• Әдебиет
  • 11 Наурыз, 2020

Қарлығаш-қарындас

Ел аузында «Қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген салиқалы теңеу бар. ­­Былай бажайлап қарасаң, айтуға оңай ауызекі сөз сияқты көрінгенімен, екінің біріне бағыттала бермейтін салмақты, мағыналы, жүйелі пайым. Өйткені біздің түсінігімізде қарлығаш адамның жанашыры, досы, қамқоршы құс саналады. Өзі жұдырықтай ғана болғанымен, адамзатқа, қоғамға келтірер пайдасы да таудай. Керек десеңіз, қарлығашты әдеміліктің, сырбаздықтың символы ретінде көретініміз бар. 

Мен Айкүміс Досанова қарында­сым­­­ды көргенде осы тұжырым ойыма еріксіз оралады. Ол кісі табанды еңбе­гі­мен, іс-тәжірибесімен, жаңашыл­ды­ғымен, білімі­мен мұқым Маңғыстау облысы мен Түпқа­раған ауданының жұртшылығына кеңінен таныс. Қай іске де қарлығаштай ­шырылдап, жаны ашып жүргені. Өте сезімтал. Басына қайғы түскен пендемен бар жан дүниесімен күйзеліп қиналады, қуанышы болса аста-төк қуанады. Адамдарға етене жақын. Сондықтан ­болар, әу бастан-ақ, өңірдің ер мінезді қызы ­атанып, байсалды да бауырмал болмысымен, жайдары да жарқын мінезімен қадірі артты. Қамбасы шежіре, көкірегі ояу шуақты адам. Кейде оның келбетіне қарап тұрып: «Қасың бар қанатындай қарлығаштың, Болсайшы бәрі сендей қарындастың» деген қара өлең жолдары еске түседі. Айкүміс іскер басшы, қадірменді ұстаз болуымен қатар, табиғи дарыны бар ақын, талантты сазгер. Жырлары елдің рухани қазынасына айналғалы қашан. Көптеген әндерге сөз құрастырып, 40-тан аса сазды әуен жазған өнер иесі. Шаршы топтың көркі. Шешіліп те, көсіліп те сөйлегенде сөздің шырайын келтіреді. Ел азаматтарына арнаған көсемсөздерді түйдек-түйдегімен лақтырып, келісті етіп, санаңа сәуле шашқандай құйып жіберген құнарлы ойлары әлеуметтік желіде жарияланып тұрады. Бірде, «Сабақты ине сәтімен» болып, жүзбе-жүз жылы шырайлы кездесу кезінде әзіл-шыны аралас: «Ауданда әкім інілерім арасында жиі ауыс-түйіс болып жатады. Бірі бағы жанып облысқа үлкен қызметке кетсе, екіншісі шаруашылық тізгінін ұстаған басшылыққа тағайындалады. Кейде оларға көңілім толмай, жабырқаған сәтте кабинетіме кіремін де, есігімді тарс жауып, жан серігім қаламымды қолыма алып жыр жазамын. Өмір мынау – майдан екен найзалы, Өмір мынау – күрес екен айлалы. Жығылдым да, түйрелдім де, өлмедім, Толу үшін, болу үшін пайдалы, – деп ақын жырлағандай, талант киесі шабытымды шақырып, қасиетті жырдан жан-жарамды емдеп, шарқ ұрып аласұрып жабырқаған көңілімді сабасына түсіремін» деп ойын еш бүкпесіз ақтарып салғаны бар. «Тақыр жерге шөп шықпайды» демекші, Айкүмістің бойына осыншама буырқанған талант жайдан-жай біте салған жоқ. Оның өзіндік сыры бар. Каспий жағасын жағалай қоныстанған «Қызылөзен», «Ақшұқыр», «Форт Шевченко» ауылдарымен кіндігі тікелей байлаулы болғандықтан, сонау «есуас» балғын бала шағынан бастап балықшылар қайығын, кемесін теңіз айдынына шығарып салып, қарсы алып дағдыланғандықтан теңізбен егіз дүниедей етене бірігіп кеткендіктен де шығар. Мектеп қабырғасында шашына ақ бантик байлаған оқушы кезінде Маңғыстау түбегіндегі ауданаралық өнер жарыстарының додасына түсіп, бағын сынаған кездері. Махамбет Өтемісұлының термелері мен Ж.Жабаевтың туындыларын сәтті орындап, көрерменге ұсынды. Талай жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Есейе келе сол бұлқынған талантының арқасында дүниеге талай құнды көркем туындыларды әкелді. Негізі, «халық даналығы» деген таусылмас кен-қазына дейтініміз рас-ау. Мәселен, «Өнегелі елден өнерлі ұрпақ туады» деген тәмсіл қалай ғана дөп тауып айтылған дерсің. Біздің кейіпкеріміз де өнерлі елдің ішіндегі құдайым өнер дарытқан әулеттен шыққан. Қазақ ежелден қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті ­бойына сіңірген халық қой. Ендеше, осындай ұлы өнерден қуат алған халықтан тараған ұрпақ қалай ғана дарынды болмасын. Егер Айкүмістің арғы тегіне тереңірек үңілер болсақ, Досан атасы өнердің өресі, нағыз шыңы саналатын құсбегі болған. Қыран баптап, тазы жүгірткен қасиет қонған кісі екен. Ал інісі Жұбан атбегілікпен айналысып, бәйгеге сәйгүлік салған. Одан қалды, Жұбан ақсақалдың атбегілік қырынан басқа, ортаны тәтті әңгімесімен шыр үйіріп әкететін қабілеті де бар екен. Әңгіменің майын тамызып қана қоймай, айналасын қыран-топан күлкіге кенелтетін көрінеді. Сол қылығына сай жұрт оған «әртіс» деп ат қойған деседі. Жұбаннан кейін өмірге келген ­бауыры Әбдіғали еркін дауыста кеуде кере құйқылжыта ән салған. Композитор Ілия Жақановша айтсақ: «…Әрбір салар әнін үкідей үлпілдетіп, мәпелеп, ойлы жүрекпен ұсынатын» болған. Айкүмістің анасы Әлия да қара жаяу емес, өнерден кенде қалмаған. Көмейіне бұлбұл ұялаған, тамылжыта салған әні тыңдарманын тәнті етсе, нағашысы Өмір Жүсіпов пен кіндік ағасы Аманқос атақты дәулескер күйші, домбыраның құлағында ойнаған өнер тарландары. «Аруақты жердің баласы келсе ат үркеді» деген бар. Осындай өнер қонған, құт дарыған, талантты тұқымнан шыққан Айкүміс қалай өнерден кенже қалсын? Жыр киесі бар екені анық. Тіршілікте адам түсінбейтін тылсым дүние көп қой. Сондай дүниенің бірі – дәл осы кие. Кие ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қасиет деп те жатамыз. Ақындық өнердің киесі, сөз жоқ – тәңір тартуы. Оның өне бойындағы таланттың тасқыны мен шығармашылық қуаты астаса келе сезім мен сырға толы өлең құдіретінің әсемдік әлеміне алып келеді. Сол арқылы жарқырап көрінді. Ақындық пен сөз өнеріне бет бұрып, қолына қаламды серік етуінің де өзіндік сыры бар. Ол былай болған еді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» ­деген қағидаға берік ел болғандықтан, кешегі ғазауат кезең Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан шебінде оққа ұшып, сүйегі Ресейдің Смоленскі жерінде қалған ағасы Әбдіғалидің бейіті табылған ­хабарды ести салысымен қазақы жоралғыға сай туған жердің бір уыс топырағын апарып, Құран оқытып, дұға бағыштап қайтқан сәттен бастап, біртүрлі тылсым күй кеше бастады. Құлағының түбі шыңылдап, ызыңдаған, ысқырған сынды беймәлім дыбыстар естіліп сазға ұласқандай болады. Аяқ астынан пайда болған тылсым күш ешкімге дес бермей өзімен-өзі ­арпалысты. Оның үстіне түнімен ұйықтай алмайтын жағдайға жетті. Соның салдарынан басы ­ауырып мең-зең болып, жайсыз күйге түсетін. Бір күні әбден шалдығып, қалжырап, талықсып барып ұйқыға кеткен тұста мынадай түс көреді: «Аста-төк ас мәзіріне толы үлкен тойда жүр екен. Дастарқан басында оған тоқпан жіліктің кішкентай жағы ұсынылады. Тым кішілеу екен деп көңілі толмаған ол жіліктің ішіне үңілсе майы толып тұр екен». Ұйқыдан оянып тұрған соң, «Түсіме кірген не несібе екен» деп тебіреніп, ұзақ ойдың ­шырмауында жүрді. Осы қасиетті жер, батырдың аруағы оның шабытын оятты. «Орыс жері Қалың орман арасы. Көрінбеді-ау алғы шептің қарасы. Жау ортасы, оқ пен оттың ішінде. Өмір-өлім, қас пен көздің арасы» деп жыр жолдарынан өрілген «Боздақтың әні» атты туынды өмірге келді. Смоленскіден елге оралған соң да көпке дейін мазасызданып, дегбірі қашты. Ызыңдаған саз үні құлағынан кетпей ішкі дүниесі алай-дүлей болатын. Еш амалы қалмағандықтан, теңіз жағасына барып, жағаға соғылған толқындарға қарап отыратын. Тұла бойындағы жанартау ­болып ­жиналып қалған өнері оны осылайша азапқа салды. Буырқанған толқыныс салмақты да сазды әндерді дүниеге әкелуге септігін тигізді. Айталық, «Қызыл өзен» (сөзі мен музыкасы А.Досанова), «Ақ кетік»(сөзі Ф.Оңғарсынова), «Ақшұқырым, мекенім» (сөзі Үмітгүл Нұрмұқанова), «Маң далам Маңғыстау» (сөзі Ырза Оңғарбай) сынды жүректерге жол тапқан әндерін тебіренбей тыңдау әсте мүмкін емес. Осы әндердің бәрінен қарапайым адамның көзіне байқала бермейтін туған жерге деген перзенттік махаббаттың лебі есіп тұрғандай. Ұлы бабалар мирас еткен қасиетті ­атамекенге құштарлықты сезесің. Кіндік қаның тамған топыраққа деген адам жүрегіндегі сағыныштың нәзік қылын шертетін толағай туынды. «Кербездік, кеңдікті таңдаған. Мұра қып қалдырған жан бабам, Қазақпен кіндігің бір сенің Масаты кілемдей маң далам. Бір құсың болайын шарлаған, Бір үнің болайын жырлаған. Бабалар қорымы, бал-бал тас, Бір сырды ескертіп тұр маған» деген толғауы сары майдан қыл суырғандай нәзік жаныңды тербейтінін қайтерсің? Кейде шабыт қысып, әндері булығып шықпай мазасы қашқан сәттерінде ­талай таланттың көзін ашқан ұлағатты ұстазы, өте өнерлі домбырашы ­Наурызбай Құрықбайұлына келіп ішкі сырын ақтарып, мұңын шаққан кездері де болды. Сонда ұстазы: «Бойыңдағы бұла күшті әлдеқашан сезгенмін. Қашан бет бұрар екен деп те ойлайтынмын. Өнерің өрелі болсын. Бағы­тыңнан тайма» деп жігерлендіріп жіберетін. Айкүмістің тағдырының ғибратты тұсы – ана атанды. Сонымен қатар бір әулеттің түтінін түтетіп, ошағын жаққан ибалы келін де бола білді. Отағасы Жанқожамен отау құрып, тал бойынан тәрбиенің лебі есіп тұрған өнегелі келін екендігін дәлелдеді. Ақылдылығының арқасында отбасында шынайы құрмет салтанат құрды. Саналы ұрпақ өсіріп, татулығы жарасқан, қаймағы бұзылмаған шаңыраққа айналды. Жалпы бұл өмірде сыйластықтан артық бағалы, қасиетті ештеңе жоқ шығар. Жасыратыны жоқ, бүгінгідей ұлттық тәрбиемізге сызат түсіп, ене сыйлау дәстүрі санадан өшіп бара жатқан тұста, осы дәстүріміздің қаншалықты бағалы екенін Айкүмістен көреміз. Олай дейтінім, ежелгі тарихымыздың, салт-дәстүріміздің қайнарынан бастау алатын қазақ әйелдерінің өр болмысы, мейірімділігі, дарқандығы, даналығы ­сынды асыл қасиеттердің Айкүмістің ­бойынан табылатындығына еш шүбәміз жоқ. Қазақ­тың көшпелі дәуірінен бері әйел қазақ қо­ғамында өмірдің сәні мен салтанаты, ер адам­ның ақылшысы, ұрпақ тәрбелеудің ­ал­тын қазығы болып саналып келгендігі рас. Осы орайда көз алдыма ұрпақ тәрбие­леуде адамгершілік тәрбиенің үлгісіндей ұлы Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің әжесі Дінәсіл, Бекет атаның анасы Жәния, Мұрын жыраудың анасы Қалдықыз, Әбіш Кекілбаевтың анасы Айсәуле елестейді. Әрине, тізімді жалғастыра берсек, ұлық аналардың есімін таңнан-таңға дейін тізбектей беруге болатын еді. Алайда мұндай мысалдарды алға тарт­қандағы айтпағым, біздің кейіпкеріміз де бұл тұғырдан еш аласарып көрген емес. Мен, өз басым, осынау бір асыл жанды халқымыз ардақ тұтып, төбеге көтерген, адамгершілік, қасиеттерімен ­айналасына асыл тастай нұр шашып, артына із қалдырған ғазиз аналардың сарқытындай көремін. Бір орайы келген емен-жарқын кездесуде Айкүміс: «Көрші ауылда денелі, бойшаң жас әйел болыпты. Бірақ сол келіншектің күйеуі шағын денелі, кішкентай бойлы елеусіздеу әрі мінезсіз, сөйлегенде де даусы шіңкілдеп шығатын адам екен. Дастарқан басындағы кезекті бір мерекелік басқосуда аздап «ақаңнан» ұрттап қызыңқырап қалған күйеуі қайта-қайта әйеліне жұдырық ала ұмтылып елдің мазасын алып, көңілді отырыстың шырқын бұза беріпті. Айналасындағылар қанша басу айтса да мәмілеге келмепті. Әлгінің жөнсіз қылығынан әбден мезі болған құрбылары: «Өй, мынауыңды шіңкілдетпей бір қолыңмен төбесінен баса салшы» деп келемеждепті. Сонда әлгі әйел: «Жоқ, ол менің етімнен ет кесіп алса да, қолымды көтермек түгілі, тіл тигізуге де қақым жоқ. Себебі оның анасы, менің қайран енем қайтыс болар алдында менің жалғызымды, ерке тентегімді жерге қаратпа, қатты сөз айтпа, ұрысып сөкпе, қолыңнан келгенше қадірлеп өт деп тапсырған еді. Енді, мен қалайша ол аманаттан аттап кетемін» депті. Осы әңгімені әзілге салып жеткізгені бар. Міне, бұл ерін сыйлаған, ерінің басын төмендетпеген ақылды әйелдің ісі емес пе?» деп біраз ойға шомған болатын. Айкүмістің де басынан өткен төмен­дегідей жағдай болған. Асыл жары ­Жан­қожаның анасы қатты сырқаттанып, төсек тартып, әлсіз жатады. Дәм-тұзының таусылар шағын сезсе керек, бір қолын көтеріп, оған бірдеме айтпақшы болғандай ернін жыбырлатып көзінің қиығымен жақында дегендей ишарат білдіреді. Сөйлеуге тілі келмей жатқанын сезген Айкүміс енесінің айтар ойын дөп басқандай: «Мама, ұлың Жанқожаны маған ­тапсырайын деп жатсың ба? Мен оны ренжітпеймін. Оған қам жемеңіз» дегені сол еді, анасы жарықтық көзіне жас алып, ризашылығын білдіріп, батасын беріп, екі қолымен бетін сипаған көрінеді. Иә, «Сүйер ұлдың аты көп» дейді. Осы қанатты сөзді қызға да қаратып айтса, еш сөкеттігі жоқ сияқты. Айкүмісті ел-жұрты құрметтейді. Шәкірттері бағалайды. Себебі ол алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан ­бастады. Өмірінің ең қымбат шақтарын бола­шақ жас буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнады. Өз мамандығына шынайы берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген шебер. Ақын, сазгер, ұлағатты басшы, халқы­ның қайраткері. Жеңгелері «әкім» қыз деп еркелетсе, жезделері «би қыз» атап төбеге көтеріп жатады. Алдыңғы жылы Ақтау қаласында М.Өскінбаев атындағы филармония залында өткен Айкүміс Досанованың шығармашылық концертінде елімізге танымал әншілердің орындауында шығармалары шырқалды. Жерлестерінің көп жиналғаны соншалық, ине шаншар жер болмады. Айкүмістің әнін сүйетін қалың ел орын таппаса да екі аяқтан тік тұрып бар ынта-ықыласымен концертті тамашалады. Бұл оның шабытын еселер жерлестерінің риясыз көңілі еді Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, Айкүмісті адам жанының қарлығашы дер едім. Өйткені қарлығаш құс жатсақ-тұрсақ төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, бәле-жәле, қауіп-қатер, тіл-көзден қорғап жүреді дейді. Біздің кейіпкеріміз де қарлығаш сынды адам ­баласына жақсылық тілеуден еш жалықпаған шуақты жан.

Өмірзақ Озғанбаев, тарих ғылымының докторы, профессор

3111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы