• Басты мақалалар
  • 27 Ақпан, 2020

«МЕН КӨРДІМ СЫНЫҚ ҚАНАТ КӨБЕЛЕКТІ»

(Абай аудармаларының көркемдік тілі, нәзира аудармалары, аудармаларының өзектілігі)

Абай – көркем әдеби шығарманы қазақ тіліне аударудың ерекше жолы мен түрін көрсеткен ұлттық интеллектісі зор, поэтикалық қуаты мол күшті ақын әрі аса талантты аудармашы. Біздің кемеңгер бабамыз киіз үйде өсіп, ұлы дала атырабындағы өркениет мәдениетін терең меңгерген тұлға. 1882 жылы Абай алғаш болып еуропалық әдебиетке жол ашқан, қазақ әдебиетіне реформалық өзгеріс енгізген ақын. М.Лермонтовтың ­«Бородино» атты патриоттық өлеңін аударып, көркем әдеби аудармаға ден қойған ақын мазмұны мен сипаты алуан түрлі өлеңдерді төлтумадай ерек қалыпта қотарды.

Ақын орыс әдебиетінен ұзын-ырғасы елуден астам өлең аударып, көркем әдеби ойдың арнасын кеңейтті. Бір анығы, Абайдың орыс әдебиетінің озық үлгілерін алғаш болып аударуы – тек қазақ халқының ғана емес, бүткіл Орта Азия, түркітілдес халықтардың мәдени дамуына қосылған елеулі үлес. Міне, осыдан кейін кемеңгер шайырдың сөзі, төлтумасы мен телтумасы, ғақлиялары – қолына қалам ұстап, ақ қағазды серік еткен әрбір жанға ар ісінің биік межесіндей кейіптегі ұғымға айналды. Абай аударған өлеңдердің табиғатына жалпы шолу жасасақ, ақын өзінің жүрегіне жақын деген өлеңдерді ғана таңдап, талғап қана алған. Мысалы, В.Крыловтан аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңін ғана алайықшы. Бұл өлеңді 1898 жылы аударыпты. ­Туынды түпнұсқада 16 жолдан тұрса, аудармада – 20 жолға ұлғайған. Абайдың 1945 жылы шыққан шығармаларының толық жинағында бұл өлеңнің авторы М.Лермонтов деп жаңсақ көрсетілген. Абай мен Лермонтов ­поэзиясын, әдеби мұрасын салыстыра жіті зерттеген үлкен ғалым, академик Зәки Ахметов кейіннен бұл өлеңнің ­авторы М.Лермонтов емес, В.Крылов екенін анықтаған-ды. Бұл негізінде ­«Разбитое сердце» деген орыстың ­романсы екен, ал әуенін жазған А.Рубинштейн деген неміс екен. Абайдың аудармасы түпнұсқа мәтін­нің мазмұнына жақын болғанымен, көркемдік қуаты мен ерекшелігі, ойы В.Крыловтың жазғанынан әлдеқайда артық, бәсі жоғары. Сөзіміз дәлелді болу үшін әрбір шумаққа жеке-жеке талдау жасап, тоқталып көрейік. Түпнұсқадағы бірінші шумақ: Я видел березу – сломались она, Верхушкой к земле преклонилась она; Но листья не блекли на тонких ветвях, Покамест не спряталось солнце в горах. Ал бұны біздің Абай былайша сөй­леткен: Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас ұрып қара жерге сұлағанын. Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын? Қараңыз, екеуі мазмұны жағынан үйлес­­кенмен, идея, табиғаттың құбылысын бей­нелеуде алшақтық бар. Түпнұсқада қайың жапырағының қурау процесі туралы айтылса, Абайдың танымында мүлде басқа ой бар. Ол ой әрбір шумақта ажарланып, соңғы шумақ, яғни өз жадынан қосқан төртінші жолда мүлде басқа ойға ауысып кеткен. Мәселен, екінші шумақты алайық: Я бабочку видел с разбитым крылом, Бедняжка под солнечным грелась лучом. Стараясь и слабость и смерть превозмочь, Пока не настала холодная ночь. Бұл жерде айтатын мәселе, Абай ­аудармасында екінші, үшінші шумақтың орны бір-бірімен ауыстырылған. Абай аудармасында бұл шумақтағы ой былай өрбіген: Мен көрдім сынық қанат көбелекті, О дағы білер өмірді іздемекті. Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп, Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті. Түпнұсқада көбелектің аянышты хәлі баяндалса, Абай аудармасында көбелек жаратылыстың өлшеп берген өмірі, адам мен табиғаттың байланысы айтылған. Орысшасында өлім туралы ой болса, қазақы шапан киген өлеңде бұл ой жоқ. Ал орны ауысқан екінші шумақтың түпнұсқасына назар аударсақ: Стрелка видел я, как лань подстрелил, Животное пало в крови и без сил. Со смертью бороться оно не могло, И жить перестало, как солнце зашло, – деп берілсе, қазақыланған нұсқасындағы бұл жол төмендегідей өрбіген: Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік, Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп, Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен, Кімге батар ол байғұс тартқан күйік? Бұл жерде автор мен аудармашы арасында тағы да ой құндылығының алшақтығы байқалады. Мәселен, Абай бұл тұста мәселе көтеріп, оқырманын ойлантады. Ал автор болса өлеңнің алғашқы шумағындағы ырғағын сақтап, сол өлімнің өзін жырлаған. Ах, мне изменила подружка моя, И солнце померкло давно для меня; Но смерть и покой я напрасно зову – И с сердцем разбитым живу да живу.

Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік, Өмірдің қызығынан күдер үздік. Жылы жүрек суыды, жара түсті Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік. В.Крыловтың айтқысы келгені осы – соңғы шумақтағы ой еді. Түпнұсқа авторы махаббаттан жолы болмаған, ғашығынан айырылған шерменде екені анық байқалады. Қайғыру мен қамығу, өткенді аңсап торығу сияқты эмоциялық сипаты басым болған жолдарды Абай парасаттылықпен, салқынқандылықпен ғана аударып, өлеңнің табиғатын мүлде құлпыртып, оқырманға зіл-батпан ой қалдырып кеткен. «Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік» дегенінен-ақ тағдыр ісіне көнген, бірақ күдерін үзбей алға жылжып бара жатқан адамның кейпі елестейді. Ал В.Крылов болса сол баянсыз махаббаты үшін өлгісі де келетінін немесе бірге болсақ ғашықтық күйіміз басқаша болар еді дегендей тайғанақ тағдырына «аһ» ұрып, налып отыр. Сөз басында айттық, Абай аудармасында өлеңнің мазмұны мүлде басқа арнаға ауысқан деп. Ол ақынның жанынан қосылған бесінші шумақта анық әрі айқын көрініс тапқан. Міне, осы бесінші шумақ – бүткіл өлеңнің табиғатын ашатын, оқиға желісінің кульминациясы сықылды ең мәнді, мағыналы тұсы. Қарап көрелік: Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін, – деп, түпнұсқадағы автор ойын көріктендіріп, оған күш-қуат қосып, мазмұнын үдете түскен. Енді қараңыз, бірінші шумақтан төртінші шумаққа дейінгі айтылған ойдың бәрі – кез келген адамға тән, көрген-білген өмір барысындағы тіршілік әрекеттері. Ұзын қайыңның құлауы, сынық қанат көбелектің тырмысуы, қырдағы қызыл киіктің ойнақтағаны, ғашық жанның бір-біріне деген уәдесіздігі – өмірде талай болған және тағы да жалғаса беретін процесстер ғана. Автор өлімге басын тігуге дайын болса, Абай әр жол арқылы өлімге тура, анық қарағандай. Бұдан шығар қорытынды сол – Абай өлімді саналы түрде мойындағанымен, оқырманына ой тастап, мына дүниенің баянсыздығы мен мағынасы жоқ екенін сұрау қойған емеурінмен білдіріп отыр. Абайдың пайымдауынша, мына қызылды-жасыл жарық дүние «кейіс дүние» еді. «Жылап туып, кейіп өлетін» адамға тірліктің байлауы жоқтығын айтқан есті сөзі осы – бесінші шумақтағы ой-тұғын. Нәзирагөйлік үлгідегі санаға сілкініс жасаған, жан дүниеңді қопарған соңғы шумақ – ақынның «Толық адам», «Кәміл мұсыл­ман» деген ойларымен астасып-қабат­тасып жатқан гуманистік идеялары еді. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Абай аудармаларының тілі – поэтикалық тілдің айрықша бір көрсеткіші. Оның орыстың сөзіне дәлме-дәл тапқан баламасы я көркемдегіш әдеби құралдарды келістіре, қиыстыра орайына қарай қолданғаны – тыңға түрен салғанмен тең. Сосын, Абай аударған шығармалардың бәріне ортақ бір ұстаным бар, ол – ақынның өз қалауымен таңдап аударғаны, мысалы, аударма өлең не философиялық, не патриоттық я болмаса адамның мінез-құлқына, ­ойлауына жөн көрсетер тәрбиелік мәні зор бағыттағы тақырыптар. Ақынның ­аударма туындылары – еркін әрі ерікті әдеби аударманың озық үлгісі, ерек шығарма ретінде өзінің өзектілігін, өміршеңдігін ешқашан жоймайды. Қысқаша айтсақ, «Жүрегіне кір жасырмаған» ақынның қай өлеңі болсын я қай аудармасын алып қарасаңыз да, шын мұсылмандықтың ақ адал жолы туралы айтылған. Өйткені Абай – өз-өзіне сын көзімен қарап, нәпсісін ауыздықтаған, өзін-өзі тәрбиелеген мінез айнасы, болмыс сыншысы.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

3627 рет

көрсетілді

277

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы