• Әдебиет
  • 12 Наурыз, 2020

ОТАНДАС

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«Ана тілі» газетінен әріптесім, журналист-жазушы Валерий Михайлов ­туралы мақала жазуға тапсырма алдым. Бас редактордың айтуынша, ол біздің халқымыздың тарихы үшін үлкен іс тындырған жан. Туған жері – Қазақстан дегенде шығар жаны басқа. Нағыз патриот! Сондықтан да мұндай отандасымызды әсте де ұмыт қалдырмауға тиіспіз. «Білемін,– дедім мен ішімнен жоға­рыдағы сөздерді естігенде. – Білемін!». Сөйттім де Валерий Федоровичке телефон соғып, аз ғана уақытқа әңгімелесуге рұқсат сұрадым. Барып жүздесіп, сұхбаттасып қайтқаннан кейін ол туралы өзімнің осы күнге дейін көңілге түйгендерімді жаңа бір әзірдегі жүздесуде қозғалған ойлармен толықтырып жазуға отырдым. Кейіпкеріміз туралы әңгіме қозғағанда оның шыққан тегінің күрмеуі көп күрделі өмір жолдарынан өткен тағдыр иелері екенін айтпай кетпеуге болмайды. Иә, ұйытқи соққан репрессия атты уақыт дауылының қара құйыны бұлардың ата-бабасының шаңырағын да айналып өтпеген. Білуімізше, Валерийдің атасы Прокофий Михайлов Ресейдің Белгород губерниясындағы өз шаруасына өте ықтиятты, жұмыс десе оның қабырғасын сындыратын қайратты да қайсар адам болыпты. Кеңестік дәуірдегі тәркілеу науқаны кезінде орташа дәулеті бар ол кісіге кулак деген ат жамалады да, Қазақстанның Қарағанды облысына жер ­аударылады. Бұл кез біздің еліміздегі замана зұлматы – «ұлы» жұттың бел алып тұрған кезі еді. Оның зардабы Михайловтар отбасына да тимей қоймайды. Аранын ашқан аштықтан бір үйдегі бес жанның үшеуі опат болып, тек бұл нәубеттен Прокофий қарттың өзі мен ұлы Федор ғана аман қалады.

Арада жылдар өтеді. Солақай сая­саттың салдарынан атамекенінен бір, отбасынан екі айырылған белгородтық орыс шаруасы өзін, өзінің ұрпақ жал­ғас­тырар зәузаттық тегін толық күйреуден сақтап қалу үшін тағдырдың қатал соққысына мойымауға ­тырысады. Сөйтеді де Қарағанды ­шахтасында жан аямай еңбек етіп, жағдайын біртіндеп дұрыс жолға қоя бастайды. Оған оның Мәскеудегі слетке барған стахановшы, Сочидің ­Орджоникидзе атындағы санаторийіне демалуға келген Үндістан премьері Джавахарлал Неруді қарсы алған орденді кенші, шахтерлер қауымына сирек көрсетілетін кұрмет – республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанғаны анық дәлел. Сөйтіп, кешегі кулак өзінің жанқиярлық еңбегінің арқасында енді кеңес қоғамындағы құдіретті де қуатты күш – жұмысшы табының атақты адамына айналады. – Атам ұзақ жасаған адам, – дегені бар бірде маған Валерий Федорович.­ – ­­­Бірақ қашан көзін жұмғанша өкіметтің тәркілеу кезіндегі өзіне жасалған қиянатын кешірмей кетті. Зейнетке шыққан 60-жылдардың ортасында атамызды сол Белгород облысына көшіріп апарып, үй-жаймен қамтамасыз етуімізге біздің толық мүмкіндігіміз бар еді. Таңғаларлығы сол, ол оны қаламады. Дінінің қаттылығы сонша, тарихи тамыры – ежелгі Русь жерінен зорлықпен көшірілгенін өкіметтің өзіне істеген ең сорақы ісі деп ұғып, соны өмір бойы кек тұтумен болды. Сөйтті де сүйегінің қазақ топырағында қалуын өтінді. Өйткені қазір өзі мәңгілікке дамылдаған Қарағандыда 1931 жылғы ашаршылықта көз жұмған әжеміз бен қарттың тағы екі перзенті және Саратовтан кулак боп айдалып келген қайын атасы Иван атай жатыр еді. – Ал әкеңіз ше? Ол кісі сол кездері атаңыздың бұл шешіміне қалай қарады? Кейінгі пікірі қандай болды? – дедім жоғарыдағы әңгімеден өзімше ой тарқатуға тырысқан мен. – Папамның да ұғымы осы болатын. Және бұл ойынан күні кешеге дейін айныған емес, – деді бұл сауалға ойланып барып жауап қатқан ­Валерий. – Өйткені әкей өзін Қазақстаннан ешуақытта да бөліп-жарып қараған емес. Көзін тырнап аш­қаннан ­бастап көргені де, баққаны да қазақтар, солардың тыныс-тіршілігі болса, солай болмағанда қайтеді. Иә, кейіпкерлеріміздің әкесі ­Федор Прокофьевич Михайловтың сон­дай жан екенінен біз де ­ептеп ­хабардармыз. Олай дейтініміз, еңбек жолын кеншілер қаласындағы орта мектептің директорлығынан ­бастап, кейін облыстық «Социалистичес­кая Караганда» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, одан республикалық «Казахстанская ­правда» газетінің редакторлығына дейін өскен оның қызмет барысындағы кесек мінездері мен ірі істерін бізге Құрманбек ­Са­ғындықов, Кеңес Үсебаев және Төлеубай ­Ыдырысов секілді аға буын өкілдері жырдай ғып айтып беретін. Соның бірі мынадай оқиға. 60-жылдардың аяғында Мәскеуде ­«Социалистическая индустрия» атты жаңа одақтық ­газет ашылатын болады да, оған редакторлыққа кім лайық деген мәселе козғалады. Сонда СОКП Орталық Комитетінің салалық хатшысы қызметін атқаратын М.С.Соломенцев: «Кезінде Қарағандыда, одан кейін ­Алматыда жұмыс істегенімде осындай кадрдың іскерлігін байқағанмын» деп, біздің Федор Прокофьевичтің кандидатурасын атайды. Содан, көп ұзамай, Мәскеу мұны қызметке шақырмай ма? Бұл әр нәрсені сылтауратып, түрлі бұлтаққа салып ол жұмысқа бармай қоймай ма? Ашуланған Соломенцев: «Оны ұсынған мен едім. Жақсылықты білмей жерге қаратты. Ұятқа қалайын деп тұрмын. Сөйлесіп беріңіз, көндіріп көріңіз» деп, Д.А.Қонаевқа телефон соқпай ма? Димекең ­Федор Прокофьевичті шақырып алып мәселенің мәнісін сұрамай ма? Сонда ол: «Жүрсең ауасы өкпеңді қысады. Өлсең күл ғып крематорийге жағады. Бармаймын Мәскеуге. Одан да қазақтың осы кең даласында еркін өмір сүріп, ажал жетсе оның бір төбесінің баурайында дамылдап жатқаным жақсы» дейді. Міне, күні кешеге дейін арудай арман қала Алматыда ғұмыр кешкен Федор Прокофьевич кезінде сөйткен жан. Осыдан кейін оны қалай патриот деп айтпайсыз?! Ал, енді әнгіме иесі Валерийге келетін болсақ, ол да атасы Прокофий мен әкесі Федор секілді өзінің туған жері – Қазақстанды жан-жүрегімен сүйетін азамат. «Мұндай сезім, мұндай сүйіспеншілік оған туа бітті дарыған қасиет пе, жоқ әлде біртіндеп келген танымдық ұғым ба?» деген сұрақ туады осы арада. «Тәлім алған отбасы мен өскен ортасынан пайда болған үрдіс» деп жауап берер едік біз бұған. Олай дейтініміз... Бес әлде алты жасында болуы керек, ол тұңғыш рет қазақ деген халықтың бар екенін білді. Бұл 1952-1953 жылдары Қарағандыдағы Панфилов көшесінің бойында тұратын кенші Жүнісовтердің пәтерінде болған еді. Сол үйдің ­баласы Жеңіске ойнауға барған Валера алғаш рет әлгі жерден асық, бауырсақ, құрт деген үш сөзді үйреніп қайтқанын күні бүгінге дейін ұмытпайды. Кейін мұндай қарым-қатынас мектепте одан әрі жалғасқаны өз-өзінен түсінікті. Онжылдықты бітірген соң, Казақ политехникалық институтындағы геология факультетіне оқуға түсті. Сол кезден бастап оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірінші курстың жазындағы өндірістік тәжірибеден өту кезінде Түркістанның Шорнақ селосына аттану. Екінші курста Жамбыл өңіріндегі Ақсүйек даласында болу. Үшінші оқу жылындағы көктемде Жезқазған аймағын шарлау. Ал 1967 жылдың жазындағы төртінші ­курста Ақтөбе облысының Ойыл ­ауданына жол тарту... Міне, өстіп жүріп ол қазақ даласының сырына үңілді, халқымыздың салт-дәстүрін білді. ­Содан келіп оның өміріндегі ең басты еңбегі «Ұлы» жұттың жазбалары» туды. – Студенттік шақтағы өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезім мен геологиялық партияда маман болып еңбек жолымды бастағанымда қасіретті қазақ даласынан нені көрмедім, нені кездестірмедім десеңізші, – дейді ­Валерий Федорович. – Ақсөңке боп қураған адам сүйектері, қаңырап қалған ескі ауыл орындары, ракета сынықтарына толы төбелер... ­Сондай-ақ бұларға енді белгісіз сынақ әсерінен қауырсындары түсіп қалған даладағы қызылшақа құстарды қосыңыз. Осылардың бәрін көру маған өте ауыр еді. Жоғарыдағыдай қорқынышты да көңілсіз суреттер кейін менің уран кенінің мол қорын тауып, елді таңғалдырсам деген романтикаға толы аңғал ниетімді адыра қалдырды. Геолог болғым келмеді. Тіпті сол мамандықтан біржолата безіндім де, көргендерімді жалғанның жарығына шығару үшін журналистикаға ауыстым. Кейіпкеріміздің санасында «Ұлы» жұттың жазбалары» деп аталатын деректі кітапты дүниеге әкелу, міне, жоғарыдағы идеялардан кейін туған болатын. «Ұлы» жұт... ­Жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басындағы тәркілеу кезінде болған сүргінге халқымыз осылай деп ат қойған. Шынында да бұл қазақ жерінде бұрын-соңды кездеспеген қасірет еді. Еліміздің тарихындағы қаралы кезең дейтін «Ақтабан шұбырындының» өзі голощекиндік геноцид – 1931 жылғы ашаршылықтың алдында түк емес сияқты көрінеді. «Кіші октябрь» нәубетінен қандастарымыз сан мыңдап қырылды, алдындағы бар малынан айырылды. Жөңкіле көшіп, жат жерге ауды. Халқымыздың басына үйірілген кесапаттың ауырлығы сондай: анасы – баласын, баласы – анасын көмусіз қалдырды. Өкініштісі, кеңестік кезеңде осының бәрі кейінгі ұрпақтан жасырылды. Ақпараттар ашық айтылмай, құжаттар құпия ұсталынды. Сондықтан да бұл тақырыпты көтеруге, зерттеуге ешкімнің жүрегі дауаламады. Валерий Федоровичтің батылдығы да, табандылығы мен көрегендігі де, міне, осында. Ол аталмыш мәселеге басқалар сияқты қарамады. Болашаққа үмітпен көз тікті. Сөйтті де жаза берді, жаза берді. Жариялылық келгенде жарқ еткізіп айды аспанға бір-ақ шығарды. Сөйтіп, тарихымыздағы үлкен ақ­тандақ – «ұлы» жұтты қазақ емес, орыс жазып шықты. Осы еңбегі үшін 1991 жылы біз авторды Қазақстан Жазушылар одағының деректі прозаға берілетін сыйлығына ұсындық. Сыйлық берілсін деген шешім де шыққан. Бірақ ол Мәскеуде жүргенде одақтағы бір жылпос оны авторға табыс етпей, жеп кетті. Міне, біздің оған айтқан рақметіміз... ­Валерий Федорович бұған ләм-мим деген жоқ. Баяғы ақ адал көңілімен, ақжарқын қалпымен біздің мәдениетіміз бен өне­ріміз үшін қажымай, талмай еңбек етіп келеді. Оған оның 2000 жылдардың ­басында «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы болғанда сол басылымға «Қазақ баспасөзі беттерінен», «Казақтың салт-дәстүрлері», «Қазақ халқының мақал-мәтелдері» және тағы басқа да көптеген айдарлар ашып, ­соларды тұрақты жүргізгені анық дәлел. Ал олар бұрын мұнда болмаған еді. Осыдан ширек ғасыр ­шамасы бұрын мен қазақстандық қарт орыс ­жазушысы Дмитрий ­Федорович ­Снегин туралы «Биік шыңда қар ­жатады» атты мақала жазғаным бар. Онда: «Ол – қазақ халқының рухани мұрасын біліктілікпен, жанашырлықпен зерттеуші Радлов, Потанин сияқты орыс зиялыларының бүгінгі ізбасары. Ол – ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына бел шеше кірісіп, үміт ұстараның жүзінде тұрған кезде: «Егер мен бүгін, дәл қазір қазақ тілінің тағдырына ара түспесем, онда мені ұстазым Мұхтар Әуезовтің, майдандас досым Бауыржан Момышұлының аруағы кешірмейді» деп, өз ойын ағайындарының ­алдында жалтақтамай ашық айтып, тура биде туғандық жоқ екенін танытқан қайраткер. Ол – Қазақстандағы өз ­нанын адал жеп жүрген бірден-бір орыс азаматы. Шіркін біздегі барлық орыс осы Метрей ағайдай болса ғой...» деген жолдар бар еді. Бұл пікірді Валерий Федоровичке де арнап айтуға болады. Өйткені мен білетін Михайлов нақ осындай адам!

Авторлық анықтама. Белгілі ­жазушы Валерий Федорович ­Михайлов Алматы қаласында тұрады. Еліміздегі жетекші ­басылымдарда басшылық қызмет атқарды.

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы