• Тіл
  • 19 Наурыз, 2020

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАҢЫН КҮЗЕТКЕН...

Жанарбек ӘШІМЖАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты

Күн мен түн теңесіп, Самарқанның көк тасы еріген осынау Ұлыстың ұлы күні ұлт газеті – «Ана тілі» 30 жасқа толып отыр. Бұл – құмсағаты әлденеше аунаған тарих өлшемімен алғанда қас-қағым ғана сәт, ал қоғамдық өмірдің негізгі қозғаушы күші – адам өмірімен өлшегенде едәуір уақыт. «Ана тілі» – арғы кезеңдердегі ат жалында кеңес құрған хандар мен билердің, берідегі басы айдауда, бармағы шайнауда кеткен Алаш ардақтыларының арман аңсарынан туған басылым. Алып империяның ауласын саяси сағым кезіп, орақ пен балғаның топшысы босап, тас бұғау сетіней бастаған тоқсаныншы жылдары Тәуелсіздіктің таңын күтіп, жолын тосқан осы «Ана тілі» болатын.

Жаңа дәуірдің жаңа басылымының құрылуына тікелей қайрат көрсеткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, бүкіл ғұмырын қазақ тілінің қанат ­жаюына арнаған Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы еді. Ұстанымдарынан бір қадам кері шегінбей, шешім қабылдайтын билік өкіл­дерімен бірде тату, бірде қату бола жүріп, табандылық пен ­күш-­қай­ратты серік еткен аяулы ­академик ақсақалдарымыз ­айнымас мұрат ­жолында ажал жастығына бас қойды. Имандары саламат болсын. «Ана тілі» газеті – алғашқы нөмірі Тіл білімі институтының мәжіліс ­залында жарық көрген сәттен бастап бар қазақтың сүйкімді газетіне айналды. Демі ішін ­жарып шыққан демократиялық қоғамның алғашқы сәт-сағатынан ­бастап тірсегі тілініп, есесі кеткен Қазақ тілінің мәртебесі үшін ымырасыз күреске шықты. Ақырып теңдік сұрады. Күнгейлі-теріскейлі сәттердің бәрі баспасөз шежіресінде ­жазулы. Менің замандастарым дәл сол шақта көзін тырнап ашып, есігін қай жақтан ашарын білмей дағдарып тұрған қоғам көшіне енді ғана ілесе бастаған шақ еді... Осы отыз жылдың бедерінде «Ана тілі» басылымында есім-сойы елге мәлім көрнекті қаламгерлер, журналист-публицистер, ғалымдар, техникалық қызметкерлер аянбай абыройлы жұмыс істеді. Ақпараттық кеңістіктің шырайын кіргізіп, бірінің шынтағын бірі сезіне жүріп ұлт басылымының жалауын тіктеген сол аға буын әріптестерге мадақ! Күрестердің күресі – тіл үшін күрес! Қазақ Елінің азаттығы жолында бірі моласыз, бірі баласыз шаһид кеткен өткен ғасырдың басындағы ұлт қайраткерлерінің саяси-әлеуметтік күрес жолында ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ тағдырына алаңдамағаны кемде-кем. Бүгінгі мерейлі шақта сол ұлылары­мыздың жансарайын жарып шыққан жанайқайларын жаңа ұрпақ санасында бір жаңғыртсақ артық болмас. Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – ТІЛ» деп жанұшырса, Қараштың Ғұмары: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» деген сөзін тасқа қашап, тарихқа қаттап кетті. Ал Батыс Алашорда көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедұлының «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате» дегенін бүгінгі қоғамға қатыссыз деп кім айтады? «Оян, Қазақ!» деп ұран тастаған Міржақып Дулатов: «Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кетпейді. Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған... Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр...» деп шырылдағанда нені меңзеді? Сол Алаш зиялыларының жал­ғасы, басына ас құйып, сабына қарауыл қойған кезеңде айылын жимаған, күні кеше арамыздан кеткен Шерхан Мұртаза «Өзімізді өзіміз сыйламасақ, өз тілімізді сыйламасақ, ол тіл кімге керек? Бұрынғы Кеңестер Одағына қараған, қазір Тәуелсіздік алған мемлекеттердің бірде-бірінде тіл туралы біздегідей талас жоқ. Талас тек бізде ғана болып тұр...» деп, ақпараттық кеңістікте ақырғы демі үзілгенше намыс найзағайын ойнатты да кетті. «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алатын» бүгінгі жаңа медиа, технологиялық үдерістер мен әлеуметтік желілер желкен керіп тұрған шақта Тәуелсіздіктің қалыптасуына қызмет еткен дәстүрлі басылымдар көштің басында жүруі тиіс. Отыз жыл бұрын Тәуелсіздіктің таңын кірпік қақпай атырған «Ана тілі» газетінде түн жамылып, түс қашып еңбек етіп жүрген жас әріптестерім де ақпараттық майдандағы басылым мәртебесі үшін ­аянып жүрген жоқ. Осы орайда, барша алдыңғы буын ағаларымызды, замандас қаламдас­тарымызды, ұжымдағы әріптестерімізді «Ана тілі» газетінің ордалы ­30 ­жылды­ғымен құттықтаймын! Ақпараттық кеңістік пен дәстүрлі ­ба­сылымдардың аспанын бұлт тор­ла­масын! «Қазақ тілі – келешекте ұлтаралық қатынас тілі болатынына ешқандай күмән жоқ. Біз бұл мақсатқа жетеміз!» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі «Ана тілі» газетінің де ­басты темірқазығы. Ұлттың биігі ана тілінің айбынымен өлшенетінін ­ескерсек, қазақ тілінің Президент сөзімен айқындалған рөлі болашаққа жасалған нық қадам ­болатыны анық. Сөз соңында барша БАҚ өкілдерін, қаламгерлер қауымын ұдайы қолдап, қуаттап, дәстүрлі газет-журналдарға мемле­кеттік деңгейде қолдау көрсетіп келе жатқан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға ұжым аты­нан айрықша алғысымызды білдіргіміз келеді!

1813 рет

көрсетілді

155

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы