• Мәдениет
  • 12 Ақпан, 2020

Шырайы бөлек «Шарайна»

Алматыда елімізге танымал карикатурашы-суретші, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер, ­Жазушылар одақтарының мүшесі Еркін Нұразханның «Шарайна» атты жеке көрмесі ашылды.

Карикатура – ащы айтылған сын. Дегенмен, суретші ащы шындықты астарлап, туындыларында образдар арқылы ой тудырып, болмысымыздың күнгейі мен көлеңкесін көрсете білген. Еркін Нұразхан: «Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын жұрт түсінсе деймін. Көрменің атын «Шарайна» деп өзім қойдым. Адам айнаға қарағанда өзін көреді, шарайна деген үлкен айна. Бұл – қоғамның айнасы. Менің туындыларымның кейіпкерлері зиялы қауым өкілдері, өнер ­майталмандары, саясаттанушылар мен саяси билік өкілдері. Өйткені мен олармен тығыз байланыстамын. Оларды танимын, сондықтан бейнелей аламын. Сатиралық суреттердің міндеті шындықты әзілмен жеткізу, керенауды ояту, мұңайғанды езу тартқызу. Сондықтан мен карикатура өнерінде бұл міндетті орындай алдым деп ойлаймын» деді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде қойылған көрменің ашылуына зиялы қауым және БАҚ өкілдері, суретшінің әріптестері мен музей қызметкерлері, студент жастар қатысты. Құттықтау сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жылы лебізін білдіре отырып, «Шын мәнінде кариткатура өнердің ішінде бөлек жанр. Жауынгер жанр саналатын шарж – адамның сыртқы ұқсастығын айнытпай берумен қатар, ішкі жан дүниесін ашып көрсетуде әзіл-қалжыңға арқа сүйейді. Әр алуан кейіптегі ыржия күлген кейіпкерлер қоғамның боямасыз шындығын шырқайды. Дәл осындау өнердің Еркін Ибрагимұлы ағамыздың жүрегінен туып, қолынан шығып жүргені қуантады» деді. Көрменің ресми бөлімінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы өнер иесін «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Суретші-карикатурашы 1982 жылдан бастап әдебиет, өнер және қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелді. Сондай-ақ оқырмандарға өзекті мәселелерді көтерген мақалалары және деректі дүниелерімен танылған қаламгер. Айта кетейік, «Шарайна» көрмесіне суретшінің 534 еңбегі қойыл­ған және оның бәрі Орталық музейдің мұрағатына тапсырылады. Көрме наурыз айына дейін жалғасады.

Ақбота ҚУАТОВА

Суретті түсірген Азамат Құсайынов

1536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы