• Руханият
  • 05 Наурыз, 2020

ЖҰМЕКЕННІҢ МАХАББАТЫ

Екеуі кездескен жылғы қыркүйек­тің бірінде сабақ болған жоқ, оның орнына жиналыс өткізілді. Мектеп директоры Қожахмет Мұсағалиев жиналысты ашып, алдымен мұғалімдерді таныстырды. Содан кейін оқушылардың қай ауысымда оқитынын, кімдердің жатақханаға қабылданғанын, кімдердің бюджет тобына, кімдердің қоғамдық негізге алынғанын айтып, тізімді оқып шықты. Бюджет тобына іліккендердің киімі, тамағы тегін. Қоғамдық дегені – әркім ақша төлеп тамақтанады. Жұмекен де, Нәсіп те бюджет тобы тізіміне ілігіп, екеуі де түстен кейін оқитын болып шықты. Сол жиналыста апасының аузының суы құрып, жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген қызының аты-жөні аталғанда оның да өзі оқитын мектепке келгенін Жұмекен біліп, «ол қай қыз?» деп қасында отырған баладан сұрайды. Бір қызығы жөн білгісі келген баласы өзімен бір сыныпта оқитын Нәсіптің туған немере ағасы Ғалымжан Нұрғалиев болып шығады. Немере қарындасын жыға танымайтын белгісіз бозбаланың сұрастырғанын ол аса жақтырмаған болуы керек. «Оны қайтесің?» деп, төбесінен қойғандай дүңк еткізіпті. Жұмекеннің есімі аталғанда Нәсіп те қасында отырған Қошалақтан келген Қалау Байдаева деген қыздан ол жайында сұрастырады.

Болашақ ақынды ең алғаш көр­гендегі әсері Нәсіптің жадында мәңгі өшпестей болып сақталып қалды. Үстінде Мүлік апасы тіккен көк китель. Кителінде солдаттың сары түймесі бар. Ақ көйлек, солдат формасы түстес ­матадан шалбар, қара ботинкасы ­болды. Орта бойлы, дене бітімі шымыр, шыныққаны көрініп тұр, өңі аққұба, шашы қап-қара әрі қалың. Екеуі білім алған ­Ворошилов атын­дағы мектеп «Қазақстан» балық колхозында орналасқан. Колхоз клубының ­радио торабы арқылы ­мектеп оқушылары ­колхозшылар мен мұғалімдер үшін концерт беретін. Мектептің жалғыз скрипкасы бар, онымен Жұмекен жеке нөмір орындайды. Скрипканы одан басқа ешкім ұстамайды. ­Мереке күндері оқушылардың өнерін қызықтаған көрермендер кішкентай клубқа сыймай кетеді. Ол кездегі кітапхана, клуб дегендеріңіз ұядай ғана шағын үй ғой. Жұрт Жұмекен мен Бақыт Қарабалинаны сахнадан жібермей, қол соғып отырып алады. Оларға қайта-қайта күй тартқызады. Сол мезеттегі халықтың өнерге ­деген құштарлығы, өнерлі өрендеріне ­деген сүйіспеншілігі құртақандай ауыл клубын ­кернеп кететінін қайтерсің. Жұмекен көбіне скрипкада «Бұлбұл» күйін ­орындайды, жеке әншілерді скрипкада ­сүйе­мелдейді. Жазғытұрым демалыстың кезі-тұғын. Үйі алыстағылар алты күндік каникулға ауылға бармайтын. Жатақхананың дәл жанында сәл дөңестеу жерге салынған қос пәтерлі үй бар. Сол үйде колхоздың басқармасы мен Нәсіптің немере ағасы Нұржау ауыл советінің төрағасы Мәжит ­Хисметов тұрады. Түстен кейін Нәсіп ағасының үйінен шығып келе жатса, Жұмекен жатақхананың алдында тұр екен. Алдынан шығып, «Жаңа сенің көкең келді, өзі дүкенге кетті, мына хатты саған бер деп еді» деп, төрт бұрыштап бүктелген қағазды қолына ұстата салады. Қыз болса «көкең беріп кетті» деген жігіттің сөзіне сенбесе де, хатты алып бөлмесіне кіреді. Ол каникулға үйге бара алмаған кездері көкесі түйеге тамағын ­артып, екі-үш күн оның қасында болып кететін. Бойжеткеннің көкесін күтіп жүргені рас еді, бірақ ол жол түсіп келе қалса, ең ­алдымен Мәжит ағасының үйіне түсетінін естияр қыз жақсы білетін. Көкесі келіп түйесінен түсіп жатқанда Назым жүгіріп келетін. ­Назым сол үйде жатып оқитын Мәжиттің туған қарындасы. Хатты ашып оқи ­бастаса, ол Жұмекеннің жазған хаты болып шығады. Болашақ ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденов 1953 жылдың 27 ­наурызында жан сырын білдіріп жазған ең алғашқы махаббат хатын сүйген қызына осылай ­табыстайды. «С...м! Сізге және сіз сияқты жандарға бірінші рет жүректің сырын білдіремін. Бұл сөз тек күнделік үшін айтыла салған сөз емес, болашақтың сәулесі, өмірлік сөз. Сондықтан да бұған жүре жауап бермей, тура дәл ­жауап қайтаруыңызды өтінемін!» делінген екен хатта. Сол күннен бастап Жұмекенді сыртынан көріп қалса Нәсіп жерге кіріп кете жаздап ұялып, беті ду ете түсетін. Кейін ол хаттарын өлеңмен жазып, сүйетін қызының ет-жүрегін елжіретіп, шынайы сезімнің жалынымен жаулай бастады. Бұрынғыдай емес, қыз да бара-бара өлеңмен жазылған хаттарды оқығанда кәдімгідей бір үлкен дастан оқығандай сергіп қалатын күйге душар болды. Совет заманындағы мектептегі тәртіп өте қатал. Оқушы қыз-жігіттердің өзара хат алысуына ­тыйым салынған. Жұмекен алғашқы хатын сүйген қызына өз қолымен ­табыстаса да, қалған хаттарын біреулер арқылы берді. Өзімен бір бөлмеде жататын Нәбидолла Бекжанов деген досы ақынның хат тасушысы болды. Нәбидолла ­хаттарды Жұмекен жақсы көретін қыздың құрбысы Бақытқа ­табыстайды. Жұмекен Идаят Әжіғалиев дейтін досымен ылғи да бірге жүрді. Мектеп пен жатақхананың арасы жүз метрдей. Бір мезгілде оқитын болғандықтан, екеуі бір-бірін күнде көреді. Жұмекен тез-тез жүреді. Сабақты жақсы оқыды. Жұмекен мен Идаятты мектеп оқушылары түгел сыйлайтын. Идаят мектепте комсорг, Жұмекен учком болды. Асханаға барғанда да ылғи екеуі ең соңынан келетін. Асханадағы ұзын столдың тамақ беретін шетіне екеуі қарама-қарсы жайғасады. Ол орынға «Жұмекен мен Идаяттың орны» деп ешкім отырмайды. Ұзақ асықпай отырып, тамақ ішеді, ауыздары әңгімеден босамайды. Асханада күнде екі оқушы кезекшілік міндетін атқарады. Аспаз Кашипа апай да, кезекші болған оқушылар да оларды асықтырмайды. Кейде кезекшілер оларға асхананың кілтін беріп кете салады. Екеуі оңаша отырып, оқыған кітаптары, әдебиет, тарих жайлы сыр шертеді. Ең соңынан келген адам тамақтанып болғанша кезекшілер күтеді, олардың ыдысын жинастырып біржола шығады асханадан. Кезекші болған осындай кездері Жұмекен мен Идаяттың әңгімесіне Нәсіп те құлағын түріп қояды. Кейде олар әңгімеге беріліп, жан-жағындағы адамдарды да байқамайды. Жұмекеннің бала күнінен кітап­құмар болғаны сол жылдары Нәсіпке жазған мына бір хатында айдан анық көрініп тұр: «Ғашығым! Сен дегенде жан басқа кеудедегі, Араласым таба алман жер бедерін. Мектептегі тоғыз жыл өмірімде, Бір жанға бір ауыз «сөз» демеп едім. Сүйіктім! Сенің жұмбағыңның екіншісін мен, тіпті көргенім жоқ (бұл жерде – ден қойып үлгермедім дегені ­болса керек деп ойлаймын). Себебі: Қарауым өте асығыс болды. Онан басқа, пікірді өте батыл айтатын ежелгі дағдым бойынша өзімше бір батыл шешім айтатыным сөзсіз еді. Бұл жөнінде маған кінә артсаң да көтере алатын етіп артарсың. Серігім! Мен саған аздап сұрауың бойынша пікір айтқалы отырмын, қабыл аларсың! Алдымен сен тіл байлық – кітапты көп оқу, аз оқуға байланысты депсің. Мұның әбден орынды. Бірақ оқуда да тоқу бар. Мен әдеби кітапты біршама сүйіп оқимын. Сонда да Жүсіптің (Жүсіп өзімен қатар класта оқитын кітапқұмар жігіт) оқыған кітабының маңы түгіл, шаңын да көрмейді. Мен әдеби кітапқа сондайын құмармын, тіпті құмарлығым сонша, мен оны оқығанда, басқа сабақты көргім келмейді (тек өзімді өзім ­зорлаймын). Сырты әсем, әдемі тыныс белгілерімен «киінген» сөйлемді тіл байлықтың жақсылығынан, ойдың алғырлығынан, ақылдың көптігінен деп қарау жеткіліксіз. Сондықтан көбіне сөйлемнің ішкі сырын аңғару шарт. Яғни сөз жазушы (не айтушы) адам өзінің айтайын деген ойын толық меңгеріп, айта алып тұр ма? Жоқ па? Сол жағына көбірек назар аудару керек. Ол үшін ойлап сөйлеу керек. Ойлап сөйлеп, не жазу үшін ақылдың кеңдігі мен ұшқырлығы аса маңызды. Сонда ескеріңіз, бұл сияқты жазба сөз бен ауызша сөздің әсерлілік қасиетін сақтайтын орны бар. Кез келген ортада (көпшілік, жолдастар арасында) шебер, сыпайы сөйлеймін деп талпыну – келекеге ұрындыруы да ғажап емес (адам түрлі ғой). Сондықтан сөз танымайтын, кісіні бағалай білмейтін (шын мәнісінде) тоңмойын, іші тар топастарға сөз айтып қажеті аз. Көркем әдебиетті оқығанда маз­мұнынан бұрын жазушының ­айтайын деген ойын білдірудегі тіл шеберлік жақтарына көбірек көңіл аудару керек. Сонымен қатар идеялық мазмұнын жақсы меңгере білу керек. Олай істемесең көп оқығаннан пайда табу қиын. Яғни дүниеге көзқарасың өспейді деген сөз. (Дүние болғанда сыртқы дүние, былайша айтқанда қоғамдық көзқарас). Қорыта келгенде, әдеби кітап оқу – адамды адамгершілікке тәрбиелеудің бірден-бір күшті құралы. Әзірше осыдан басқа айтарым көп болғанмен, уақытым (оңаша) жоқ ­болып отыр. Менде Н-дан басқа сырымды білетін адам жоқ. Жауап күтемін! 7/V 53 жыл». Жұмекеннің хаттарында жазған өлеңдері керемет. Жай ғана ұйқас емес, парасатты ойлар, адамгершілік туралы, тәрбиелік мәні мол өсиет си­патты. Төселген ақынның өлең­деріндей. Ақын сүйген қызына деген көңілін, сағынышын көбіне өлеңмен жеткізеді. Нәсіп те өлеңмен жауап қайтарғысы келгенімен, жаза алмай қатты қиналады. Ойлы өлең құрастыру қолынан келмейді. Амал нешік, қара сөзбен ғана шектеледі. Көбіне хатына жауап бере алмай жүреді. Жұмекеннің парасатының биіктігін көріп, «жауап жазбай-ақ қояйын, мұндай мықты адамға мен жар бола алмаймын ғой, теңі емеспін ғой» деген көңілсіз ойға да кейде бататыны рас. Он сегіз жастағы Жұмекеннің сол кезде-ақ осындай салмақты ой-тұжырыммен жазған сырға толы әрі ғашық жүректің іңкәр сезіміне толы хаттары болашақтағы өмірлік жарының дүниетанымын да кеңейте түсті. Әлде, сол уақыттың жастары ерте есейді ме, кім білсін, әйтеуір оларды толғандырар мәселенің қай-қайсысы да адам ­жанын тебірентерлік ой ұшқындары еді. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан сол жылдардағы қыздар мен жігіттердің рухани үндестігі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі албырт жастықтың алаулаған жалынынан ғана құралмай­тынын Жұмекен мен Нәсіп те сезінетін. Оған алпыс жылға жуық сақталса да сиясы да, мәні де көмескі тартпаған, қағазы ғана сарғайған хаттар куә...

***

Нәсіп тұратын «Жаңа жол» колхозы аудан орталығына аттылы кісіге екі сағаттай жол. Ал Жұмекен тұратын Қошалақ құмынан атпен таңсәріде шыққан адам кешке әрең жетеді. Бір советке қарасты бес колхоздың арақашықтығы едәуір шалғай. Шаруашылық қыр, арал деп екіге бөлінеді. Аралы – Нәсіп тұратын теңіз жағалауы, аудан орталығына жақын колхоздар. Қыры – Жұмекеннің ауылы. ... Ол жылдары колхозда жұмыс қолы жетіспейді, жазғы демалыста мектеп оқушыларын пішен жинауға көмекке шақырады. Нәсіптің істейтін жұмысы пішен тиеу. Колхозда төрт тегершікті үлкен ағаш арба болады. Ағаш арбаға екі өгізді жегіп, пішен үйіп тиеледі. Бұл Нәсіптің 9-сыныпқа, Жұмекеннің 10-сыныпқа көшкен жылы. Жазғы үш ай демалыста Бақыт пен Нәсіптің қолдары қалт еткенде Жұмекенді еске алмай айтатын әңгімесі сирек, өйткені екеуі де оны сағынады. Дәлірек айтсақ, әркім Жұмекенді өзінше сағынады. «Оны сағынбау мүмкін емес еді. Жазғы демалыс уақытында біздің кездесуімізге сылтау болмайды. Оқу кезіндегідей хат алысып-берісу мүмкіндігі де жоқ» дейді Нәсіп апамыз. Жұмекеннің мына бір хаты апамыздың осы айтқан сөздерінің айқын дәлелі бола алады. «Жасымнан Сіздей жанға болдым ғашық, Махаббат жас жүректе тұрды от шашып. Бір-бірін шексіз сүйген адал жүрек, Қосылар күн болар ма бақыты ­артып?! Сүйіктім! Мені осы кезде жүрек қайғысы (басқа қайғы емес) басуда. Себебі: Сіз... Сізден бөлінемін. Жазғы демалыс басталғалы тұр. Ауыл ­арасы шалғай, екі ортамыз алшақ жатыр. Өзіңіз айтқан мен Сіздің аз уақыт жатақханада болмағаныңызға да ренішті жүремін. Былайша айтқанда, көргенше шыдамым кетеді (Өзімше дардай сабыр иесімін деп ойлаушы едім. Бірақ жүрек сабырдан күшті екен). Бүгін Сіз мен барғанда байқамап едім, кері шығарда көзіңізден аздап реніштік белгі байқадым. Біртүрлі біреудің алдында кінәлі болған адамдай, өте жүдеу отырдыңыз. Хатты ашқанша ауыл жағынан көңілсіз келді ме екен деп ойлап едім. Олай ­болмады. Әлде ойыңыз түрлі саққа жүгіріп, бір нәрсені қайғылағандай, болмаса ой-қорытындыңызға қанағаттанбай отыр­ғаныңыз ба! (Адамның кейде өзіне-өзі не бір ойлаған мақсаты, ойы жеткіліксіз сияқты көрінетіні ­болады). Адамның ішкі сырының айнасы – көз болатын болса, мен ұйықтап кетпесем, Сіз маған солай көріндіңіз. Хош... Жауап күтемін. Сақ бол! Асығыс жазылды. Түсінерсіз. 10.5.53.». Демалысқа шыққалы Бақыт пен Нәсіптің күнделікті әңгімесі Жұмекен жайында болады. Досы Идаят екеуінің білімділігі, көп оқитыны, жүріс-тұрысы... т.б. осындай ерекшелік қасиеттерін екеуі ғана емес, мектептес үлкен-кіші бәрі үлгі тұтады, ­ауыздарынан тастамай айтады... Сол жазғы демалыста, Бақыт екеуі бір күні бригадирден оқу жылының басталуына 3-4 күн қалғанда Қанышкенге оқулық алу үшін баруға сұранады. Ол кезде оқушыларды ертең сабақ деген күні ­босатады. Ал қырдың балалары оқулық алуға 3-4 күн бұрын келеді. Екеуі де оқулықтарын бұрын алып қойған. Оқулық алуға барамыз дегендері құр әншейін сылтау-тұғын. Сөйтіп, тамыз айының 27-сі күні Бақыт пен Нәсіп екі атпен Қаныш­кенге келеді. Қанышкеннің құбыла жақ бетінде бір-біріне қарама-қарсы салынған ұзынша ескі дүңгіршектер болатын. Онда ет, шұбат, нан, т.б. азық-түлік ­сатылады. Аттарын байлап, дүңгіршекке қарай келе жатып: «Дәл қазір алдымыздан Жұмекен мен Нәбидолла шыға келсе ғой» дейді екеуі де. Өмірде осындай да қызықтар ­болады екен-ау! Дәл бір ертегідегідей, дүңгіршекті айнала бергендерінде үстінде жеңін түріп алған ақ жейдесі бар, өзі де аппақ Жұмекен, қасында Нәбидолла бар, екеуі қарсы алдарынан ғайыптан пайда болғандай шыға келеді... Құдайдың құдіретіне қалай таңғалмайсың. Ол заман ұялы байланыс түгілі, жай телефонның өзі елде болса біреуде ғана, аудан басшыларында ғана бар. Екеуі кітап дүкенін сылтау­ратып келгендерінде бұл ­кездесу естен кетпес тамаша оқиға болды. Жұмекен де осындай кездесуді аңсап келгенге ұқсайды. Дәл осындай кездейсоқтық сирек ­болатын жағдай. Бұл періштедей пәк таза жүректердің ізгі әрі ­шынайы тілектерін ұлы Жаратушының тоғыстырған құдіреті шығар. Кім біліпті? Ол кезде қолтықтасып жүрмек түгіл, қыз бен жігіттің көшеде ұзақ әңгі­мелесіп қатарласып жүру деген де жоқ. Ерсі қылық болып саналады. Ондай қылықпен көзге түстің дегенше, сөзге іліктің дей бер. Базардан шұбат сатып алып ішкен соң, олар бір маңызды шаруамен жүрген үлкен адамдарға ұқсап, Қанышкеннің сырт жағындағы Ирек өткелде жолы­ғатын болып тарасады. Сазтөбеде егістік басында қарауыл болып тұратын Мүлік деген апасының үйіне Жұмекен оларды қонаққа шақырады. Мүлік апай Нәсіпті де, Бақытты да жақсы таниды. Әрі Нәсіптің көкесінің жақсы көретін балдызы. Елге ісмерлік өнерімен сыйлы адам. Ол кісінің бөтен ой ойламайтынын, сөкпейтінін жақсы білгендіктен, қонақ болуға келісім береді. Ирек өткел деп аталуының сыры Қанышкен мен Сазтөбенің аралығында ағып жатқан өзеннен төтелеп өтуге болмайды. Шүңейт-шұңқырын білмейтін адам көлік-мөлігімен суға кетеді. Сол су астындағы ой-шұңқырды айналып өтетіндіктен Ирек өткел аталған. Бақыт Ирек өткелдің сырын жақсы білетінін, жылқышы Уәлиолла ағасымен бұл өткелді талай рет өткенін айтады. Сондықтан өткелді есіне жақсы сақтап қалған. Жастық шақтың бір ерекшелігі – қауіп-қатердің аса қорқыныш тудырмайтыны болса керек. Жақсы білем дегеннің өзінде күнде өтіп жүрген адам емес, Бақыт қателесіп кетсе, суға кету деген сол емес пе. Ондай қорқыныш оларда болған жоқ. Өткелден өтіп келе жатқанның өзінде Жұмекеннің аузы әзіл-қалжыңнан босамай, оларды күлдірумен болды. «Бақыт-ау, мына өзенді өзің арнасын қазып, өзің ағызып қойғандай, қай жерде қандай шұңқыр барын қайдан білесің. Әдейілеп жол салып қойғансың ба?» деген сияқты әзілдермен қыздардың ішек-сілесін қатырады. Ирек өткелден өтіп, Сазтөбені бетке алып төрт аттылы келе жатыр. Ол кезде шұбырып жатқан машина, қазіргідей айдау жол жоқ. Асып кетсе арбажол. Бір кезде алдарынан жол бойымен ағараңдап кетіп бара жатқан ақ қалпақты көздері шалады. Нәсіп қасындағыларға «анау қалпақ па, ана қараңдар, дөңестен төмен қарай қалпақ кетіп барады» дейді. «Қайдағы қалпақ айдаладағы, көзіңе не көрініп келеді» деп, өзін мазақ етеді олар. Ат үстінде келе жатқан аппақ күнқалпақты киген адамның бар-жоқтығы көрінбейді. Жақындап келгенде қалпақ иесі жас жарымдағы кішкентай сәби екенін көреді. «Жұмагелді ғой, ­мынау» деп Жұмекен таңғалады. Үйге келген соң Мүлік апайға Жұмекен ­«баланы неғып жалғыз жібересіңдер, жылан шағып алса, сиыр сүзсе қайтесің?» деп сөйлейді. «Бала шығып кеткен екен ғой, байқамай қалыппыз» деп ақталғандай болады апасы... Жұмекеннің әкесі соғыстан оралмады, Нәсіптің әкесі болса Сталинград шайқасында жараланып, бір аяғын беріп елге аман оралады. Жұмекен жалғыздан қалған тұяқ болса, Нәсіпті нағашы ­атасы алты айлығында бауырына басып, өз атына жаздырып, ұлым да, қызым да осы деп өсірген. Көкесінің бұлай дейтін себебі өзінің жалғыз ұлы, Нәсіптің шешесінің жалғыз ағасы – Қайсағали да соғыстан оралмай қалған. Жұмекеннің «Мезгіл әуендері» деген кітабындағы «Бір тағдырмыз, бір жіппіз» деген жолдарды жазғанда ол Құдай қосқан қосағы екеуінің тағдырларының ұқсастығын меңзеген. Жұмекен демалыста үйіне барып келгенінде атасы түйемен, өзі керемет ақбоз ат мініп келеді. Ақбоздың бір қарағанда өз тұрқымен салыстырғанда құлағы кішілеу көрінді. Құйрық-жалы төгілген, құйрығы өте келте де емес, жерге жетіп те тұрған жоқ. Ақбоз шым­қай ақ емес, өне бойында тарғақтың жұмыртқасындай теңбілдері болыпты. Жұмекен мінген ақбоздың үстіндегі ер-тұрманы да өзіне лайық еді. Жұмекеннің әкесінен қалған күміс қасты қалмақы ер мен қамшы. Күміс үзеңгіні өзіне арнап соқтырған, шап-шақ, көрмеге дайындағандай көздің жауын алады. Ақ жыланбас құйысқан. Ақ қайыстан жасалған жүгенге 48 ақ жыланбас өрнекті тасты қатар-қатар қадап қойған. Қара қылдан есілген шылбырының ауыздыққа қосылар жерінде қылдың өзінен жасаған шоқ шашақ. Тебінгісін де жұқалап ақ жүннен басқан, тебінгінің шет жақтарын қызыл жүннен жіңішкелеп ескен қызыл жіппен құстаңдайлап жиектеген. Ақбоз жорғаның үстінде отырған болашақ ақынның қолында әкесінен қалған тобылғы сапты күміспен өрнектелген он екі өрме дойыр қамшы. Бүгінгі күні сол кездегі Ақбоздың күмсәнді әбзелінен қалғаны – он екі өрме дойыр қамшы мен құйысқан ғана. Олар қазір ақынның ұлы Мағжанның үйінің төрінде ілулі тұр. Бұлардың бәрін тізбектеп айтып отырған себебіміз, сәнді ер-тұрман, бітімі бөлек жорға мен оның үстіндегі бозбаланың отырысы, әр қимылы керемет әсемдік пен үндестіктің үлгісі іспетті. Осы көрініс Нәсіп апайдың көз алдынан кетпей қояды. Өмір бойы есінде қалған сурет. Ерекше айбын беріп, қуаттандыратын бақытты шақтарының көрінісі. Сонау алыста қалған қимас күндер­дің бірінде осыншама үндестіктен әсерленген сүйіспеншілік сезімінің арқасында ақынның сүйгеніне арнап жазылған өлеңдерінің біріне Нәсіп те жауап ретінде өлең арнайды. Өлеңнің аты «Ақбоз жорға». Балауса шақта адам өлең оқуға жаны құмар, ақындыққа еліктегіш болатын әдеті ғой. Жұмекен осыған дейінгі сүйіктісінің өлеңдеріне «жаман», «жақсы» деп еш пікір айтқан емес. «Ақбоз жорға» атты өлеңді қатты ұнатады. Нәсіп сол күндері мынандай аян түс көреді. Жұмекен демалыстан қайтқанда мініп келген ақбоз жорғасымен, үстінде күнделікті киіп жүрген киімі бар, ақ бұлттардың үстінде ұшып жүр екен. Ақбоздың төрт аяғы төрт қанат сияқты жайылып кеткен. Нәсіптің өзі де сол көріністің ішінде жүр. Төмен қарайды... Аяғының астында аппақ мамық тап-таза бұлт. Қалықтап ұшып, адам айтса сенгісіз әсерге бөленіп келеді. Жұмекен ақбоз жорғамен биіктей береді, биіктей береді...

Ол көрген түсін Жұмекенге айтып жеткізуге бата алмай, ұялып біраз жүреді. Мазақтай ма деп те жасқанады. Бірақ жақын құрбысы Бақыт Ғұмарова Жұмекенге айтқанын жөн көріп, айтпасына қоймайды. Жұмекенге жазған кезекті хаттарының бірінде осы түсін жазады. Жауап хатта Жұмекен ол түске қатты қуанғанын айтады. «Сүйерім! Аруым! Сізге деген махаббат ­жалыны күннен күнге өршуде... Абай айтады: «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар» дейді. Қысқасы махаббатсыз, сүйіспеншілігі жоқ және ешқандай жылы жүректілік жоқ адамды, адам деп қараудан гөрі айуан қатарына қосу – орындырақ екенін қазақ халқының кемеңгері Абай көре білді, өсиет етіп айта білді. Олай болса, біздің жүректерге кінә артуға болмайды. Аздап ертерек тыпырлағаны үшін шамалап өкпелеуге болар да еді... «Игіліктің ерте, кеші жоқ» дейді қазақ. Бұған қарағанда жақсылыққа, бақытқа, өмірге талпынған адамды ешкім айыптамайтын тәрізді (Оқушылық тұрғыдан қарағанда: «Сүйіспеншілікті оқып жүрген кезден бастап қамдауға ­болады» деп айтпайды). Сүйіктім! Сіздің көрген түстеріңіз мен туралы өзіңіздің ой қорытындыңыздан шығуы ғажап емес. Өйткені түс – адамның көңіл күйінен аулақ кетпек емес. Мысалы: біз қайғыланып жатқанда ­жаман түс, ал шаттанып жатсаң жақсы түс көріп, оны келешегімізге ­жорып оңып қаламыз. Бірақ Сіздің түсіңізге мән бермеуге «Әншейін ой ғой» деп қарауға болмайды. Мүмкін, менің бақытты, қызғылықты өмір сүруіме кім шек қоя алады?! Бұдан былай кейбір туысқандарыңа, шын дос құрбы, құрдас жеңгелеріңе білдіре беруіңе менің қарсылығым жоқ (Менің ­алдамшы емес екенімді таныған шығарсың). Осы сырды А.Бақыт біле ме? Қашықтан хабарласу туралы не ­ойлайсыз? Сіздің хаттарыңызды мен алға­шында сақтықпен жыртып жүр едім, соңғы кезде өзім сақтауға ұйғардым (Көпшілігі қолымда). Ж.К. Басқа айтар сыр болса айтарсыз. 27/V.53 ж. «Ж.К.» деген қысқарту – «жауап күтем деген» сөзді білдіреді» дейтін. Екеуі мектепте оқып жүрген ­жылдары шілтер (кружева) тоқу, кесте тігу өнері сол кездегі қыздардың әдетіне сіңген дағды болатын. Сабақтан қолдары сәл босаса, қыздар жұқа ақ бәтес матаның төрт шетін шілтерлеп, түрлі-түсті жіптермен өрнектейді. Орамалдың ішкі төрт бұрышының үш бұрышына гүлдің суретін кестелеп, төртінші бұрышына арнау сөз ­жазады. Қыздар өздерінің жақсы көретін ­балаларына, сыйлас, сырлас ­достарына кестелі орамал сыйлайды. Жұмекен сүйікті қызы, келешектегі жан жары Нәсіптің сыйлаған кестелі орамалын көзінің қарашығындай сақтапты. «Маған талай қыздар орамал сыйлады, солардың қайда қалғанын білмеймін. Сенің сыйлаған орамалыңның бұры­шындағы гүлдердің орналасуында бір мән бардай, солар сөйлеп тұрғандай көрінуші еді, жоғалтып аламын ба деп көп ұстамайтын едім» деген екен талай жылдар өткен соң жұбайына. Орамалдағы гүлді өрнек жайында бір хатынды былай деп жазыпты: «Сүйіктім! Сен дегенде жүректің соғуы сондай, тіпті жүрек күшінің әсерінен барлық денем қозғалғандай сезінем. Кейбір уақытта, кенеттен, сен есіме түскен кезде аумаған жынды адам тәрізді есім шығып отырып қалу деген маған ғажап емес. Көбіне сезетін боларсың, мен саған көпшілік ортасында қарамауға тырысам. Себебі көз адамның ішкі сырының айнасы болуы ақиқат. Сондықтан дұшпандардың күдігінің шешілуі қиындай түссін деймін. Олардан (дұшпандардан) ­осынша сақтықпен жасырынғанда тек өз басым үшін емес, өте көбірегі сен үшін. Мен өз басыма қайғырмаймын. Үйткені жаман дұшпанға өзім де болмаймын, жақсысы маған жау болмақ емес. Сондықтан тек сенің арың үшін ғана ­жасырынамын (Себебі: сені ­жаман атақпен өсекке қорламақ емеспін, жамандыққа қимаймын да). Сенің шын ниетіңмен берген ескерткішіңді асқан сүйіспеншілікпен қабыл алдым. Онда салынған жұмбақ кестеңді өзімше мынадай қорытындыда шештім: біріншіден, кестеңіз өте орынды салынған, қай жағынан алып қарағанда да қателеспессін. Кесте, меніңше, болашақтағы гүлденген өмірдің сәулесі, сол сәулеге, гүлденген өмірге талпынған, соған қол созып ынтыққан өз өміріміздің жастық шақтағы және болашақтағы ­арман, тілекпен ұштасқан көрінісі болар деймін. Менің өз ойым осылайша. Егер сенің ойыңнан оқшау болса, дәл шешуін ойлап салған (кестелеген ­деген мағынада – автор) өзің айтарсың. Ауыл жағдайын сұрасаң, былай болған. Менің өз әкемнің апасының қызы үш жасынан біздің үйде тәрбиеленіп келіп еді (әке-шешесі жасында қайтқан екен). Менен 6 ай кішілігі бар-ды. Сол қарындасымды ескіліктің салтына аямай тұрып шырмалған қарттар, «15-ке келсе отау иесі» ­деген қарғыс атқан мақалды қолданып, ұзатып жіберіпті (оқымаған бала еді, сырттай білетін де шығарсың). Соған әнеугі әзірде қайғырыңқырап жүрдім. Жазда маған ақылдасқанда мен қарсы екенімді, өзім адам болғанша үйде ­болуын мақұлдағанмын-ды. Менің ­сонымды сезіп, қарттар әбден іс біткесін хабарлауға ұйғарғанын біліп отырмын. Менің оны ұзатуға қарсы болатын себебім: біріншіден, жастығын (біздің заманға қарағанда) аясам, екіншіден, оның жетімдігін халық алдында танытқым келмейді. Бұл – оның тұрмысын немкетті деп опынғандық емес, қайта әке-шешесі (туған) барлардан 2, 3 есе артық етіп ұзатса деген арманым мен ойым еді. Сүйтіп менің планымды қарттар сайлап тұрып бұзыпты. Енді бағы ашылсын деп отырмын. Басқа айтарым жоқ. Ескерту: Бұдан бұрынғы жазылған хаттағы өлеңнің 8-10 шумақтарын көп ескере қоймассың» (Сегізінші хаттың да датасын қоймаған)». Жұмекен сүйген қызына жазған хатын оны көргеннен кейін 7 айдан соң 1953 жылдың 27 наурыз күні өз қолымен беріп еді. Ұлы ақыннан алған хаттарының бәрін де Нәсіп апамыз оқығаннан кейін туысы Назымның қара шамаданына апарып салып отырады. Мектептің батыс бетінде сәл дөңестеу жер болатын. Сол дөңнің үстінде колхоздың қос пәтерлі үйі бар. Сол үйде Нәсіптің немере ағасы Мәжит Қисметов тұрады. Мәжиттің Нұржау советінің председателі болғанын әңгіме барысында айтқанбыз. Назымның сыртын қара сырмен сырлаған шамаданының түбінде төселген газеттің астында Жұмекеннің сүйген қызына жазған хаттары сақталды. Көбі өлеңмен жазылған хаттар. Ұлы ақынның жан махаббатымен жырланған ол хаттарды жұбайы Нәсіп Мұстахқызы қастерлеп ұстап, бойтұмарындай сақтап жүрді. Алайда екеуі шаңырақ көтеріп, бас қосқан жылдары, жастықтан да болар, әлде, қазақ қызына тән ұялшақтығынан ба екен, Нәсіп апамыз өзінің Жұмекенге жазған хаттарын біреулер оқып қоя ма деп сескеніп, жыртып тастапты...

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

2560 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы