• Тарих
  • 12 Наурыз, 2020

АЛТЫН ОРДА МҰРАСЫ

Хандық тарихтың 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту арқылы елдік рухты оятып, ұлттық танымды кеңейттік. Әйтсе де, бес ғасырлығы бергі жағы, бес мыңжылдық терең-тамырлы тарихымыз бар. Сақ пен ғұннан бастау алып, көне түркі дәуірімен жалғаса келіп, уақыттың «тарих» жүйрігі Алтын Орда дәуіріне бас сұғады. Бұл Шыңғыс хан империясының заңды жалғасы іспетті Дешті Қыпшақ даласында іргесін тіккен түркі мемлекеті болатын. 

Таңбасы тасқа түскен тарихи кезеңнен қаламмен қағазға өрнектеген заман келбетіне ауысқан Алтын Орда – жаңа дәуір. Өйткені түркі халықтарының жартылай отырықшылыққа бейімделіп, қала мәдениеті мен дала мәдениеті қатар дамыған шақ. Ғылым-білім кеңінен жайылып, әдебиет пен мәдениет көтеріле түскен, өркениетті қоғамның негізі осы дәуірде қалана бастады. Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» тарихи роман-­трилогиясын оқыған оқырман сол кездің келбетін, замана сипатын, дәуір бағдарын түсіне алса керек-ті. Көшпелі ғұмыр салтынан жартылай отырықшы қалыпқа бейімделу қала мәдениетін қалыптастырып, дала өркениетін өсіре түсті. Сәні мен салтанаты келіскен Сарай-Берке, Сарай-Бату сынды астаналардың қалануы, Ұлытауда Жошы ханның кесенесінің салынуы, шығыстық шайырлардың қалдырған әдеби мұралары – бәрі де Алтын Орда дәуіріне тән. Сауда-саттық байланыстармен мәдени өркендеу қатар жүргені белгілі. Бұл турасында Ұлы Жібек Жолы туралы айтпасақ та түсінікті. Ал Алтын Орданың сыртқы саясаттағы үстемдігі мен сауда байланыстары қалаларды мәдени орталыққа ­айналдырды. Әсіресе, Сарай-Бату, Сарай-Берке, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты қала-кенттерде сауда мен қолөнер өркендеп, ғылым, мәдениет, әдебиет, көркемөнер дамыды. Мысалы, 1357 жылы Махмұт Әлиұлы Кердері Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында өзінің прозалық көркем әдеби шығармасы «Наһжи ұл фарадис» кітабын жазды. Деректерді сөйлетер болсақ, әдебиетте Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», Құтба ақынның «Хұсрау мен Шырын» ­поэмасы, Сайф Сарайидің «Гүлстан бит түркиі» («Түркіше Гүлстан»), Рабғузидің «Қисса сул әнбиясы» («Пайғамбарлар ­туралы қысқа әңгімелер»), көне қыпшақ тілінде «Кодекс ­Куманикус» («Құман тілінің сөздігі») сынды шығармалар Алтын Орда дәуірінде дүниеге келген. Әдеби жәдігерлердің бірінің мән-мазмұн тереңіне көз жіберсек, «Хұсрау мен ­Шырын» ­поэмасында шынайы махаббаттан бөлек, арамдық пен зұлымдықты, қастандық пен сатқындықты, өсек пен өтірікті әділдік пен адалдық жеңіп шы­ғатыны жазылған. Демек, адамгершілікті дәріптеу мен адал­дыққа сүйіспеншілікті жырлау арқылы адамды ізгілікке жетелеген. Алтын Орда дәуіріндегі әдеби ескерткіштердің қай-қайсысы да қыпшақ-оғыз немесе оғыз-қыпшақ аралас тілінде жазылған. Қазақ тілі қыпшақ тілдерінің бір тармағы болып есептелетінін ескерсек, Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетті де қазақ әдебиетіне ортақ мұра деп қарастыру әбден орынды. Яғни, сол әдеби жәдігерлер негізінде кейінгі қазақ әдебиетінің өрісі кеңіп, бұғанасы беки түсті. Олай дейтініміз, тарих толқынында жәдігер болған құндылық келер ұрпақтың бойына сіңіп, ойына ой қосып, жол-бағдар болатыны уақыт тезінен алынған негіз. Алтын Орда дәуірінде жалпы түркілік әдеби тілдің бір нұсқасы есебінде өз әдеби тілі, оның көркем әдебиет стилі және іс-қағаз стилі қалыптаса бастаған еді. Кейіннен бұлар, барлық қыпшақ, оғыз тілдері сияқты, қазақ әдеби тілінің дамуы барысында алғашқы бастаулардың бірі ретінде қызмет етті. Жазба әдебиеттің пайда болған кезеңі десек те, ауыз әдебиетінің жанданып тұрғанын ұмытпауымыз керек. Уақыт бағаны алға жылжыған сайын адамзат өркениетке, дамуға ұмтылатынына қатпарланған тарих беттерінен куәміз. Дегенмен, регресске ұшырап, талқандалып кері кеткеніміз де бар. Соның ішінде Алтын Орда мәдениеті прогресстік қызмет атқарғанына тағы да көзіміз жетіп отыр. Түркі мен моңғолдың ортақ иелігіндегі мемлекеттің Дешті Қыпшақ даласында саяси-тарихи өзгеріске, әдеби-мәдени ілгерілеуге, ғылым-білім дамуына ықпал еткені айқын.

Әзімбек Қойлыбай, ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспа ісі және радекциялау кафедрасының ІІ курс студенті

11780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы