• Ақпарат
  • 20 Ақпан, 2020

Ақ ірімшік

Ақ ірімшік – сиыр сүтін ашыту арқы­лы алынатын диеталық тағам. Майы алынбаған сүттен, сондай-ақ майы ішінара немесе толық алынып пастерленген сүттен жасалады. Ашытқыны қышқыл стрептокок­тар­дың таза дәнінен дайындайды, кей жағ­дайда мәйек ферментін қосады. Ақ ірімшікті сыртқы түріне (қалпына) қарап, сарысуы алынған, диеталық жұмсақ ақ ірімшік деп бөледі. Ақ ірімшіктің майлы (18 пайыз), жартылай майлы (9 пайыз) және майы алынған түрі бар. Майлы ақ ірімшік сүт майы және ақуыз қоспасынан тұрады. Ақ ірімшік қоспасында адамның өміріне қажетті амин қышқылының бәрі де бар, сондықтан ол барлық жастағы адамдар үшін өте қажет тағам. Ақ ірімшік балаларға өте пайдалы, өйткені ол сүйектің жетілуіне, қанның жақсаруына, жүрек қызметі мен жүйке жүйесіне қажетті кальций және фосфор тұздарына бай. Ақ ірімшікті үйде де дайындауға болады. Үш-төрт литр қайнатылған жылы сүтті және бір стақан қатықты ыдысқа құйып, араластырады да, әбден қоюланып ұйығанша ұстайды. Ұйығаннан кейін оны ірі кесектерге бөліп тіледі де, ыдысты су құйылған ­тегешке салып, баяу жанған отқа қойып қыздырады (қайнап кетпеуі керек), қасықпен ептеп жоғары қабатын араластыру қажет. Осылай араластырған кезде оның төменгі қабаты үстіне көтеріліп, жоғарғы қабаты төмен түседі, мұның өзі қоспаның біркелкі ысуына және сарысудың неғұрлым біркелкі бөлінуіне жәрдемдеседі. Сары суы әбден сорғыған кезде ақ ірімшікті суытып дәке немесе мата дорбаға салып, үстіне салма қойылған тақтаймен бастырады.

Нұрлан ҚҰМАР 

1574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы