• Әдебиет
  • 20 Ақпан, 2020

Шаңырақ шуағы

Қазақ үшін еліміздің қай түкпірі де өз елі және Отаны. Өтеген де осындай пікірдегі ұлтжанды жігіт екен. Ол 1959 жылы Қостанаймен іргелес жатқан Ақтөбе облысы, Алға ауданына қарасты Бесқоспа деп аталатын ауылда дүниеге келіпті. Өзі көп балалы отбасында тәрбиеленген. Сондықтан да олар кішкентайынан бауырмал болып өсті. Әкесі Ихсан Исаұлы осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өтті. Ол кешегі қанды майданды бастан кешкен соғыс ардагері-тін. Бұл үйде өскен балалардың бірқатары мұғалімдік жолды таңдады. Кейіпкеріміз Өтегенді айтпағанның өзінде, Сұлупан, Сұлушаш, Қанаттар да педагогикалық жоғары білім алды. Олардың бәрі де қазіргі таңда ұлағатты ұстаздар. Үйлі-баранды. Ихсан аға Қобда ауданының тумасы болатын. Соғыста екі рет ауыр жараланса да, қайтпас қайсарлығының арқасында жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Соғыстан кейін де жолдар мен зауыттарды, өндіріс орындарын қалпына келтіруге қатысты.

Ол кісі ұлтымыздың өткен-кеткен ­тарихын зердесіне мықтап тоқыған азамат-ты. Сол бойындағы мінез ұлы Өтегенге де жұқты. Көркем әдебиетті де көп оқитын. Ұлдары мен қыздарына үнемі өнеге көрсетіп, бас қосқанда: «Әкеден балаға мал қалғанша, кітап қалсын» деп ­айтып отырады екен. Сол ұлағатты сөз бұлардың ­жадында мәңгілік сақталып қалды. Аналары Нәбира апамыз барға қанағат ететін парасатты қазақ қызы-тын. Оның ұрпақтарына айтқан: «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген сөзі ұрпақтары үшін бойтұмарға айналыпты. Өтеген 1977 жылы Бестамақ орта мектебін тамамдаған соң, алдымен шопан болып жұмыс істеді. Мал шаруашылығы мамандарының да бейнеті аз емесін өз көзімен көріп, көңіліне тоқыды. Олардың жыл он екі ай желдің өтінде, жауын-шашынның астында, үскірік аязды ­боранда жүретіндігін сезінді. Сол себептен шопан қауымына әрдайым оң қабақпен қарайды. Мәскеу қаласындағы әскери округта азаматтық борышын өтеді. Екі жылда нағыз жігітке тән мектептен өтті. Әскерден келісімен өзінің жастық шақтағы арманы – Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне студент болып қабылданды. Осы жоғары оқу орнын 1986 жылы аяқтап, көптен күткен дипломға қолы жетті. Әрине, оның алдында енді алған мамандығын ел игілігіне жарату сынды үлкен мақсат тұрды. Сондықтан да болар, алты жыл қазіргі Атырау қаласындағы облыстық тұтынушылар одағының кооперативтік-техникалық училищесінің оқытушысы ретінде студенттерге дәріс берді. Бұл ұжымда да ол өзін ізденімпаз маман ретінде көрсетті. Сол себептен де шығар, 1992 жылы Х.Досмұхамедов атындағы ­Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы қызметіне шақырылды. Өзіндік пікірі бар және тарих ғылымына деген бейімділігі ерекше маман көрнекті ғалымдардың назарына ілінді. Тарихшы, шебер ұйымдастырушы, ­танымал ғалым, академик Зұлқарнай Алдамжардың есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол кісі кезінде Қостанайдағы іргелі оқу орнының бірі – мемлекеттік педагогикалық институтта ­ректор болды. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университеттің негізін қалады. Оны қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Уақыт өте өңірде алғашқылардың бірі болып, кейін өзінің есімі берілген Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін ашты. Кезінде дәріс берген әрі ғылыми жетекшісі болған Зұқаңның арнайы шақыруымен осында келді. Әу баста Өтеген Ихсанұлы Алдамжаров атындағы ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері болып жұмысқа қабылданды. Осында ұстазының сенімін ақтады. Оның басшылығымен ғылыми диссертация қорғап, Қостанай мемлекеттік универсиетінің Отан ­тарихы кафедрасында аға оқытушы болды. Зұқаңнан нағыз ғалымның қандай болатындығын, ұлтын сүюдің, Отанға адал қызмет етудің мән-маңызын ұғынды. 2004 жылдан бері қазіргі Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогикалық университетінде дәріс береді. Жастардың құрметіне бөленген дарынды профессор. Өтеген жаңалыққа жаны құштар ғалым, бүгінге дейін жас ұстаздарға ғибрат болар көптеген ғылыми мақаласы жарық көрді. Сондай-ақ бірнеше оқу және оқу-әдістемелік құралдардың авторы ретінде де есімі зиялы қауымға кеңінен танымал. Өзі өңірдегі журналистер аса сыйластықпен өнеге тұтатын тұлға. Ол жергілікті «Қазақстан–Қостанай», «Алау» телеарналарының асыға күтер тұрақты қонағы. Өзекті тақырыптар бойынша қозғаған әңгімелерін көрермендер әрдайым қызыға тыңдайды. Қаламгерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Оның терең зерттеп жазған мақалалары республикалық «Ана тілі», «Біздің Қостанай» («Наш Костанай»), облыстық «Қостанай таңы» және басқа да басылымдарда жарық көріп тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын елімізде әріптестері арасында топ жарып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» құрметті атағына ие болды. Оның салтанатты тапсырылу рәсіміне Елордамыз Нұр-Сұлтанға шақырылып, сол уақыттағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің қолынан аталмыш атақтың куәлігі мен төсбелгісін алды. Зиялы қауым өкілдері ерлі-зайыпты Өтеген және Гүлмаржан Исеновтерді бақыт қонған шаңырақ деп босқа айтпайды. Олардың ерекше жарасымдылықпен қол ұстаса өмір сүріп келе жатқандарына көп жылдың жүзі болды. Бақытты жұп сонау студенттік шақтарында бір-бірін жолықтырды. 1985 жылы тамыз ­айында ата-аналарының батасымен шаңырақ құрады. Міне, содан бері де қаншама уақыт өтті. Бұларды жұртшылыққа танытқан да араларындағы сыйластық, айнымас мөлдір сезім екені даусыз. Гүлмаржан Берішбайқызы Маңғыстау ­облысында туып-өсті. Ол да отағасы секілді кішкентайынан тағылымды тәрбие алды. Отансүйгіштік қасиет сол бала кезінде қалыптасты. Оның ата-анасы да жас ұрпаққа сапалы білім, ­саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаздар-ды. Отағасын пір тұтқан Гүлмаржан бұл күндері Сырбай Мәуленов атындағы гимназияда тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші. Жоғары санатты ұстаз. Ерлі-зайыптының шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет атқарып жүр. Осы кезге дейін 300-ге жуық тарихи танымдық, әдістемелік, ғылыми мақалалар жазған ғалым әріптестері арасында беделді. 2 монографиялық зерттеу мен 5 оқу құралы және оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Өткен кезеңдерде төккен маңдай тері лайықты бағаланып, марапаттарға ие болды. Осы ­жуырда ғана өзі қызмет атқаратын педагогикалық университеттің үлкен құрметіне бөленді. Оның кеудесіне аталмыш жоғары оқу орнының нағыз біліктілерге арналған төсбелгісі тағылды. Өтегеннің әңгімесінен түйгенім, өзі жас кезінде сурет салумен шұғылданыпты. Жалпы жаны сұлулыққа құштар азамат әрбір сағатты босқа жібермейді, көркем әдебиетті де көп оқиды. Ғұмырлық серігі Гүлмаржан болса, спортты жаны сүйеді. Жүрген жерінде салауатты өмір ­салтын насихаттайды.

Оразалы Жақсанов

878 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы