• Әдебиет
  • 05 Наурыз, 2020

АЙТАР СӨЗГЕ АБАЙ БОЛСАҚ...

Қолымызға қалам алғызып, осы мақаланы жазуға түрткі болған – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Гүлзия Пірәлінің 2020 жылдың 12 ақпанында «Ана тілі» газетінде жарияланған «Асылдарымыздың сөзіне абай болайық» атты мақаласы. Қазақ әдебиеттану ғылымына үлес қосып жүрген ғалым, проза жанрындағы психологизм мәселесіне арналған салмақты зерттеулердің авторы Гүлзия Пірәлі апайымыздың өңірде еңбек етіп жүрген біздей әріптестерінің ғылыми ортаға, жалпы оқырманға ұсынған аз-маз жинақтарымызға назар аударып, пікір білдіргеніне ризашылығымызды білдіреміз. 2007 жылы Ілияс Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универси­тетінің Ғылыми Кеңесінің шешімі бойынша құрылып, алғашында ­(2007-2016) академик Тұрсын Сыдықов­тың, кейіннен филология ғылымының докторы, профессор М.Иманғазиновтың жетекшілігімен жемісті еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда орталықта филология ғылымының кандидаттары: Қ.Сарбасова, Ш.Қыяхметова, Г.Сырлыбаева, Д.Аңсабаев, М.Жақыпбековалар қызмет етуде.

Орталықты ашудағы мақсат-мін­детіміз: Ілияс Жансүгіров мұрасын әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жан-жақты қарастыру, жаңа көзқараста зерттеу; қолжазбаларын сараптау, шығармашылық өмірбаянын жаңа зерттеулермен толықтырып, жаңсақтықтардан арылту; социа­листік идеология талабына сай өз­гертіліп, бұрмаланған туындыларын қолжазбалары немесе бұрынырақ жарияланған кітаптарының мәтінде­рімен салыстыра отырып, бас­тапқы негізін қалпына келтіру; ақын­ның тілдік ерекшеліктерін ашып-айқын­дау; І.Жансүгіров шығарма­ларын орта мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында оқытуда жинақталған әдістемелік еңбектердің жазылуына басшылық жасау; шығармаларына теориялық және практикалық зерт­теулер жүргізіп, монография, оқулық, оқу құралдары мен ака­де­мия­лық жинақтарын шығару; уни­верситеттің қатысуымен өткізі­летін республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялар мен басқа да ғылыми шараларды жоспарлау және ұйымдастыру; білімгерлерді (докторант, магистрант, студенттер) орталық жұмысына тарту; Ілияс Жансүгіров шығармашылығына қатысты ғылыми жоба дайындау; Ілияс Жансүгіров шығармашылығы жайлы деректі оқу фильмін түсіру; дәстүрлі «Ілияс әлемі» республикалық студент ­жастар фестивалін өткізу; халықаралық, республикалық, жер­гілікті басылымдарда І.Жансүгіров шығармашылығын насихаттау мақсатында мақалалар бастыру. ­Сонымен қатар ­2011-2012 оқу ­жылынан бастап І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің барлық мамандық­тарында «Ілиястану» пәнін оқыту қолға алынды. Мұрағатпен жұмыс істеу барысында сырттан белгілі ғалымдарды тарту қажеттігі сезіліп, сол мақсатта Бейімбеттің мұрағатымен жұмыс істеп, талай сүбелі еңбектерді дүниге әкелген Тоқтар Бейісқұлов пен Ілиястың төте жазумен қалған еңбектерін жарыққа шығару мақсатында журналист Қажет Андас жұмысқа тартылды. Нәтижесінде «Өткен күнде белгі бар» (Қажет А.), «Құлагер ақынның қазасы» (Бейісқұлов Т.) атты құнды еңбектер дүниеге келді. Ілияс шығармашылығын зерттеу, ойшыл ақынның мұраларын шын мәнінде біртұтас құбылыс ретінде жүйелі насихаттау ісінде аталмыш орталықтың атқарған жұмысы жемісті десек, оның нәтижесі – 2019 жылы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай шыққан 20 томдық жинақ. Мұхтар Әуезовтің асыл тұяғы Мұрат ағамыздың ақ батасымен шыққан бұл еңбектердің мамандарға көрсетер қызметі шексіз деп ойлаймыз. Орталықта еңбек еткен жылдары өз басымыз монография, оқулық, оқу-құралымен бірге көзкөргендердің (73 адам) естелігін жиыстырып, «Аңызға бергісіз ғұмыр» (көлемі – 583 бет) жинағын дайындап, шығардық. 1928-2019 жылдар аралығында мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалардың (202 мақала) басын жинақтап, «Дария кеуде, тау мүсін» (көлемі – 643 бет), «Ілияс тағы­лымы» (көлемі – 567 бет), «Ілиястану ілім­дері» (көлемі – 471 бет) атты үш кітап шығардық. Бұл төрт жинақ­ты құрастырып, шығарудағы мақса­ты­мыз: Ілиястың өмірі, ортасы, ­отбасы, шығармашылығы жайлы мате­риалдардың басын бір жерге жинақтау болды. Енді негізгі мәселеге көшейік. Гүлзия ханым, сіз «Асылдарымыздың сөзіне абай болайық» атты мақалаңыздың басында: «Қолымызға ойда-жоқта «Аңызға бергісіз ғұмыр» деген (Ілияс Жансүгіров ­туралы естеліктер. Құраст.: Ш.Қыяхметова. – Талдықорған, 2002. – 533 б.) жинақ түсті. Ілияс Жан­сүгіровтің 125 жылдығына орай шыққан деген мәліметті қоса бересіз. Осында «Құлагердей тұлпар еді» деген атпен Мұхтар Әуезовтің естелік мақаласы берілген» дейсіз.

Біріншіден, Сіз сөз етіп отырған Мұхтар Әуезовтің «Құлагердей тұлпар еді» мақаласы алғаш рет 2007 жылы жарық көрген естеліктер жинағында жарияланған. Сіз 2002 жыл деп қате көрсетіп отырсыз. Бұл мақала естелік болма­ғандықтан, «Дария кеуде, тау мүсін» атты Ілияс шығармашылығы жайлы мақалалар жинағына ауыстырылды. Біздің көңі­лімізде «2007 жылы шыққан естеліктер жинағын да қолына ұстап көрмеген-ау» деген күдік ұялап тұр. Екіншіден, «Ғылыми этикет ­бойынша барлық мақала қай еңбектен алынғаны жөнінде сілтеме берілуі керек еді, ол мұнда жоқ» деп жазасыз. «Аңызға бергісіз ғұмыр» естеліктер жинағының (2007) 517-523-беттерінде қай мақала қай басылымнан алынғаны жайлы мәліметтер ұсынылған. 520-бетте «Мұхтар Әуезовтің «Құлагердей тұлпар еді» мақаласы 1994 жылы Сәрсенбі Дәуітұлының құрастыруымен шыққан «Азамат ақын» кітабынан алынды» деген түсініктеме берілген. Шамасы, соңғы беттерді ашып оқымағансыз. Үшіншіден, жинақтың алғы­сөзінде: «Қуандық Шөкеновтің «Біздің Ілияс», Мұратбек Иманғазинов­тың «Жан қайығын жарға ұрдым», Сәрсенбі Дәуітұлының «Азамат ақын» атты естелік жинақтардағы материалдар жүйеленіп пайдаланылды. Мұндай құнды дүниелерді жазғаны үшін ол кісілерге алғысымыз шексіз. Ал біз осы жинақтарға енбей қалған естеліктерді қосып, бұрынғы материалдарды бір желіге түсіріп, естелік иелерінің деректерін нақтылап, ғылыми тұрғыда зерделеп, орнын, ретін белгіледік» деп айтып өттік. Сонымен, сөз болып отырған ­ма­қала «Азамат ақын». (Ілияс ­Жансү­гіров туралы естеліктер //Құрастырған: Сәрсенбі Дәуітұлы. – Алматы: Жазушы,1994. – 192 бет.) кітабынан алынды. Редакторы – Шәймерден Әлдибекұлы, пікір жазған – Оразбек Сәрсенбаев сынды танымал азаматтар. Сәрсенбі Дәуітұлы – ақын, ғалым, филология ғылымының док­­торы, ірі зерттеулер мен бірнеше ­мо­нографияның авторы, «Төле би», «Диуани хикмет» (М.Жармұха­медовпен бірге), «Абылай хан», «Бәйдібек баба», «Райымбек», «Сары бәйбіше», «Домалақ ана», «Азамат ақын» және т.б. кітаптарды құрастырушы. Сәрсенбі Дәуітұлы «Азамат ақын» (1994) жинағын шығарған жылдары (1975-1998) Әдебиет және өнер ­институтында (қазір сіз қызмет істеп отырған жер) аға ғылыми қызметкер болған. Нағыз ғылыми ортада, ­танымал ғалымдардың ақ батасымен құрастырылып шыққан жинақ екендігін айтқымыз келіп отыр. «Азамат ақын» жинағында (13-23-беттер) «Құлагердей тұлпар еді» мақаласы Мұхтар Әуезовтің автор­лығымен берілген. Соңғы беттегі маз­мұнында да автор ретінде Мұхтар Әуезовтің аты-жөні тұр. Мәтін сіз айтып отырған алғашқы абзацпен басталады, абзац біткеннен кейін үш жұлдызша қойылған, содан кейін М.Әуезовтің «Евгений Онегиннің» қазақшасы ­туралы» мақаласы ұсынылады. Біздің тарапымыздан мақала мазмұнына және орфография­сына ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Ерінбесеңіз, екі мәтінді салыс­тырып көріңіз. Дәл сол қалпында ұсындық. Ден қойып оқыған және кітап соңында берілген түсініктемемен танысқан және М.Әуезовтің ғылыми еңбектерімен таныс адамдарға бәрі айдан анық. Төртіншіден, «М.Әуезовтің ­«Евгений Онегиннің» қазақшасы ­туралы» деп аталатын мақаласының алғашқы абзацының қайдан алынғаны белгісіз. Бұл қандай қажеттіліктен туды?! Жазбағанды жазды деп жалған сөйлеу салмақты да іргелі еңбекке жараса қояр ма екен?!» деп кінә тағасыз. Бірінші абзац та М.Әуезовтің пікірі екендігін сіздің (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторының) білмегеніңізге таңым бар. М.Әуезовтің «Қайта туған халық әдебиеті» атты мақаласынан қиылып алынғандығын қалай білмедіңіз? Қазақстанның 40 жылдық мерекесіне арналып жазылған бұл мақала алғаш «Советтік Қазақстан ғылымы (1920-1960)» жинағында жарық көрді. Жазушының 12 томдық шығармалар жинағының ­12-томында (Алматы: Жазушы, 1969.475-493-бб.), жиырма томдық шығармалар жинағының 20- томында (Алматы: ­Жазушы, 1985.426-446-бб бб) 50 томдық толық жинағының 40-томында (Алматы: Жібек жолы баспа үйі, 2014. 108-126-бб.) басылған. Бұл мақаламен таныс емес екен­дігіңіз мені таңғалдырып отыр! Сіз, Әуезовтің өзіне тіл тигізіп отыр­ға­ныңызды сезесіз бе? Бұл сіздің Әуезов­тің жазу стилімен таныс емес екен­дігіңізді көрсетеді. Сәрсенбі Дәуітұлы алғашқы абзацты қосқанда кейбір ғалымдардың жазушының стилін ажырата алмайтындығын ескермеген болу керек. Бесіншіден, «Мұхтар Әуезовтей ұлы тұлғаның мағынасы мен мәні терең ғылыми ой-пікірлерін өз қалауларыңызбен өзгертіп, қасиетінен айырдыңыздар» деп істің мән-жайына бармай, қызбаланасыз. «Авторлық құқық ­деген абыройлы іске қол сұғуға және ұлы жазушының өз қолымен жазған, Ілиястың аудармасына шын риза болып берген биік бағасына өз білгендерімен билік жүргізуге, әр жерден жұлмалап жамау жасауға кім рұқсат берді?! Әуезовтің аруағын сыйлау, авторға деген құрмет қайда?!» деген сұрағыңыздың жауабын Сәрсенбі Дәуітұлынан аларсыз. Ғалым ағамыздың Мұхтардай ұлы тұлғаға қиянат жасайын, жасадым-ау деген ешқандай ойы да, мақсаты да болмағандығына сенімдіміз. Мұхтар Әуезовтің Ілияс поэмаларына берген биік бағасын мақаланың басында кіріспе ретінде беріп, мақала атауы неге өзгертілгендігін байыптылықпен түсіндіріп берер деген ойдамыз. Алтыншыдан, мақаланың сауат­тылығына байланысты айтқан пікірлеріңізге тоқталайын. «Дүлдүл» сөзін дұрыс жаза алмайтын («дүлділ» деп жазғансыз) ғалымның басқа жұртқа ақылсынуы әдепсіздік деп ойлаймын. Газет редакциясына жіберер кезде тағы бір оқып, жіберген қателеріңізді түзеп шықпадыңыз ба? Жетіншіден, «Ілияс Жансүгіров. Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала ­хикаялары» (И.Жансугиров: ­Документы, письма, дневники ­(1920-1964 гг.) В 2-х частях. – Алматы: Үш қиян, 2006. стр.592. ­Составители: С.И.Боранбаева (ответсвенный), А.Абиласанулы, А.А.Мұқанова, К.И.Сопибекова, Н.В.Чаушанская.) атты жинаққа байланысты үстірт пікірлеріңіздің маған қатысы болмағандықтан, жауапты басқа жақтан тосқандарыңыз дұрыс. Істің байыбына бармай, байбалам салып, Ілияс айтқандай «бұрқ-сарқ құсып», осы мақаланы жазудағы мақсатыңыз не еді? Әуезовке ­деген жанашырлық па, әлде осындай әрекетпен өзіңізге назар аударту ма? Біздің жазықты болып отырға­нымыз, сіз айтқандай аталмыш мақа­ланы «қиянат жасамай, авторлық құқықты белден баспай», бар өмірін қазақ әдебиетін өркендетуге арнаған ғалым ағамыз Сәрсенбі Дәуітұлының «неге бұлай» деп, жағасына жармаспай, оқырмандардың зерделілігіне сеніп, мақаланы сол қалпында ұсынуымыз. Гүлзия әріптес, сіз де айтар сөзіңізге абай болғаныңыз дұрыс. Сөз соңында айтарымыз, қазақ әдебиеттану ғылымында әлі де болса жетістіктерге жете беруіңізге тілек­теспін. Жақсы күндерде жолығайық.

Шара ҚЫЯХМЕТОВА, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

1463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы