• Тіл
  • 19 Наурыз, 2020

СӨЗ СЫРЫ

Бір сөзді «жеті рудан» жинап-теріп, ер буынын әр ұлтқа таңушылық, қазақша сөзді кісі күлерліктей етіп қайта қазақшалау, сөз тегін зерттеуде бопсаға бой ұрушылық кездеседі. Сөздің туу, пайда болу сырын ашу халықтың табиғи ойлау, зерделеу ерекшелігіне сай болуы тиіс. Ешбір халық әр ұлттан әрбір буынды бір-бірлеп теріп алып, сөз құрастырмайды. Сөз табиғи, заттың, құбылыстың ерекшелігіне орай, соның нақты мазмұнын бейнелейтіндей болып, басты бір айрықша қасиетіне сәйкес айтылады. Халық сөзін (тілін) ешкім қолдан құрастырмаған, ақылдасып отырып, мынаны былай дейік демеген. Сөз ойда жоқта туған, жаратылған, жетіліп-дамый келе ол да ұрпақ шашып өркендеген. Бір сөзден ондаған, одан жүздеген, олардан мыңдаған сөз өнген. Адамның ақыл-ойымен бірге сөз де кемелденіп отырған.

Қағанақ

Адам баласының, мал төлінің үйі, яғни өніп-өскен қабы. Қағанағын жарды деп нақ қазір бұзаулағалы тұрған сиырды айтады. Қағанағымды жарып шыққан балам ғой, қағанағымды қақ жарып шыққан жалғызым ғой деп ана ­айтады. Қарық. Қарық болу – жарылқану, кенелу, ­тойыну. Қарық болу – суға кеткен, кеме, қайық апатына ұшырағандарға да айтылады. Олжалы болғанда, егін бітік шыққанда, мал төлді болған жылдары да қарық болып жатырмыз делінеді. Бұл қарық сөзінің әртүрлі мәндегі қолданылысы. Ал қағанағы қарық болуы – жарылған бала қабынан ақтарылған су, баланың өніп-өсуіне қажетті сұйықтың төгілуі. Кағанағы қарық дегеніміз, бейнелі сипатта, аман-есен босанған ананың қуанышқа кенелуі деген сөз.

Сағанақ

Кигіз үй сүйегінің (ағашының) негізгі қаңқасы – кереге. Әр үй бірнеше керегеден құралады. Оларды жеке-жеке қанат деп атайды. Сол кереге санына байланысты кигіз үй төрт қанатты, алты қанатты, сегіз, он екі, жиырма төрт қанатты деп аталады. Әр қанат бөлшектерінің өз атауы бар. Керегені құрайтын таяқшаларды керегенің шыбығы дейді. Шыбықтарды бір-біріне бекітетін қайысты көк, керегенің көгі деп атайды. Шыбықтардың айқасқан аралығындағы тор керегенің көзі делінеді. Барлық кигіз үй керегелердің (қанаттың) ені бірдей болмайды. Ол керегенің неше басты болуына ­байланысты. Әрбір екі шыбықтың айқасқан жоғарғы қосылысын керегенің басы дейді. Бұған уықтың аяғы бекітіледі. Керегенің басы (жоғарғы жағы) сыртқа қарай сәл қайқақтау, ал аяғы (төменгі жағы) тік болады. Қанаттың (керегенің) екі шетінде ғана болатын ең қысқа екі шыбығы ­болады. Керегенің әр қанаты осындай төрт қысқа шыбықпен тұйықталып отырылады. Қанаттың екі шетінде екеуі жоғары, екеуі төмен тұратын осы төрт қысқа шыбықты сағанақ деп атайды. Сағанақ қанаттың созылып, жиналуына және үй тіккенде керегелердің бір-бірімен, ең шеткі екеуі есік босағаларымен жымдасуына аса қажетті тетік. Сарық. «Кеш жарық! Ешкің арық, қойың сарық» деген қалжынды сәлемдесу рәсімі бар. Қойың сарық дегенде қойың сары деп отырған жоқ. Өйткені боз сарық, қара сарық, қызыл сарық деп те айтылады. Сарық қой дегеніміз қандай мал? Бұл кәдімгі қазақы қой арасында тұқым қуалаушылықпен ара-тұра бір байқалып қалатын ерекше құбылыс. Сарықтың құйрығы қазақы қойдай тегенеленбей, ешкі құйрықтанып, казіргі меринос қойының құйрығына ұқсастау болып бітеді. Бірақ ешкі құйрығындай шошаймай, мериностікіндей салпаңдамай, өзгешелеу бітімде тұқылдау болады. Қазір қазақы қой мен меринос буданы да осындай тұқым беріп жүр. Бірақ сарық сөзінің шығуы бұдан бұрынғы, қазақы қойдың сарықты табиғи тууы кезінен келе жатқан ескі сөз. Сарық – сарқынды, қалдық, тұқыл деген сөз. Сағанақ қысқа болғандықтан керегелік шыбықтардың қиыла – келе артылған қалдықтарынан жасалады. Сағанақтың сарық болуы осыдан. Қағанағы қарық, сағанағы сарық деген сөз әуелде әуезділік үшін тіркей айтылып, кейін төрт құбыласы түгел, дүниесі тегіс, уайым-қайғысыз адамға арналар сөзге айналған. Оның ештеңеден қаперсіз, ойсыз адамға айтылар кекесінді де қолданысы бар.

Қала

Тезекті қала, қиды қала, асықты қала, тасты қала, шымды қала, кесекті қала, кірпішті қала. Қала, қаластыр – осы бұйрық райлы етістік қала сөзінің тегі қалау, қаластыру дегеннен туындап, келе-келе зат есімдік мағынаға ие болған. Аққала, тасқала, шымқала дей келіп, үлкен елді мекенді қала деп атау дағдыға ­енген. Тісі қаладай, тісінің қаласы бұзылмаған, болмаса адам ажары, ескі қорған, күмбез ­туралы да әлі қаласы бұзылмаған деп айтылады. Қаласын бұзу – тігілген асықтың қатарын бұзу, қаланған тас, ­тезек, кесектің, шымның қалауын құлату, не бүгін бір құрылыстың қалауын бұзу, қирату ­болып табылады. Қалау – шымнан, ­тастан, кесектен құрылыс қабырғасын тұрғызу, қалаушы – осы істің маманы. Қалауы, қаласы қалай шіркіннің деп айтылады. Тісінің ­каласы бұзылмаған дегенде, қаласы – қатары деген мағынада. Адам ажары туралы қаласы бұзылмаған ­дегенде оның алғашқы сымбатының сақталуы әсем құрылыстың қалауымен шендестіріліп, теңеулік мәнде ­айтылып тұр. «Біреудің қаласын бұзып, жаласына қалар жайым жоқ» деген тіркес біреудің үлгірткен ісін, нәрсесін бүлдіргім, бұзғым келмейді деген мағына береді. Қаласын бұзу дегенді отбасын, некесін тұрғысында да қолдануға болар, бірақ тек сол бір мәнге байлап тастауға болмайды. Бұл кезінде көп мәнді, қолданылысы кең сөз болған. Қазір ілуде біреу ғана болмаса, бұл сөздің мәнін көп адам біле бермейді, ырабайда бір естіліп қалады.

Сабыржан Шүкірұлы Ана тілі, №49 желтоқсанның 5-і, 2002, жылқы жылы.

Ескерту: Материал қысқартылып берілді.

2466 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы