• Тіл
  • 13 Ақпан, 2020

Ана тілінде сусындаса

Қазіргі таңда қазақ тілінің – мемлекеттік тілдің мәртебе­сін арттыру, қолданылу аясын кеңейту жөнінде жиі сөз болып жүр. Осындайда көкейді мазалайтын сауалдар көп. Солардың қатарында мыналар бар: бұл мәселе қашанғы көтеріле береді? Бұған нүкте қоятын кез бола ма?

Бір нәрсе көңілге көп үміт ұялатады. Ол Елбасы­ның сөзі. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дейді Н.Назарбаев. Жалпы қай халықта да тілдің орны ерекше. Тілсіз халық болмайды. Тіл – халықтың жаны, демі, тынысы. Тілдің арқасында ұлт адамы, оның мінез-құлқы, жан-жүрегі қалыптасатындай. Тілі жоғалған халықты ұлт, халық деп атау да артықтау. Біздің халықтың тілге көзқарасы, оған беретін бағасы ғажап. Оны өмірге перзент әкелуші, адам әкелуші, өмірдің нұры мен шуағы – Анаға теңейді. Бұл дүниеде Анадан құдіретті, Анадан қасиетті не бар екен? Ана қандай қымбат болса, қазақ үшін қазақ тілі де сондай қымбат. Кешегі кеңес уақытында бір ауыз қазақша білмейтін қандастарымыздан «Неге бұлай?» деп сұрасақ, ­жауабы дайын тұратын. «Саясат солай болды ғой. Орысша білмесек нан тауып жей алмайтын халге жеттік» дейтін. Осы жерде бұл ағайынға ренжімеске шараң қалмайды. Сонда қалай, орысшаны үйрену үшін қазақ тілін мүлде ұмыту керек пе, қазақша сөйлемеу керек пе? Рас, саясаттың да салқыны тигені жасырын емес. Алайда саясатқа бола анамыздың сүтінен дарыған тілімізді – барымызды, арымызды аяқасты еткеніміз қалай? Орысшамен қоса қазақ тілінде де сайрап тұрсақ көштен қалатын ба едік, айымыз оңынан тумайтын ба еді? Бұл қылығымызды – асыра еліктеушілігімізді, асыра қызығушылығымызды кешіруге болмайды. Қазақ тілінің көсегесін көгертетін бірден-бір күш – халықтың өзі. Сондықтан қазақ пен қазақ қазақша сөйлесуі қажет. Балаларын да қазақша оқытқандары абзал. Мемелекет тілі шын мәнінде өз тұғырына көтерілмей жатса, алдымен өзіміз кінәліміз. Сол жауапкершілікті баршамыз сезіне білуіміз керек деп ойлаймын. Қазақ тілінің бойы мейірімге, жылылыққа толы. Мұны өмірден көріп жүрміз. Қазақ мектебін бітірген баланың ата-ананы, үлкенді сыйлауы, жалпы тәрбиесі орыс мектебін тамамдаған құрбы-құрдасына қарағанда ішің жылитындай. Баласын орыс мектебіне оқытқан кейбір ата-аналардың өкінішін естіп жүрміз. «Қаталдау, тік, бірбеткей өседі екен. Бекер орыс мектебіне беріппін» дейді аһ ұрып. Бүгінгідей техниканың, технологияның дамыған заманында орыс тілін, басқа да тілдерді үйрену ешқандай қиын емес. Сондықтан қазақ ата-анасы баласының қазақ тілінде білім, тәрбие алуына, ана тілінде сусындауына көңіл бөлгені абзал болар еді.

Шакизада Есенова, Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің мұғалімі

Қызылорда облысы Қазалы ауданы

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы