• Руханият
  • 05 Наурыз, 2020

ҰЛТТЫҢ ҚОС АЛЫБЫНА АРНАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген еді.

Кеше Ғылым ­ордасында Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясы өтті. Ұлттық ғылым ака­демиясының академиктері, кор­респондент-мүшелері, жоғары оқу ор­нының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ­директорлары, бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында академияның өткен жылы атқарылған жұмыстарына есеп беріліп, әл-Фараби мен Абай еңбектеріне арнайы баяндама жасалды. ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов елімізде ғылымның түрлі саласы ­бойынша отызға жуық ғылым ­академиясы қызмет атқарып келе жатқанын атап өтіп, академияның өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Ұлттық ғылым академиясының халықаралық ұйымдармен байланысы, елдегі және әлемдегі ғылымның жай-күйі, елдің индустриялық-инновациялық дамуын ғылым жағынан қамтамасыз ету және т.б. мәселелер қарастырылды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ­директоры, фило­логия ғылымының докторы К.Матыжанов «Абай шығарма­шы­лығындағы адамзаттық құндылықтар», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және ­этнология институтының ­директоры, ­тарих ғылымының докторы З.Қабылдинов «Әл-Фараби мұрасы және Ұлы дала құндылықтары» тақырыбында сөз қозғады. Алғашқы баяндамада Абай Құнан­бай­ұлының шығармашы­лы­ғындағы адам­заттық құндылықтар, ұлт­тық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тұлғасы ретіндегі қырлары ашылды. «Әл-Фараби мұрасы және Ұлы дала құндылықтары» атты ­баяндамада ғұлама ғалымның әлемдік бейнесі, ізгілікті ой-пікірлері мен бүгінгі таңдағы рөлі сөз болды. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ғалымның мұраларына жоғары баға берілгені қозғалды. Абай өзінің гуманистік ойлары арқылы әлем үшін, адамзат үшін құнды идеялар туғызды. Абай қазақ даласының және Шығыс пен Батыстың даналығын бойына сіңіріп, өзіне дейінгі ойшыл ғұламалардың жалғасы бола білді. Абайдың рухани қазынасы жайлы айта отырып, біз қазақ даласындағы онымен үндес өзге де ғұламалардың жарқын іздерін ой елегінен өткіземіз. Солардың бірі – әлемдік ой алыбы, Отырардан шыққан ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Биыл туғанына 1150 жыл толған ғұлама ғалымның өлмес мұралары мен ғылым жолындағы тағылымды еңбектері Абай ойларымен де үндесіп, сабақтасып жатуының өзі заңдылық. Демек, бүгінгі жиында қос алыптың тұлғалық қасиеттеріне тоқталып, еңбектері ­туралы сөз қозғаудың мән-маңызы зор. Жиында өзге де мәселелер қаралып, талқыланды.

Бағдагүл Балаубаева

Суретті түсірген: Азамат Құсайынов

803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы