• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

ОҚУЛЫҚ

(Ұлт газеті – «Ана тілі» апталығының 30 жылдық  мерейтойына)

Абзал БӨКЕН, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Жүйрікпен де ісі жоқ, жүлдемен де, Жөні бөлек бір жанмын «Тіл!» дегенде. Тілім менің, Сыйынған пірім менің, Қашан қанат жаяды іргелі елде?!

Жылуы жоқ жылдары жұтады ма, Жұпар жұға қоймады бұтағына. Кіре жаздап аз қалған, Түсі қызыл құрып бітер тілдердің Кітабына.

Ата Заңда болғанмен санаты ірі, Арзымады өмірден алатыны. Сонда оған қол созған Отыз түгіл, Онға тола қоймаған «Ана тілі».

Сол ойлады ұлт қамын, ұлыс қамын, Жұма сайын жұмылып жұмысқа мың. Пілден гөрі ірі екен ілгендері, Тілден мөрі төгілген «құмырсқаның».

– Кетпе, – деді, – көненің туы құлап, Кемер белдік беліне буынып ап. Күні батқан ұсынды уыз сөзді, Құмы қапқан кезеңнен суырып ап. Ақпар алып сармат пен сақтарынан, Арыстарын тірілтті аттары нән; Алтын тонды жақсысын алып шықты, Салқын тоңды тарихтың қатпарынан.

Тіршіліктің тартысқа толы мына Түскен де өзі тайынбай жорығына; – Тұзақтағы тілімді қондырам, – деп, – құжаттағы құрметті орынына.

Майдандасқан мәңгүртпен – мазағыңмен, Адам түгіл, көтермес азабын дөң. Осы газет – Миына қазағының – қазақ, – деген ұғымды жаза білген.

Антын, салтын қастерлеп пәк мүсіндей, Адам адам болмайды қатты сүймей. Жақтайтынға байыптау – бұл басылым, Қақпайтынға айыптау актісіндей.

«Ана тілім», өзіңсің өтімді үні, Тұлпарына жеткізген тоқымдыны. Құтты болсын отызың! Атажұрттың апта сайын шығатын ОҚУЛЫҒЫ!

730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы