• Тіл
  • 12 Наурыз, 2020

Жетілген жазу деген не?

Жазуға байланысты тағы бір ұғымдарды естіп қаламыз. Жетілген жазу, жетілген әліпби, жаман жазу... Қазақ мәдениетінде (түркілік емес) қолданып келген әліпбилер қазақтың төлтума графикасы емес. Қазақ жазуы ашық әліпби түрлерінің бәрімен де – араб, латын, кирилл графикаларымен – жазып көрді. Басқа тілдер сияқты біз де түпнұсқа әліпбидегі таңбаларды толық қабылдау/қабылдамау, әріптердің мәнін сақтау/сақтамау деген проблемаларға тірелдік. Бірақ қай жазу кезеңінде болсын, тілдегі дыбыстардың барлығына әріп арнаған, «бөгде» әліпбиден «өзіміздің» әліпби жасап алған, жазуына аса мән берген, біршама уақыт өтсе де дұрыс, жетілген әліпби жасауға ұмтылатын, ­жасап алатын ұлт болдық. Тілдің болашағын ұлттың болашағына байлайтын, оны жазуымен бекітетін өзге ұлттық тілдерден қалысқан жоқпыз.

Қазақ жазуының тарихына көз жіберсек, А.Байтұрсынұлы түзген әліпби көптеген әліпбилердің бәрінен оза шыққан, керісінше, дыбыс санынан әріп саны екі есе аз әліпби болды. Бұны қалай жасады дегенде, ғалымның өзі айтқандай, дауыстының билігі арқылы шешті: «Дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қандай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды сондай билейді; яғни дауысты дыбыс­тар жуан айтылса, дауыссыз я жарты дауысты дыбыстар да солай айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады. Бұлай болғанда дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке айтылмағын белгілеп айырсақ, басқа дыбыстардың да жуан-жіңішке айтылатындығы да айрылғаны. Дауысты дыбыстар а, о, ұ, ы осы тұрған күйінде жуан айтылады, мысалы: аз, оз, ұр, сары. Бұлардың жіңішке айтылатын орнын ­айыратын белгі аламыз ()-ні дәйекші. Бұл белгі сөздің алдында дәйекшіге тұрып, ол сөздің жіңішке оқылмағын хабарландырады, яғни бұл белгі тұрған соң, сөздің ішіндегі дауысты дыбыстарды жіңішке айтамыз. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, олардың қатарындағы басқа дауыссыз я жарты дауысты дыбыстар да жіңішке ­айтылады, мысалы: арман-әрмен, тор-төр, тұр-түр, жоны-жөні. Жіңішкелік үшін жалғыз ғана белгі алып, 43 түрлі дыбысты 25 белгімен дұрыстап жазуға болады» (Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. ­Алматы: Ана тілі, 1992. ­­325 ­б). Байтұрсынұлы әліпбиінде 24 қана әріп еді. Ал дыбыстың саны, ғалымның өзі айтқандай, - 43. Әріптің бесеуі (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і, е) 9 дауыстының, 17-і (б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ-г, қ, к, г, ң, л, м, н) дауыссыздың, 2-і (у, й) жарты дауыстының таңбасы ­болды. Сөйтіп, ғалым қазақ тілінің бар ­дыбысын аз таңбаға сыйдырып, ең үнемді әліпби жасады. Бір қызығы, бұл әліпбимен жазғанда, жоғарыдағы әліпбилерден көргендей, әліпбидегі әріп санының тілдегі фонема санынан аз болуы ­немесе сәйкес келуі жазу синтагмасын ұзартпаған, керісінше, экономиясын жасаған. Жалпы жазу теориясында әріп саны фонема санынан кем әліпби – жетілген, әріп саны фонема санына тең әліпби – жетілдірілетін, әріп саны фонема ­санынан көп әліпби – жетілмеген алфавит болып саналады. Ғалымдар жетілген әліпбидің сипаты осы Байтұрсынұлының әліпбиі негізінде шығарылған дейді. Қ.Жұбанов: «Мұнан бас тартып латын алфавитін қабылдауымызға ұйытқы болған Қазақстан емес, Бүкілодақтық орталық жаңа Алфавит комитеті Ғылыми кеңесінің қысымы… Бұл жүйе қазақ тілінің ерекшелігіне әбден лайықты (тегінде жалғыз қазаққа ғана тән деп қарауға болмайды), қазіргі алған жаңа әліпбиімізге де өте қолайлы, өйткені араб жазуын таңбалау табиғатына мұның еш қатысы жоқ және дәл сондай-ақ ­алфавит біткенге бірдей үйлесімді» деді (Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеу­лер. ­Алматы: Ғылым, 1999. 22 б.). Төте жазудан бас тартып, 1929-1938 жж. латын жазуына көшкенде де осы жүйе сақталды. Әріп графикасы тілтанымдық еді. Ұқсас дыбыстардың таңбалары араб әліпбиіндегі базалық әріптен шығарылды. 1912-1922 жылдары «жарты дауысты» және дауыссыз у және еріндік дауыстылар о-ө, ұ-ү дыбыстары бір ғана «ﻭ» таңбасымен таңбаланған. 1923 жылғы кезекті реформадан кейін «у» жарты дауысты дыбысты таңбалау үшін «ﻭ» таңбаның үстіне үш нүкте қояды да, «ﯞ» (у) таңбасын жасайды, «ұ» әрпін үстіне «՚» белгісін қойып «ۏ» жасайды. Жіңішке дауыстылар дәйекше – «ﺀ» арқылы реттелді. Сонда 5 ­фонема ﯞ (у), ﻭ (о), ﺀﻭ (ө), ۏ (ұ), ﺀۏ (ү) болып айқындалып, бес түрлі таңба өрбітіліп шығарылады. Сөйтіп, Байтұрсынұлының әліпбиі ықшам, оңтайлы, тілтанымдық, сондықтан жеңіл әліпби боп шыққан. Қазіргі кирилл әліпбиіндегі жазуымыз – Байтұрсынұлы қалаған негізбен фонологиялық жүйені толыққанды таңбалай алған, орфоэпиямызға сызат түсірмеген жетілген, оңтайлы, жеңіл, үлгі жазу (тек орфоэпияға мән берілмеудің салдары көбейді). Әліпбидегі и, у, ю (и әрпінен басқа тіркесімде), я (и әрпінен басқа тіркесімде) таңбалары жазу үнемділігін жасады. Һ әрпі, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов айтқандай, төл сөздерде болмаса да, одағайларда кездесетін дыбыс, Н.Уәлиұлы айтқандай, кірме сөздердегі бейүндес буынның жігін жымдастыру қызметінде жұмсалатын маркерлі әріп (Ахмет, жићаз, т.б. сөздерде буындардың жіңішке/жуан айтылуына сілтеп тұрады), сондықтан қай жазудан да қалмай таңбаланып келеді. Сөйтіп, Байтұрсынұлы төте ­жазуынан бастап қазақ ұлты жетілген, «жақсы әліпбиі» бар жазудың иесі ­болып келе жатыр. Сондықтан ендігі жаңа жазуда да академик Ә.Қайдар, профессорлар Ә.Жүнісбек, К.Хұсайын, Н.Уәли және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары ұсынған тілтанымдық әліпбиде де ұқсас дыбыстарды ұқсас әріптермен таңбалану ұсынылып отыр: дауысты дыбыстар жүйесінің жіңішке жұбы ұқсас фонемадан умлаут арқылы ажыратылады (а-ä, о-ö, u-ü), дауыссыз, дауысты еріндіктер (у, ұ, ү) латын әліпбиіндегі u әрпінен шығарылып u-ū -ü болып, Байтұрсынұлы графикалағандай таңбаланады, ­мысалы: qauyn, tuys, üki, tüs, tūz, ūlan. Aл ­дауысты, дауыссыз жіңішке езуліктер (і, и, й) і әрпінен шығарылып, і және ɪболып таңбаланады, дауыссыздардың жұбы «айшық», «седиль» белгілерімен айырылады (g-ğ, s-ş, n-ŋ). Бұл сауат ашуда, тіл үйренуде жеңілдік туғызады.

Құралай Күдеринова филология ғылымының докторы, профессор

2242 рет

көрсетілді

287

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы