• Тіл
  • 05 Наурыз, 2020

ТІЛ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА

 2005 жылдың бастапқы кезеңінде бұған дейін облыс әкімдігінің тіл саясаты бөлімі болып келген шағын ұжымның ауқымы ұлғайтылып, өз алдына тілдерді дамыту басқармасы құрылған еді. Соған орай әр тараптан үміткер жас мамандар тестілеу сынағы арқылы іріктеліп, жұмысқа кірісті. Осы топтың қатарында Бақтыгүл Әбиева басқарманың ономастика және талдау бөліміне бас маман болып қабылданды. Бұған дейін бірнеше мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген екен. Ұстамды, білуге ынталы, адамдармен мәдениетті түрде сөйлесу қалпынан танбай айтарлықтай тәжірибе жинақтады, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгерді. Соңғы жылдары бөлім басшысы қызметін тиянақты атқаруда. 

Егемен мемлекетімізде тәуелсіздікті ­баянды етудің бір тетігі ономастика жұмыстарына тікелей байланысты. Осы ретте облыста ­топонимия қорын қалыптастыруға, заң ­талаптарына сәйкес атау беру мен қайта атау жұмыстарын жүргізуге, ономастика саласын ғылыми қамтамасыз етуге назар аударылып келеді. Облыстық басқарма «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесін тұрақты түрде толықтырып отырады. Мысалы, тіркелген 3272 көше атауының 63 пайызы – дәстүрлі топонимдер, 964 көшеге тарихи тұлғалар есімі берілген, жалпы барлық атаулардың 96 пайызы мемлекеттік тілде. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін сараптау және жан-жақты зерттеу жүргізу нәтижесінде соңғы бес жылда Ақтөбе қаласында 38 көше қайта аталып, 387 көшеге және 24 шағын ауданға атау берілді. Таяуда өткен облыстық мәслихат сессиясында арнайы мәселе қаралып, бірден 128 атаусыз көшеге атау берілді. Мұндай құрметке ие болған тұлғалар санатында Нұртуған жырау, Жылқаман батыр, Сағидолла Құбашев және басқа танымал адамдар бар. Облыстық мәслихат сессиясының шеші­мімен бекітілген, құрамында тіл жанашырлары, ғалымдар, журналистер бар ономастикалық комиссия өткен жылы төрт рет отырыс өткізді. Қаралған мәселелердің бірнешеуін сөз етсек былай болар еді: Мәртөк ауданының елді мекендерінде атаусыз көшелерге атау беру; Қобда ауданының Калиновка ауылын Бес­құдық деп қайта атау; жекелеген аудандарда идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын өзгерту. Қайсыбір мәселелерді ұсынғанда алдын ала жан-жақты дайындық жүргізу ­керек болды. Бір мысал, Әйтеке би ауданының Комсомол ауылдық округі мен Комсомол ауылының атауын өзгертіп, осы өңірден шыққан Алаштың ардақтысы Темірбек Жүргенов есімін беру қарсаңында бірнеше рет жиналыстар, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Себебі күні кешеге дейін өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған өңірде бұрынғы кеңестік дәуір атауынан айырылғысы келмейтіндер аз болмай шықты. Зиялы қауым өкілдерінің бастаманы көтерудегі табанды қимылы, ортақ түсінікті дұрыс қалыптастыруы нәтижесінде комиссия оң шешім қабылдады. Енді облыстық мәслихат сессиясының, республикалық ономастикалық комиссияның ұйғарымын күтуге тура келеді. Бақтыгүл Ботайқызы комиссияға ұсынылған кейбір атаулардың кері қайтарылу себептерін де түсіндірді. Атап айтсақ, «Қазақстан Респуб­ликасындағы тіл туралы» Заңның 25-5 ­бабында көрсетілген 5-критерийге толық сәйкес келмейді; ұсынылған қайсыбір тұлғалардың өмірбаяндық деректері, атаулар негіздемелері толық емес; атаулардың бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде қайталанып кездесуі. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Қате жарнамаға жол жоқ!», «Көркем тіл – көрікті жарнама», «Тіл тазалығын сақтаймыз!» акциялары, «Көрнекі ақпарат пен жарнама сауаттылығы» семинар-тренингі және басқа шаралар қатысушылардың түсінігін ­байыта түсті. Ұзақ мерзімді «Туған өлке» жобасы аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі энциклопедиялық анықтамалықтың Алға, Қобда, Мәртөк аудандары бойынша ­сериялары оқырман көңілінен шықты. Топонимдерді ғылыми қамтамасыз ету бағытында «Ақтөбе об­лысының топонимикалық және антропони­микалық сөздігі» мен «Ономастика тынысы» журналы сәтті шығарылған. Әрине, мұндай кең ауқымды шараларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы билік ­тарапынан көмек-қолдау қажет-ақ. Ақиқатын айтқан жөн, жеке және заңды тұлғалардан атау беру және қайта атау мәселесі туралы арыз-өтініштерді жинақтау тұрғысында Алға, Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы аудандарының әкімдіктері салғырттық танытып келеді. Елді мекен ­атаулары өзгертілсе де Саржар, Достық ауылдарында мектептердің, Аққайың, Ақжайық, Қайрақты, Бозтөбе ­ауылдарында мәдени нысандардың атаулары бұрынғы, ескірген қалпында. Алға, Қарғалы, Қобда ­аудандарында бір атаудың бірнеше мәрте қайталануы да – ойланарлық жай.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі

1344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы