• Әдебиет
  • 19 Наурыз, 2020

ОҚЫРМАНҒА АРНАУ СӨЗ

Барша әлемге ықпал-әсері ерекше байқалу үстіндегі жаңаша ойлау саясатының халқымыз санасын дүр сілкінтіп, рухани өмірімізге зор өзгерістер алып келгені бүгіндері қай-қайсымыз үшін де даусыз ақиқат. Талай жылдар бойы ойы тұмшаланып, пікірі тұқыртылып келген әлеумет енді ғана томағасын сыпырған қырандай айналасын айқын да ашық шолуға мүмкіндік алды. Сөйтсе, бұған дейін оның ілдім деп, қақтым деп жүргенінің дені өз тұтамы мен тегеурінінің сығымына сай бола бермегенге ұқсайды. Алғырлығында шек жоқ екені анық, бірақ оны тануда, түлетуі мен баптауында кінәрат жіберілгендей. Әйтпесе, әуелден ұласқан ұлан-ғайыр тарихы, ұлы далалық салқар мәдениеті, тұңғиық ой мен өре дәстүрі, бағзы заманалардан бері өсіп-өркендеу үстінде келе жатқан өрнекті де оралымды тілі бар ұлтымыздың әлденеше онжылдықтар ішінде ғана өзін халық ретінде танытуға тиіс ең басты ерекшеліктерінен айырыла жаздағанын қалай түсінбекке керек.

Бүкіл ел басына түскен тақсіретті жылдардың зілзала салмағы, әсіресе қазақ ұлтын тым ойсыратып кетті. Ұлт қадірі мен тағдырын тәлкек ­еткен қаншеңгел саясат нәтижесінде ашаршылыққа ұрынып, сан жағынан бір ойсыраған халық, сол қиямет жылдарда бетке шығар перзенттерінен де қатар айырылып – сапалық жағынан да оталды. Сол зұлмат саясаттың «арқасында» әлденеше ұрпақ талай уақыт бойы елім деп еңіреген ірі тұлғаларын жау қатарында санап өсті. Шәкәрім мен Ахметтің, Міржақып пен Мағжанның, Жүсіпбек пен Ғұмарлардың ғажайып творчествосынан мақұрым қалды. Осының өзі-ақ ұрпақ санасы үшін қаншама кемшілік болды десеңізші. Бүгінгі Наурыз мерекесі де сол сенбеушілік пен шектеушіліктің сіре мұзы астынан таяуда ғана сөгіліп ­алынды. Алпыс жылдан астам уақыт төл тойы – Жаңа жыл мейрамын ашық ­мерекелеуден тыйылып ­келген халықтың онымен қалай сағына қауышып, үлкен мереке, думанға ­айналдырып өткізгені күні кешегідей есте. Биыл да ол жаңа нышандармен байып, мән-мазмұны толығып, ажарлана, сымбаттана түскен қалпымен Жылқы жылын ертіп арамызға жарқын жүзбен тағы келіп отыр. Маңдайы ашық, қадамы құтты. Былтырғы Наурыздан биылғы Наурызға дейін елімізде талай елеулі өзгерістер өтті, санаға салмақ түсірер серпілістер, рухани түлеулер одан әрі өрістеді. Солардың арасында, әсіресе ұлтымыздың болашақ тағдырына өлшеусіз көмек көрсететін аса зор оқиғалардың бірі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы Заң қабылданғаны еді. Оны қалың жұртшылық пұшайман қалге түскен ана тілімізге қамқорлық жасау үшін дер кезінде қолға алынған маңызды шара ретінде бағалады. Алайда Заңның қабылдануы бар да, оның жүзеге асуы және бар. ­Республикамызда бұған дейін де тіл туралы заңдар мен қаулылар қабылданғаны белгілі, бірақ саптыаяққа ас құйып, ­сабынан қарауыл қараған сескенгіш те сезіктенгіш замандарда өзіміз ­болып, өзге болып үркіп жүріп, тіл өрісін жұтатып тынған жоқпыз ба. Осы жайлар тағы да қайталанбас үшін не істемекке керек! Әрине, бұл орайдағы шаралар «Тіл туралы» Заңның әр ­баптарында арнайы көрсетілген. Дегенмен, оған қалың әлеуметтің, ана тілінің тағдыры үшін жаны ауырып, жүрегі сыздайтын әрқайсымыздың да шынайы көмегіміз қажет екендігі тағы да дау тудырмаса керек. Өткен жылғы қазан айының 21-і күні дүниеге келген республикалық «Қазақ тілі» қоғамының көздеген басты мүддесі де, міне, осыған саятын. Қоғам өзінің жер-жерде құрылған ұйымдары, қалың мүшелері арқылы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолданылуына қажетті көмек беретін қолғабысшы күш ретінде шаңырақ көтерген еді. Міне, бүгін халқымыздың дәстүрлі Жаңа жылының алғашқы күнінде, Наурыз мейрамымен бірге сол «Қазақ тілі» қоғамының мақсат-мүддесін жүзеге асыруға көмектесетін төл басылымы – «Ана тілі» апталық газетінің де тұңғыш саны жарық көріп отыр. Осы уақытқа дейін республикамызда көпшілікке арналған мұндай басылымның болмағанын, тіл мүддесін қорғау мәселесінің көзден таса, көңілден қағыс қалып келгендігін еске алсақ, бұл апталықтың ашылуының өзі халқымыздың рухани өміріндегі елеулі оқиға екендігі даусыз.

«Ана тілі» – республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үні. Редакция алқасы газет көтерер тақырып аясы аса ауқымды деп біледі. Өйткені, тіл тағдыры – ел тағдыры, тіл тарихы – ел тарихы. Апталық «Тіл туралы» Заңның орындалу барысы, бұл орайда аяққа тұсау болар нендей кедергілер бар, олармен күрес жолдары, оң тәжірибелер өрісі, қазақ тілі ғана емес, республикадағы басқа да тілдер проблемалары төңірегінде қозғалатын бір бөлек тақырыптармен қатар, тілтанудың тылсым сырлары, тіл мәдениетіне, дәстүрлі ұлттық болмысымыз бен тұрмысымызға, ғибратты әдеп-салттарымызға, тәрбие мәселелеріне, оқулықтар сапасына қатысты қадау-қадау жайларды да көтеретін болады. Бүгінгі күрделі ұлтаралық қатынастар мәдениетіне арналған тақырыптар да әрдайым назардан тыс қалмақ емес. Халықтың ұлттық санасының оянуына септесетін басты рухани діңгектерінің бірі – оның өз тарихына, өткен-кеткеніне сергек көзбен қарауы, зерек түсінуі мен тануы. Дәл осы, тарихпен тәрбиелеу мәселесі де газет алдында тұрған аса үлкен міндеттердің бірі. Тілді, сірә да әдебиеттен бөле-жара қарау қиын. Сондықтан да ана тілімізде арғы-бергі кезеңдерде жасалған асыл дүниелер, қымбат қазыналарымызбен қатар, көтерген тақырыбы басылым мүддесіне үйле­сетін қазіргі таңдаулы әдеби шығар­маларға да газет пейілі ­ерекше... «Ана тілі» газетін республикамызда ғана емес, одан тысқары аймақтарда, шетелдерде тұратын қазақтар арасында да кеңінен таралатын басылымға айналдыру – басты бір мақсатымыз. Сонау 1913 жылдың ақпанында Орынбор шаһарында халқымыздың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынов қамсыз жатқан қалың қазақтың ­басын қосып, келелі істерге жұмылдыр­мақ ниетпен шығарған «Қазақ» атты газеттің алғашқы санындағы бас­ма­қалада: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы» деп жазған екен. «Ана тілі» деп аталған газетіміздің алғашқы санын назарларыңызға тарту үстінде, бүгінгі қазақ баласы алдында ана тілін қорғаудан, аялау­дан артық үлкен мақсат, мүдде жоқ екенін еске ала отырып, сол ойға ілесе: «Әрбір ұлттың, әрбір халықтың ең қымбат қазынасы – оның ана тілі. Сондықтан да аталы жұртымыздың, аруақты ана тіліміздің өркендеуі үшін күш қосып, қызмет ету баршамыздың міндетіміз. Ең тура жолдың бірі де осы» деп арнау сөзімізді түйіндегіміз келеді.

1990 жыл, 22 наурыз, № 1

466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы