• Тіл
  • 12 Наурыз, 2020

БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ – БІР ТІЛ, БІР ӘЛІПБИ...

«Ел болам десең, бесігіңді түзе». Мұхтар Әуезовтің осы сөзін қаперге алсақ, осы күні де бесігімізден түзелуге тиіс жайттар бірінен соң бірі тізбектеліп шыға қалады да тұрады. Қазақ тілінде оқыту мәселесі тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуықтаған, ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамы үшін ­­баяғыда-ақ реттеліп қоюы керек еді. Өкініштісі, олай болмай тұр. Солай болмағандығынан да осы мәселені әлі күнге көтеріп келеміз. «Ештен кеш жақсыны» ескеріп, бұл да бір шешімін табар-ау деп шүкір етесің.   

Мәселен, латын негізді қазақ әліп­биін қабылдау мен қазақ тілінде оқыту мәселесі әлі де өзекті. Бірінің жазуын екіншісі түсінбейтін ұрпақ қалыптаса ма деген алаң көңілін білдірген ­сенатор Мұрат Бақтиярұлы барлық балабақшаны тек қазақ тілінде және латын графикасына негізделген әліпбимен оқыту жүйесіне көшіруді ұсынды. Мұрат Бақтиярұлы бұл істі кейінге қалдырмай, қазірден кірісу қажет екенін айтады. Ұлтына қарамастан, кез келген ұл мен қыз балабақшада латын графикасына негізделген әліпбиден әріп тануға тиіс. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелерде оқу-тәрбие жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі қажет. Сонда қазақ тілі бүлдіршіннің санасына мықтап сіңеді деген пайымдағы сенатор бұл орайда барлық диаспораға түсіндіру жұмысын жүргізу керегін алға тартты. «Қазір қоғамды тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Ол – латын әліпбиі тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданатын болсақ, күні ертең әр ата-ана балаларын өздері білетін тілдегі кириллица графикасымен орыс тіліндегі мектептерге беретіні қазірден-ақ белгілі болуда. Түптің-түбінде бұл мәселе ушығып, біреуі латын әліпбиін меңгерген, ал екінші тобы латын қаріпін білмейтін, тек кириллицамен ғана жұмыс істейтін топтарға қоғамды бөліп жібере ме ­деген мәселе алаңдатады. Бұл тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғатындай» дейді сенатор. Шынымен де, ата-ана оқытуға жеңіл болсын деп баласын кириллицамен оқытатын орыс мектептеріне жаппай бере бастаса, оның алдын алатын жайттарды қарастырып қойған жөн-ау! Бұл орайда ұлт ұстазы Ахаңнан асырып сөз айта алмас­пыз. «...­Бұлардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе – қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб харпін тастатып, орыс харпін алдырамыз дейді. Сол үшін, әуелі, балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да, орыс харпімен оқысын дейді. Соның ішінде біреулер ана тілінде оқыған аты болу үшін қазақ тілінде орыс харпімен басталған кітаптардан бастап оқып, әрірек барған соң, кілең орысшаға түспек керек. Бұлар еппен қайырмалаушылардың жолы» деген екен А.Байтұрсынұлы. Ендеше, сенатор көтеріп отырған сауал – қоғамның болашағын шешетін мәселе екені көпке аян болып шықпай ма? Баласының оқуына алаңдаған ата-ананың жайын осы күннен шешіп бергеніміз абзал-ақ.

Қарагөз СІМӘДІЛ «Ana tili»

1335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы