• Әдебиет
  • 11 Наурыз, 2020

ҚАЙШЫЛАСҚАН ДҮНИЕ – ЖҮРЕГІМДЕ

Нұрлан ОРАЗАЛИН Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Өзіңді өзің күзет...» Абай.

Құлаққа сыбырлады таянып Ай: «Дүние өзгерген жоқ, баяғыдай!..» Деді де ұзады үнсіз құбылаға. «Өзгерген мен ғана ма? Ая, Құдай!»

Ғарышта... Сірә, көктем? Сірә, қыс па?! Құс-көңіл, асықпағын... Жырақ ұшпа! Арасы Жер мен Көктің қас-қағым сәт, тоқтау жоқ тірлік атты ұлы ағыста.

Ақ толқын... Асау теңіз... Кетер алып... Басыңнан бақ пен дәулет өтер анық. Хан да өтер, қара да өтер... Мәңгі ешкім жоқ. Жырынды, жылмақай да, өтер Алып.

Ұлы да, әулие де, ұры да өтер. Ақ толқын... Асау ағыс түріп өтер. Тәртібін бұл жалғанның бұзар күш жоқ, Келген – шат... Ал кеткеннің? Сұры кетер! (Пендеңнің бірі келіп, бірі кетер).

Құлаққа сыбырлады таянып Ай: «Жер мен Көк өзгерген жоқ... Баяғыдай!..» Деді де ұясына батты барып. «Өзгерген құл пендеңді... Ая, Құдай!..»

ЕКШЕУ

Алай-дүлей замананың көшкіні, теңселтуде ессізді де естіні... Бір дәуір кеп қағып жатыр қақпамды, електейтін жаңа менен ескіні.

Мың сан аруақ кезіп-шарлап көк төсін, Ғалам ұлы түгендеуде тектесін. Екшелуде алты құрлық тағдыры, ақылға сап жеткені мен жетпесін.

Ғасырлардың ойрандалған от-көшін, жіпке тізіп махаббатын, өкпесін, екшелуде алыс-жақын бар ғалам... (Артық айтсам... Жаратушы сөкпесін)

Сен де, пендем, екше сөз бен үніңді! Екшемеуден жердің беті бүлінді. Екшемеуден өрт оранып дәуірлер, Ұлы-байтақ қанжоса боп тілінді!

Білмейтіндер тізгін алса – біткені, Ібілістің жүзеге асар күткені. Бәрінен де білмейтіндер қатерлі, қою үшін асығатын нүктені!

Екшемеуден: киіп темір сауытты, Соғыс салып, ел менен ел жауықты. Мен қорқамын екшеу білмейтіндерден. Сақтаныңдар! Солар... Солар... Қауіпті!

ПЕНДЕМІН – МЕН!

Жұмырбаспын... Өзіңдей пендемін мен, көнбегенім – көп іште, көнгенімнен. Соны ойласам, тамырым солқылдайды, сенбегенім – көп іште, сенгенімнен.

Білем, сәуле қонақтап төрге түнде, ғаламды ұлы Күн нұры тербетуде. Ой-сананы індетіп ібіліс-ой, азаюда кісілік жер бетінде.

Үнсіз құлақ түреміз не бір үнге, мүжілуде тау мен тас, темірің де. Сайтан билеп алғандай жүректерді, көнер емес қорқау да, жебірің де.

Жаздағы сөз, жаңғырып көктемгі ойың, жаралайды жүректі өктем кей үн. Күннің нұрын... Тұмшалар түннің көзін көлеңкелер көбейіп кеткендейін.

Алты құрлық айдыны – керіс кілең, Сөзі... Ісі... Пендеңнің теріс білем... Көбеюде күн санап көнбейтіндер, сенбейтіндер өріп жүр жер үстімен.

Ағара ма? Дүние көгере ме? Қуара ма? Құдірет шөгере ме? Шырылдаған балаға бесіктегі не береміз, апыр-ай, немереге?!

Ей, жұмырбас! Өзіңдей пендемін мен... Көнбегенім – көп іште, көнгенімнен. Өртімді де, дертімді жырға салдым сенбегенім көбейіп сенгенімнен...

Пендемін – мен!..

*** Қыр басында қара бұлт түйілген, сағағынан домбыраның күй ілген Құбылаға барады ұзап Қиық Ай ескі орақтың жүзіндей боп иілген.

Қарауылдап жазық пенен еңісін, қар жамылған бұлдырап тұр өлі шың. Аспантаудың баурайында – бір сарын баурап алып бара жатыр ел ішін.

Күнге ғашық, түнге ғашық бір адам, Өлең қашап, сөзден ұйқас құраған, қара түнде жалғыз отыр қарайып, қалың елін қабағымен сұраған.

Жалғыз жанның жанарында – қара аспан, қара бұлт ұбап-шұбап тарасқан. Жүрегінде – қайшыласқан дүние, дәуірлермен бері асқанда, әрі асқан.

Ауған бұлт түс секілді... Қара, әні! Қалың киік дүбірлетіп даланы, Ғалам-бесік... Заман көшіп өткендей, ой-сананы езіп-жаншып барады.

Әр жыра, сай – табиғаттың тізгені, уақыттың мың-мың жылдық іздері. Сілкитіндей, жұлқитындай жүрегін бір дәуірдің долы мінез күз желі...

*** Көзсіз Тағдыр! Шайқап тірлік кемесін, қалмай бірге келесің. Күресумен... Тіресумен өтті өмір, алыстатып боз жылдардың елесін.

Айлар сусып, тұрақтамай көп есте, көтерілдік белеске. Топқа салдың... Отқа салдың аямай, көрдік бәрін мәңгі майдан – егесте.

Көңіл шіркін көтеріліп, басылды, Көрдік талай асылды. Арман қашты, ағараңдап аспанда Ай, жетегіне ап екі бірдей ғасырды.

Жеткізбеді... Өңім түгіл, түсімде... (Іштегі әлде кісім бе?) Бір үн жетті... Дүрілдетті құр асау, тұяғымен жер тарпыды ішімде.

Дүниенің ағы менен қарасын алып қашып барасың... Аласұрып жыр жазғаным бекер ме, жалғамақ боп алты құрлық арасын?!

Тұрғандаймын таудың қабақ-орында, қара кісі шақырып жүр қорымға. Тыпырлайды тұтқыны боп қу жүрек қалың ойдың торында.

Тұрғандаймын таудың биік орында...

*** Жаратушым! Ақыл қос... Не демекпін?! Кезетіндей көгімді ебелек-мұң. Кеудем – қара көріктей от үрлеген, Ал жүрегім? Кейпінде көбелектің.

Қамалғандай ішіне жер төленің, аласұрып, бейуақыт өртенемін. Сөзім – құрау... Іс – шолақ... Ақыл – арзан... Не демекпін сұраса ертең елім?!

Жасырмаймын: Ой – асау... Төзім үнсіз... Қорқаулардан қорқамын көзі – мұңсыз. Аспан астын кезердей қалың үрей, сескенемін дәуірден сөзі құнсыз. Төзім үнсіз!..

ЖЕР ТӘРТІБІ

Ей, Пәнәуи! Мұңды адам! Байқаймысың? Сені ұмытты бұл ғалам. Сені ұмытты... Ұмытқандай кешегі батырларын дар алдында қыңбаған. Мұңайып тұр мұнарлы шың, қара шың, жалғап үнсіз тау мен көктің арасын. Сені ұмытты! Ұмытқандай мына жұрт онсан мықты, жүйрігі мен дарасын. Сені ұмытты! Сені ұмытты! Не дейсің? Заман басқа. Адам басқа. Өгейсің! Жалғыздықпен оңаша қап алысып, Өзіңді-өзің жебейсің! Өзіңді-өзің демейсің! Өгейсің! Ақша қуған, Мәнсап буған дәуірге... Не дейсің?! Қарап үнсіз намысыңды егейсің. Егейсің де... Өзіңді-өзің жебейсің! Әй, Дүние-ай! Көкқасқа! Күресуден, амал енді жоқ басқа. Шабысу да, Табысу да – ерге сын. Дауласу да, Жауласу да – ерге сын. Тәнің – жерге, Жаның – көкке кеткенше... Ей, Пәнәуи! Күресесің айналғанша көк тасқа. Жер тәртібі! Көнесің... Амал, айлаң жоқ басқа! Әй, Дүние-ай! Әй, Дүние-ай! Көкқасқа!

ТҮНГІ САРЫН

«Жаңаның түбі – көне» Өтейбойдақ.

Көк пен жердің арасында бір – ойым. Көк пен жердің арасында – «бір ойын»... Заман – құйын... Ғалам – қиын... Тынымсыз... Кімге сеніп, Кіммен бірге жүрейін?!

Әр қадамым, әр жүрісім күмәнді, сейілтер күш бар ма мына тұманды?! Дәуірлердің қойнауынан қол созып, тіл қатардай Құланды мен Бұланды.

«Өлең – патша...» Өмір үшін жырым – бек!.. Өтті дәуір... Онсан ғасыр дүрілдеп. «Бекемде» деп, «тамырыңды бекіт!» деп, көктен алыс сыбырлайды бір үн кеп.

Ой мен қырды бұлт басардай анталап, Көктің көзі кеткендейін «қанталап». Арсыздыққа жерік болған мына әлем Ақыл Ойға көнер емес... Зәнталақ!

Қиялымда – өткендер мен кеткендер, «Ұрпағым» деп азап, қайғы шеккендер. Екі дүние арбасуда ішімде: Батыс... Шығыс... Арбасуда Көк пен Жер...

Көк мұхиттың ар жағында – «бір ойын», Көк мұхиттың бер жағында – «бір ойым»... Теңселуде буырқанып көк айдын, желкенімді қай жағаға тірейін?!.

Қалтыратып тау мен тасты, даланы, мұңайып қыр, түнгі сарын тарады. Заман – құйын... Ғалам – қиын... Жер – Кеме... Айтыңдаршы! Қайда кетіп барады?!

КӨКТІҢ ҮНІ немесе ЖАМАН ТҮС

Түс көрдім мен... Жаман... Сұмдық! Сенбедім... Түссіз өтер біздің жаста кем бе күн?! Жұмыр жерді доп қып тепкен жұлынып, түсімде бір кейпін көрдім пенденің.

Деп жүретін адам еді: «Досыңмын», тіл күрмелді, тани алмай тосылдым. Иығына сайтан қонып алғандай... Зәнталақтың қимылынан шошындым.

Қайғы кешкен Құдіреттің саяғы-ай! Қоңсыласын жылады үнсіз аяп Ай. Ібілістің кейпіне еніп әлгі адам, қара жерді қуды келіп аямай.

Кең дүние бесігінде тербелмей, буды келіп жүректі бір шерменде-ой. Қара найсап қара жерді тепті кеп, аямастан, ата жауын көргендей.

Көшті бұлт, сора-сора жас тамды, Көк жүзінде бір алапат басталды. Ғарыш ұлы стадиондай дүркіреп, мың сан дауыс қиқулатты аспанды. «Сақта, Құдай! Сақта! Сақта!» дедім мен, үнін естіп періштенің егілген. Ібілістің күлкісіндей бір күлкі сылқ-сылқ етіп жетті көктен сөгілген.

Шерге баттым... Қайғы кештім... Мұңайдым... Болады деп ойлап еді бұлай кім?! Обыр көрдім... Жебір көрдім түсімде... Үрей көрдім... Көзін көрдім Құдайдың.

Кешір, Тәңір! Көшті ғалам, көшті мұң. Көрдім жердің мылжа-мылжа кескінін. «Жұмақ бердім... Тамұқ еткен – өздерің!» Деген қатал Көктің Үнін естідім...

Естідім де, ақ жауынға боялдым... Артым – құз, жар. Қара тұман... Ой – алдым... Жұмыр жерді жараланған түсімде құшып жатып, өксіп жатып ояндым.

ЖАҒАЛАУ

Қоштасу қалай қиын-ды, жаншып тұр бір ой миымды; барады қалып жағалау, толқытып көңіл-құйынды. Көк таулар үнсіз, жоқ ешкім. Көшеді көкпен көмескі үн. Дос та жоқ, қас та – жалғызбын, кейпінде тұрмын елестің.

Көк аспан – жым-жырт... Күй тұнған... Жаралған сынды сиқырдан, Табиғат-Ана жатқандай оятып мені ұйқымнан.

Арбауына еріп тылсымның, айдынға қарап күрсіндім. Жүрегім – асау ақ толқын, естідім үнін дүрсілдің.

Шағала құстай көлбедім, теңізде тұрып шөлдедім. Өзім таңдаған тағдыр ғой... Тағайын несін елге мін?!

Бұлдырап жылдар белесі, көңілде – көктем елесі... Жағада қалып бір дәуір, барады өмір кемесі...

Барады ұзап алыстап Жас дәурен, жасыл таныс бақ. Барады қалып жағалау, Көкжиек... Үнсіз ғарыш жақ.

*** «Ішім – жалын, сыртым – мұз...» Аңыраған құндақпын, жаным – көктем, сұрқым – күз, өзіме-өзім жұмбақпын.

Заман – дүлей, жыршы-ағын, бұлан-талан көшеді, көкіректе – бір сарын, бір суық жел еседі.

Асау өмір сағымдай, көнер емес ырқыма; ақыл-ойға бағынбай, бұлқынады жыр-тұма.

Қара күздің өкпегі, қарашаның суығы-ай!.. Қара бұлтты көктегі, бара жатыр қуып Ай.

Жаным – көктем, сұрқым – күз, аңыраған құндақпын. «Ішім – жалын, сыртым – мұз...» Өзіме-өзім жұмбақпын...

*** Кінәрат бар ма ісімде, анығын айтшы, ботам-ай?! Кетіскен доспен түсімде келісіп жүрмін... О, Тоба-ай?!

Жәудіреп аспан көздейін, ашылды келіп кенеттен; күлкісі таза кездейін, өтті өмір өзге електен.

Құбылған ғалам алыстап, өзгерткен сынды түр-түсін; той тойлап жатты таныс бақ, ақтарып әнмен жұрт ішін.

Қарағай... Қайың... Тастар да... Күй тербеп көлдер бесінде. Жүрген жандаймын аспанда, жеті қат көктің төсінде.

Бар ма еді кінә ісімде, анығын айтшы, ботам-ай?! Кетіскен доспен түсімде табысып жүрмін... О, Тоба-ай?!

*** Күйіп-жанып келемін, құшағында бір оттың; жазылуда өлеңім өртіменен жүректің.

Күй мен сөзге іш толып, нұр төгіліп түңдіктен; көлдеріме құс қонып, тауларыма тіл біткен.

Жасын тілеп, тауды асқам, арман іздеп бөктерден; қалам ұстап, әу бастан отсыз жырды жек көргем.

Ойым... Санам... Тынымсыз... Жыр іздегем қыс, қардан; сарыала таң, түн үнсіз, іздеп күнім қысқарған.

Көктем туып, жылғалар дем берген жер жүзіне, тіліп көкті тырналар тіл бітірген күзіме.

Күй тербеген көк түнім, күтіп үміт таңдардан. Өтті уақыт... Өтті күн... Қыр басында қалды арман...

Өртіменен жүректің үзіп түннің көгенін; құшағында бір оттың, өлмеу үшін өлеңім... Күйіп-жанып келемін!

ҚОЗҒАЛЫС

Қатем жоқ демен... Пендемін! Пендемін сатқан еңбегін: Бірде ұтып, бірде ұтылып, өмірдің жүгін теңдедім.

Қуандым, неше өкіндім, жұбандым, неше бекіндім. Құладым... Тұрдым... Сілкініп «Еңбек» деп жүріп, жетілдім.

Сырына сүңгіп жер-көктің, Ойменен түнді тербеттім; дүлейі қалың ортаның сүлейі болып ер жеттім.

Тізгіндеп сөзді, шырағым, шабыттың мініп пырағын, тілдесіп түнде көкпенен Тәңірден Өлең сұрадым.

Сұраумен жылдар озды алыс, атылды Айға Сөз-Барыс, Уақытпен бірге ұшты алға, тамырдағы ыстық қозғалыс. Қозғалыстамын... Пендемін! Пендемін сатқан еңбегін... Көтеріп мені келеді Көктегім менен Жердегім!

ХАҚ ЖЫРЫ

Сынаушы да, мінеуші де, ақ кездігін білеуші де, қилы-қиын күн туса егер, іреуші де, тілеуші де;

күлуші де, жылаушы да, көздің жасын бұлаушы да, азары бар, безері жоқ, отқа түсіп, құлаушы да;

көрік үрлеп, бұраушы да, намыс буып, сұраушы да, бір-бірімен шаужайласып, жоқты-барды құраушы да;

еміндіріп мақтаушы да, сөгілдіріп даттаушы да, азаматын отқа салып, төгілдіріп ақтаушы да;

алыс кетсе сағынатын, жақын жүрсе жабылатын, тіршілікте іздемейтін, жаназада табылатын;

жығылғанды тұрғызатын, тұрғызып ап, ұрғызатын, Хақтың атын айтып тұрып, Хақ жолынан бұрғызатын... Әттең! Әттең! Өзіміз!.. *** Сұрақ – жауапсыз... Білмеймін! Өзімді-өзім жүндеймін. Мұңым ба? Мұңым – қара түн. Айтуды бірақ «мін» деймін.

Сырым көп... Шашпан өзгеге... Мұнымды бекер сөз деме; сенісер болсаң – досыңмын, ұқсата көрме кезбеге.

Естігің келсе анығын, ақындық – осы қалыбым; намыс дейтұғын қайрақпен жүректі күнде жаныдым.

Жанып келемін сөзімді, жанып келемін өзімді; жауапсыз сұрақ көбейіп, салуда отқа төзімді.

Жауапсыз жылдар көшуде, тамшыдай тасты тесуде... Тәңірім берген бір өмір жетер ме бәрін шешуге?!

Жетер ме?... Өмір көшуде...

*** Кейпінен мына ортаның: Көңілім – орта... Ортамын! Теңіздей жатқан аунақшып, Тағдырдан тілсіз қорқамын!

Дәруіш емен... Кезбе емен... Өз ойым, Сөзім, Өз денем... Жүрісім осы, тұрысым, Адаммын берген сөзге дем.

Қуардым... Рас, шер кештім... Мұңайдым... Рас, селбестім... Жеңілдім бірақ демеймін, Жеңілмеу үшін белдестім.

Жасырман, кетті көп есем, күйреуік бірақ деме сен. Дос болып келсең – құшақпын, Қас болып келсең – егесем.

Балама сауыт кигізбей, жағама қолды тигізбей, өртеніп-жанып жыр жаздым, жүрегімдегі күйді үзбей.

Мінезін көріп ортаның: Көңілім – орта... Ортамын! Пендеден емес жауласқан, Тағдырдан тілсіз қорқамын.

*** Өшіреді, Құдірет өсіреді... Дәм біткен күн келмеске көшіреді. Күнәң болса?! Тағдырың – таразыда. Кінәң болса... Жалбарын! Кешіреді.

Серік етіп сергелдең – көз ермекті, Елін жырмен аялар сөзі өрнекті. Қара жердің бетінде – қалың қорым, Рухы мықтылардың кезер көкті.

Біз білгелі салты – бұл баяғының: Басы – шаттық, өмірдің аяғы – мұң. Талбесігің жалғасар жер-бесікке. Дүниенің нүктесі – саяқ үнің.

Үздіктіріп, үздігіп, «шыр айналар», кескіні дүниенің шырайланар. Көкте – шырақ... Аспанда – Ай... Жерде – сағым... Ақыры тіршіліктің ылайланар.

Өсіреді... Құдірет өшіреді... Құл пендесін «келмеске» көшіреді. Күнәң болса – Тағдырың «қыл көпірде»?! Кінәң болса... Жалбарын! Кешіреді...

1228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы