• Әдебиет
  • 13 Ақпан, 2020

Жұртымның тыныштығы қымбат

Жақсылық Үшкемпіров, спорт ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері:

Егеменді елміз, тәуелсіз мемлекетпіз. Отыз жылдың ішінде көп өзгеріс болды. Қазақ халқы өзін дүниежүзіне танытты. Құдайға шүкір, көп халықтың ­алдында келе ­жатырмыз. Біздің аңсаған, армандаған күніміз де осы еді ғой. Ата-бабамыздың бізге аманаттап кеткен елін-жерін сақтап, жақсылығын ұмытпай, жақсы өмір сүруге, өзге халықтың алды болуға ұмтылуымыз керек. Қазақтың жеті атадан бері қарай қыз алыспайтынының өзінде тазалық жатыр. Сондықтан біз білімді әрі мықты болуымыз қажет. Бір-бірімізге құрметпен қарап, бізде тұратын өзге ұлттармен тату-тәтті болсақ, кең болсақ ұтпасақ, ұтылмаймыз. Қордайдағы жағдай бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Оны ауызбен айта салу оңай болғанымен, қордаланып жатқан мәселе бар екенін естіп-біліп жатырмыз. Демек, бұрыннан екі арада ауызбіршілік болмаған. Үлкендер жағы, ақсақалдары «біз қазақ елінде тұрып жатырмыз, сондықтан бір-бірімізді сыйлайық» деп, жастарға үнемі ақыл-кеңесін айтса, екі жақтың да үлкендері арасында бір-біріне құрмет көрсетілсе, мұндай жағдай болмас еді. Біз еш уақытта өзіміз барып, ешкімге ұрынбаймыз, біреудің бірдеңесін тартып алу деген біздің ниетімізде жоқ халықпыз. Ассамблеяға да осы тақырыпты енгізу керек, өмір сүріп жатқан жеріне шексіз құрмет көрсетілсе, бәріміз тату-тәтті тұрсақ, қандай ­керемет. Мен қазақ боп тудым ба, елім үшін бәріне дайынмын. Бүкіл елге, бауырларыма бәрін ақылмен істейік, бір-бірімізге демеу болайық дегім келеді. Бірінші жақ ұрсып жатса, екінші жақ сабыр сақтағаны жөн. Бәрі де өтеді, кетеді. Мен де Кеңес Одағы кезінде талай қиындық көрдім. Соған қарамастан Олимпиада чемпионы атанып, қазақ халқын әлемге таныттым. Оның бәрі маған да оңай болған жоқ. Осының бәріне шыдамдылықтың арқасында жеттім. Бір-бірімізге ұрандап, біреуге жамандық жасағаннан еш пайда жоқ. Әрине, мен бір кемеңгер, не бір үлкен саясаткер емеспін. Жай ғана, ата-бабамның кәсібімен, мал шаруашылығын көтеруге өз үлесімді қосып жүрген адаммын. Қалай болғанда да, маған елімнің амандығы, жұртымның тыныштығы қымбат. Қазір бүкіл дүниежүзі бізге қарап, «бұлар не істейді екен» деп елеңдеп отыр. Сондықтан біз бәрін жеңіп шығуымыз ­керек. Бәріміз аман болайық, әрқашанда тату-тәтті өмір сүріп, тек жақсылықпен басқосуға жазсын деп тілеймін.

986 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы