• Тарих
  • 20 Ақпан, 2020

Сыр бойы – тұнған тарих

Әлімсақтан қазақ деген халықтың ата қонысы – Сыр бойы. Сырдың жағасын бойлай жатқан елдің қасиет қонған әулие-әмбиелері мен даңқты батырлары, би-шешендері жайлы аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар тыңдаушысын тәнті етпей қоймайды. Дарияны жағалай қонған елдің жер-су аңыздары да өз алдына бір төбе. Осының бәрі бір кездері ауыздан-ауызға тарап, атадан балаға жетіп отырса, бүгінде Жазу деп аталатын ұлы өнер арқылы хатқа түсіп, қағазға басылды. Сондай құнды қазынаның бірі жақында жарық көрген – «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар».

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, бұл хрестоматия – еліміз бойынша жарық көрген санаулы кітаптардың бірі. «Аңыздарды бірнеше нұсқасымен қамтыған бұл жинақ – Сыр өңірінің руханиятына қосылған сүбелі үлес. Өлкенің ғажайып аңыздарына арқау болған тұлғалар жайлы жинақтай отырып, жас ұрпақтың танымын кеңейту, туған жер тарихының сырына бойлау, зерделеу, отаншылдыққа тәрбиелеу деген о бастағы мақсатымыздың үдесінен шыға алдық деген ойдамыз» дейді Асхат Сайлау. Бұл кітаптың мақсат-міндеттерінен туындайтын ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру барысында Қызылорда ­облысына қарасты жеті ауданға ­арнайы фольклорлық-этнографиялық ­экспедиция ұйымдастырылды. «Сыр медиа» ЖШС және облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы қызметкерлерінен жасақталған кешенді экспедиция барысында орталықтан шалғайда жатқан Сыр өңірінің сакралды ескерткіштерін көзбен көріп, кесенелермен, тарихи-мәдени жәдігерлермен жақын танысуға үлкен мүмкіндік болды. Түркістан облысының аймағындағы Арыстан баб әулиеден басталған ­экспедиция жұмысы Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы топырағын басып өтіп, Аралдағы Ақирек жотасының үстіндегі Арыстан баб қойымдығына тірелді. Хрестоматиялық жинақты әзірлеу барысында 2019 жылдың жаз айларында ұйымдастырылған этно-фольклорлық (жетекшісі – «Сыр медиа» ЖШС ­директоры, филология ғылымының ­кандидаты А.Оңғарбаев) және археологиялық экспедицияның (жетекшісі – облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы, тарих ғылымының кандидаты Н.Мыңжас) материалдарымен қоса, бұған дейін осы тақырыпта қалам тербеген зерттеуші-ғалымдардың еңбегі назарға алынды. Қазіргі уақытта арғы замандардағы аталар сияқты көне аңыз-әңгімелердің майын тамызып айтатын шежіре қарттар сирек. Сол себепті облыс, аудан баспасөздерінде бұрын-соңды қызмет атқарған, ел мен жердің рухани әлеміне жіті үңіліп жүретін журналистердің, жергілікті өлкетанушылардың мәліметтері, облыстық және аудандық музейлер мен архив деректері, Алматы, Ташкент қалаларының сирек қорларындағы материалдар, фотосуреттердің бәрі де осы кітаптың сапалы дайындалуына үлес қосты. Сыр бойындағы жер-су, көне қалалар мен тарихи орындар жайлы, сондай-ақ атақты адамдар туралы аңыздар ғалымдар мен зерттеушілердің ертеден-ақ назарын аудара бастаған. Мәселен, соның бір мысалы ретінде айтайық: 1830 жылдардағы Ресей мен ­Британ империяларының арасындағы Орта Азия, оның ішінде Ауғанстанға талас «Үлкен ойын» («The Great Game») деген кітапта жазылған. Аталған кітапқа қатысты тағы бір айтатын жайт: бұл миф пен аңыз және хикаят сөзінің бір-бірінен айырмашылығы немесе ұқсастығы не деген сұрақ төңірегінде өрбиді. Мәселен, Сыр бойындағы Жылқаман батырға арналып соғылған ақшұбар мылтық оқиғасы миф туралы анықтаманы еске түсіреді. Бірде адам, бірде пері кейпіндегі жеті шебердің арнайы Жылқаман үшін соққан мылтығының кереметтігі сондай, жау келетін тұста ілулі тұрған мылтықтың құлағы өзді-өзінен сартылдап, тарс-тарс етіп атыла бастайды екен. Тағы бір кереметі, ажал оғын алдын ала аңдайтын мылтық батыр жағынан адам өлімі боларын қан тамшылаған құлағынан сездіретін болыпты. «Япырым-ай, адам шығыны болар ма екен, мылтығымның құлағынан қан тамды ғой» дейді екен ондайда батыр үйінде отырып. Егер жауға аттанар алдында мылтық сартылынан соң ешқандай белгі болмаса, өздері аман, шығын тек жау жағынан боларының белгісі екен. Мұндайда жан серігіне ай­нал­ған ақшұбарына қарап отырып: ­«жолымыз болады екен» деп көңілденеді екен». Зерттеуші ғалымдардың ­пайымдауынша, хикаяттардың аңыз бен мифтен айыр­машылығы – сюжеттік мазмұнында ешбір қиял жоқ. Мұндағы өмір – қазақ өмірі, мал баққан ел, аңшы мен малшы, жолаушылап жүрген адамдар, құдайы қонақтар, т.с.с. кәдімгі сахарадағы қазақ ауылының ­болмысы. Бірақ, соған қарамастан, тыңдаушысын елітіп әкетеді. Хикаяның жанрлық болмысы – оның мазмұнына ғана емес, сонымен қатар айтылу жағдаятына да қатысты. Қалай болғанда да құпиялы, ­тылсым сыр бүгіп, тыңдаушысына кейде үрей туғызатын әңгіме болып келеді. Хрестоматияға енген, әсіресе Мәмбет ұста-әулие мен Сәдір сарайының аңызын оқи отырып осы әсерлерді бастан кешуге болады. Ауыздан-ауызға жеткен аңыз әңгіме­лердің бір-біріне ұқсастығы заңдылық. Мұндай аңыз ұқсастықтары Мүсірәлі Сопы Әзіз бен Ер Сейітпенбет аңыздарында ұшы­расады Жанып тұрған оттан дін аман шыққаны үшін халық екеуінің де әулиелігіне шәк келтірмейді. Екеуін де пір көтереді. Меккеге ұшып барып келу, дарияның үстімен жүріп өту деген кереметтер мен әулие-әнбиелерге ортақ белгілер болған. Мифологиялық тылсымға толы аңыздарды, тыңдаушысын еліктіріп әкететін хикаяттарды жаңа кітапты парақтаған сайын оқуға болады. Мұнда Сыр өңірі қасиет тұтып, қадірлейтін 200-ге жуық нысанның аңыз-әпсанасы жинақталған. Ел аузындағы осынау фольклор мұрасы, әлбетте, бағзыдан бүгінге жеткен халық жадының жарқын көрінісі. Фольклорлық-этнографиялық ­экспеди­цияның назарға алған бірден-бір мәселесі жайында: «...Сыр бойы – тұнған әулие екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттық. Бір айтарымыз, Сыр бойы ескерткіштеріне көбірек күтім қажеттігін аңғардық. Әсіресе, аудандарда қайта қалпына келтіруді, жөндеуді күтіп жатқан кесенелердің де қарасы мол көрінді. Мәселен, Қазалыдағы хазірет Қосым қожа Мүсірәлінің атын иемденген киелі қойымдықтың (атақты Жалаңтөс баһадүрдің немересі, кейінгі ұрпаққа Қорқыт ата сарынын жеткізушілердің бірі – Дәулет бақсы, Кіші жүздің төбе биі Әйтекенің баласы – Өтебас би, жаужүрек мың бала қосынының бас сардары – Сартай батыр, шекті тайпасының ұранына айналған Жанқожа батырдың пірі – Дәрменқұл ишан да осында) Ұлттық пантеонның бірі емес пе? Ташкенттегі Науайы атындағы Милли (Ұлттық) кітапханасының сирек қолжазбаларымен танысу сапарында Дағбет қыстағындағы Мақтым ағзам мазаратында жерленген Жалаңтөс баһадүрдің басына зиярат етудің сәті түсті. Сонда байқағанымыздай, кесенелерге күтім ­жасауда өзбек ағайындардан үйренеріміз көп-ақ. Өңірдегі барлық көне ескерткіштерді тағы бір тізімге алу, құлпытастардың картасы мен эпитафиялық сипаттамасын жасау, ел арасында әлі де кездесіп қалатын ескі қолжазбаларды жинау сияқты бірқатар маңызды жұмыстар – күн тәртібінен түсе қоймаған келелі мәселелер деп ойлаймыз» дейді жоба жетекшісі Серікбай Қосан. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, сөз жоқ, өз өлкесін танып, ондағы ғұламалар мен батырлар, билер бейнесін білуге талпынған өскелең ұрпақ үшін кітапхана сөресіне «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атты жаңа хрестоматия қосылды.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, филология ғылымының магистрі

2183 рет

көрсетілді

160

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы