• Әдебиет
  • 11 Наурыз, 2020

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ АЗАМАТ

Ерекше сыйлап, құрметтейтін азамат Жағыпармен етене таныс-білістігіміз Жезқазған жерінде басталды. Ол уақытта жолдама деген болатын. Оқу бітірген жас Орталық Комитеттің жолдамасымен тиісті өңірге барып, кем дегенде сол жерде мамандығы бойынша үш жыл қызмет етуі тиіс. Одан кейінгі тағдыры өз қолында. Қала ма, әлде қоныс аударғысы келе ме – өз еркінде. Мен де, Жағыпар да ҚазМУ-дың, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің журналистика фа­культетін бітірдік. Жағыпардың екі жас кішілігі бар, сол себепті ол аталған білім ордасын екі жылдан кейін тамамдады. Сөз болған жолдамаға байланысты біріміз ­мысты аймақтың Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде, енді біріміз осы облыстың Шет аудандық «Ильич туы» газетінде еңбек жолын бастадық. Сөйтіп, Сыр топырағында дүниеге келген бізге қазақтың қадірлі мекендерінің бірі Арқа жерінде қызмет ету бұйырды.

Аудандық басылымдардан кейін екеуміздің басымыз облыстық «Жезқазған туы» газетінде түйісті. Біріміз газеттің насихат бөлімін басқарсақ, екіншіміз ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушілігінің тізгінін ұстадық. Сол уақыттары, қалай дегенмен де, әділдік бар еді. Қызметке орналастыруда қазіргідей келеңсіз жайлар төбе көрсете қоймайтын. Жастығымызға, «географиямызға» да қарамай екеумізге екі бөлімге жетекшілік жасау сеніп тапсырылды. Ол кездің облыстық газетін республикалық қандай да басылымнан бір де кем көре алмайсыз. Өйткені газетте «сен тұр, мен атайын» дейтіндей білімі де, тәжірибесі де жетерлік мүйізі қарағайдай журналистер қызмет ететін. Жағыпар бөлімге келгеннен-ақ жақсы қырымен көзге түсті. Ауыл шаруашылығы дегеніңіз сан салалы құрылым екені белгілі. ­Жазатын нәрсе көп. Жағыпар болса әбден ­жауыр болған тақырыптарды қозғамады. Саладағы озық тәжірибелерді, пайдалы бастамаларды газет бетіне шығаруға күш салды. Жазғандарында көпірме сөз емес, нақтылық, айқындық көзге ұратын. Арада екі-үш жыл өткенде облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына ауысты. Бұл қызметте көтерілгендігі­нің белгісі. Об­лыс­тық партия ­ко­­митеті – өңір­­дегі ең жо­ғары билік. Бұл жерге екі­нің бірі бара бермейді. Біліміне білігі сай, жүріс-тұрысында кінәрат жоқ жандар ғана іріктеліп алынады. Ал Жағыпар болса осы талап­тардың бәріне сай келетін. Ол жауапты қызметін жалғастыра ­берер ме еді, алайда елдегі үлкен кісілердің, бауырлардың жағдайы оны туған жеріне қайтуға мәжбүр етті. Бұл әрекетіне қазір еш өкінбейді де. Қызылордаға табан тіреген соң, осындағы бірқатар облыстық басқармаларда басшылық қызмет атқарды. Қай-қайсысынан да зиян шекпеді. Көп нәрсеге көзі қанықты. Басшы ретінде пісті, шыңдалды. Ең бастысы үлкенмен де, кішімен де тіл табысуды, яғни адамдармен жұмыс істеуді үйренді. Бәрі де дұрыс-ау. Дегенмен, о баста жүрек қалауыңмен таңдаған кәсіптің орны бөлек қой. Содан ол көп ойланбастан журналистиканың бір саласы – телевизияға біржолата ден қойды. Бүгінгі қызметі – «Қазақстан-Қы­зылорда» телеарнасының директорлы­ғы орынтағына бірден, тосыннан топ ете түскен жоқ. Оған дейін телеарнаның бас продюсері, бас редакторы, директордың орынбасары секілді биік сатыларды артқа тастады. Ал 2005 жылдан бері басшылық істі – директорлық қызметті атқарып келеді. Жағыпар директорлыққа кіріскенде кеңес кезеңінен қалған ескі техникалар еді. Жаңа ­заманда олармен жұмыс істеу мүмкін емес болатын. Өйткені талап жоғары. Бәсекелестік бабында. Көштен қалуға болмайды. Осының бәрін ой елегінен өткізген ол, ең алдымен, техникалық жарақтандыру мәселесіне баса көңіл аударды. Бұл үшін не қажет? Әрине, қаржы. Оның да көзін тапқандай болды. Мемлекеттік тапсырыстан түсетін қаржыдан басқа коммерциялық, жарнамалық негіздегі хабарларды қолға алып, жетпейтін қаржыны осы тараптан табуды көздеді. Еңбек босқа кетпеді. Жергілікті телевизияның бойына қан жүгірді. Жаңа техникалық құрал-жабдықтарға қол жеткеннен кейін жаңа студия­лар ашуға мүмкіндік туды. Хабарлар тікелей эфир арқылы беріле бастады. Ірі елді мекендерде телевизиялық таратқыштар бой көтерді. Материалдық жағдайдың жақсаруына орай хабарлардың мазмұны да, сапасы да ­артты. ­Шамалы уақыт ішінде бәсекеге қабілетті телеарнаға айналды. Соңғы ­жылдары қызылордалық телеарна респуб­ликалық телерадио корпорациясы филиалдарының рейтингі бойынша жүлделі үштіктен еш түскен емес. Бұл күндері алғашқы жылдардағыдай емес, хабарлар мен бағдарламалардың атауы да өзгерген. Мәселен, «Өзекжарды», «Өмірдің өзі», «Ақиқат алаңы», «Алқа», «Үштаған», «Заңгер кеңесі», «Сыр жұлдыздары», «Жыр керуен», «Ойын-сауық, күлкі думан» және т.б. осыған дәлел. Хабарлар дайындауда жергілікті тұрғындар құрамы қалай да ескеріледі. Үй шаруасындағы әйелдер немесе ардагерлер, әлде балалар мен жастар ма? Міндет-мамандығына, жасына, ­шаруасына орай тыңдарман көңілін таба білу. Бұл қазіргі заман талабы. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы көп­теген талантты жастардың бағын ашып, елге кеңірек танылуына ұйытқы болды. Бұл игі іс қазір де жалғасын табуда. Әсіресе, өнерлі өрендердің қанаттарын қатайтып, ән әлемінде самғауында атқарылған еңбек ересен. Қазіргі күні елге белгілі өнер иелері Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Бибігүл Жанұзақ, Алмас Кішкенбаев, Өмірқұл ­Айниязов және басқа да дүлдүлдердің жұртшылыққа танылуында телеарна ұйымдастыруымен өткен байқаулар мен фестивальдердің ықпалы зор. Оның үстіне Жағыпардың продюсер ретіндегі қызметі де дарындыларды даралауда орны ерекше. Сондықтан да шығар, жоғарыда есімдері аталған өнер жұлдыздары қамқор және ­жанашыр азаматты өнер жолындағы алғашқы тәлімгері санайды. Басшы азамат мекеменің жас кадр­лармен толығуына айрықша мән береді. ­Сонымен қатар қызмет істейтін жастардың білім, тәжірибе жағынан толысып отыруы да назарға алынған. Телеарнада Америка, ­Англия секілді өркениетті елдерде оқып, білімін жетілдірген жас қызметкерлер жеткілікті. Мұндағы кадрлардың осал еместігінен болар, Жағыпардың мектебінен өткен жастардың бірқатары бұл күнде «Қазмедиа» орталығында, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, «Хабар» агенттігінде жемісті еңбек етуде. Телевизиядағы табыс – ұжымдық еңбектің жемісі. Бұл әртүрлі мамандық иелерінің ­бастары қосылған жер. Олар: редактор, ­оператор, жарық қоюшы, режиссер, монтаждаушы, әрлеуші, декоратор... Осылардың барлығын бір мақсатқа жұмылдырып, сөйтіп қалың қауымға талаптағыдай дүние ұсыну оңай жұмыс емес. Біз сөз етіп отырған телеарна болса осы сенім үдесінен шығып жүрген ең ұйымшыл да үлгілі ұжым. Сөз жоқ, бұл қажырлы еңбекте мойнына зор жауап­кершілік алып отырған басшының үлесі елеулі. Сырт жұрт Жағыпардың қызметтегі іскерлігімен қатар, адамгершілік қасиеттеріне де жақсы қанық. Кезінде ұжымда еңбек еткен ардагерлерді, зейнеткерлерді назардан тыс қалдырған емес. Оларды телеарнада, тіпті қалада өтіп жатқан мәдени-рухани шараларға қатыстырып, көңіл күйлерін көтеріп ­отырады. Дос-жолдастарының, туыс-ағайынның қуаныш-қайғыларын бөлісуге уақыт таба білетіні де сүйсіндіреді. Ол үшін ең қастерлісі – адамдық, ізеттілік. Азаматтың отбасы да берекелі. Күлпан екеуі үш баланы өсіріп, ержеткізді. Бұл күнде ұл ұяда, қыз қияда. Бір-бір шаңырақ­тың иесі атанып, ата-ананы балдай тәтті немерелерімен қуантуда. Сүйікті бауырымыз, туған елінің ­ар­дақты азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық Телерадио академия­сының академигі Жағыпар Қарабала жөнінде айтар жылы сөзіміз бұдан былай да тау­сылмақ емес. Ол өмірдегі өнеге­сімен, бас­шылық та, азаматтық та қасиеттерімен төңірегіндегілердің сый-құрметіне бөленіп жүрген абзал жан.

Нұрперзент ДОМБАЙ «Ana tili»

1049 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы