• Мәдениет
  • 13 Ақпан, 2020

КӨРЕРМЕНГЕ ОЙ САЛҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Халқымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов өзінің бір сөзінде: ­«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деп айтып кеткен болатын. Расымен де, театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер, ол өмірімізде болып жатқан сан алуан құбылысты сахналық қойылым арқылы көрсетуге негізделеді. 

Заман жаңарған сайын, адам ­баласы да сол талаптарға сәйкес икемделе бастайды. Алайда ғаламтор бізге ­рухани байлық сыйлай алмайды, сол себепті білімімізді жетілдіру ­барысында шытырман оқиғаға толы, отандық жазушыларымыздың қаламынан туындаған кітаптар мен көркем әдебиет шығармаларын жиі оқып отырған абзал. Ал сол кітапта жазылған шығарманы ойша елестетіп қана емес, көзбен көріп, оның мағынасын түсіну мүлдем бөлек сезім. Алматы қаласы әсемдігімен көздің жауын алатын, мәдениет пен өнердің ірі ошағы, қазіргі таңда дәл осы қалада сахналық шеберлігімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген көптеген театрлар жұмыс жасауда, соның бірі қасиетті де киелі қара шаңырақ – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма ­театры. Қаңтар айының жиырма төртінші жұлдызында аталмыш театр ұжымының шақыртуымен, біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің отыз шақты студенттері және мұғалімдер қауымы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындыларының бірі «Ай мен Айша» шығармасының желісімен жазылған жаңа сахналық қойылымның тұсауын кесіп, қонақ болып қайттық. ­Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабы қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналған асыл қазына. Қазақ журналистерін қанатының астына алып тәрбиелеген, ұлт рухания­тына өлшеусіз үлес қосқан, халқының қастерлі Шерағасы, көрнекті қазақ қаламгері Шерхан Мұртазаның ­ке­зекті романы өзінің туған анасы Айшаға арналған болатын. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Шерханның әкесі Мұртаза «халық жауы» атанып, жары Айшаға үш баласын аманат етіп қалдырады. Бұл шығармада ананың кешкен сол замандағы қиындығы мен қасіретін, қоғамның әділетсіз тұстарын көре аласыз. Солардың бел ортасында жүрген жесір әйел Айша шарасыздықпен қатар, бірін-бірі аш қасқырдай жалмаған қорқаулардың қорлығын да көреді. Аймен сырласқан Айша адам төзгісіз қиындықтардан өтсе де, тағдырға налымай соңына дейін күресіп, өз балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай адал әрі еңбекқор қылып өсіреді. Көрерменге ой салатын, Шерхан Мұртазаның төл туындысы жалғыз Айшаның ғана емес, бүкіл бір елдің тұтас тағдырын бейнелейді. Спектакльдің қоюшы режиссері, театр өнерінің шебер майталманы – Тұңғышбай әл-Тарази «Ай мен Айша» романын сахналық жолмен астарлап, залда отырған ­барша көрерменге жеткізе білді деп айта аламыз. Сол жерде отырған барлық көрермен ­театр ұжымының әртістік шеберлігіне, өз кейіпкерлерінің тағдырын барша халыққа жеткізе білгеніне тамсана түсті. Сонымен қатар сахналық безендірудің өзі сол заманға сәйкестендіріліп жасалғаны ерекше әсер қалдырды. Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің ұстаздар және студенттер қауымы дәл осы шығарманың куәгері болғанымызға дән ризамыз және бізге естен кетпестей көңіл күй сыйлаған театр ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз.

Алма Мұртаза, Диана Серікқанова, ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары

3461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы