• Әдебиет
  • 12 Ақпан, 2020

АҚБАС БҮРКІТТІҢ АЖАЛЫ (Әңгіме)

Сәбит Досанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

І

Ол қызметке кеш келіп, еш нәрсеге зауқы соқпай санасы сансырап отырғанда кабинеттегі көп телефонның біреуі безілдеп қоя берді. Қалғып бара жатып селк ете қалған ол бұл қайсысы екен деп бебеулеп жатқан телефон аппаратына көз тігіп еді, ортасында қазақ мемлекетінің гербісі бар, кеңестік кезеңде «Кремлевка», бүгінде «Сұңқар» деп аталатын үкіметтік байланыс желісі екен бебеулеп тұрған. Министр телефон трубкасын көтерейін бе, көтермейін бе деп, екі ойлы боп отыр. Үкіметтік байланыс желісіне қосылған ақсары телефон шыр-шыр етіп шырылдауын қояр емес. Ол телефон трубкасын еріне көтеріп: – Алло, – деді. – Бексұлтан Бұлғақбаевич, ­саламат­сыз­ ба? – деді сымның ар жағынан жеткен дауыс. – Мен Зұлқайнар Есенжоловичпін қой. – Иә, жайшылық па? – Сізге кіріп шықсам ба деп ем. – Қашан? – Мүмкін болса қазір. – Онда қазір кел. Арада аз уақыт өткенде Зұлқайнар Есенжолович министрдің алдында отырды. – Как дела? – деді министр амандасып жатып. – Хал онша емес. – Е, не боп қалды? – – Бексұлтан Бұлғақбаевич, бір ­тамаша идея бар. – Қандай? – Аң аулауға шығайық. – Мұның ақыл. Біз охотаға шықпағалы біраз болды ғой. – Онда сенбі күні шығып кетейік, дүйсенбіде қайтып ораламыз. – Бүгін қай күн өзі? – Бейсенбі. – Четверг пе? – Иә, четверг. – Сонда субботаға дейін не бітіреміз? Давай, ертең кетеміз. – Жұмысың бар ғой, Бексұлтан Бұлғақбаевич! – Жұмыс ешқайда қашпайды. Отыр ғой целая армия. Қаптаған көмекшілер не бітіреді? Указание берем де кете ­берем. – Жоғары жақтағылар шақырып қалмай ма? – Кім шақыруы мүмкін? – Премьер-министр ше? – Бог с ним. Мен одан қорықпаймын. Менің тағдырымды шешетін Президент қана. Ол қазір демалыста. Президент жұмыста болғанда дело другой. Онда ­хочешь жұмыс істе, істеме, бәрібір ­суббота күннің кешіне дейін ­кабинетте тапжылмай отыруың керек. Менің басымды алатын Президент қана. Қалғанына наплевал я. – Сонымен, қашан шығамыз аңға? – Ертең ерте аттанамыз. – Онда тікұшақ мәселесін өзіңіз шешесіз ғой. – Оған қам жеме. Екі джип бүгін кете берсін. Біз таңертең военный вертолетпен ұшамыз. – Онда мен кеттім, дайындыққа кірісейін. – Әй, слушай, тұра тұр, ана бизнес­мен­дердің біреуін ала кетейік. Кім бар, крутойлардан, айтшы. – Күрлеу ше? – Қапалбаевты айтасың ба? – Иә, Күрлеу Қапалбаевты айтамын. Содан дұрысы жоқ. – А, ну-ка. Звонда қазір. Мен айтты де, барлық жұмысын тастасын да, жүрсін бізбен бірге. Ішіп-жемді ең қым­ба­тынан мол ғып алсын. Благодаря мне байығанын ұмытпасын ол чудак. – Жақсы мен қайтайын. Күрлеуге жолай соға кетемін. – Әй, слушай, сағат бір болыпты ғой. Жүр, бірге кетеміз. Осыны айтып екеуі сыртқа беттеді. Таңертеңнен бері қабылдау бөлмесінде отырған Дүйсенбектің өтініші ­министрге жеткен жоқ. Сол күннің ертесінде жаңа қазақтар әскери ұшақпен аң аулауға аттанып кетті. Олар үшеу еді: министр Бексұлтан Бұлғақбаевич, парламент мәжілісінің депутаты Зұлқайнар Есенжолович және жұмысы жүріп, жұлдызы жанып тұрған үлкен бір холдингтің президенті Күрлеу Қапалбаев. Астанадан шықпай жатып жолаяқ деп француз коньягын біраз жұтып алған бұлар сол күні аса көңілді еді. Әйтсе де, осы сапарларының соңы қайғы-қасіретпен аяқталарын олар сол сәтінде білген жоқ.

ІІ

Алапат ащы гүрілі тау-тасты жаң­ғыртқан әскери тікұшақ Ереймен тауының етегіндегі көл жағасына келіп қонғанда мезгіл ұлы сәске еді. ­Айдалада емін-еркін жүрген тағы аңдар мен көл бетінде мұңсыз, қамсыз жүзген құстардың апшысын қуыра келген тікұшақтан төрт адам түсті. Олардың бірі орыс азаматы, лейтенант шеніндегі әскери ұшқыш. Қалған үшеуі қазақ. Жастары шамалас, бәрі де отыздың о жақ, бұ жағындағы жас жігіттер. Өздері бойшаң. Сырт тұлғалары сымбатты. Аса қымбат киімдерінен барлық, байлық қана емес, биік талғам да анық танылып тұр. Бұлар жай қазақтар емес, жаңа дәуір өсірген жаңа қазақтар.Үшеуі де бүкіл республикаға танымал азаматтар. Бірінен-бірі өткен дөкей... Осыдан бір күн бұрын Дүйсенбек ­«зажигалка» деп атап кеткен сыртқы тұрқы сіріңкенің тік тұрған қорабына ұқсайтын отыз екі қабатты жаңа ғимаратқа келіп еді. Оның ұшар басындағы үшкір маякқа қарап министрді күтіп қабылдау бөлмесінде отырғанына бір сағаттан асты. Ол мұнда сағат тоғыз болмай-ақ ­жеткен. Бюджеттен қаржыландыратын республикалық газеттің бас редакторы кеше мұны шақырып алып, министр Бексұлтан Бұлғақбаевичпен сұхбат алуға келіскенін, оның таңертеңгі сағат тоғызда мұны қабылдайтынын, ал ол материалдың келесі нөмірге кезектен тыс шұғыл ­жарияланатынын бұған қайта-қайта қатаң тапсырған. Бас ­редактор министрдің жұмысы көп, уақыт аз екендігін, сондықтан мұның келісілген уақыттан кешікпеуін де ескерткен. ­Астана қаласының көшесінен ­машинасы әлденеше көп. Қалалықтар «час пик» деп атап кеткен жұмысқа таңертең барар уақыт пен кешкісін қайтар кезде сеңдей соғылысқан сансыз жеңіл машиналар біріне-бірі жол бермей, «пробка» дейтін тығынға тығылып тұрып алды. Содан қауіптенген Дүйсенбек әйелі Майраның түскі тамаққа деп берген азғантай ақшасын шығындап, таксимен асығып-аптығып жетіп еді. Енді отырысы мынау. Сағат оннан асып барады. Сағат тоғызда қабылдайды деген министр әлі жоқ. Алапат ащы гүрілімен жер-жаһан мен аспан арасын жаңғыртқан әскери тікұшақ Ереймен тауының етегіндегі көл жағасына келіп қонысымен Күрлеу үш күнге жоспарланған демалыстың ­беташарын бастап жіберді. Жерге ­табаны тиісімен, ол тікұшақты айналып өтіп, әскери ұшқыштың жанына келді. – Атың кім еді сенің? – Андрей. – Ал Андрей, ұшақ ішіндегі қол жүктерін түсір. Андрей тікұшақтан бір дәу сөмке мен арақ-шарап толы екі қағаз жәшік алып шықты. Күрлеу екеуі көл жағасындағы көгалға дастарқан жайды. Дастарқан үсті әп-сәтте шетелдік қымбат коньяк пен вино, сок пен минералды су, сыра, қазы-қартаға толып кетті. Күрлеу жайлап басып бір кезде Ақан сері мекендеген Сандықтауға сұқтана қарап тұрған Бексұлтан Бұлғақбаевич пен Зұлқайнар Есенжоловичтің қасына келді. Сол сәт Зұлқайнар ­Есенжолович тастан-тасқа секіріп бара жатқан арқарды көріп қалды. – Тез, әкел мылтықты, – деп бұйырды ол Күрлеуге. Ол жүгіре ­басып мылтықты алып келді. Зұлқайнар ­Есенжолович мылтықты оқтап, Бексұлтан Бұлғақбаевичқа ұсынды. – Мә, алдымен өзің ат. Бексұлтан Бұлғақбаевич көздеп үлгергенше арқар ұзап кетті. – Қап, үлгермедім-ау, – деп өкінді ол. – Оқасы жоқ, – деп жұбатты оны Зұлқайнар Есенжолович, – арқарды ертең вертолетпен аулаймыз. Бүгін ­мынау тамаша табиғат аясында жақсылап демалайық. Сол сәт оңға бұрылған Бексұлтан Бұлғақбаевичтің көзі көл бетінде жүзіп жүрген бір топ құсқа түсті. – Оқталған мылтық атылар болар, – деді ол әр сөзіне салмақ сала сыздана сөйлеп. Как вы думаете? – Я тоже так думаю. Мұны айтқан Зұлқайнар. – Дұрыс! – деді Күрлеу. Үшеуі көл жағасына келді. Көлдің осы бір тұсы жалаңаш, жағасы құмдауыт еді. Тау жақтан салқын самал соғып тұр. Жағалауға жете алмаған әлсіз толқын көл бетін әлсін-әлсін әнтек тербетеді. Аспандағы алтын күннің суға түскен қызғылтсары сәулесі көз жауын ала құлпырады. Жай басып жағаға жеткен үшеу жайбарақат жүзген екі топ құсқа қадала қарады. – Әй, слушайте, қайсысын атайын? – деді Бексұлтан Бұлғақбаевич. – Анау алыстағы топ қаз болу ­керек. Мына жақындағысы үйрек, – деді Зұлқайнар алақанын маңдайына қоя күн сала қарап. – Қазға оқ жетпейді. Үйректі ат. Үйректер тобының орта тұсын нысанаға алған Бексұлтан Бұлғақбаевич дүрбілі мылтықтың шүріппесін басып қалды. Көл бетінде еркін жүзген қаз бен үйректер тобы бір қаңқ етіп, қанаттарын сабалай көл бетінен көтеріле бергенде ол дүрбілі мылтықтың шүріппесін екінші рет басты. Қиқулап ұшқан құстар алыс­тап кеткенде көл бетінде оққа ұшқан екі үйректің жансыз денесі қалқып бара жатты. Бұл кезде бұлардың тобына ­Андрей де келіп қосылған еді. – Оу, өзің керемет мерген екенсің ғой, – деді түрі татарға ұқсайтын Зұлқайнар тұтыға сөйлеп. – Ол Күрлеуге қысық көзімен сығырая қарап күліп қойды. – Мынандай бір оғы мүлт кетпеген мергендікті бірінші рет көріп тұрмын, – деді Күрлеу жағымпаздана сөйлеп. – О, мұның мергендігіне дау жоқ. Сұлу қыздарға тіптен сұрапыл. Бір атқанда-ақ сұлатып түсіреді, – деп кеңк-кеңк күлді Зұлқайнар жарылғалы тұрған шиқандай бүйрек бетін жап-жалпақ алақанымен бір сипап қойып. – Ал енді мұны жуу керек, – деді Күрлеу. – Дұрыс, дұрыс. Обязательно ­жуамыз, – деді тілін шайнап сөйлейтін Зұлқайнар бөгелек тиген жылқыдай басын қайта-қайта шұлғып. «Мынаның ұсқынсызын-ай, – деп ойлады Зұлқайнардың басынан аяғына дейін барлай қараған Бексұлтан Бұлғақбаевич. – Басы бас емес, екі иықтың ­ортасына орната салған доп сияқты. Мойын тым қысқа болғасын солай болмай қайтсін? Тырыли арық денесі, тырысқан тарамысқа ұқсаған, қып-қысқа қолы, шұбар ала сепкіл қаптаған шикісары беті, көкшіл көзін жауып, жабағы жүндей жалбырап тұрған қасы оның онсыз да ұсқынсыз түрін онан бетер сүйкімсіз ғып көрсетеді екен. Қотан аяғын ­талтитып тұрысын малғұнның. Мұның ­кличкасы қарауыз емес пе? Кім қойса да бұл атты тауып қойған екен. Қап-қара еріні дүрдиіп, бүлдек иттен айнымай қалыпты. Табақтас болуға ­татымайды-ақ. Бірақ депутаттығы өзімізге қолайлы заңдарды өткізу үшін керек. Сосын бизнесі тағы бар бұл иттің. Казинода ұтылған шығын мен ­любовницаларыма жұмсалатын расходтардың ­орнын толтыруға таптырмайтын майшелпек бұл...». Бексұлтан Бұлғақбаевичтің ойын Күрлеудің саңқылдай сөлеген дауысы бөліп жіберді: – Андрей, сен суға түс те, ана оққа ұшқан екі үйректі алып кел. Сен Зұл­қайнар, ішіп-жемді дайындас. Бексұлтан Бұлғақбаевич, жүріңіз, сіздің аңшылық сапарыңыздың сәтті басталғанын жуып, бір жүз грамм тартып жіберейік. Бұлар көл жағасына жайылған ­дастарқан басына келіп бір емес, бірнеше жүз грамды жұтып жіберді. Біраздасын оққа ұшқан екі үйректі алып Андрей де оралды. Сол сәт кеше түнделетіп астанадан шыққан екі «Джип» те келіп жетті. – Жігіттер, – деді Зұлқайнар «Джип» маши­насының жүргізушілеріне қарап, – мына Андрей, Күрлеу төртеуің ­шатырларды тігіп, төсек салыңдар. Біз Бексұлтан Бұлғақбаевич екеуміз суға түсіп, шаң басып келейік. Сол күні көл жағасына тігілген ­шатырда түнеп шыққан жаңа қазақтар – министр Бексұлтан Бұлғақбаевич, ­Парламент Мәжілісінің депутаты Зұлқайнар Есенжолович, бизнесмен Күрлеу Қапалбаевич таңғы астан соң тікұшаққа отырып аң аулауға аттанып кетті. Тау баурайы мен орман тоғайларды, сай-саланы айнала ұшқан бұлар сол күні екі арқар, бір қасқыр атып алды. Түс ауа көл жағасына қайтып оралған олар келе жүз грамдата ­бастады. Сол сәт Зұлқайнар аспанда ұшып жүрген Ақбас бүркітті көзі шалып қалды. – Бексұлтан Бұлғақбаевич! Әне, ­ананы көрдіңіз бе? – деп жерден жеті қоян тапқандай айғай салды ол. – Ана бүркітті айтамын. Соны нысанаға алыңызшы. Оны сізден басқа ешкім атып түсіре алмайды. Ақбас бүркіт бұларды айналып ұзақ ұшты. Ол әбден азып-тозып бара жатқан қазақ жері үшін қатты қайғырулы еді. Табиғат-Анаға адам қолымен жасалған тағылықтардың шектен шығып бара жатқаны жанына батқасын бұл бассыздықты тоқтату керек деп ­ойлады ол. Көл жағасында отырған топқа жақын келіп, жанай ұшқан Ақбас бүркіт тынымсыз шаңқылдады. Оның: «Айналайын, Адамдар, адаспаңдар! Табиғат-Ананы қорғаңдар. Тым болмаса, мына Ерейментау сынды әлі де болса азбай, тозбай тұрған аз ғана өлке, өңірлерді аздырмаңдар» деген жанайқайын төменде отырған қасқырдан бетер қатыгез жаңа қазақтар ұққан жоқ... Зұлқайнар жүгіріп барып Бексұлтан Бұлғақбаевичтің дүрбілі мылтығын алып келді. – Бексұлтан Бұлғақбаевич! Мына бүркітті атыңыз. Мұны сізден басқамыз атып түсіре алмаймыз, – деп бір айтқанын қайта-қайта айтып, жалынып, жағымпазданумен болды. Әншейінде аң, құс көрсе қаны қай­нап, көзі жайнап шыға келетін ­Бексұл­тан Бұлғақбаевичтің Ақбас ­бүр­кітті атуға жүрегі дауаламады. Зұлқайнар ұсынған мыл­тықты қолына алып, орнынан тұр­ғанда тізесі дірілдеп, жүрегі атқақтай соқты. Бексұлтан Бұлғақбаевич Ақбас бүркітті ұзақ көздеді. Аспан ашық еді. Ақбас бүркіт алғаш ұшып келгенде жарқырап тұрған күн де кенет күңгірт тартып жүре берді. Біресе ақша бұлттардан әрі асып, тым биіктеп кеткен, біресе төмендей ұшқан Ақбас бүркітті ату оңайға түспеді. Әлден уақыттан соң Ақбас бүркіт жер мен аспанның арасын жаңғыртып саңқылдап, тас төбеге төніп келді. Бексұлтан Бұлғақбаевич дүрбілі мылтықтың шүріппесін басып қалды. Оққа ұшқан Ақбас бүркіт жер құшты. Бәрі тұра жүгіріп, аспаннан ағып түскен Ақбас бүркітті қоршап тұра қалды. Ол тыпырлап ұша алмай жатқаны болмаса, әлі тірі еді. Бексұлтан Бұлғақбаевичтің жанары әлі жұмылмаған Ақбас бүркіттің от шашқан көзіне түскенде жүрегі шымырлап қоя берді. Біреу төбесінен мұздай су құйып жібергендей денесі мұздап кетті. – Ойбай, мынау әлі өлмепті ғой, – деп Зұлқайнар шегіртке даусымен шіңкілдеп қоя берді. – Бексұлтан Бұлғақбаевич, мына пәле қайтадан ұшып кетпей тұрғанда атыңыз, тағы да атыңыз. – Әй, сволоч, слушай! Атқыш болсаң өзің ат! – Зұлқайнарға ала көзімен ата қараған Бексұлтан Бұлғақбаевич қолындағы мылтығын лақтырып жіберді. Мылтықты жерден көтеріп алып, Ақбас бүркітке тақап келген Зұлқайнар шіңкілдеп қоя берді: – Ойбай, мынау әлі тірі ғой. Жаны қандай сірі. Көзі қандай пәлекеттің. Зұлқайнар қансырап жатқанАқбас бүркітті қақ жүректен атып жіберді. – Апыр-ай, – деді Ақбас бүркітке таңдана қараған Күрлеу, – талай бүркіт көріп ем, дәл мынандай басы аппақ, көзі тостағандай, сирағы жуан, имек тұмсығының ұщы біздей, тырнақтары сояудай, кеудесі кебежедей өзгеше бүркіт көргем жоқ. Өзі өте үлкен екен. Өзге бүркіттер мынаның жанында қаздың балапанындай ғана. Сол сәт тастақ жерді тасырлата шапқан ат дүбірі естілді. Бәрі ат дүбірі шыққан жаққа жалт қарады. Сүйіткенше болған жоқ, астындағы тортөбел аты ақкөбік болған қияқ мұрт, шақша сақалды бір шал жетіп келді. Жаздың жалпағында үстіне плащовкадан тігілген шекпен, басына киіз қалпақ киіп ­алыпты. Келе ат үстінде тұрып айғай салды: – Кім мына Ақбас бүркітті атқан? – Мен, – деді Зұлқайнар мақтанып. – Не дейді? Әй, не дейсің сен зәнталақ! Көзің қиып қалай аттың? – Әй, шал, сен бұлай айғайлама, – деп айбат шекті Зұлқайнар. – Немене бір құсқа бола сонша айғайлап. – Бұл жай құс емес, текті құс! Мына жердің иесі мен киесі ол. Оны атқанша, мені атпадың ба, жауыз? Енді сені Ақбас бүркіттің киесі ұрады, – деп астындағы атын тебініп, Зұлқайнарға төніп келген алпамсадай шал оның төбесіне қамшы үйірді. – Әй, мына шал қайтеді, қой кет әрі, – деп шегіншектей берген Зұлқайнарды шал қамшымен тартып-тартып жіберді. Қарт қайратты екен. Қамшыны алғаш сілтегенде Зұлқайнардың арқасын осып өтті. Екінші рет сілтегенде оң көзі ағып түсті. Бұлар бірдеңе деп үлгермеді, шал аттың басын кері бұрып, шаба жөнелді. Аяқ астынан абыр-сабыр болған жаңа қазақтар Зұлқайнарды Джипке отырғызып, жақын маңдағы ауруханаға аттандырды. Алапат ащы дауысы жер-жаһанды жаңғыртқан әскери ұшақ ертесіне аспанға қайта көтерілді. Әйтсе де, біразға дейін тағы аңдар көзге түспеді. – Кешегі шабуылдан шошынған арқарлар таудың арғы бетіне ауып кеткен болу керек. Қой, енді қайтайық, – деді Күрлеу. – Жоқ! – деп кесіп айтты Бексұлтан Бұлғақбаевич. – Тым құрыса бір арқар атып алмай қайтпаймыз. Давай Андрей, таудың арғы бетіне өт. – Бексұлтан Бұлғақбаевич, таудың ар жақ бетіне өту қауіпті, – деді Андрей. – Әй, собака! – деп айғай салды Бексұлтан Бұлғақбаевич. – Өт дедім саған, өт таудың ар жағына! Әлі күнге дейін беті қайтып көрмеген Бексұлтан Бұлғақбаевичтің айтқанын орындатпай қоймайтынын білетін Күрлеу қанша қобалжыса да, Андрейге қуат бере сөйледі: – Бексұлтан Бұлғақбаевичтің сөзі бәрімізге заң. Ағаң өт деді ме, өт. Сен қорықпа, көгершінім. Бірақ тауды айналып, аласалау жерінен өт. Тікұшақ Ереймен тауын айналып біраз жүрді де, осы аласа-ау деген асуды бетке алды. Сол сәт тұман ба, сағым ба, бұлт па, әлдебір көкбуылдыр көз алдын тұмшалап алған әскери ұшқыш алдын анық көрмеді. Кері бұрылуға кеш еді. Жалаңтөс жартасқа соғылған әскери ұшақ таудан төмен қарай домалап бара жатты... Бексұлтан Бұлғақбаевич тіл тартпай кетті. Әскери ұшқыш пен Күрлеу ауыр халде жақын маңдағы аудан ауруханасының реанимация бөлімінен бір-ақ шықты... Аспанда ұшып жүрген Ақбас бүркіт көл жағасындағы адамдарды анық көріп еді. Бірақ олардың не үшін даурық­қанын, неге абыр-сабыр боп жүгіргенін түсінбеді. Әлдебір ұзын темірді өзіне қарай неге кезенгенін де ұққан жоқ. Өзі қорғап жүрген адамдар өзімді өлтіреді деп те ойламап еді ол. Бірден өліп кетпеген Ақбас бүркіттің көз алдына қазақтың ұлан-ғайыр Ұлы Даласы келді. Оның қос қарашығы асқар таулар мен көкжасыл ормандарды, өзендер мен көлдерді ап-анық көріп жатты. Әлі сөнбеген жанарында қазақтың алуан түрлі ұлан-ғайыр жері мен аспандағы аққу қанат ақша бұлттар жүзді. Қанға боялған денесін Ұлы Даланың уілдеген желі аймалады... Ақбас бүркіттің жүрегінде Ұлы Далаға деген сағыныш, адамдарға ­деген аяныш сезімі оянды. Ол өзі өмір бойы қорғап келген адамдарға арнаған соңғы сөзін оты өшіп бара жатқан көзбен ­айтты: «Адамдар-ау, сендерге не болған? Не істедіңдер сендер? Мен сендердің қорғаушыларың емес пе ем? Мені өлтіріп не қара басты сендерді? Менсіз қай ұшпаққа шықпақсыңдар? Мен өзім өлемін деп емес, сендер қорғансыз қалды деп өкінемін. Енді кім бар сендерді мендей желеп, жебейтін?..». Ақбас бүркіт оққа ұшқан сәтте Ұлы Дала аш қасқырдай ұлыды. Даланың зарлы даусынан жолындағысының бәрін жайпап өткен сұрапыл қара дауыл соқты. Аспан мен жердің арасын қара дауыл ұшырған шаң мен тозаң тұмшалады. Қасиетті қара жердің бетіне қайғыдан терең әжім түсті. Жер-Ананың зарына үн қосқан Аспан-Атаның қою-қою қара бұлты көл-көсір көз жасы болып төгілді. Таулар теңселіп, өзен-көлдер күңіренді. Ағаш атаулының бұтақтары бір-ақ сәтте сиреп, шұрық-тесік, сап-сары жапырақтар саудырап түсіп жатты. Жер бетінде жүрген сан түрлі аң мен аспанда ұшқан сансыз құс қосыла күңіренді. Өзінің ақиық перзенті – ­аяулы Ақбас бүркітін жоғалтқан Табиғат-Ана қатты ашулы еді. Киесі мен иесінен айырылған Ұлы Дала қайғыдан қан құсып, қара жамылды...

ІІІ

Қазақ даласындағы ең соңғы ­жолбарыс 1941 жылы жазда Балқаш көлінің жағасында атылды. Сол күні түнде екінші дүниежүзілік соғыс басталды...

ІV

Қазақ даласындағы ең соңғы Ақбас бүркіт 2008 жылы Ереймен тауында оққа ұшты. Сол күні күн тұтылды...

1822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы