• Әдебиет
  • 05 Наурыз, 2020

БЕГЕЙ БЕРІК

Мамай АХЕТОВ, филология ғылымының кандидаты

ХХ ғасырдың орта шенінде түсірілген А.Куросаваның «Жеті самурай» атты туындысы әлемдік кино өнерінің классикасы. ­Фильмде қарапайым жапон ауылының тұрғындары қарақшылар шабуыл ­жасайтыны турасында алдын ала хабардар ­болады. Қанша қаруланса да, соғысты кәсіпке айналдырған жауға қарсы тұра алмасын түсінген ­шаруалар ауыл ақсақалы, көнекөз Гисакудың ақылына жүгінеді. Сондағысы, қайткенде өз ордаларын сақтап, деревня тіршілігін ары қарай жалғастыру. Көпті көрген Гисаку қарт ұлт ретінде жойылып кетуден тек көне дәстүрлердің шырақшысындай кәсіби жауынгер – самурайлар ғана құтқара алатынын айтады. ­Осылайша, дәстүрлі самурай қылышына сенген Симада Камбэй бастаған жеті самурай мен жаңа заманның от шашқан құралдарымен қаруланған қарақшылар арасындағы арпалыстар басталып кетеді... Шеп құрып, шерулетпесе де, дәл осы басқыншылардың зорлықшыл шабуылына ұқсас дүрбелеңді ахуал бүгінгі біздің қоғамымызға да туғандай көрінеді кейде маған. Отбасыңмен отырып бірге телеарнаға қарай алмайтын ахуал, денсаулыққа анық зиян өнімдердің ашық насихаты, барлық саланы жаулаған суррогаттар, дәстүрлі отбасылық құндылықтарға жасалып жатқан қысым, адам құқығын ­желеулеткен азғындық идеялары мен олардың алдындағы жалтақтық тап сол қарақшылардың «өмір не өлім» деп келетін шабуылынан бір кем болмай тұр. Міне, осындай зорлықшыл ­замана келбеті, таңылған тобырлық ­таным іштен ірітіп, жан біткеннің талғамын бұзуды айқын мақсат тұтқандай. Адамның ақылы қабылдай алмайтын жантүршігерлік құбылыстар мен дұшпаныңа да тіле­мейтін ­рухани соққылар барлық ақпарат көздерінен тоқтаусыз сорғалап, ұрпақ келешегін ойлайтындардың ұнжыр­ғасын түсіріп болды. Ойланып-тол­ғануға, жақсы-жаманды парықтауға, тіпті тебіреніп-тұшынуға да уақыт қалдыр­мағандай.

Қара дауылдай қаптай соққан осы тегеурінді үдерісте ұрпағының жойылып кетпеуін саналы қауым шындап уайымдай бастады. Бұл күресте мәдениет атын жамылған жалғандыққа тек шынайы өнермен ғана қарсы тұруға болатыны, көзге көрінбейтін дерттерге ұлтты ғасырлар бойы адастырмай сақтап келген дәстүрлі құндылықтармен ғана төтеп беріп, ­замана көшіне ілесеріміз айқын болды. Ендеше, осы бір тағдыршешті жанталаста лайықтыларды сұрыптап, желдің өтіне ұстар дәстүрді сақтаушыларды, салт-ғұрыпты жалғастырушылар мен ақты ақ, қараны қара деп бағалауға қабілетті ғалымдарды бағалай білу керектігі түсінікті болды. ­Сондай жандардың бірі бұл күндері кемеліне келген белгілі эпик жыршы, өнер­танушы, этнограф, фольклор­танушы – Берік Жүсіпов дер едік. Әсілі, замандас турасында табиғатын тап басып пікір айту қиынның қиыны. Бір сәттік көңіл күйдің делбесімен не оңынан, не ­солынан жүйткіп шығуың әбден мүмкін. Дейтұрғанмен, біз Берікті сол көне дәстүрді сақтаушы, ұлттық өнерді бүгіннен болашаққа жолдаушы, фольклортанушы ғалым тұрғысынан бағалауды жөн санадық. Алдымен, Беріктің жыршылығына келейік. Бұл тұрғыда ол өнердің табиғи қалпы мен халықтық ­сипатын сақтап қалған, оған қоса толыққанды академиялық білім алып, соны ­барынша дамытқан кәсіби маман. Біздегі көптеген өнерпаздарға жетіспейтін мұндай ерекше құбылысты атап айтуға тура келеді. Әдетте, осы екеуінің бірі болса, бірі болмай, жеме-жемде сондай олқылықтың менмұндалап көрініп тұратыны жиі ұшырасады. Тіпті өз өнерінің қадір-қасиетіне бойлай ­алмай жүрген өнерпаздарды да әрдайым байқаймыз. Бұл ­орайда жыршылық феномені турасында ғылыми еңбек түзген, қадіріне әбден жеткен Берік төрт аяғын тең басқан хас жүйріктің өзі. Көне сарындарды бойына ­молынан сіңіріп, оларды жаңаша тірілткен Беріктің орындаушылық шеберлігі бөлек әңгіме. «Тыныштық – құдайдың тілі, қалғанының бәрі ­нашар аударма» депті Жәлелиддин Руми. Бүгінгі даңғырлақ заманда көптің мазасын алмау басты мұратқа айналды. Ал осы Жаратушының тілімен тек сол тыныштықты бұзбайтын, үнсіздікке бергісіз сиқырлы саз бен тылсымды мақам ғана үйлесе алады. Берік түсінгеннің жүрегін суырардай сол көне мақамды меңгерген, сөздің маржанын сүзген сиректің сирегі. «Қарақалпақстанның жидесінен шабылғанына жүз жылдан асқан, Жақас қожадан қалған қозықұйрық домбырасымен» тұтаса кеткенде, үрме құмға соққан жел секілді бұл тіршіліктің риясы мен расының ара­сындағы шекараны өшіріп-ақ тастайды. Сосын тыңдаушының отырғаны, ненің жалған, ненің арман екенін шамалай алмай. Тек тыңдайтын құлақ пен көкірекке көз берсін деңіз. Бұл жоғарыда айтқан қасиеттердің бір-бірімен жымдасуының нәтижесінде болған құбылыс. Берік Жүсіповтің өзі тұрғылас өнер­паз­дардан бөлек айрықша айтылуға тиісті ең бір мықты тұсы – ғалымдығы. Әсілі, жамбасы тесілгенше отыруды қалайтын ғылым қай заманда да азапты жол. Бірыңғай күдіктен ғана тұра­тын ғылымды «инемен құдық қазуға» теңей­тіні де сондықтан болса керек. Сөйткен ғылымға Берік кездейсоқ емес, саналы түрде келген. Олай болуының да өзіндік себебі бар. Қазақ деген халықтың арғы-бергі дәуірде құнттап жиған байлығы осы сөз болыпты. Өзге жұрт ағаштан, кірпіш пен тастан мәңгілік деп сәулетті ескерткіштер тұрғызып жатқанда, атам қазақ сол ескерткіштің өзін сөзден құраған сынды. «Не нәрсе қасиетің болса, кемшілігің де сол ­болады» деп Құнанбай қажы айтқандай, өзге жұрттан сөзі ұзын қазақтың қасиеті де, қасіреті де сол сөз болғанға ұқсайды. Бүгінгі таңда адамның тәндік табиғатын зерттейтін ғылым жетілген үстіне жетіле түсуде. Бұдан он мың, тіпті жүздеген мың жыл бұрын ғұмыр кешкен тіршілік иелерінің қаңқаларынан ғалымдар ақпарат суыртпақтап, тарихты орын-­орнына қоюда. Айталық, қазіргі жүрген кез келген адамның генетикалық ­материалын алып, оны гаплотоптарға жіктеу барысында, бұдан мың жыл, бес не он мың жыл бұрын бұл материал иесінің ата-бабаларының қайда жүріп, не істегенін қазіргі ғылым тап басып айтатын дәрежеге жетті. «Ат аунаған жерде түк қалады» дейтін мәтел тура мағынасындағы өмірдің шындығына айналды. Дамудың даңғыл ­жолына түскен бұл генетикалық үдеріс жалғаса бермек. Демек, «жоқтан бар ­болмайды, бар жоғалмайды» дейтін көне тәмсілдің материалдық әлемге тікелей қатысы бар екен. Сонда, бұ жалғанда жоғалғанда не жоғалып, не нәрсе келмеске кетуі мүмкін дейтін заңды сауал туындайды. Замана көшінде уақытқа сіңіп ғайып болатын, қалпына қайта келмейтін құндылық ол сөз бен саз екен. Бала кезінен сөз бағып, саз баптаған Берік жастайынан ­осыны сезініп өсті. Ең алдымен, өткен ғасырдың сексенінші ­жылдары сирей бастаған жыршылардың қайталанбайтын табиғатын, өздеріне ғана тән мақамдарын көзімен көрді. Олардың кез келгенімен бірге тұтас бір әлем келмеске кетіп, сол сарындардың жоғалып жатқанын да түсінді. Халықтың арасынан шыққан туабітті нағыз жыршылардың ең соңғыларының жырын тыңдап, мұңын түйсіну бақыты мен соры Беріктің маңдайына бұйырыпты. «Арғы жағы Едіге, Нұрадын, Баба Түкті шашты Әзиз, Баба Ғұмар. Ішінде артық сөз кетсе, иә кем қалса, жыр айтқан уақытта таза болмасаң көзіңнен, тіліңнен, не құлақтан қаласың»... Осындай ертегіге бергісіз қиял әлемі мен шынайы болмыстың шекарасындағы жыршылыққа Берік шындап ден қояды. Не нәрсені де «...қасапшы ­сойсын» дегендей, кез келген ­саланы соның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, сонымен өмір сүретін мұрагері зерттеп-зерделесін. Осы жерде М.Шо­қайдың атақты шығыстанушы В.В.Радлов турасында айтатын пікірі еріксіз еске оралады: ­«Радловты түріктердің де кереметтей ­жанашыры етіп көрсету артық. Ол ­Ресейде өзім іргесін қаладым деп санайтын түріктануды шынымен сүйетін. Мәселен, бір биолог ғалымның көбелектерді зор ынтамен жинап коллекция дайындағаны тәрізді, Радлов та бізді дәл сондай зерттеу объектісі ретінде ғана көрер еді. Ол бізге сол тұрғыдан ғана мән берер еді. Оның түріктерге сүйіспеншілігінің бар-жоғы осы ғана болатын» дейді ол. Өзге жұрттың қандай да бір ғұламасының біздің мұрамызға деген көзқарасы асып кеткенде осы Радловтікіндей-ақ болар еді. Ал өзі жыршылықтың қайнаған ортасынан шығып, бүкіл ғұмырын жырдың жолына арнаған Б.Жүсіпов зерттеулерінің сыры мен құндылығы осыдан келіп шығады. Кеңес дәуірі тұсында қазақтың жазба әдебиеті өте биік көркемдік, идеялық белеске көтерілді. Қалай дегенмен де, көркем әдебиет жеке адамның таным-түсінігі, мүмкіндігі аясында дүниеге келген, белгілі бір ақын не жазушының дербес творчестволық табысы еді. Авторлық шығармашылық мейлінше дәріптеліп жатқан тұста фольклорлық мұраларды игеру мәселесі өз дәрежесінде ­болмады. 1947 жылғы 21 қаңтардағы ҚК(б)П Орталық Комитетiнiң «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тiл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателiктер» деп аталатын арнайы қаулы­сындағы «Фольклор тап тарты­сының құралы екендiгi, осы тұрғыдан ұғынып зерттеу советтiк фольклортану ғылы­мының басты мiндетi екендiгi ашылмады» деген бір сөйлемнің өзі сол тұстағы көп жайттың мәнісін анық аңғартатындай. Кеңес дәуірінде қазақтың фольклортану ғылымы ­ерекше дамығанымен, біржақты атеистік, таптық, партиялық қоғамда ұлттың руханияты өзінің табиғи тамырынан едәуір ажырап қалды. Материалистік таныммен «пері көтеріп, сөз қонып» жататын қазақтың дәстүрлі өнерпаздарының табиғатын түсіну мүмкін емес еді. Соның салдарынан өткен дәуірлердің барлық мұрасын ескіліктің қалдығы, феодал­дық қоғамның жемісі деп бағалау етек алды. «Қазақ хандығы құрылғанға дейін сабақтастық байланыста 18 көшпелі мемлекет өмір сүрді» (Б.Көмеков) десек, осындай ұлан-ғайыр жерге ие болған, соның толыққанды қожайыны саналып келген халықтың күйініші мен сүйінішін көрсететін тілдік мұраларды, фольклорды саралау, игеру ісі біржақты жүргізіліп келді. Фольклор – бұл жеке адамның шығармашы­лығы емес, тұтастай сол ұлттың тілі секілді әрбір адамға тікелей қатысы бар баршаға ортақ құндылық, халықтың арман-мұратының жылнамасы, жүріп өткен жолының көркем шежіресі. Фольклортанудың білгірі В.Я.Пропп әдебиет пен фольклордың ара қатынасы жайында, олардың пайда болуының табиғаты ­турасында мынадай бір ғажап пікір айтады: «Әдебиеттану дәстүріндегі ­мектепте тәрбиеленгендіктен, біз көбіне поэтикалық шығарманың жеке адамның творчествосындағы әдеби шығармадан басқаша тууы мүмкін екенін ескере бермейміз. Бізге әлдекім бірінші рет оны жасауы немесе шығаруы керек секілді болып көрінеді. Дегенмен, поэтикалық шығарманың тууының мүлдем басқа да тәсілдері болуы мүмкін және соны зерттеу фольклористиканың ең басты да қиын міндеттерінің бірі. Осынау мәселенің бүкіл ауқымын тұтастай қамту мүмкін емес. Бұл жерде генетикалық тұрғыдан фольклор әдебиетпен емес, ешкім ойлап шығармаған, ешқандай ­авторы немесе шығарушысы жоқ тілмен жақындастырылуы қажет екенін айтсақ та жеткілікті болады. Ол белгілі бір халықтың тарихи дамуында қолайлы жағдай туған сәтте заңды түрде және адамдардың қалауынан тыс пайда болып, түрленіп ­отырады (Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – М.: Наука, 1976. С. 21-22). Ұлы ғалымның бұл тұжырымы еркімізден тыс фольклорлық санамен ғұмыр кешетін біз секілді тіл сауған қауым үшін аса құнды пікір еді. Әдебиет пен фольклордың, дәс­түр мен жаңашылдықтың өзара қа­рым-қатынасына келгенде мәселе ­осылайша күрделене түседі. Оған көне сарындарды сақтай ­отырып, аспаппен орындаушылықты қосыңыз. Бұл бір ауыз сөзбен ғана айта салуға көнбейтін, арғы-бергі жақтары түгел ескерілуге тиіс, бір басын қозғасаң бөлшектеуге келмей тұтас қопарылып түсетін өте бір шетін тақырып. Бірнеше ғасыр бойына, ондаған-жүздеген жыршылардың өңдеуінен өтіп, әрқилы ортада жырланып, еліміздің түрлі аймағынан бізге жеткен жырларды тану мәселесі бізде әлі де кенжелеп келеді. Музыкалық аспаппен сүйемел­денетін фольклорлық мәтіндер мен ауыз әдебиеті үлгілерінің таби­ғатын ­тануда, ол ­турасында пікір ­айтуда, ­оларды ­орындауда үлкен талғам­паздықпен қатар, ­арнайы музыкалық білім мен табиғи талант қажет. Беріктің ұзақ жылдар бойғы ізденістерінің нәтижесі «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», «Сүлейлер», «Адырна», «Бегей батыр» сынды әр жылдары жазылған еңбектері, жүздеген танымдық мақалалары жыршылықтың тарихы мен көркемдік заңдылықтарына терең бойлау барысында дүниеге келген. Шындығында, бір адамның осыншалықты игіліктерді өзі жинап, өзі зерттеп, өзі оны кәсіби деңгейде орындауы – сирек құбылыс. Өткен дәуір жәдігерлерін танып-білуге қажетті «ғылыми құралдарды» жетілдірудің маңыздылығын жете сезінген Б.Жүсіповтің «Эпикалық жыршылық дәстүр: репродуктив-­туындатпа, креа­тив-шығармашылық егіз қосаралану мәселесі» атты монографиясы осы сала­дағы тың бағыт, жаңа өріс. Әлемдік фоль­клортанудағы аузы дуалыларды түгел қамтып, тегіс саралаған бұл еңбектердің ішіндегі әдістемелік жаңалықтарды айтпағанда, мыңдаған өнерпаздардың есімдері аталады. Солардың жартысынан көбі осы Беріктің еңбектерінде аттары аталып, шығармашылықтары негізделмесе жоғарыда айтқанымыздай, келместің кемесіне мініп-ақ кетер еді. Біздің халық қаншалықты талантты болса, өзі тудырған сол мұраны сақтап, ұқсату жағына келгенде соншалықты ұқыпсыздығы тағы бар. Арғы дәуірді былай қойып, күні кешеге дейін арамызда жүрген кемеңгерлеріміздің көпшілігі жазылмай қалды. Бұл тұрғыдан қолынан таспасы мен қаламы түспейтін Беріктің тындырған шаруалары қыруар. Ал енді, бүгінгі күні кемеліне келген Беріктің өзінің де естіген-білгенін түк қалдырмай жазып алып, «Алтын қорға» салып қоятын уақыт келді. Себебі оның жиып-тергені тек өз әулетінің немесе бір өңірдің ғана мұрасы емес, тұтастай ұлттың қазынасы. Өнер иесі ретінде бағалағанда, асыл мен жасықты ажырата білетін ғылыми талғам иесі Берікке осы тұрғыдан келу керек дер едік. Ұйымдастырушы, мемлекеттік қыз­метші ретінде де мен Берікті біршама танимын. Сахнаны қасиетті жер, өнерді киелі орта деп білген жан үшін, сол бір көңілінің төріндегі құндылықтарға қалай болса солай қарайтын, бейтарап жандардың мүлгіген жүрісі, өлімші көзқарасы іскер Берік үшін қылмыспен пара-пар. Мейлі әріптесі, мейлі қарама­ғындағы қызметкері немесе көрермені болсын, өзіне өте жоғары талап қоятын Бекең ондай селқос көзқарасты, өнерге деген самарқаулық пен менсінбеушілікті байқаса болды, тап сол жерде басбұзардың жағасынан ала түсіп, өзі «басбұзар» атанып кетуі әбден мүмкін. Жылдар бойы тоқыған жібек кілеміңнің төрін былғаныш аяғымен әлдекімнің таптағанындай күйді басынан кешіретін оны мұндайда тоқтату қиын. Бетің бар, жүзің бар демейді, тап сол жерде «есеп айырысады». «Жақсылық жасау қолымнан келер, мүмкін келмес, бірақ күйе жағу қолдан келеді...» деп алақандарын ысқылап жүретін оның дұшпандарының да іздегені осындай ұрымтал тұс. Өмір жалғаса бермек. Қазір жан­кеш­ті еңбектерімен, ән-жырла­рымен өнердегі, өмірдегі жалған­дық­тармен жағаласып, тікелей эфирлерде жан алысып, жан берісіп жататын домбыра құшақтаған ­Рамазан, Сәуле, Ерлан, Ардақ, Еркін, Айгүл, Нұржандарды көрсем, көз ­алдыма А.Куросава фильміндегі ­Гисаку қарт пен қарақшылармен соғысып, қылыштары жасындай жарқырап жататын самурайлардың өлмес бейнелері елестейді. Мен білетін, жырлағанда етектен ­шапса төске озатын, жазса түркімен кілеміндей түр салатын, шаршы ­топта сөйлеп бір кетсе «өлгенді тірілтетін» білігі мен білімі үйлескен Берік осы шоғырдың бел ортасында.

1383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы