• Әдебиет
  • 12 Ақпан, 2020

АСЫЛДАРЫМЫЗДЫҢ СӨЗІНЕ АБАЙ БОЛАЙЫҚ

Қолымызға ойда-жоқта «Аңызға бергісіз ғұмыр» деген (Ілияс Жансүгіров ­туралы естеліктер. Құраст.: Ш.Қыяхметова. – Талдықорған, 2002. – 533 б.) жинақ түсті. Осында «Құлагердей тұлпар еді» деген атпен Мұхтар Әуезовтің естелік мақаласы берілген. Алғашында кез келген оқырман ұлы суреткердің елу томдық толық академиялық жинағына енбеген, осы күнге дейін елеусіз естелік пе екен деп елең етері сөзсіз. Мұхиттай мол мұрасы бар ғұлама ғалымның шынында әлі күнге ескерусіз, көзге шалынбай жүрген жазбалары бар болуы да заңдылық. Кеңестік одақ кезінде әлемнің де, одақтың да, республиканың да барлық өңірлерінде түрлі мақсаттағы іссапарларда болды, еңбек етті, сөз сөйледі. Солардың бәрі түгелдей жиналып, жүйеленіп, зерттеліп, жарияланып болды деп ойлауға да, айтуға бола қоймас. Сондықтан да бұл мақала бізді елең еткізіп, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымызды қалай жасырайық. Алайда мәтінмен толық таныса келе бұл жеке естелік мақала емес, М.Әуезовтің «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» деген мақаласы болып шықты.

Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуы қарсаңында жазылған бұл мақала кезінде «Казахстанская правда» газетінде (05.01.1937) сосын суреткердің өз тәржімасымен «Социалды Қазақстан» газетінде (08.01.1937) жарияланған. Кейін де жазушының әр жылдары жарияланған шығармалар жинағының томдарында, соңғы рет елу томдығының 12-ші ­томында жарияланған. Алайда «Аңызға бергісіз ғұмырды» құрастырған авторлар бұл мақалалардың толық мәтінін ала отырып, ғалымның мұрасына көрер көзге қиянат жасап, авторлық құқықты белден басқан. Біріншіден, Мұхтар Әуезов жазбаған естелік мақаланы жазды деп өз беттерінше тақырып қойып, оқырманды адастырып отыр. Екіншіден, өздері алып отырған мақала мәтінін өзгертіп, Мұхтар жазбаған, жазса да өзге жерде айтылып, жазылған бөтен сөздерді қосып, мақаланы өңдеп, өзгертіп беруге тырысқан. Көз жеткізу үшін жинақтағы мәтінге назар аударайық. «Ілияс Жансүгіровтің ақындық мұраларының ішінде «Дала», «Күйші», «Құлагер» атты поэмалары қазақ поэмасының ескі үлгісін аңғартады. Бір алуаны – лирикалық-философиялық, екіншісі – уақиғалы, сюжетті поэма үлгісі. Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік, ірі сапа танытады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүние тану қалпы, ақындық сыр, өмірге қараған көзқарас, барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады. Осы поэмаларда бейнелегіштік (образность) кенелуі тапқыр оймен ұдайы жақсы үйлесіп отырады. Жансүгіров поэмалары сезім ­сырына да толы. Ал өлең үлгісіндегі мәдениет те басқа. Жаңа қоғамды жасау жолында көркем сөз-поэзияның міндет, мүддесі, қандай болатыны да бұнда терең сипатталады. «Күйші» мен «Құлагер» поэмалары әрі поэма, әрі өлеңмен жазылған роман болуымен бірге, дүниежүзілік революцияшыл поэзияның алдыңғы қатар дәстүрлерін өз бойларынан жақсы ­танытады. Бұл шығармалар біздегі ­поэзия мәдениеті Абайдың соңғы дәуірде, революциялық тәрбие нәтижесінде биік сатыға шыққанын дәлелдейді. Халқымыздың ақындық шеберлігінің көптеген сыпатын біздің поэзиямыз өз бойынан жақсы аңғартады. Халық шығармасындағы суретшіл бейнелегіштік, образға байлық, азаматтық өткір сана, азат ойдың еркін серпіні – біздің оқиғалы, оқиғасыз поэмаларымыздың бәрінде де халықтық сыпатты өсіре түскенін көреміз. Шеберлікке мағыналықты қосады. Әсіресе, сол халықтық сыпатты орыс поэзиясының үлкен формалығы реалистік дәстүрлерімен жақсы үйлестіріп, келісті күйде тоғысқандық байқатады». Ал, енді Мұхтар Әуезовтің ­«Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» деген мақаласын, яғни І.Жансүгіров ­туралы естелік жинақты құрастырушылар «Құлагердей тұлпар еді» деген ат қойып жариялап отырған мақаланың түпнұсқасын оқиық: «Поэзияның ірі шығармаларын бір тілден екінші тілге аудару өте қиын екені мәлім. Ал біздің бүгінгі тәжірибені алсақ, ұлт әдебиет үлгілерін орыс тіліне аудару жөнінде көп ақындардың сол аударып отырған шығармасының тілін білмейтіндігі тағы бар. Бұларға жәрдем етеді дерлік подстрочник атаулыны алсақ, оның өзі асыл нұсқаның нағыз соры. Подстрочниктің (сөзбе-сөз аударманың) көбі сөз емес, құр көбік немесе әлдеқандай өзіне біткен нәзік ырғағы, өзгеде жоқ жаңалық ерекшелігі дәл түсуі былай тұрсын, тіпті ақынның қысып, қамти айтқан ой-сезімінің системасы да және көрік-стиль құрылысының ішкі логикасы да дұрыс берілмейді...» деп басталады («Әуезов. М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 18-т.-Алматы: Жібек жолы баспа үйі, 2005. 6-б) . Байқасаңыздар түпнұсқада мүлдем жоқ жоғарыда келтірілген мәтін мен тақырып І.Жансүгіров туралы естелік жинақта неге жүр?! Ғылыми этикет бойынша барлық мақала қай еңбектен алынғаны жөнінде сілтеме берілуі керек еді, ол мұнда жоқ. Содан оқушы шатасады. М.Әуезовтің «Евгений Онегиннің» қазақшасы ­туралы» деп аталатын мақаласының алғашқы абзацының қайдан алынғаны белгісіз. Бұл қандай қажеттіліктен туды?! Жазбағанды жазды деп жалған сөйлеу салмақты да іргелі еңбекке жараса қояр ма екен?! Авторлық құқық деген абыройлы іске қол сұғуға және ұлы жазушының өз қолымен жазған, Ілиястың аудармасына шын риза болып берген биік бағасына өз білгендерімен билік жүргізуге, әр жерден жұлмалап жамау жасауға кім рұқсат берді?! Әуезовтің аруағын сыйлау, авторға деген құрмет қайда?! Шынында да, «Құлагердей ақын еді» дейтін мәтінді тапқан ғалым болса, неге жар салмасқа?! М.Әуезовтің «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» деп жазушының өзі қойып, тарихқа енгізіп кеткен тақырып Ілиястың естелігінде неге өзгеріп кеткендігі түсініксіз... Рас, халқымыздың дүлділ ақыны Ілиястың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында шығарылған жинаққа мүйізі қарағайдай ғалымдардың, ақын-жазушылардың, тарихи тұлғаларымыздың кешегі-бүгінгі жазған ең мәнді мақалаларын жинап, ­жариялау қолдауға тұратын жақсы талпыныс. Алайда жоқты бар деп, көрер көзге өтірік айтып, елді алдауға бола ма?! Мерейтойларда асыра мақтаймыз деп ұятқа қалатын кездеріміз көп. ­Кейде шабыттың шанасына мініп алып, көпке дейін көктен түсе алмай қолдан пайғамбар, әулие жасап, өзіміз әжуаға қалатын жеріміз де жоқ емес. Мына мақала да соның бір түрі. Әйтпесе, Әуезов жазған дүниені бүлдіретіндей басымызға не күн туды? М.Әуезовтің өзі таңбалап кеткен тақырыбы тақиямызға тар келді ме?! Мұхтардың жазған мақаласындағы Ілияс туралы ойлары мен аудармасына берген бағасы сол қалпында да, бұрын бір ғасыр бұрын жазылса да көркемдік әрі ғылыми-теориялық құндылығын жоғалтпай, керісінше, арттырып тұрғанын көзі қарақты оқырман жақсы білсе керек. Осы ретте Мұхтар Әуезовтің сұхбат алуға келген Мұзафар Әлімбаевқа жасаған: «Сіз неге жазбай отырсыз? Әлде Әуезов сөйлемі Әлімбаевтің сөйлемінен нәрсіз бе?!» ескертпесі еріксіз еске түседі (М.Әлімбаев. Қалам қайраты (Эсселер, сын мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1976. 4-бет). Осы жерде өткен тарихқа аз ғана шегініс жасар болсақ, Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1923-1927 жылдары (Ленинград) Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген кезінде, яғни 1927 жылы Қазақстан оқу-ағарту комиссариатының арнайы жолдамасымен Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысы және 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы тарихи ­деректер ­жинау үшін Алматыға келген ­сапарында С.Сәдуақасовтың берген кеңесі бойынша Ілияс Жансүгіровтің өзімен және осы көтеріліске қатысты ­деректер жазылған көк дәптерімен танысқан. Міне, сол кезден бастап Мұхтар Әуезов Ілияспен ­рухани дос, пікірлес болып, кезі ­келгенде ақын талантына, оның поэмаларына жоғары баға беріп отырған. Ал Мұхтардың 1931 жылы З.С.Кедринамен бірге І.Жансүгіровтің «Дала» поэмасын алғаш рет орыс тіліне аударуының қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше. Содан кейін де М.Әуезовтің Ілиястың талантын мойындап, туындыларын назардан тыс қалдырмай қадағалап отырғаны белгілі. Әсіресе, М.Әуезовтің «Евгений ­Онегин» на казахском языке» (2004, 18-том) және «Евгений Онегиннің» қазақшасы туралы» деген мақаласында (2008, 12-том) Ілияс Жансүгіровтің Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударудағы тәржімалық тәжірибесі мен шеберлігіне ерекше тоқталып, ақындық қуаты мен теңеу табудағы тапқырлығын жан-жақты талдаған. Ілиястың шығармашылығының бір қыры – аудармашылығы туралы айтса да М.Әуезовтің берген бағасы мен айтқан пікірлері өте құнды. Сол себепті де Мұхтар Әуезовтей ұлы тұлғаның мағынасы мен мәні терең ғылыми ой-пікірлерін орынсыз түзетуге де, өңдеуге де, әркім өз қалауынша әр жерден үзіп-жұлып, жаңадан мақала жасауына, құрақ көрпедей қисынын тауып құрастыруға да ешкімнің ешқандай құқығы да, еркі де жоқ. Ғылымда ондай еркінсуге орын жоқтығы бесенеден белгілі. Әлемде қалыптасқан ғылыми мәдениет, этикет, авторлық құқық деген әдеп, әділеттілік бар. Білімі мен ғылыми ойлары мұхиттай терең ғұлама ғалымның өз өресі мен биігіндегі оқшау да озық ойларының жүйесін бұзуға жүрегінің түгі бар адам да жүрексінетін болар?! Жинақты құрастырушылар да бөтен емес, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының білдей ғалымдары. Осы ғылыми орта мен білім жүйесінің қайнаған ортасында жүрген, күнде студент шәкірттерге ілиястанудан дәріс оқып жүрген ұлағатты ұстаздардың Мұхтар Әуезовтің мұраларымен таныс емес ­дегенге ешкім сене қоймас. Ал біле тұра мұндай жөнсіздікке жол беру Әуезовтің ешкімге ұқсамайтын бітімі бөлек ғылыми ұстанымдары мен биік деңгейдегі ойларын оңды-солды бүлдіруге қалай ғана қолдары барды деген ой мазалайды. Ең болмаса өз мақсаттарына сай Әуезовтің ғылыми ой-тұжырымдарын бұрғысы келсе, әдебиет әлемінде, ғылыми еңбектерде кеңінен қолданысқа енген титтей ғана түсініктеме жазып, «мақала жалпы аударма мәселесіне арналғанымен оның ішінде ойып тұрып орын алып, жалпы ойды құрап тұрған Ілияс Жансүгіровтің «Евгений Онегинді» қазақшаға аудару тәжірибесі екендігін ескеріп, осы естелікке енгізіп отырмыз» деген сыңайлы сарт мінезді сөз болса да бір жолын табуға болар еді ғой.

Көзі қырағы оқырман осы екі мәтіндегі сөйлемдердің сәйкессіздігін бірден-ақ байқайды. Мәселен, түпнұсқадағы автордың жазып отырған ойы, сөйлемі, ырғағы, үні неге бастан-аяқ өзгеріп кеткен?! Сөйлем неге автордың өз сөзімен басталмайды? Оған қосылған «Большая...» қайдан, неге алынған? М.Әуезов жазып отырған сөз басындағы сол бір сөйлемде тағы да: « с языка на язык» деген сөйлем неге қалып қойған? Сонда М.Әуезовтің бір сөйлемінің мағынасынан не қалды? Кім не түсінеді? Автордың айтпағы не еді? Құрастырушы оны қалай бүлдіріп отыр? Келесі сөйлемдегі: «А в нашей современной практике...» деген сөз неге жинақта «...собственной практике» деп өзгертілген, бұл М.Әуезовті әдейі түзету ме, әлде...

Сондай-ақ мақаладағы орфография­лық қателердің өріп жүруі де Мұхтар Әуезовтің терең ойшылдықпен саралаған, білгірлікпен байыптаған ғылыми-теориялық тұжырымдары мен түбегейлі ұстанымдарына көлеңке түсіріп, ұғынып-түсінуге тосқауыл ­болады. Бес беттік мақаладағы аяқ алып жүргісіз қателерден М.Әуезовтің ойлары мен мәні зор пікірлерінің құты қашқан. Бүгінгі өркениетті елдер қатарына қосылған әлемдік ақпаратқа ие егеменді ел бола тұра М.Әуезовтің аталған мақаласымен таныс­пау, оның түпнұсқасымен текстологиялық ­салыстыру жүргізбеу жауапсыздықты, өз ісіне деген салғырттықты танытса керек. Ең болмағанда әріп қателерін жөндеуге, басылымға кетіп жатқан материалды мұқият бір қарауға болатын еді ғой. Біздің әріптестеріміздің Мұхтардай халқымыздың мақтанышына айналған, ұлтымызды әлемге танытқан Әуезовтей жазушының әдеби, ғылыми мұраларына немкеттілікпен үстірт қарағаны қынжылтады. Жалпы ғылыми мәдениет, аруақтарды сыйлайтын әдеп, ұлыға деген құрмет пен адалдық жоғалған жерде ешқандай өре мен өркениет, адамгершілік пен жауапкершілікке де жол жоқтығы аян. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деген ауыр сөздің ауыртпалығы осы М.Әуезовтің «Евгений Онегиннің» қазақшасы ­туралы» деген мақаласының «Аңызға бергісіз ғұмыр» атты жинаққа енген нұсқасында нақты көрініс тапқан. Осындайда еріксіз: «Шіркін, ұлыларымыздың даналық сөздері мен парасатты пікірлері, ғылыми-теориялық тұжырымдары, аманаттары келешек ұрпаққа тап-таза, түпнұсқа қалпында жетсе » деген ойлар келеді. Енді сөзіміздің дәлелі ретінде «Аңызға бергісіз ғұмырда» жарияланған мақаладағы қателерге назар аударайық. Мәселен, 343-беттегі «...аудармашының бәрі мұндай емес» деудің орнына «мұндайлар» деп кеткен және осы абзацтағы «...сарыны сәйкес ақынды алды» деудің орнына «алады» делінген, «ол өз аудармасының бәріне ырза бола бермейді» деудің орнына «ол өзі» деп өзгертілген. Әрине, бұлар ұсақ-түйек, жеке әріп қателері бола тұра сөйлемнің мағынасын өзгертіп, автордың айтпағынан ауытқып кетіп отыр емес пе?! 344-беттегі 5-абзацтағы: «...Олай етсе, әрине алты айдай сарылмас та еді» деген сөйлем түпнұсқада мүлдем кездеспейді. Мұны қалай түсінуге болады? 345-беттегі өлең үзіндісінде түпнұсқада екі жол сызықша берілген, ал жинақта ол жоқ. 2-ші өлең үзіндісінде «Бір аяқпен жерде жылжып» деген сөз қалып қойған ­(346-б). 348 беттегі 2-абзацтағы «...Бұдан соңғы, әсіресе күдікті екінші кемшілік аударманың сөздігі (словары), ақындық сөздігі туралы» деген сөйлем (50-том, 13-бет) жинақта: «Бұдан соң, әсіресе күдікті екінші кемшілік аударманың сөздігі (словары), ақындық сезім туралы» деп мүлдем басқа мағынаға ауысып кеткен. Неге? Осындай олқылықтарды көргенде әрбір кітаптың өте сауатты жариялануына жауапты мамандардың жетіспеушілігі, корректорлардың бүгінде барлық баспаларда аздығы алаңдатады. Кітапқа көңілі соқпайтын ұрпақты осындай қателерден соң кітап оқуға қалай мәжбүрлейсіз. «Ілияс Жансүгіров. Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала хикаялары» (И.Жансугиров: Документы, письма, дневники (1920-1964гг.) В 2-х частях. – Алматы: Үш қиян, 2006. стр.592. ­Составители: С.И.Боранбаева (ответсвенный), А.Абиласанулы, А.А.Мұқанова, К.И.Сопибекова, Н.В.Чаушанская.) атты екі бөлімнен тұратын жинақтың 368-374-беттерінде жарияланған «№ 244. Из статьи М.Ауэзова «Евгений Онегин» на казахском языке 5 января 1937 г.» мақалаға «Опубликовано в газете «Казахстанская правда» деп сілтеме беріліпті. Алайда, бір өкініштісі, мақаланың орысша нұсқасы қатеден, алынып тасталған сөйлемдердің салдарынан ұлы суреткердің ғылыми ойлау жүйесіне көп нұқсан келтірілген. Олардың бәрін мақалада келтіру тіпті мүмкін емес. Мүмкіндік болып жатса сол салғырттықтың салдарынан сызылмаған сөйлемі, қалмаған фотосуретті ­басса, ­келешекте оқырманды сыйлауды үйренер едік. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтей ғұлама ғалымның қызыл шиедей болған мақаласы өзгелерге ой салып, ұрпағына аманаттаған рухани дүниесіне абай ­болуды, адал ­болуды, жауапты ­болуды үйретер ме еді, кім білсін?! Кемшілікті көрген кезде айтпасақ, кесел болуы кәдік. Асығыстықтың алдын алмасақ, бұдан да зор ағаттықтарға жол беруіміз әбден мүмкін, сондықтан жанашыр сыннан жамандық іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Олай болса, жоғарыда аталған жинақ­тағы мақаланың басын оқып көрелік: «Большая трудность равноценного перевода лучших образцов поэзии общеизвестна. А в нашей собственной практике при переводе, скажем, образцов национальных литератур на русский язык, эти трудности прежде всего усугубляются ­незнанием поэтами-обработчиками ­языка оригинала. Приходяшие им якобы в ­помощь так называемые подстрочные переводы всегда почти навязывают ­гибельные «услуги» оригиналу». Енді М.Әуезовтің (Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 18-т. – ­Алматы: Жібек жолы баспа үйі, 2004. – 400 бет) өзі жазған түпнұсқаны оқиық: «Неимоверная трудность равноценного перевода с языка на язык лучших образцов поэзии общеизвестна. А в нашей современной практике при переводе, скажем образцов национальных литератур на русский язык, эти трудности, прежде всего, усугубляются незнанием поэтами обработчиками языка оригинала. А приходящие им якобы в ­помощь, так называемые подстрочные переводы всегда почти оказывают гибельные «услуги» оригиналу...» (12-бет). Көзі қырағы оқырман осы екі мәтіндегі сөйлемдердің сәйкессіздігін ­бірден-ақ байқайды. Мәселен, түпнұсқадағы автордың жазып отырған ойы, сөйлемі, ырғағы, үні неге бастан-аяқ өзгеріп кеткен?! Сөйлем неге автордың өз сөзімен басталмайды? Оған қосылған «Большая...» қайдан, неге алынған? М.Әуезов жазып отырған сөз басындағы сол бір сөйлемде тағы да: « с языка на язык» деген сөйлем неге қалып қойған? Сонда М.Әуезовтің бір сөйлемінің мағынасынан не қалды? Кім не түсінеді? Автордың айтпағы не еді? Құрастырушы оны қалай бүлдіріп отыр? Келесі сөйлемдегі: «А в нашей современной практике...» деген сөз неге жинақта «...собственной практике» деп өзгертілген, бұл М.Әуезовті әдейі түзету ме, әлде... Ал 369-беттегі: «скучное» «сказочное» боп кеткен. Осы беттегі: «...Примеры работы ряда крупнейших советских поэтов над многими оригиналами показывают образец в этом смысле, даже при незнании ими языка оригинала» деген бір ғана сөйлемді түпнұсқамен салыстырайықшы: «Примеры ряда крупнейших советских поэтов по их чуткой и добросовестной работе ­настоящих мастеров над многими оригиналами показывают образец в этом смысле, даже при незнании ими языка оригинала». Бұдан не түсініп болады? «Ряда» деген сөз «работы», «по их чуткой и добросовестной работе настоящих мастеров» деген сөйлем қайда жоғалып кеткен? Ұлының құнды пікірлерін былайша бүлдіргенше, тіпті бұл мақаланы жарияламаса да ешкімнің көңілі қалмас еді. Алайда жинақта Ілияс Жансүгіров шығарма­шылығының бір қыры болса да бүкіл ақындық шеберлігін, дарынның даралық қасиетін Мұхтар Әуезовтей талдап жазған, бағалаған еңбек сирек. Ал бардың бағасын білмей отырған өзіміз. Түпнұсқадағы: «Будучи свидетелем почти всех этапов этой работы, я смело могу утверждать, что сейчас уже нет ни единого слова оригинала не ­понятого тов. Джансугуровым» деген сөйлем жинақта түгелдей түсіп қалған. Сонда М.Әуезовтің жазған ғылыми ойларының жүйесі, І.Жансүгіровке беріліп отырған бағаның құны қаншалықты жоғалып кетті десеңізші?! Жүні жұлынған тауықтай болған тіркестерден, сөйлемдерден не ұғамыз?! М.Әуезов сөзінің түйіні болған соңғы сөйлем де талдықорғандық жинақта мүлдем жоқ. Оқып көрейік: «А грамотной части казахских читателей надо напомнить, что есть чтение и чтение «Евгения Онегина», «Фауста», «Гамлета» и ряд подобных им произведений не ­читаются как занимательные романы или как ­богатырский эпос. Но массовому ­читателю мы обязаны помочь в усвоении «Евгения Онегина», снабжая каждое его издание еще большими, чем на русском языке, пояснениями и комментариями. Должны помочь устраивая частые лекции, беседы и читки именно этого, а не иного ­перевода его». Ғұлама ғалымның мақаласында қорытылар ойы, ғылыми-теориялық тұжырымдары қалып қойған. Егерде осындай іргелі еңбектер шығаратын болсақ, алып отырған түпнұсқаны толық әрі сауатты беруге тырысу керек шығар. Әсіресе, әлемге танымал Әуезовтей ­тұл­ғамыздың туындыларының өзін ­осылай салғырттықпен, салдыр-салақтықпен шығарсақ, онда құндылықтарымыздың құны төмендегені. Қысқасын айтқанда, мұндай жол-жөнекей жөндеу, ара-арасында толық бір абзацтарды тастап кету, т.б. секілді көптеген кемшіліктерді көрсетуге болады. Құрметті ағайын, жинақ шығарайық, ұлы тұлғаларымызды дәріптеп ­мерейтойларында том-том естеліктер, әдеби, ғылыми мұраларын қайта өңдеп шығарайық, бәрі де құптарлық ­талаптар, алайда елді адастырмайық! Асылдарымыздың халқына, ұрпағына қалдырған құнды ойларына, парасатты ой-пікірлеріне абай болайық. Аманатқа қиянат жасамайық. Біздікі көзіміз көрген кемшіліктерді, әсіресе Әуезовтей ұлы тұлғамыздың ­туындыларына, ғылыми-теориялық тұжырымдарына, ойлау жүйесіне нұқсан келіп жатқанда жұмған аузымызды ашпай отыруға ­арымыз жібермеді. Мұндай кемшіліктерге әрдайым жол бере берсек ертең оқырманды да, шәкірттерімізді де жоғалтып алуымыз ақиқат. Сыннан нәтиже шығару осы ғылым жолында жүрген бәрімізге борыш. Орыстың ойшыл ақыны А.С.Пушкиннің «Всякая строчка великого писателя становится драгоценной для потомства» деген даналық сөзін ұмытпасақ екен.

Гүлзия Пірәлі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы

1782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы