• Тарих
  • 12 Ақпан, 2020

МҰСТАФА ШОҚАЙ ҺӘМ ТӘУЕЛСІЗДІК

Қарапайым көңілге сонау 1941 жылы Еуропа төрінде қайтыс болған Мұстафа Шоқайдың арада жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін туған елі қол жеткізген тәуелсіздікке еш қатысы жоқ болып көрінуі мүмкін. Алайда әсте олай емес. Ұлы күрескердің өмірінің шынайы мұратын, оның саяси қызметінің мәнін, шығармашылық мол мұрасының басты идеясын «Тәуелсіздік» ұғымынсыз толық та айқын түсіне алмайсың. Өйткені Мұстафа мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Бірінсіз бірі кедей, шын жетім. «Тәуелсіздік» ұғымын толық түсінген, оны азаттықтың асқақ туы деп алғаш көтерген Алаш жетекшілері болды. Олар мұны әуелі патшалық отаршылдықтан, сонан соң кеңестік қыспақтан құтылудың, бостандыққа жетудің бірден-бір жолы деп ұғынды. Бірақ олар армандарына жете алмады. Алайда олардың әркез халқым деп соққан жүректерінде тәуелсіздікке деген сенім оты еш өшкен емес. Арада жетпіс жыл өткенде ол қайта тұтанып, жалындап, елі азаттық алып, әлемдік адамзат қауымдастығында өзіне тиісті орынға ие болды.

АЗАТ ОЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ АСУЛАРЫ

1936 жылы Берлин ­радиосынан Түркістан жастарына арнаған сөзіндеМұстафа Шоқай: «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау ­керек» деген еді. Өзінің бұрын да, кейін де өмір бойғы ұстанымы болған бұл ­таным Мұстафа Шоқайды ерте тапты. Билік лауазымдары Сыр еліне танымал әулеттің отбасында ол кезде бүгінгідей жазба әдебиеттер өте сирек болғанымен атадан балаға мирас болып келе жатқан, талай ұрпақты рухани сусындатқан сан тақырыптағы аңыз дастандар аз айтылып, кем жырланбайтын. Ел билеген хандар мен өз жерін қорғаған батырлар туралы толып жатқан ­жырларды, көрші елдердің, Шығыстың, түркі тектес туыстастардың әртүрлі қиссаларын бала Мұстафа естіп, жадында сақтап, оларды өмір бойы рухани азық етіп, саяси-әлеуметтік еркіндікке ерте тәрбиеленді. Сонан соң патшалық Ресейдің отарлық озбырлығын Сыр еліне аты мәлім Шоқай би өз басынан­ да өткізген ­болатын. Бұған орыс шенеуніктері екі рет үйлерін мектеп пен оның мұғалімдердің қажеттеріне тартып алса, ал орыс қоныс аударушылары егіліп біткен егістіктерін өзара бөлісті. Сондықтан мұндай саясатты күнде көріп отырған әкесі Шоқай мен ағасы Әліш ауылда азын-аулақ қазақша сауатын ашқан Мұстафаны орысша білсе, ең болмаса өз құқығын өзі қорғар деген оймен орыс мектебіне ұсынған болатын. Сондай-ақ сол кездегі Түркістан өлкесінің бас қаласы – ­Ташкентте оқығанда елден келген қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ және басқа да ұлт өкілдерінің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатысуы да орысша білетін Мұстафаның тәуелсіз санасын ерте оятты, ерте жетілдірді. Ал Ташкенттегі гимназияны өте жақсы бітіргенде өзіне тиесілі алтын ­медальды генерал А.Самсоновтың орыс баласына жаздыруы ойы сергек, ары таза, туасы әділетті жанға аз әсер еткен жоқ еді. Болашақ саясаткердің азаттық көзқарасының келесі белесі оның Петербургтегі оқуы мен қызметі кезеңдерімен тікелей байланысты болды. ­Университетте ол ең алдымен терең білім алды, сонан соң жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақылауында болса да, студенттермен бірге ­саяси қозғалыстар ортасында болып, үкіметке қарсы шешімдер қабылдауға, демонстрацияларға қатысып, саяси бой көрсетулерге шығып отырды. Бірінші орыс революциясынан кейін орталық аудандарда құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламалары, әсіресе зиялы қауымының ­революция­лық­-демократиялық және либералистiк топтарының ықпалы ерекше рөл атқарды. Мұстафа Шоқай саяси танымында Ресей империясының орталығында тұратын, осында келіп кететін түркі тектес мұсылмандар қозғалысының серкелерімен кездесулер де әсерлі болды. Әсіресе, ұлтымыз үшін бірден-бір дұрыс жолды таңдаған Алаш ардақтыларының орны бөлек болды. 1905 жылдан ­бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметіне басшылық жасаған Әлихан Бөкейхан айрықша ықпал етті. Оның ­сонау Ташкент ­гимназиясында оқып жүргенде жастарға «мұғажыр мәселесін» үйренуге кеңес бергенін, содан қазақ мемлекеті үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінгендерін Мұстафа Шоқайдың кейін еске алуы тегіннен-тегін емес еді. Олар, ­шынында да, қателескен жоқ болатын. Бұған патшалық Ресейдің отарлық саясатының, соның саяси жалғасындай болған кеңестік жүйенің зардаптарын ғасырлар тартқанымыздан мемлекеттік мәртебеге ие болғанына отыз ­жылдан асса да, ұлттығымыздың ең басты көрсеткіші, тәуелсіздігіміздің негізгі коды қазақ тілі ахуалының әлі күнге елеулі оңала алмай келе жатқанын айтсақ та жетіп жатыр. Бүкілодақтық мұсылмандар ұйымы жұмысына, түркі-мұсылман халықтары жиындарына қатысуы, Әлихан Бөкейханның тікелей көмегімен Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы хатшылығына орналасуы Мұстафа Шоқайдың азаттық тынысын кеңейте түсті. Бұл кезеңнің тағы бір мәнді жағы Орта Азия кіндігі – қазақтар, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ және басқа түркі халықтары өкілдерінің басы қосылған Түркістан аймағында-ақ пайда болған Мұстафа санасындағы бостандық рухтың Ресейдің езгісіндегі басқа түркі халықтарын – Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын да біріктіру қажеттігін түсінумен толыға түскені болды. Мұстафа Шоқайдың еркін ­ой-пікірінің алғашқы көріністерін бір топ студенттермен бірге 1913 жылы Орынборда шықпақшы болып жатқан «Қазақ» газетіне жолданған құттықтау хатымен патшаға жағымды діни ұйым құрғандарға қарсы шыққан үндеулерінен айқын байқауға болады. Хатта аса маңызды екі мәселе – бірі «мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына жәрдемдесу» болса, екіншісі – «өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазуды», тілдің тазалығын сақтау жайлы арнайы сөз етілді. Ал үндеуде діннің тазалығы мәселе болып көтерілді. Шынтуайтына келгенде, студент Мұстафа ана тілді де, дәстүрлі діннің де, осымен байланысты қалыптасқан ділдің де халықтың ұлттық болмысының маңызды факторлары, айқындаушы көрсеткіштері екенін ерте біле бастады. Алаштың басқа жетекшілері сияқты Мұстафа Шоқай да тәуелсіздік ­идеясына тікелей, даңғыл жолмен келе қойған жоқ. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясының нәтижесінде патшалық монархияның тақтан түсуін Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы және М.Шоқайлар «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта былайша қызу қолдаған еді: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу ­арман қалған жоқ». Алайда көп ұзамай Мұстафа Шоқай «1917 жылғы ­революция ұлттық мемлекет құруымызға мүмкіндік береді деп үміттеніп, сеніп едік, бірақ үмітіміз бен сеніміміз ақталмады, алданып қалдық» деп ­жазды. Өйткені 1917 жылдың 15 наурызынан 1917 жылдың 8 қарашасына дейін саяси сахнада болған Уақытша үкімет ұлттық мәселеге қатысты ешнәрсе шеше ­алмады, тек сөз, баспасөз бостандығы сияқты мәселелер көтерумен шектелді. Уақытша үкімет ұлттардың өзін-өзі басқаруын, автономияға бөлінуін мойындамады. Ал саяси сахнаға енді шыға бастаған сол кездегі ­социал демократиялық партияның фракциясы ретіндегі большевиктер 1917 жылғы сәуірде Петербургте өткен конференцияда ­мынандай мәлімдеме жасады: «Ресейдің құрамына кіретін езілген халықтарға Ресей мемлекетінің құрамында қалу немесе дербес мемлекет болып бөлініп шығу мәселесін өздігінен шешуге хұқық берілуге тиіс...». Осы конференцияның қабылданған қарарының мәтінінде: «Ресейдің құрамына кіретін барлық ұлттардың емін-еркін бөлінуге және дербес мемлекет құруға деген хұқы танылуы тиіс. Мұндай хұқты жоққа шығару және оны іс жүзінде жүзеге асыруға кепілдік беретін шаралар қолданбау басып алу немесе жаулап алу саясатымен барабар». Осыдан сәл кейін большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне жолдаған Үндеуінде былай деп жазды: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер! Тұрмыс-тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт-дәстүрлеріңізге сай, өз қалауларыңызға орай құруға тиіссіздер!..». Мұндай уәде сөздерден кейін Алаш жетекшілері тағдырлы істерге кіріскен болатын. ­Алайда олар болашақ мемлекеттік құрылымдарды әсте Ресей ­империясынан бөлек қараған жоқ болатын. Тіпті 1917 жылғы 21 қарашада «Қазақ» газетінде басылған «Алаш» партиясы бағдарламасының ­жобасында «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы» деп жазылған еді.1917 жылы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IV Төтенше съезінде жариялаған Түркістан автономиясы да, осы жылдың желтоқсан айында Бүкілқазақтардың екінші съезінде құрылған «Алашорда» аталған Алаш автономиясы да Ресей демократиялық республикасымен бірлікте қаралды.Алайда кеше ғана уәделерді үйіп-төккен большевиктер 64 күн өмір сүрген Қоқан автономиясын қанды қырғынға ұшыратса, 1918 жылы саяси сахнаға шыққан Алашорда үкіметін 1920 жылы күшпен таратты. Міне, әділеттілік пен еркіндікті бетке перде етіп билік басына келген большевиктер тізгін қолға тигеннен соң өздерінің шынайы табиғатын осылай танытқан болатын. Сөйтіп, Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, «қызыл сөздерге боялған» мұндай үгіт-насихаттың нәтижесі іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты...». Мұндай саяси сипаттағы жағдайлар Мұстафа Шоқайды тәуелсіздік идеясына еріксіз жетеледі.

ТӘУЕЛСІЗДІК – АЗАТТЫҚ ШЫҢЫ

Тәуелсіздік туралы ой­-тұжырымдарын Мұстафа Шоқай 1920 жылдардың аяғына қарай толық айқындап, стратегиялық мақсатты нақты алға қойды. 1929 жылы жазылған «Біздің жол» атты мақаласында ол былай деп жазды: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түрістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұдан әрі басты мақсаттың түпкі нысанасын: «...Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп айқындай түсті. Осыдан бір жыл кейін жазылған ­«Автономиядан – тәуелсіздікке» деген еңбегінде Мұстафа ұлттық тәуелсіздік ұғымын кеңірек түсіндіріп, тәуелсіздіктің «Қытай қорғаны» сияқты ешкімнен оқшаулап ­тастамайтынын және ешкімнің құқығына қарсы қойылмайтынын ескерте келіп: «Ұлттық тәуелсіздік – өз ­Отанымызды, өз құқығымызды қанаушылардың езгісінен қорғау...» деп жазды. Мұстафа Шоқай сонымен бірге азаттық пен тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту екенін атап көрсетіп, «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» атты еңбекте саяси күрестің тактикалық жолдарын былайша белгіледі: «Бәрінен бұрын өз қатарымызды, түркістандық бірлігімізді күшейтейік. Түркістанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бірлігін Ресейден айырылу үшін күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, орыс империализміне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бірге қимылдайық». Сөйтіп, Мұстафа Шоқай орыс империализміне қарсы күресіп жатқан майдандастардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп тексермеуді, алаламауды ұсынып, тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады деп атап көрсетті. Ал 1930 жылы жазылған «Көтерілістен – ұйымшылдыққа (Көтерілістен–ұйымға)» деген мақаласында ол өзара байланысы жоқ жергілікті сипаттағы бой көтерулермен большевиктер тепкісінде жатқан атамекенді азат етуге болмайтынын ескерте отырып, күшті бір ­саяси ұйымға бірігуді және оның нақты міндеттерін алға тартты. Ондай әртарапта бытырап жүрген жас түркістандықтарды тәуелсіздік мұраттар жолындағы қасиетті күрес майданына топтастырудың бірден-бір жолы «Түркiстан ұлттық бiрлiгi (ТҰБ)» ұйымы болды. Мұстафа Шоқай түсінігінше, бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық саналды. Осылай Түркістан ұлттық майданын ұлт-азаттығы үшін күрес жүргізіп жатқан басқа халықтардың орталықтарымен тиімді үйлестіру қажеттігіне кейінгі еңбектерінде де қайта-қайта оралып отырды. Мұстафа Шоқай азаттық жолын айқындап қана қойған жоқ, ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер қатарында белгіледі. Әсіресе, биік ұлттық рух пен шынайы ұлтшылдыққа ерекше көңіл бөлді. Осы орайда: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? ­Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі ­аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген ұлы тұлға өсиетін еске түсіре отырып, бір ойды арнайы айта кетсек, артық көрмеңіздер. Ол – сан ғасыр ата-­бабаларымыз күресіп, халқымыздың сан мыңдаған серкелері құрбан болып, қол жеткен «Тәуелсіздік» ұғымының мағынасына бүгінгі күні тереңдеп бара алмай отырғанымыз, тағдырдың осы басты сыйын жеткілікті қастерлей, қадірлей білмеуіміз, азат санамыздың толыққанды қалыптаспай отырғаны. Мен мұның барлығының негізгі себебін қазіргі ұлттық рухымыздың төмендігінен іздегім келеді. Ғасырлар отарлық пен қыспақта болу еңсемізді әлі көтертпей, құлдық санадан азат бола ­алмай отырмыз десек, артық көрмеңіздер. Ұлттық рух шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын жақсы білген Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалысқа тән деп есептеді. Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған ұлтшылдық идеясына «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты еңбегінде ол мынандай түсініктеме берген еді: «Ол (ұлтшылдық – Ә.Б.) – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». Ал 1934 жылы жазылған «Большевиктердің «түрік достығы» деген мақаласында Мұстафа Шоқай большевиктер өздері негізінен теріске шығаратын «ұлтшылдық» ұғымын белгілі жағдайларда күрес құрал ретінде пайдаланудан бас тартпайтынын, олар еуропалықтарға қарсы қою үшін қытай ұлтшылдығын, ал Англияға қарсы үнді ұлтшылдығын танитынын атап көрсеткен болатын. Нағыз шынайы ұлтшыл күрескер өзін халықтың ішіне іріткі салатын ру, ұлыстарға бөлінуден, рушылдық психологиядан әркез алшақ ұстады, мұндай сипаттағы адамдарды ұлтымыздың ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептеді.

ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ДЕМОКРАТИЯ ЕГІЗ

Ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір ­жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі Мұстафа Шоқай 1930-1937 жылдары жазылған «Түркістан ақындарынан» және «Жауларымыз біздің қызметтеріміз туралы не айтады?» атты мақалаларында «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» және «Біз, әрине, өзіміздің атамекеніміз Түркістанды кеңестік ­Ресейден де, басқа Ресейден де біржола бөліп алуды мақсат етеміз. Бұл – біздің ұлттық мұратымыз, ұлттық арман мүддеміз» деп жазған болатын. Осындай нақты мақсат, идея үшін бас тіккен ұлы тұлғаның асқақ арманы өзін сағыныштан сарғайтқан атамекенінде жарты ғасырдан кейін орындалды. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Ол туралы кем айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Әлемдік адамзат қауымдастығынан өз орнымызды ойып алдық. Ең үлкен жетістігіміз кезінде ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нағыз тәуелсіздік пен азаттыққа апаратын және оны қорғай алатын төте жол деп ұғынған ұлы тұлға түсінігінің күнделікті шындығымызға айналып отырғаны. Дегенмен, азат қоғамымыздың қазіргі даму үдерісі көрсетіп отырғанындай, үш жүз ­жылдай патшалық Ресейдің ­отарында және соның саяси жалғасындай болған кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүрген алып аймақта түбегейлі конституциялық, саяси, демократиялық реформалар оп-оңай жүзеге асып жатқан жоқ. Қай жағынан алсақ та жаңаша һәм өзгеше мазмұндағы тәуелсіз мемлекет орнатудың оңай болмай отырғаны азын-аулақ сауатты адамға түсінікті болар. Жаңа қоғамдық институттар пайда болып, нарықтық қатынастар өмірге етене ене бастағанымен, тоталитарлық жүйеден демократиялық тәртіпке өту аса күрделі құбылыс екенін күнделікті өмір көрсетіп отыр. Сондықтан бүгінгі биіктен қарасақ, алдымызда шығар шыңымыз асқар, алар асуымыз асқақ. Мұстафа Шоқайдың өз халқының тәуелсіздігі мен азаттығын, отаршылық тағдыр кешкен басқа да түрік ­тектес ұлттардың қамын ойлаған биік мүдделері мен өшпес идеяларын, осыған сәйкес бүгініміз бен ертеңіміз үшін өзекті деген мәселелерді түгел қамтып шығу мүмкін емес. Алдымызға ондай мақсат та қойып отырғанымыз жоқ. Дегенмен, «Тәуелсіздік» идеясының аса күрделі де сан салалы мағыналарға ие екенін назарға алып, бұл үшін не істеу керек деген мәселелер төңірегіндегі бірер ойымызды ортаға сала кетсек дейміз. Бүгін осы бір қасиетті ұғым бәріміздің жиі айтатын сөзімізге айналды. ­Алайда осы аса зор саяси ұғымның мәнін толық түсіне алдық па? Осыны баянды, тұғырлы ету әлдеқайда қиын, әлдеқайда күрделі мәселе екенін терең ұғындық па? Рас, кеше бар тағдырымызды Мәскеу шешті. Қазір қоғамдық өмірдің барлық саласында өз тізгініміз өз қолымызда. Әрине, әлемдік адамзат қауымдастығы ортасында өмір сүріп отырып, толық тәуелсіздікті армандау ретсіз болар. Ендігі мәселе осы құдіретті де қасиетті тәуелсіздік ұғымының саяси қыр-сырын айқындай білуде, баянды ете білуде дер едік. Менің түсінігімде тәуелсіздік ұғымы ұлттың рухымен, ­саяси санамен, қоғамдағы демократиялық үдеріспен, құқықтық сауаттылықпен, т.б. ұғымдармен тікелей тағдырлас, бағыттас, ажырамас тұтастықта. Мұстафа Шоқайдың ойынша, ұлттық тәуелсіздік – қоғамдағы демократиялық принциптердің орнығуы мен халықтың ­рухани жаңаруының іргетасы ­болса, демократия мен рухани жаңару – елдің саяси және экономикалық тәуелсіздігін баянды етудің басты құралы. Ал қоғамдағы демократиялық үдерістердің саяси барометрі – сайлау екені белгілі. Кешегі кеңестік кезеңде сайлау тағдыры халықтың қолында болмады, биліктің монополиясы болды. Осыдан біз әлі көп ұзап кете қойған жоқпыз. Тәуелсіздік жылдары өтіп жатқан үлкенді-кішілі сайлауларға қатысты халық арасындағы әртүрлі пікірлер негізсіз емес. Кеше ғана өткен Президент сайлауы туралы да түрлі ойлар бұқаралық ақпарат құралдарында кем жазылған жоқ.Тәуелсіздік әділетті заңға сүйенген ашық қоғам екеніне жете мән бермеуден бүгінгі кейбір қазіргі қоғам үшін артық құқықтық нормалар жұртшылықтың азаматтық азаттығын шектеп, әлдеқалай митингілер мен демонстрацияға шығып, ащы шындықты айтқандарды тіпті күн көріс көздерінен айырып, жұмыстан босаттырып, түрмеге отырғызып жатырмыз. ­Сондай-ақ тәуелсіздік пен демократия егіз түсінік екенін ескеріп, «халық» деген қасиетті ұғымға қоғамда жаңа көзқарас қалыптастырып жатсақ, тек ұтар едік. Тәуелсіздіктің, ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде ұлттық мемлекет құрудың қажеттігіне кезінде Мұстафа Шоқай да қайта-қайта оралған болатын. Алайда ­еге­мендіктің елең-алаңындағы ­Қазақ­стан Республикасының алғашқы құжаттарында ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деген біздің бүгініміз үшін де, келешекке де қажет аса маңызды қағиданың көп ұзамай ұмыт болғаны өкінішті-ақ. Мемлекеттің ұлттық сипаты айқындалмай, мемлекет құрушы ұлттың мүддесі шешілмейтінін, тәуелсіз мұраттар жүзеге аспайтынын, елдегі басқа халықтың мәселелері де ойдағыдай тиісті нәтиже бере қоймайтынын күнделікті өмір көрсетіп отыр. Сол себепті кешегі кеңестік кездегіден саяси мазмұны да, әлеуметтік әлеуеті де басқа құрып жатқан мемлекетіміздің ұлттық сипатының басым болуы мен осыған байланысты ұлттық мүдделерге айрықша көңіл бөлу алда да ерекше қажеттілік. Әлемдік және қоғамдағы барлық этнос өкілдерінің мәдени үлестерімен байыған ұлттық құндылықтардың үстемдігі орнаған ұлттық мемлекет деген ұғымды ең бірінші ұлттық тілдің еркіндігі деп түсіну үшін мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің қоғамдағы барлық этнос өкілдеріне ортақ болуы, оның шын мәнісінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек. Былайынша айтқанда, ұлттық тіл ұлттық мемлекеттің ең басты рухани көрсеткіші екенін терең түсінсек екен. 1991 жылы мамыр айында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Мұстафа Шоқай... ол кім?» деген көлемді мақаласында мемлекеттік қайраткер, ұлт мұратын аса биік ұстанған тамаша жазушы Әнуар Әлімжанов былай деген еді: «Ұлылық дегеніміз – ұлы құлдық дейтін сөз бар. Ол (Мұстафа Шоқай – Ә.Б.) халықтардың егемендігі, теңдігі ­туралы өз мұратының құлы болған адам, осы мұрат жолында хас ­батырларша қайтпай, қайыспай қызмет еткен адам...». Міне, осындай асқақ та қайсар тұлғаның артында қалған телегей-теңіз мол мұрасы әлі де зерттей, игере түсуді қажет етеді, өйткені ол жер бетінде қазақ барда мәңгі өлмейтін, саяси ­сипаты жағынан да, әлеуметтік әлеуеті жағынан да, экономикалық тұрпаты жағынан да жаңадан құрылып жатқан тәуелсіз Қазақстанымыздың бүгінін байытып, келешегін кемелдендіре түсірері сөзсіз.

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылым докторы, профессор

2131 рет

көрсетілді

94

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы