зерттеу нәтижелері ерекше дем бергенін байқауға болады. Олай дейтініміз, ғалым, жазу машинкасымен өзі терген ғылыми шығармашылығы туралы анықтамада (соңына Мандоки Қоңыр, 1985 жыл, 25 наурызда Будапешт деп қолын қойған) біз арнайы сөз етіп отырған мәселе төңірегінде былай деп жазған: «... 4.1. Қыпшақ текті халықтардың жаңа заманғы тілі мәселесі тақырыбында 1965 жылдан бері өз тарапымнан жылына 2-3 мәртеден (қазірге дейін 42 мәрте) тілдік-этнографиялық-фольклорлық экспедициялық зерттеуді Румыния мен Бұлғария аумағындағы Добружа, Делиорман өңірінде, өткен ғасырдың екінші жартысында қоныс аударылған татар шоғыры ортасында жүргізіп келемін. Аса көлемді лингвистикалық белгілеулерім мен деректерімнің сыртында 40 мыңдай сөзден тұратын татар диалектологиялық сөздігін ­дайын еттім (ерекшелеген біз – автор). Оны жуық арада Мажарстанда, бәлкім Түркияда баспаға ұсынбақ ойдамын». Өкінішке қарай, ғалым бұл ­арманына қол жеткізе алмады, ажал оны небәрі төрт мүшелінде алып кетті. Қоңырдың зерттеу нәтижелерінде Добружа татарлары тіліндегі диалект В.Дримба айтқандай 3 емес (солтүстік қырымдық немесе далалық ­татар, оңтүстік қырымдық татар; Тат диалектісі), керісінше төртеу екендігіне ден қояды. Ол төртінші диалект ретінде Қырымның және оңтүстік орыс даласынан келген ноғайлардың, әсіресе құндыр ноғай диалектісін жеке бөліп алып қарастырған. Сондай-ақ әдеби норма ретінде танылған татар диалектісі барлығына бірдей қабылданбағанына тоқталады. Далалық татарлардың диалектісі Қырымда әдеби тілге негіз бола алмаған, бар болғаны Бақшисарай – Хан сарайының (двор) тілі ретінде қызмет атқарған. Дегенмен – дейді Мандоки «Добружа татарларының азғана бөлігі ғана аталған ­«сарай» тілінде сөйлейді, ал басым көпшілігі далалық құман-қыпшақ диалектісінде сөйлейтіндігінде күмән жоқ». Ғалымның келтірген дерегіне қарағанда, добружалықтар арасында Қырымнан қоныс аударғандардың ұрпақтарының жиынтық саны 50-55 мың. Қырымдық татар, тат және түріктердің басым бөлігі, шамамен 30-35 мың жан Румынияда тұрады. Ал 20 мыңдайы – Бұлғарияда. Оның шамамен 15-18 мыңы Қырым татары, 2-5 мыңы тат, ал Қырым түріктері жоқтың қасы. Мандоки Қоңыр өз ұстанымдарын былай деп қорытқан « ... егер «татар» деген атауды құман-қыпшақ тілдерінің атауы ретінде қолданатын болсақ, онда шын мәнінде солтүстіктегі ­немесе далалық диалектіні татар деп тануымыз ­керек. Белгілі бір сипаты мен ерекшелігіне қарай «тат» тілін де татарға тели аламыз. Себебі морфологиялық, синтаксистік тұрғыдан өте жақын. Бірақ фонетикалық тұрғыдан алшақтық байқалады. Бұл зерттеулерімізде Қырым түбегінің оңтүстік таулы өңірі мен теңіз жағалауынан шыққан түріктердің тілі де, сөз етіп отырған, татарлардың тіліне ешбір қатысы жоқ - фонетикалық жағынан да, морфологиялық тұрғыдан да, тіптен лексикалық қор жағынан да мүлдем бөлек. Бұл шынтуайтында, жоғарыда атап өткеніміздей, осман түрік диалектісі. Керісінше кейбір сипаттары жағынан ол тат диалектісімен туыстық байланысы бар, әсіресе, лексикалық қоры өте ұқсас, кейбір тұста мүлде бірдей жақтары бар. Біз зерттеуімізде тек далалық Қырым татарларының тіл диалектісі деп аталған тілмен айналысып қана қоймай болашақта, Қырым түріктері тілімен де айналысу орынды екендігін айтамыз» деп жазды. Өкінішке қарай, жас ғалымның 1970 жылы ұсынған ­концептуалды пікірін әріптестер тарапынан ары қарай өрбітілмеді. Мандоки Қоңыр Добружа татарларының тілінде 4 түрлі диалект бар деп қорытындылайды: 1) бір кездері мал бағумен шұғылданған татарлар диалектісі; 2) бақташылықпен айналысқан Қырымдағы Керчь, Ор қалалары төңірегінен шыққан таттар сөйлейтін диалект; 3) Қырымның және оңтүстік орыс даласынан келген ноғайлардың диалектісі; 4) Оңтүстік орыс даласын мекендеген құндыр ноғай диалектісі. Әртүрлі диалектнің сипаты олардың негізгі кәсібімен және тарихи қалыптасқан жайтпен тікелей байланысты екендігіне ден қояды. Айталық, далалық татарлардың дені шашыраңқы, шағын кенттерде басқа халықтармен араласып тұрады. Дегенмен, арасында 40-50-100-200 далалық татар отбасы шоғырланған кенттер де кездеседі. Олар мал өсіру, жер өңдеумен шұғылданатындар, араларында бау-бақшамен, кәсіпкерлікпен айналысатындар да бар. Ал Қырым татарлары мен түріктерінің негізгі бөлігі саудагерлік, кәсіпкерлік, жер өңдеу істерін місе тұтады. Олар көбіне қалаларда тұрады. Себебі олардың бабалары бір кездері Қырымда үлкен қалаларды мекен еткендер. Советтік түркологтар Бұлғария мен Румыния­дағы Добружа татарларының тілін үш диалектіге жіктеп қарастырған (яғни Мандоки пікірі ескерілмеген): тат (оңтүстік жағалау), татарлар (орталық) және ноғай (солтүстік, далалық). Тат диалектісін арнайы зерттеген румыниялық В.Дримба онда осман түрік тілінің ықпалын басым десе, бұлғариялық ғалым Е.Боевтің пікірінше фонетикалық, мор­фо­логия­лық, лексикалық жағынан қыпшақ-құ­мандық сипаты басым. Соңғы ғалымның ұста­нымы Мандоки қорытындысымен біршама үндес. Мандоки зерттеулерінен байқалатын бір ерекшелік – ол ұлт болмысы мен мәдениетін зерттеуде батыста қабылданған антропологиялық принципті ұстануы, яғни бұл орайда ұлт «орга­низмінің» бар болмасын өткеннен бүгінгісіне дейін ден қойды. Тіпті, ол социо­лингвис­тикалық мәселелерді де қалыс қалдыр­майды. Айталық, Добружа татарларында ана тілінде оқытатын мектептер жоқ екендігіне алаңдаған. Дегенмен, татар тілінде білім беруді енгізуге бір мәрте құлшыныс болған, яғни 1950 жылдары Румынияда татарлар тұрған елді мекендерде бастауыш және орта білім беретін мектептер жүйесін енгізуді қолға алған, румын әліпбиіне негізделген жаңа жазуды құрастырған. Бастауыш мектеп оқушыларына арналған татарша оқулықтар шығарған. Өкінішке қарай, бұл ұзаққа бармағандығына зерттеуші қынжылыс білдірген. Осылайша, добружалық түркі-татарларды кешенді зерттеуді табысты еңсерген жас ғалым Мандоки Қоңыр Иштван өзінің ғылымдағы басты миссиясы етіп қойған құман-қыпшақ тiлiн ­реконструкциялау мұратын жүзеге асыруға біртабан жақындай түскен. Ол 1981 жылы «Мажарстандағы құман тiлiнiң ескерткiштерi» атты зерттеу диссертациясын қорғады. ­Мадиярлар мен құмандардың түркiлермен байланыстарын, дәлірек айтқанда, Мажарстандағы құман-қыпшақ тiлiнiң iздерiн айғақтарда добружалықтар арасынан жинақтаған тілдік-фольклорлық деректердегі архаизмдер мен ономастикалық мәліметтер арқылы жан-жақты тірек болғандығы анық. Қыпшақ тілтобына енетін жұрттардың тарихы мен тілін бойлата зерттеу үшін маңызы үлкен жайт болып табылатын Добружа татарлары мәселесін саралауда Мандоки салған жолды ары қарай жалғаудың ғылыми-практикалық мәні зор мәселе екендігіне басымдылық беретін кез келді дейміз. Бұл сауалды қазақстандық мамандардың арнайы қолға алса, қызықты ғылыми тұжырымдар мен жаңалықтарға қол жеткізетіні анық.

Хинаят БАБАҚҰМАР, тарих ғылымының кандидаты, «Мадияр-Тұран» қауымдастығының үйлестірушісі

1456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы