• Тұлға
  • 20 Ақпан, 2020

ЖҮЗІНШІНІҢ ЖОРЫҚТАРЫ

Журналистік қызметте талай ­адаммен, түрлі сала иелерімен кездесіп, пікірлестік. Солардың бірі ­мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев еді. Сұлтекең Алматының тумасы. 1921 жылы 22 шілдеде дүниеге келген. ҚазМУ-дың физика-математика факультетін бітірген. Неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына шабуыл жасағанда Сұлтан Сүлейменұлы да қолына қару алып, майданға аттанды. Бірқатар елді мекендерді жаудан азат етуге қатысты. Үшінші рет жараланғаннан кейін ғана 1944 жылы елге оралды. Бейбіт еңбекке араласып, Түрксіб теміржолының жұмысшыларды жабдықтау басқармасы жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. Сауда саласындағы қызметі одан әрі партиялық жұмыстарға жалғасты. Алматы қаласындағы Фрунзе аупарткомының бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Республиканың Сауда министрлігіне басшылық етті. Кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, бұл қызметті он бес жылға жуық атқарды. 1992 жылы С.Жиенбаевтың бастамасымен әрі жекелеген ұйымдардың, ғылым, мәдениет, өнер өкілдерінің және Д.Қонаев серіктерінің ұйғарымымен халықаралық Қонаев қоры құрылды. Қонаевтың жеке өзінің ұсынысымен қордың президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы ­сайланды. Осының өзі олардың арасындағы оң қарым-қатынасты аңғартса керек. Сұлтекеңнің Дінмұхамед Ахметұлымен ең жақын көрші болғандығынан да көпшілік жақсы хабардар. Екеуінің пәтерлері қатар болатын. Кезінде «Ана тілі» басылымында Сұлтан ағаның шаңырағы, ондағы тату-бірлікті толғаған материал жарық көрді. Ағамызбен болған сол жүздесуде оның майдан жолдары, әсіресе өзі қызмет атқарған 100-ші қазақ атқыштар бригадасы жөнінде кеңірек әңгіме қозғалған. Әскери бригаданың негізгі ­атауы – жеке атқыштар бригадасы деп аталған. Алайда әскери құрамада қазақ ұлтының өкілдері көп болғандықтан әрі ол Қазақстанда ұйымдастырылғандықтан қазақ атқыштар бригадасы аталып кеткен. Майдангермен болған бұл әңгіме үнтаспаға түскенімен, газет бетінде жарияланбап еді. Соның реті осы кездері келген секілді. Бір айта кетерлік жайт, аталған әскери бригадада жаумен шайқасқан жауынгерлер ішінен кейін елге белгілі ақын, жазушылар, өнер қайраткерлері, басшы азаматтар шықты. Оған сұхбат барысында өздеріңіз де анық көз жеткізе аласыздар.

– Әңгімемізді әскери бригаданың қашан, қалай құрылғандығынан бастасақ... – 100-ші жеке атқыштар ­бригадасын қалыптастыру Алматыда 1941 ­жыл­дың аяқ кезінде басталды. Құрама ­не­гізінен еріктілерден жасақталды. Оның Мәскеу­дегі, Ленинградтағы халық жасақ­тарынан ерекшелігі – бригадаға меди­циналық қызметтің барлық ­талаптарына жауап беретін әскери ­борышын өтеуге міндеттілер алынды. Қажетті ­құрал-­жаб­дық­тармен, заттармен жарақтандыру өз елі­міздің ресурстарымен жүзеге ­асырылды. Бригаданы жасақтау және оның әскери даярлығы кезінде үш оқиғаның орны ерекше: 1942 жылы 12 қаңтардағы әскери ант қабылдау, Қазақ КСР-і үкі­метінің ескерткіш туын және 1942 жыл­дың 1 қазанында Әскери Қызыл туды қабылдау. Бригада құрамында төрт атқыштар батальоны, артиллериялық дивизион, миноментшілер және байланысшылар батальондары, танкке қарсы күресетін, автоматшылар, саперлар, дәрігерлік-санитарлық, автомобильдер роталары және басқа да бөлімшелер болды. Әскери оқу айлары зымырап өте шықты. Осы уақытта атқыштар бригада­сының 2300 солдаты мен сержанты майданға аттанып, атақты Панфилов дивизиясының қатарын толықтырды. Айта кетейін, солардың ішінде кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Төлеген Тоқтаров та бар еді. Бригаданың алғашқы командирі ­Василий Шевцов, комиссары Сақтаған Бәйішев болды. Жүзінші бригада 1942 жылдың 11 ­тамызында сол кездегі еліміздің ­астанасы Алматыдан майданға жол тартты. ­Аттанар алдында митинг болды. Оны Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Джек Кулитов ашты. Онан соң республикамыздың Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары ­Шекер Ермағамбетова, бригада командирі ­Василий Щевцов сөз сөйледі. Олардың жалынды сөздері жауынгерлерге күш-қайрат қосты. Сөз кезегі жыр алыбы – Жамбылға келгенде, ақын ата өлеңмен төкпелетті. Жиналғандардың бәрі де ду қол шапалақтады. 24 тамызда Мәскеуге жеттік. ­Бригада қала іргесіндегі Бабушкин ­селосына ­орналасты. Одан Алабино селосына маңдай тіредік. Алабинодан Апреловка стансасы, Волоколамск қаласы арқылы жүріп отырып, Погорелое Городище маңында пойыздан түстік. Содан ­Глухово, Старица, Новое, Нащекино селолары арқылы бес күн жорық жасап, 1 қарашада Холкиноға жетіп, Орталық майданға қосылдық. – Көптеген қалаларды, селоларды жау қолынан тазарттыңыздар. Қысқаша болса да сол шайқастарды еске түсіріп өтсеңіз... – Жаңа айтылғандай, біздің атқыштар бригадасы Ржев бағытындағы ­Калинин майданының сол жағында орын ­тепкен ­39-шы армияның қарамағына берілді. ­Бригада әлі ұрысқа кіріскен жоқ. Майданның алдыңғы легіне қарай жылжып келеді. 23 қарашада құрама бөлімшелері Молодой Туд ауданы орталығының солтүстік-батысына ­орналасты. 25 қарашаның түнінде ­бригада әскери бұйрық алды. Онда ­былай делінді: «100-атқыштар ­бригадасы 587-ші ­истребитель-танкке қарсы ­артиллерия полкімен және 327-артполктің екі ­батальонымен бірге Молодой Тудты жауға бермеу. ­Березка, Толкачевка ­майдандарында екі батальонмен жаудың қорғанысын талқандау. Таяудағы міндет – Калинино, ­Бочково шептерін бұзып, одан әрі оңтүстікке ­беттеп, 373-ші атқыштар дивизиясымен бірге дұшпанды Васильевское, Тройня, Брюнханово елді мекендерінде жою. Мұнан соң Плеханованың шығысындағы орманға жиналып, 46-шы мотоатқыштар бригадасымен бірге Оленино бағытында шайқасқа дайын болу». Осыдан кейін екінші және төртінші батальондардың командирлері жау қорғанысының жайы туралы мәліметтерді зерттеп, рота мен взводтардың міндеттерін нақтылай бастады. Осы уақытта Молодой Туд өзенінің солтүстік-батыстағы алғы шебінде орналасқан атқыштар бөлімшесі соңғы дайындықтарын аяқтап та шықты. Қараша айының жиырма жетісінде Молодой Тудтың сол жағынан қатты соққы берілді. Оның алдында қаланың оң жағынан ұрыс салғанбыз. Ертеңіне бірінші батальонның коман­дирі капитан Александр Углов пен оның саяси істер жөніндегі орынбасары Халим Хаснуллинге ерекше тапсырма берілді. Олардың алдында Молодой Туд қаласын алу міндеті тұрды. Батальонның ең ­алдында аға лейтенант Шәкір Тәжібаевтың ротасы бар болатын. Рота барлаушылары ­алдымен түнде барлауға шығып, жаудың күшін, қайда орналасқанын біліп, қажетті мәліметтер алып келді. Рота жауды жайрата отырып, ілгері жылжи берді. Бұл ретте сержант Қарабек Бұрышевтің ерлік істерін мақтанышпен айтар едім. Ол жаудың додтарына граната жаудырды. Арасында станокты пулеметті қолға алып, аямай соққы берді. Өкініштісі, қайсар жігіт осы ұрыста ерлікпен қаза тапты. Бұдан әрі үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал К.Галицкий ­Великие Лукиді шабуылдап алу жөнінде шешім қабылдады. Артиллерияның екі сағаттық дайындығы басталды. Қатты тұман болғандықтан авиация ұрысқа қатыспады. Великие Луки қаласы – коммуни­ка­ция­лық ірі торап. Қазақта «тоғыз жол­дың ­торабы» деген сөз бар емес пе? Великие Луки сондай жер. Бұл қаладан жан-жаққа он тас жол, төрт теміржол тарайды. Солтүстік жақтағы Дно, Новгород, Ленинградтан, шығыс жақтағы Ржев пен Мәскеуден, Батыстағы Балтық жаға­лауындағы елдерден келетін жолдардың барлығы Великие Лукиде тоғысады. Германияға баратын жолдар да осы қаладан шығады. Бригада 1942 жылдың 22 желтоқса­нын­да Великие Луки түбіне келді. 28 пан­филовшылар Мәскеу түбінде қалай шайқасса, біздің жігіттер де Великие Лукиді жау қолынан қайтарып алу үшін жан аямай күресті. Артиллерия ­дивизионына қарасты батарея жігіттері арыстанша арпалысты. Өздері қаза ­болды. Алайда бірде-бір танкті Великие ­Лукиге өткізген жоқ. Қажым Көшеков, ­Ыбырайым Сүлейменов, Мәншүк Мәметова, ­Заманбек Матаев, Біргебай Әбдікәрімов, Ислам Назаров, Қалисар Хабдулинов, Қабас Дүйімбаев, Ғани Қасымов, Шазада Әтеев, ­Ыдырыс Исатаев, Тұраш Әбуов, Ақыраш Әндиров, ­Жамалхан Жамалбеков, Ғаббас Таңбаев, Жақан Биғазин, Қабікен Меңдібаев, Әділхан Құсайынов, Сейсебай Әбдікәрімов, Манап Шідеров, Мәулен Исин, Айтқали Құсайынов, Құсайын Кәкібаев, Сембек Молдабаев сияқты көптеген жауынгерлер мен командирлер батылдық танытып, жауды Великие ­Лукиге кіргізбеді. Великие Лукиде үшінші батареяның өзі жаудың он үш танкісін қиратып, алты рота жаяу әскерін жойды. Он бір танкті Рымбек Байсейітовтың взводы өртеді. Жаудың бес танкісін Әбдірахман Бимурзин, үш танкті Мырзаби ­Ерназаров қиратты. Бригада осы ерліктері үшін ­Бимурзин мен Байсейітовты Кеңес Одағаның Батыры атағына, ал ­Ерназаровты Ленин орденіне ұсынған еді. Бұл ұсынысымыз біз күткендегідей қабылданбады. Бимурзин мен ­Ерназаров бірінші дәрежелі Отан со­ғысы, ал Байсейітов екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Бірақ біз үшін ол үшеуі де нағыз батыр, нағыз ер. Жүзінші бригада Орталық майдандағы басқа құрамалармен бірге Великие Луки түбіндегі қиян-кескі ұрыста Отан алдындағы борышын адал ­орындады. Бригада жауынгерлері дұшпанның ­талай шабуылдарына тойтарыс берді. Атқыштар, автоматшылар, пулеметшілер, зеңбірекшілер, минометшілер, қысқаша айтқанда барлық жауынгерлер мен командирлер шебер қимылдап батылдықтың, батырлықтың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ Невель түбіндегі шайқасты естен шығару мүмкін емес. 1943 жылдың қазанында Невельге алдымен кірген 78-ші танк бригадасы, 21-ші гвардиялық және 28-ші атқыштар дивизиясы. Солармен бірге біз де қалаға кірдік. Сондай-ақ Невель – орыстың ежелгі қаласы. Великие Лукимен салыстырғанда бұл кәдімгі қала. Қыштан, ағаштан салынған үйлер өзгеше өрнектермен көз тартады. Қала онша бүлінбеген. Біздің шабуылымыз тұтқиылдан болғандықтан аман қалған сияқты. Қаланың ішінде әлі де болса қаша алмай, жасырынып қалған фашистер бар еді. Соларды қаладан аулақтату қажет болды. Бұл оңай тапсырма емес еді. Өйткені дұшпан қаланы қайтып алу үшін ұшақпен үстімізден бас көтертпей бомбалады. Осының салдарынан жанымыздағы бауырларымыздың біразынан айырылдық. Жүзінші бригаданың Невель түбіндегі ұрыс-қимылдарын үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Кузьма Галицкий жоғары бағалады. Ол өзінің «Сұрапыл сын жылдары» ­деген кітабында былай деді: «Невельдің оң жағында жаудың күшті шабуылына жүзінші атқыштар бригадасы ойдағыдай төтеп берді. Оның құрамында ­жаумен ­ерлерше және жан қия шайқасқан көптеген қазақ жауынгерлері болды. Бригада дұшпанның барлық қарсы ­шабуылдарын тойтарып, қорғаныста аса зор табандылық көрсетті». Сұрапыл сол күндері қазақ азаматы, білікті командир Әбілхайыр Баймолдиннің Невель қаласының коменданты болғанын айта кеткім келеді. – Сіздердің бригадаларыңызда қазақ­тың батыр қызы Мәншүк Мәметова­ның болғанын жақсы білеміз. Мәншүк туралы не айтар едіңіз? – Мәншүк алғашқыда штабта ­писарь болып істеді. Шамалыдан кейін санитарлыққа ауысты. Бірақ ол бұл қызметке қанағаттана қойған жоқ. Оның бар мақсаты қолына қару алып, жаудан кек алу еді. Ақырында пулемет батальонына қабылданды. Несін айтасыз, қаршадай қыз үздік пулеметші болып шықты. Алғаш пулемет тұтқасын ұстаған кезі де есімізде. 1942 жылдың қаңтары. ­Бурцево деревнясы үшін ұрыс болып жатқан сәт. Жаралыларды таңып жүрген Мәншүк сол жағындағы пулеметтің үнсіз қалғанын байқайды. Пулеметші қаза тапқан екен. Пулемет жанына келіп, жауды нысанаға алады. Неміс снайпері де қырағы екен. Байқап қалады. Мұны сезген Мәншүк жылдам пулеметін ауыстыра қояды. Жау оғы тимей тек жанап өтеді. Ұрыстан кейін жанындағылар ­Мән­шүкті ортаға алса, сырт киімінің, бас киімінің сыртынан оқтың жарықшағының ізін көреді. Бәрі: «Қазақтың қызынан оқтың өзі қорқады» деп күліпті. Мәншүк «Максим» пулеметімен талай дұшпанды жер жастандырды. Сөйтіп, 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Бригада атынан бір топ қарулас жолдастарымыз Мәншүктің анасы Әмина апа­мызға көңіл айту хатын жолдады. Осында Мәншүктің отансүйгіштігі, ержүректігі, қайтпас қайсарлығы атап көрсетілді. Мәншүктің ерлігі елімізге, әсіресе, республикамызға тез тарады. 1943 жылы желтоқсанда газеттерде Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Б.Хасенова мен ­облатком төрағасының ­орынбасары Ф.Заки­рованың хаты жарияланды. Онда облыстағы әйелдердің жеңіс күнін жақындату үшін тылда екпінді еңбек етіп жатқандарын, Қорғаныс қорына бес ­миллион сом қаржы аударғандарын, оны танк жасауға жұмсап,ол танкке Мәншүктің есімін беруді өтінеді. Бұл Мәншүкке деген халық сүйіспеншілігінің бір көрінісі. – Мәншүк есімі аталғанда онымен қатар жүріп, жаумен шайқасқан Ыбырайым Сүлейменовтің де есімі ауызға алынады. Кейбір ақпараттардан біліп жатырмыз, Ыбырайым құралайды көзге атқан мерген болыпты... – Ыбырайым Мәншүкті туған қарындасындай ерекше құрметтейтін. Әркезде де амандығын тілеп, қамқорлық жасап жүрді. Мұны Мәншүк те сезетін. Өзінің ешкімге айтпайтын сырын ­Ыбырайым ағасымен ғана бөлісетін. Ыбырайым Жамбыл облысы ­Красногор ауданының тумасы. Соғысқа дейін тракторшы болған. Әке-шешесі ­шаруа адамдары екен. Үйленген. Қызды болған. Жүзінші бригадаға ­келгенде ­капитан Ф.Ушаков басқаратын батальонға тап болды. Батальон комиссары ­капитан ­Райымжан Әшкеев еді. «Біздің Сүлейменовке ешкім тең келмейді. Сүлейменовтен асқан мерген жоқ. ­Мерген десең мерген. Атқан оғы бос кетпейді» деп Ушаковтың өзі аспанға көтеріп мақтап отыратын. Бір мылтық оған місе болмады. Сұрап жүріп екінші снайперлік винтовканы алды. Сөйтіп, қос винтовкамен, бір авто­матпен ұрысқа кірісті. Кейбіреулер бір мылтықтың өзін ауырсынғанда бұл екі винтовка асынып, бір автомат пен бір қапшық оқты арқасына салып жүрді. Кейбір жолдастары: «Ыбырайым, сен анау зең­біректің бірін беліңе байлап ал. Танк кездесіп қалса керек болады» деп әзілдейді екен. Амал нешік. Біз Мәншүктен де, ­Ыбы­райым­нан да Невель түбінде болған шай­қас кезінде айырылдық. Бұл біз үшін үлкен қаза болды. Екеуі де қаруластар ара­сын­да сыйлы, әрі жауынан сескенбей, қарсы ұмтылған ержүрек жақындарымыз еді. – Подполковник Баймолдиннің қаланың әскери коменданты болғаны айтылып қалды. Бұл сол уақыттары жауапкершілігі зор үлкен міндет қой... – Әрине, үлкен міндет. Бұл ­жауапты қызмет кім болса соған тапсырыла бермейді. Қаланың, ондағы адамдардың тағдыры комендант қолында болады. Әбілхайыр жауапты қызметті қазан­ның алтысынан отыз біріне дейін атқарды. Оның коменданттығы армиялық көлем­дегі қызмет болатын. Барлық дивизиялар мен бригадалардағы командирлерге әмірі жүрді. Осы еңбегі үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттал­ды, пол­ковник атағына ұсынылды. Жау алыс­таған соң Невельді басқару ісін қалалық кеңес­ке өткізіп, бригададағы қызметіне келді. Әбілхайыр 1909 жылы Павлодар облысының Лебяжье ауданындағы Тақыр деген ауылында туған. 1928 жылы кеңес-партия мектебін бітіреді. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған. 1931 жылдан Алматыдағы Қазақ атты әскер бөлімінде эскадрон политругі болып қызмет істеді. 1938 жылы Хасан көлі маңында жапон самурайларына қарсы ұрысқа қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1941 жылы Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітіріп, генерал-мойор Л.Доватордың екінші гвардиялық атты әскери корпусындағы төртінші полктің комиссары болды. Бұл корпус Мәскеу түбіндегі шайқастарда генерал-майор И.Панфиловтың дивизиясымен бірге сол кездегі ел астанасын жаудан қорғауға қатысты. Сол шайқастарда Баймолдиннің полкі де фашистерге мықтап соққы берді. Осы ұрыста ерекше ерлік көрсетіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. ­Жараланып, емделгеннен кейін майданға қайта келіп, полк командирі болып тағайындалды. Полк Смоленск жеріндегі ұрыстарға қатысып, жауға ­тойтарыс береді. Осы жолы ол «Қызыл Ту» оденімен марапатталып, корпус штабының комиссары деңгейіне дейін көтеріледі. Комиссарлық қызмет жойылған соң, Мәскеудегі Жоғарғы офицерлік мектептің жанындағы командирлер даярлайтын алты айлық курсты бітіреді. Содан ­Калинин майданына келіп, жүзінші бригадаға жіберіледі. 1943 жылдың желтоқсанында 31-невель­­дік бригада мен жүзінші ­бригада негізінде бірінші атқыштар ­диви­зия­сы құрылды. Баймолдин осы ­диви­зия коман­дирінің орынбасары болып тағайын­далады. Баймолдин аяғына атты әскердің ақ шпорлы етігін киіп, иығына Чапаевша бурка жамылып жүретін дембелше келген, қою қара қасты, көздерінен жалт-жұлт ­еткен ұшқын шашып тұратын адам еді. Нағыз командир саналған ­Баймолдин 1944 жылдың 4 қаңтарында біздің әскерлердің Новосокольникке шабуылы кезінде ерлікпен қаза болды. Подполковник Баймолдиннің бәрі­мізге белгілі бір әдеті болатын. ­Бригада қан­дай жағдайда болса да, жігіттер саз кешіп, не қарға омбылап келе жатсын ба­тальондар мен дивизиондарды аралап шығатын. Кейде ат үстінде тұрып, кейде атынан түсіп, колоннаны басында жаяу күтіп тұратын. Сосын: «Жігіттер, хал қалай?» деп жайраңдай амандасатын. Осы бір ауыз сөздің өзі жауынгерлерге күш-қуат беретін. Асыл азамат кеше өзі комендант ­болып, жаудан тазартқан Невель қаласында жерленді. Мәншүк пен Ыбырайымның бейіттері жанында сөз сөйлеп, Отанды жаудан толық қорғауға ант берген еді. Сол ант адал орындалды. Қазақ командирі ел есінде мәңгілікке қалды. – Сіз бір әңгімеңізде елден келген хаттардың жауынгерлердің рухын, көңіл күйін көтеруде ерекше маңызды болғанын айтып едіңіз. Әсіресе, Жамбылдың ­«Балама хат» деген өлеңі зор серпін туғызған сияқты... – Расында да, елден келген хаттар бойға шуақ құйып, күш-жігерімізді ­тасытты. 1943 жылдың 6 ақпанында «Правда» газетінде «Қазақ халқының майдангер қазақтарға хаты» жарияланды. Бұл хаттың әсері айырықша болды. Онда намысты жанатын, өмірге деген құштарлығымызды арттыратын сөздер мол еді. Хат басқосуларда кеңінен талқыланды. Тағы бір назар аударған оқиға, ­Жамбыл Жабаевтың бригаданың «Сталин үшін алға» газетінде жарияланған «Балама хат» өлеңі болды. Өлең тек ақынның баласын ғана емес, өзгелерді де жеңіске ұмтылдырып еді. Бұл өзі барлық майдангерлерге арналған үндеудей әсер етті. Өлеңнің соңында мынандай жолдар бар болатын: Аянба, балам, аянба! Бәлекет сонда аршылар. Алғадай ылғи алда бол, Аянған адам болмақ қор. Бәйгеге барын тігемін Сендерге арнап осы жол. Достарыңа осыны айт, Жауларыңды жеңіп қайт! Айтарым, арнап саған сол. Бригаданың саяси бөлімі Жамбылға жауап жазу керектігі жөнінде шешім ­қа­былдады. Бұл тапсырма сол уақытта ақын­дығымен көзге түскен, артиллерия сержанты Әзілхан Нұршайықовқа жүктелді. Арада екі ай өткенде, 1943 жылдың мамырының аяқ кезінде Жамбылдан майдандағы бізге жауап келді. Ақынның жүзінші бригадаға арнаған «Жүз жасаған жүректен» деген толғауы бригада газетінде жарияланды. Жәкеңнен жауап келгеніне бас киімімізді төбеге атып, қатты қуандық. Жауап өлеңнің бір ерекшелігі, онда бір­қа­тар жауынгерлердің аты-жөндері көрсетілген. Уа, қарағым балалар! Ер бол демей не дейін. Ереуілді майданда, Үстем болсын мерейің! Жауды қырып айдауға, Талмай көмек берейін. Дүбір қосып айқайға, Қызыл тілді жебейін. Сендерге өлең айтқанға, Еш шаршадым демейін. Қан майдан боп жатқанда, Қарлығар ма көмейім! Жүз жасаған жүректен, Жырларымды төгейін. Көктемнің күніндей Жауды жеңіп күлімдеп, Келгеніңді көрейін! Қаһарманым, күнім деп, Беттеріңнен өбейін, – деген өлең жолдары толқытпай, бір жағынан жігерлендірмей қоймайтын. – 100-шінің соңғы кездердегі жағдайы қалай болды? – Бригада негізінен соғыс уақытында Калинин майданында шайқасты. 22, 39, 3-екпінді және 6-шы гвардиялық армиялардың құрамында Молодой Туд, Великие луки, Невель, Новосокольники қалаларын, үш жүзден аса деревняны ­жаудан азат етті. Бригада 1943 жылы 12 желтоқсанда 31-атқыштар бригадасымен бірігіп, 1-ші атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. Бұл дивизия 1-ші және 2-ші Белорусь майдандарында 70-армияның құрамында болып, Брест қаласын жаудан тазартты. Сондықтан оған 1-Брест атқыштар дивизиясы деген құрметті атақ берілді. Одан кейін Польша астанасы Варшаваны азат ету ұрыстарына қатысты. Соғысты Германияның Висмар қаласында аяқтады. Алматыдан майданға аттанарда ­бригада құрамында 4890 адам бар еді. Соғыс біткеннен кейін елге олардың 300-дейі ғана оралды. Олардың дені мүгедек. Елге оралған қаруластарым туған еліміздің өркендеуі үшін жан аямай еңбек етті. Олардың ішінен елге танымал, ­жауапты қызметтердің тұтқасын ұстаған, әр саланың үздіктері атанған тұлғалар шықты. Реті келіп тұрғанда айта кетейін. Асқар Закарин, Қали Біләлов үкімет басшысының орынбасары, Әбдірахман Досанов Жоғарғы сот төрағасы, Егемқұл Тасанбаев, Рымбек Байсейітов, Қали Біләлов министр қызметін атқарды. ­Академик Сақтаған Бәйішев есімі жақсы таныс. Жазушы-журналистер Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Шәріпов, Жекен Жұмақанов, Амантай Байтанаев, Әлнұр Мейірбеков, кино­режиссерлер Сұлтан Хожықов, Мәжит Бегалин және басқалар бар. Кешегі қан майданда жүзінші қазақ атқыштар бригадасы өз міндеттерін адал атқарып, нағыз патриоттықтың, отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті. Олардың ерлік істерін бүгінгі жас ұрпақ ұмытпауы тиіс. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран демейміз бе?

Сұлтан Жиенбаев майдан жылдары екінші атқыштар батальонындағы танкке қарсы шайқасатын ротаның командирі болды. Соғыстағы ерліктері үшін бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, ал бейбіт өмірде «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Соғыс ардагері, қайраткер азамат 2019 жылы 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

1003 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы