• Әдебиет
  • 12 Наурыз, 2020

ШЕРАҒА МЕН ЕРАҒА

...1979 жылдың жазына таман жасы отыздар шамасындағы тұла бойы болаттан құйылғандай шымыр денелі, мығым жас жігіт республикалық «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі – «Жас Алаш») бас редактордың ­орынбасары болып келді. Бұған дейін бұл қызметті елімізге танымал әдеби сыншы Сағат Әшімбаев ағамыз атқарған еді. Ал, бас редактор – белгілі жазушы, тура сөйлеп, тура жүретін, ешкімнен ықпайтын, жүрегі де үлкен, жұмысқа ­байланысты талабы да таудай нар тұлғалы, журналистика саласында ­мектеп қалыптастырған, талай шәкірттерді ­баулып, самғатқан сардар аға ­Сейдахмет Бердіқұлов болатын. «Лениншіл жас» жастар газеті болғандықтан бұл басылымда, негізінен, жас қыздар мен жігіттер қызмет істейтін. Ал, енді сол ­кезде республикамызда шамамен 300 мыңдай таралыммен тарайтын осы басылымның беделі адам айтса нанғысыз еді! Бұл газетке ­орналасу әрбір журналистің күнді-күнге, түнді-түнге ұрып қиялдайтын, қолы жетпейтін, қолы жетсе бақыттан басы айналатындай жағдайда жүретін ­арманы болатын, шіркін! Тіпті аптасына бес рет жарық көрсе де оған мақала шығару да оңай емес еді. Өйткені талап өте күшті. 

1976 жылы осы «Лениншіл жас» газетінің баспаханасына орналасқан мен Ержұман Смайыл бас редактордың орынбасары ­болып келген кезде газеттің ең қиын да жауапты бөлімі – «бас штаб» деп аталып кеткен секретариат бөлімінде істейтін едім. Бұл бөлімді жауапты хатшының ­орынбасары, бүгінде үлкен жазушы Қуаныш ­Жиенбай басқаратын. Ал, жауапты хатшы – елімізге танымал журналист-жазушы Серік Әбдірайымұлы ағамыз. Міне, сол Ерекең «Лениншіл жасқа» бас редактордың орынбасары болып ­келгенде, 25-26 жастағы кезіміз, өзіміздің жақын ­досымыз келгендей сезімде болдық. Ерекеңе біздің тұстастарымыздан «Ержұман, сен» деп сөйлейтін Қуаныш қана. Өйткені ол Ерекеңмен бес жыл бірге оқыды ғой. Қандай бір ұжым болсын жаңа келген қатардағы қызметкерге де, басшыға да алдымен сынай қарайтыны бар емес пе? Жасыратын несі бар, біз де Ерекеңнің жүріс-тұрысына, сөз саптасына, біліміне, жұмыс істеу стиліне, адаммен ара-қатынасына ә дегенде мән бере қарағанымыз рас. Байқағанымыз – біз ­галстук тағып, сықиып жүрсек, Ерекең ­галстук тағуды онша ұната бермейді. «Лениншіл жас» газеті сол кездегі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің органы болғандықтан осы комитеттің хатшылары шақырса да, жиналыс, пленумдар ­болса да Ерекең ­галстуксыз барады. Бірақ талғамы жоғары, ұқыпты киінеді. Екінші байқағанымыз – жұмыс кезінде артық сөзі жоқ, тапсырманы талапқа сай орындауыңды талап етеді, мәймөңкелемейді, айтатынын тіке айтады, сосын жұмысқа уақытылы келіп-кетуіңді жіті қадағалайды, білімді, өте ­сауатты. Сосын жүрісі мығым, әскерде сүңгуір қайық экипажында қызмет еткені оны жүрген кезде тепе-теңдігін бірқалыпты ұстап, нық қадам басуға дағдыландырған сияқты. Өз ісіне мығым, білімді, еңбекқор, әділ, турашыл, ардан аттамайтын, біреуді сыртынан даттамайтын Ерекең нағыз журналист екенін, ер екенін көрсетті, сөйтіп өзін аз уақыттың ішінде-ақ ­мойындатты. Сақа журналистерден бұрын, ­алдымен жас журналистерді қамқорлығына алып, соларды тәрбиелеуге аса мән берді. Әсіресе, журналистердің оқырман хаттарын дайындап, газетке берулеріне, сол арқылы «Лениншіл жастың» аудиториясын бұрынғыдан да кеңейте түсуге баса ­назар аударды. Нашар дайындалған автор материалдары мен кейбір тілшілеріміздің жүрдім-бардым жазған мақалаларын қайтарып, қайтадан дайындатып отырды. Мұның өзі журналистерді жауапкершілікке, ұқыптылыққа тәрбиеледі. Ақты – ақ, қараны – қара деді. Онысы біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Бірақ Ерекеңнің осы қасиетін, шыны керек, кімді болса да мысы ­басып тұратын, өтірік мақтауды білмейтін, кабинетіне кірген кезде онша-мұнша журналистердің де, жазушы-қаламгерлердің де тізесін қалтыратып жіберетін бас ­редакторымыз Сейдахмет аға қатты ұнатты, бағалады. Тіпті «Лениншіл жастың» кезекті нөмірінің макетінің жасалуынан бастап, қол қойылып, дайын газет болып баспаханадан шыққанға дейінгі барлық қызметті өзі жіті қадағалайтын Сейдаға ендігі жерде газет тізгінін Ерекеңе сеніп тапсыра бастады. Сөйтіп, газеттегі атқарылар барлық шаруалар Сейдағаңның қадағалауымен, Ерекеңнің тікелей басшылығымен жүзеге асып отырды. Сырғып күндер, жылжып айлар мен жылдар өтіп жатты. Осы кездері Ерекеңмен бауыр басып, жақын тартып, «Ереке демей, Ержұман аға» дейтін болдық. Ағамыздан көп нәрсе үйрендік. Әділ болуды, тапсырылған іске ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарауды, жұмысқа уақытылы келіп-кетуді, т.б. жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіруге тырыстық. Ержұман ағаның сегіз қырлы, бір сырлы журналист екеніне көзіміз жетті. Мақала жазуын былай қойғанда, оның екінің біріне бұйыра бермейтін аудармашылықтың да шебері екенін мойындадық. Ержұман аға кез келген мақаланы мүдірмей, қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға бірден аударғанда ол университеттің журналистика факультетін емес, аударма бөлімін қызыл дипломмен бітіргендей сезімде болатынбыз. Ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары еді. Тіпті жаңадан келген жуналистердің жазу бейіміне қарай газеттің қай бөліміне жіберу керектігін де ыңғайластырып отыратын. Сол бір кездер «Лениншіл жас» газетінің шарықтаған кездері еді-ау, шіркін! Бас редакторымыз Сейдахмет аға Бердіқұлов, орынбасары Ержұман аға, жауапты хатшы белгілі журналист-жазушы Ерғали Сағат (кейін көп жылдар «Алматы ақшамы» газетінің, ­«Парасат» журналының бас ­редакторы болған) бастаған сайдың тасындай мықты журналистер керемет жазуларымен «Лениншіл жастың» беделін аспандатты, сол арқылы республика бойынша таралымын 350 мыңдай данаға жеткізді. Сынаптай сырғып 1990 жыл да келді. Бұл кезде Ерағаң «Социалистік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші ­орынбасары болатын. Ал, бас редактор – 1989 жылдың қараша айында тағайындалған даңқты Шерхан аға Мұртаза еді. ­Шерхан ағамыз «Социалистік Қазақстанға» бас ­редактор болып келген кезде бас редактордың бірінші орынбасары Сарбас аға Ақтаев болатын. Ол кісі 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінен жаңадан «Халық кеңесі» деп аталатын газет ашылып, сонда бас ­редактор болып кетті де, ­Сарбас ағаның орнына ­Шерхан аға Ерағаңды бірінші орынбасар етіп тағайындады. Сәл-пәл кері шегінсек – сол Шераға өзі бас редактор болып тағайындалған соң, яғни 1989 жылдың қарашасында араға он шақты күн салып, Ержұман ағаны өзіне алдымен бірінші орынбасар емес, қатардағы орынбасар етіп алды. Бұған дейін «Лениншіл жас», «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты республикамыздың бетке ұстар газет-журналдарында бас ­редактор болған, журналистиканың ­майын ішкен, талай мықты журналистер мен қаламгерлерді тәрбиелеп шығарған, қазақ ­журналистикасында бүтін бір дәуір болған, мектеп қалыптастырған аса көрнекті ­жазушы, ­сонымен қатар сұсы сексен атанға жүк боларлық, жалған сөйлеуді, біреуден қорқуды, тайсалуды білмей­тін, тік тұрып, тік жүретін, айтатынын бүгежек­темей тура айтатын, мінезі қатал, адамгер­ші­лігі таудай, білімді Шерхан аға кез келген журналисті өзіне орынбасар етіп ала бер­мей­тінін сол кездегі қолына қалам ұстаған әрбір ­журналшы білетін еді. Демек, бұл біздің Ераға Шерағаңның сенімінен шықты деген сөз. Бір жолыққанымда: – Қасым, жасың қырыққа таяп қалды, «Лениншіл жаста» жүре бересің бе? – деді әдемі жымиып. Бұл кезде мен «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі, редакциядағы кәсіподақ ұйымының төрағасы болатынмын. Білгірлер «Коммунист болмасаң жауапты қызметке қоймайды» деген соң аудандық партия комитеті арқылы редакцияға келетін анкетаға кезекке тұрып жатып, КПСС мүшесіне де өтіп алғанмын. – Ераға, бұл мәселе өзімнің ойымда да бар, бір-екі жұмысқа да шақырды, бірақ көңілімнен шығыңқырамай жүр, – дегенмін. Ераға бұдан кейін де осы сұрақты маған екі-үш рет айтты. Тағы бірде кездескенімізде: – Қасым, айтатын бір жаңалығым бар, біздің насихат бөлімінде аға тілшілік орын босады, соған келесің бе? – деді. – Ераға, шын айтып тұрсыз ба, әрине барамын, – дедім мен жұлып алғандай. – Онда мен Шерағамен өзім сөйлесіп, саған хабарын айтамын, – деді. Ераға сөзінде тұрып, түс ауа маған телефон шалып: – Қасым, тездетіп редакцияға кел, – деді. Бардым. Шерағаға өзі алып кірді. Амандықтан соң, Шераға: – Ереке, мына баланың түрі таныс, білемін, жақсы білемін. Бірақ жұмысқа ала алмаймын, – деді бірден. – Өзі коммунист, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы­ның лауреаты, СССР Журналистер одағының мүшесі, – деп Ераға мені қорғаштай жөнелді. – Жо-жоқ, бәрібір алмаймын. Анкетасы жақсы-ақ екен, бірақ бұл бала менің аулымнан. Қазақ қарап жүрмейді, ертең-ақ үстімнен біреу «Інісін жұмысқа алып жатыр» деп арыз жазады, – деді Шераға қабағын түйіп. – Шераға, көшеден алып жатқан жоқпыз ғой, қаламы төселген журналист емес пе, мен Қасымның жұмыс істеу қабілетін де, ­жазуын да білемін, бір амалын табуға болатын шығар, – деді Ераға. Осыдан соң Шераға біраз ойланып ­отырды да: – Ереке, тап қазір редакциялық алқа мүшелерінің бәрін осында шақыр. Олардың барлығы мына баланы жұмысқа алуға қарсы емеспіз деп өтінішіне қол қойса, Қасымды қызметке қабылдауға болады, – деді. Араға 4-5 минут салып редакциялық алқаның 12-13 мүшесі жиналды. Мен бұл кісілердің барлығын танимын. Олар да мені жақсы біледі. Әңгімені Шераға өзі бастады. – Азаматтар, мына Ержұман мырза маған «Лениншіл жаста» бөлім меңгерушісі болып істейтін «мына жігітті қызметке алу керек» деп алқымымнан алып отыр. Мен «алмаймын» дедім. Өйткені ол мен туып-өскен Жуалы ауданынан. Сіздер мына жігітті танисыздар ма? – деді. – Қасымды танимыз, өзіміздің жігіт ғой, – деп гүр ете қалды көпшілік. – Алуға бола ма? – Болады, – деді алқа мүшелері. – Онда бұл жігіттің маған жазған өтінішіне «қарсы емеспін» деп әрқайсыңыз жеке-жеке қол қойыңыздар, – деді Шераға. Бәрі де түгел қол қойып берді. Сөйтіп, Ерағаның қамқорлығының арқасында 1990 жылдың 1 тамызы күні «Социалистік Қазақстан» газетіне аға тілші болып орналасқан едім. Сонымен, мен Ерағаның қарамағында екі жылдай жұмыс істеп, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Уәлихан ағаның шақыртуымен аталмыш басылымға жауапты хатшы, одан бір жылға жетпей, «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары, ал 1997 жылы республикалық «Заң газетінің» бас редакторлығына тағайындалып, кейін республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқардым. Міне, осының барлығында да мен Ерағамен ақылдасып-кеңесіп отырдым. Көп жылдар өзімнің рухани ұстазым болған, көптеген жақсы мінезді бойыма сіңіруге қамқорлық жасаған, үлкен жүректі Ераға менің әрбір жетістігіме қуанып, тілектестігін білдірумен жүрді. Мен де Ерағаның өмірінде болып жатқан барлық жақсылықтарына шын пейіліммен, шәкірттік адал ниетіммен жылы лебіздерімді телефон арқылы болса да (өйткені бұл кездері «Егемен Қазақстан» астанаға көшіп кеткен еді) жеткізіп жүрдім. Жеті редактормен жұмыс істеп, солардың алтауына бірінші орынбасар болған, талапшыл, жүрдім-бардым істі қаламайтын, екі сөйлемейтін, ойын тіке айтатын Ержұман аға 1998 жылы «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып тағайындалды. Бәріміз де шын қуандық. Кейінірек осы басылымның президенті болды. Қалай десек те, қызмет орнымен ғана емес, азаматтық келбетімен де сыйлы Ераға қандай лауазымға болса да лайықты еді. Егер Ержұман аға баспасөзде қызмет атқармағанда әлдеқашан ғылым докторы, үлкен ғалым, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының академигі болатын еді. Көзі тірісінде-ақ «Қазақ баспасөзі­нің қара нары» атанған Ержұман ағаның есімі ендігі жерде ұлт журналистикасының ­тарихында осы мамандықтың мәртебесін көтерген аяулы жандардың қатарында атала бастады. Ол журналистика көгінде жарық жұлдызға айналды. Ержұман ағаның тұғырлы тұлғалы рухы енді ұрпақтарына, әріптестері мен шәкірттеріне аспаннан қарап тұратын болады...

Қасым ӘЗІМХАНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі Алматы

1114 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы