• Білім және ғылым
  • 12 Ақпан, 2020

Білімде сабақтастық маңызды

Білім – ХХІ ғасырда негізгі капиталға айналды. Әлемнің дамыған елдері осы құндылыққа үлкен мән беріп, білім сапасына бұрынғыдан да жоғары деңгейде көңіл бөле бастағанын байқаймыз. Себебі сапалы білім – экономиканың дұрыс қалыптасуына, қоғамның кемелденуіне, елдің дамуына кең жол ­ашады. Бұл орайда біз еліміздің орта және жоғары білім беру жүйесін бәсекеге қабілетті етуіміз керек.

Ол үшін орта білім мен жоғары білім арасындағы сабақтастықты қалыптастыру қажет деп білемін. Сабақтастық дегеніміз оқушыны алдын ала дайындау, яғни келешек мамандығының қандай болатынын ата-анасымен, ұстаздарымен және өзімен бірге айқындау. Мәселен, Германия мемлекетінде мұндай жұмыстар 5-6 сыныптан бастап жүргізіліп, оқушы қарым-қабілетіне, қызығушылығына байланысты арнайы бағыттардағы сыныптарға бөлінеді екен. Ол – жаратылыстану немесе гуманитарлық болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, әр баланың таланты ескеріледі. Оқушының даму траекториясы жеке түрде қарастырылады. Әрине, шетелдік жүйелерді бірден көшіре салмай, өзіміздің білім жүйемізге қаншалықты сәйкес келетінін де зерттеп алуымыз керек. Дегенмен, толық күйінде болмаса да, үйренетін, тәжірибе алмасатын тұстарын байқап көруге болады. Финляндияның мектептік білім жүйесі де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргені белгілі. Мұның барлығы мемлекет тарапынан тиісті дәрежеде назар аударылатынын аңғартады. Оның арғы жағында – білімге елді өркендететін қуатты күш ретінде басымдық беру жағы да негізгі рөл ойнайды. Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмен беруімен мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты жұмыстар жасалып жатыр. Бұл өте дұрыс. Мұғалім мәртебесі көтерілсе, білім сапасына тікелей әсер етері сөзсіз. Әлеуметтік тұрғыдан мәселесі болмаған мұғалім өз жұмысын еш алаңсыз атқарады.

Болат АЙДАРОВ, Қ.Байғабылұлы атындағы орта мектептің мұғалімі

839 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы