• Әдебиет
  • 20 Ақпан, 2020

ЖУРНАЛИСТ ЖОЛЫ

Нақ осы теңеуді қалам ұстаған ағайынның бәріне бірдей таңа беруге болмас. Ал Жанғабыл Қабақбаевқа қапысыз түрде жарасымды етіп айтудың себептері бар сияқты. Санамалап көрелік. Біріншіден, ол мектепті он алты жасында бітірген ­бойда көрші ауданда жаңадан ашылып жатқан аудандық басылымның босағасынан аттайды. Әрине, білімі де, тәжірибесі де жеткіліксіз жасөспірімді ол кездегі талабы қатаң партиялық газеттің тілшісі ретінде оңайлықпен қабылдай қоймасы анық еді. Сондықтан да балаң кезінен қаламға құштарлығын танытып, түбі журналист болсам деген арман құшағында жүрген оның әйтеуір есімі елге танылған ағаларының маңында жүріп, қатарға қосылуының өзі үлкен жеңіске пара-пар болатын. Оның корректорлық қызметті қомсынбай, құлшына кірісіп кетуінің де осындай астары болған сияқты.

Негізінде үлкен көштің соңынан ілескен тайдың әрі-беріден соң тұяғы қызып, тұмсығын желге төсеп, дүбірге елігіп, ілгеріге қарай ұмтыла түсетіні бар ғой. Ол да сондай күйді бастан кешті. Корректордың тірлігімен тұсалып қалған жоқ, қолы босаған сәтті тиімді пайдаланып, аудан орталығындағы кәсіпорындар мен мектеп, мәдениет орындарына барып, бастапқыда шағын хабарлар жазып, бірте-бірте мақала-корреспонденцияларға қарай бет бұрды. Жас та болса жалыны мол жігіттің талабын байқаған аудандық газеттің басшылығы, әсіресе редактор Үбайдулла Жаулыбаев енді жауапты шаруаларға қарай икемдей ­бастайды. Тіпті баспахананың жұмысында кідіріс болып қалған тұста оны баспашы етіп те жіберді. Көп ұзамай газетке қайырып алып, әдеби қызметкерлікке бекітті. Мұның бәрі Мұғалжар аудандық екі тілде шығатын «Еңбек таңы» – «Коммунист» газетінде болған екі жарым жыл ішінде жүріп өткен жолы еді Жәкеңнің. Содан кейін туған өңірі Шалқар ­ауданына оралды. Бұрыннан қаламы қатайған, газеттің майын ішкен кәнігі журналистердің басы қосылған бұл ұжымда ол енді бұрынғыдан да жігерлене еңбек етуі қажеттігін ұғынды. Жетпісінші жылдардың басында мектеп бітірушілерді өндірісте қалдыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сол тұста өзі орта білім алып шыққан Қорғантұз орта мектебінің кезекті түлектері бастама көтеріп, оны аудандық газетте өзгелерге үлгі ету тапсырмасы болды аудандық партия комитеті тарапынан. Жас тілші Жанғабыл Қабақбаев кезекті іссапарында сол мектеп орналасқан «Сарыбұлақ» кеңшарына жол тартты. Өзінің бағыт берген ұстаздары шәкірттерін құшақ жая қарсы алды. Ал мектеп оқушыларының көпшілігі «тірі журналисті» өмірлерінде бірінші рет көріп, таңғалысып жатты. Көп ұзамай аудандық «Коммунизм таңы» газетінің түгелдей бір саны «Қорғантұз түлектері: мектептен — өндіріске» ­деген атаумен шықты. Сол күнгі аудандық ­басылым мектеп оқушыларының бірінің қолынан біріне көшіп, ақжемденгенше армансыз оқылды. Мәселе онда да емес. Жәкеңнің журна­лис­тік жолының екінші бір ерекшелігін айқындайтын тағы бір тарау осы арадан туындайды. Онсыз да әдебиетке құштар ауылдың балалары көп ұзамай «қандай мамандықты таңдайсың?» деген сауалдың бұрыннан жаттанды жауаптары қатарында «журналист боламын» деген тіркесті қоса бастады. Кейбіреулері бұрқыратып өлең жазуға кіріссе, енді бірі аудандық газетке балаң қолдан шыққан хабар-ошарларын жібере бастады. Оларының ішінде жарияланғандары да болды. Қалай болғанда да аудандық газеттен келген тілшінің ­арманшыл жас жүректерге от тастап кеткені айқын еді. Бір қызығы, бұдан кейінгі тұстарда Қорғантұз орта мектебінен Қазақ мемле­кет­тік университетінің ­журналистика факультетіне тура жол тартылғандай әсер пайда болды. Басқасы басқа, белгілі ­сатира сыншысы, профессор, факультет ­деканы Темірбек Қожакеевтің алдынан дәріс алғандарын ғана тізбелеп көрелік: Алтынбек ­Алдияров, Серік Бисенов, Несіпбай ­Жаналинов, Әлімбай Ізбай, ­Иманбай Жұбаев және осы жолдардың авторы. Шынын айтқанда, қай-қайсымыз да журналистикаға барар жолда Жәкеңді жанай өткен кезіміз болған емес. Өндірістік тәжірибеден өту кезінде де осы кісінің қарамағында болғанбыз. Ал оның өзі сол айтып отырған журналис­тика факультетін 1973 жылы сырттай оқып бітірген. Тәжірибелі журналистің өмірбаянын­дағы өзгеше бір тұс — редакторлығымен байланысты. Ол 1988-1993 жылдары Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы қызметін атқарды. Қайта құрудан басталған көптеген келеңсіздіктер нақ осы шамада орын алған еді. Қағаздың, бояудың жетіспеушілігінен кей сәттерде газет шығарудың өзі қиынға түсті. Газет жұмысымен бірге баспахананың шаруасын да бес саусағындай білетін әмбебаптығы осы кезеңде пайдаға асты. Күндіз газеттің кезекті санын дайындаумен отырса, кештетіп баспашылардың қатарынан табылды. Кейде жоқ іздеп облыс асып кететін кездері де аз болған жоқ. Әйтеуір, «Жаңа өмірдің» өмірі тоқтаған жоқ. Ол негізінде бірыңғай газет жұмысымен отырып қалатын адам емес. Қай жерде жүрсе де, рухани тірліктің түзу болуына үлес қосады, тіпті бастамашысы болып жүреді. Елге сонау Алматыдан шығармашылық са­пармен келген қазақтың көрнекті қалам­герлері Тахауи Ахтановтың, Қуандық Шаң­ғытбаевтың, ерекше талант иесі, күй құ­діреті Нұрғиса Тілендиевтің жанында жүріп, жақсы мінезімен, жайлы қимылымен олардың көңілінен шыға білуінің өзі неге тұрады?! Жанғабыл-журналистің тағы бір ерек­шелігі — қай қызметте жүрсе де облыс­тық газеттен бөлек ғұмыр кешкен емес. Сонау «Коммунизм жолы» кезінде де, тоқсаныншы жылдардың басынан бергі «Ақтөбе» тұсында да. Оның 1981-1988 және 1996-1998 жылдары облыстық басылымның аудандардағы меншікті тілшісі болуы, оны былай қойғанда, аппаратта қызмет атқарып, жеті жыл аумағында жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторының орынбасары міндеттерін атқаруы бір адамға жүк болардай шаруа емес пе?! «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Ақтөбе облыстық филиалында редактор қызметінде болуы да журналистік жолының бір бөлшегі іспеттес. Негізінде жұмыс барысында уақытпен санаспай еңбек ете беретін, соның арасында кейде еркіндікке де ерік беретін журналист ағайынның мемлекеттік қызметке табан тіреп орнығуы оңай емес. Ал Жәкеңнің тағы бір қыры — бұл салада да бағын ­сынап, биіктен көрінгендігі. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған тұстары да бар. Біраз жыл облыстық тілдерді дамыту басқармасында бас маман, бөлім бастығы болған кезінде мемлекеттік қызметкердің әдебін, қызметке келу-кетудің тәртібін сақтаудың үлгісін талай жас осы кісіден үйренгенін жақсы білеміз. Журналист үшін оның басты жетістігі — жазған дүниелерінің басылым бетінде үзбей жарық көріп, оқырманының оң жағынан шығып жатуы. Ал қалам қуатын серік қылған адам басқа марапатты көп қажет ете бермейді. Дегенмен, билік тарапынан Жәкеңнің еңбегі еленбей қалған кезі жоқ деуге болады. Кеудесіндегі «Астана қаласына – 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдары, салалық министрліктердің Құрмет грамоталары осының бір айғағы деуге болады. Қазақстанның Құрметті журналисі, ақпарат саласының үздігі атануы — кәсіби еңбегінің жемісі. Елге сіңірген еңбегін жоғары бағалаған облыс әкімдері Елеусін Сағындықов пен Архимед Мұхамбетов бірі екі бөлмелі пәтер сыйласа, екіншісі жеңіл автокөлік тізгінін ұстатты. Әдетте журналистің жемісті еңбек етуі отбасындағы жақсы көңіл күйге де байланысты. «Қазақстан Республикасының білім озаты» төсбелгісінің иегері Бәдигүл апамыз Жәкеңді былай қойғанда, талай журналист қайныларын баласындай күтіп, қамқорлығын аямаған адам. Олардың тәрбиесінен өрген Ақмарал, Ақбала, Аққалқа және Ақерке атты төрт қызғалдақ Жәкең мен Бәдигүл апамызға Ғабит, ­Андрей, Асқар, Есентай есімді төрт күйеу баланы ­сыйлады. Ал шаңырақтың кенжесі Ғалым бала ­айналаны қуантып, келін әкелер күн де алыс емес секілді. Жақсы ағаның жүрегіне жүк түсірген бір жай — артынан ерген қарасы, сүйікті інісі Сәтбайдың өмірден ертерек кетуі болды. Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Сәтбай Қабақбаевты көпшілік жұрт өз алдына, зиялы қауым өкіл­дері жақсы білетін. Бүгінде кілең жақ­сылар жатқан Кеңсай қойнауынан мәңгілік мекен тапқан бауырын үнемі іздеп отырады. Замандастарының естеліктері жинақталған «Қайран, Сәтбай...» кітабының жарыққа шығуына да өзі ұйытқы болды... Бүгінгі күні жетпістің жалына қол артып тұрған журналист Жанғабыл Қабақбаевтың жолы әзірге жинақтап айтқанда осындай деуге болады. Айтпақшы, ол әлі де ат үстінде. Халықара­лық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары. «Қазақ газеттері» ЖШС-інің Ақтөбе облысындағы өкілі. Ең бастысы, «Ана тілі» газетінің шынайы ­жанашыры. Газетті ел ішінде насихаттаудағы еңбегінің жемісі басылым таралымының қомақтылығынан көрінеді. Оның үстіне республикалық осы газетке қалам құрғатпай қатысып тұрады. Жақында ғана көзі тірісінде Бөгетсай ­ауылында тұрған ақын-малшы Қызмет Нұра­лин­нің артында қалған мұрасы — «Мәні қыз» атты поэмасын жанашырлықпен «Ана тілі» газетінде жариялауға ықпал етті. Журналист жолы жалғаса бергей!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ, Ақпарат саласының үздігі

АҚТӨБЕ

1026 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы