• Басты мақалалар
  • 19 Наурыз, 2020

«АНА ТІЛІ» ҰЛЫ ДАЛАҒА РУХ ӘКЕЛДІ

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы

«Ана тілі» газеті біле білген адамға тоқсаныншы жылдары 70 жыл бойына ұлттық рухани дүниеге шөлдеген қазақ жұртының сусынын қандырған бірден-бір бірегей басылым. 1990 жылы 22 наурызда газет шаңырағын көтерген, уықтарын нық шанышқан журналистердің ерен еңбегі, батыл қадамдары, біліктілігі, ұлтшылдығы, намысшылдығы, көре білгендігі, сөз маржандарын ерінбей теріп, уақыт кемесін ыққа емес, қасқайып желге, дауылға қарсы айдағандығы, жаңашылдығы, сайыпқырандығы дер едім. Газет несімен ерекшеленді, қандай тың тақырыптармен айшықталды, нендей көкейтесті мәселелермен нақышталды? «Құланның қасынуына, мылтықтың басуы» дегендей, әрине, бұл үнқағаз ұлт жүрегіндегі, ел көкірегіндегі діттеген мәселелерді, пісіп-жетілген кемел жайттарды батыл әрі сауатты қозғады.

ТЕҢІЗДЕЙ ТОЛҚЫҒАН, БУЫРҚАНҒАН ДҮНИЕ

Желтоқсан көтерілісін аяусыз басып-жаныштаған Кеңес ­империясы (оның қатыгез солдаттары) «қазақ халқы енді көпке дейін еңсесін тіктеп, ­басын көтермейді, бұратана халықтың ­рухын біржола өшірдік» деп әспенсіп, кеуделеріне нан пісіп,Мәскеулеріне көтеріңкі кеткен еді. Рас, қазақтың ұлы даласын әлемді дүр сілкіндірген көтерілістен соң жылдан аса уақыт қара тұман басып, қазақ жұртының еңсесін көтертпеді. Одан сайын тұншықтырып, өзге құлдарына Мәскеу «сендер егер бас көтерсеңдер!» деп сес көрсетіп, оларды бұйдалы тайлақтарындай жетектеп, дегеніне одан әрі көндіргісі келді. Бірақ Рух деген айбынды, қаһарлы, алып күш-қуат оянып кеткенін, осы қаскөй әрекеттерімен оны оятып алғанын олар білмей де, сезбей де қалды. Балтық жағалауындағы елдер, Грузия көтеріліп тәуелсіздіктерін талап етті. Мәскеудің айналасының бәрі Рухтың алауын жағып, буырқанып, бұрсанып жатты. Соның бәрінің қозғаушы күші момын қазақтың қаһары еді. Сексен сегізінші жылы елге Наурыз мерекесі келді. Қасаты қарды жарып шыққан бәйшешектей онымен бірге Алаштың ұлы даласына тағы да Рух келді. Алматы шаһарының Коммунистік көшесімен жоғарыға қарай ағылған қазақ баласы Наурызымен қауышып, мәз-мейрам болып, шаттанды, қуаныштан бірде күлді, бірде жылады. Сексен тоғызыншы жылы «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы (Шер-ағаң редактор еді) дабыл көтерген зиялылар мен халқы бірлесіп, енді өте мүшкіл жағдайдағы қазақ тілінің жағдайын жақсартуды талап етті. Жай ғана талап етпей, оны мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеретін арнайы заң қажеттігін билікке жеткізді. Халықтың қаһарынан сескенген ­Колбин бастаған билік амалы құрып, оған да келісті. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі ресми тіл болды. «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Міне, осы бір шақта тіл мәртебесін көтеретін, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын көрсететін үнқағаз қажет болды.

ДАУЫЛҒА ҚАРСЫ ЖҮЗГЕН РУХ КЕМЕСІ

Көп ұзамай, ақпарат айнасында «Ана тілі» деген газет ашылады екен» деген елең еткізер жаңалық жылт етті. Мен ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істейтінмін. Бір күні Жақаң, Жарылқап Бейсенбайұлы ағам мені іздеп келді. Жақаңмен бұрын «Лениншіл жаста» бірге жұмыс істегенмін. Ұстаздарымның бірі, мәкетті жақсы біледі, жазуы ширақ, жаңашыл журналист ағамыз соңғы бес-алты жылда газетте ерекше тақырыптарды көтеріп, екі-үш кітабын жарыққа шығарып үлгерді. Жақаңның «Ана тілі» газетінің редакторлығына бекігенін ұзынқұлақтан естігенбіз. Ол кісі көп сөзбұйдаға салынбай, мені жауапты хатшылыққа шақырды. Нақты жауап бермесем де іштей келістім. «Көп ­ойланба! Газеттің бірінші нөмірі 22 наурызға шығады» деді ағамыз кетерінде ­шегелеп. Қызық болғанда Шер-ағаң «Қазақ әдебиетінен» «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан») Бас редактор ­болып ауысты да, мені іле-шала сол газетке шақырды (жауапты хатшының орынбасарлығына). Бармадым. «Ана тілі» газетін қаладым. Ор-ағаң ­(Оралхан Бөкей ағамыз «Қазақ әдебиетінде» Бас редактор болды) мені әзер жіберді. Мен өзіммен бірге белгілі сатирик-суретші Төлеген Ильяшевті алып жолда кетіп бара жатқанда марқұм фототілші Берсінбек Сәрсенов ағам жолығып, «Мені жұмысқа алсаңшы» деп өтініш білдірді. Сөйтіп «Ана тілі» газетінің Қазақстан Ғылым академиясындағы шаңырағына (мәжіліс залы) қосшы­ларымды ертіп бір-ақ келдім. «Ана тілі» газеті «Қазақ тілі» қоға­мының үні болып бекітілді. Бас редактордың орынбасары Б.Сарбалаев, бөлім редакторлары Ғ.Әнес, Қ.Ботбаев, Б.Тайжан, А.Мектептегі, Ж.Тойбазаров. Б.Қошым-Ноғай, Д.Қамзабекұлы, ­С.Ибраимов, т.б. қауырт жұмысқа кірісіп кеттік. Ә.Қайдаров және Ө.Айтбаев ағала­рымыз баталарын берді. Үлгердік. Тура 22 наурыз күні «Ана тілінің» алғашқы нөмірі шықты. Мақаламыздың басында айт­қаным­дай, Кеңес өкіметі кезінде шыққан газеттердің жолдарын қайтала­май, ­газет мүлдем тың, жаңа жолды таңдады. Бірінші бетке берілген Берсінбек ағамыздың коллажы жарқ етіп шығып, бірден оқырманын өзіне ­тартты. ­Ондай сатиралық коллаждар нөмір ­сайын шығып тұрды. Әп дегенде Алаш ­арыстары жайлы, Қазақ тарихының жұмбақ ашылмаған парақтары, Қазақ тілінің тамырын шапқандар, мәңгүрттік, көзқамандықтың түп-тамыры, ашар­шылық, репрессия, сондай-ақ салт-дәстүрлеріміз, этнография, шежіре, ислам дінінің әліппесі, ғибратты әңгімелер... бәрі-бәрі шығып жарияланып, газеттің абыройы, беделі нөмір сайын көтерілді, ел оны жоғалтқан ­бауырындай іздеп оқыды. Тез даңққа бөленді. Мектептер, оқу орындары ­газетке шыққан материалдарды оқулық орнына пайдаланды. Газет таралымы жүз мыңнан асып кетіп, өзге ірі басылымдарды шаң қап­тырды. Бірде біз Жүрсін ағамыз ұйым­дастырған айтыс кезінде жазылу жүргізгенде газетке деген халықтың ­махаббатын көрсеңіз! Жазылушылар ұзын-сонар кезекке тұрды. «Дауылға қарсы жүзген Рух кемесі» деп «Ана тілін» айтып отырмын. Қазақ халқының сол кезде рухы мұхиттай буырқанып тұрды. Кейін сол рухты өшіріп алдық. Кім, қандай жағдайда өшірді, әлі де ол жұмбақ...

ҚОС «КАПИТАН» ЖӘНЕ ГАЗЕТТІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ЕРЛІКТЕРІ

Газетте кім жұмыс істеді, қандай оқи­ғалар болды, нендей жағдайлар қалыптасты, оны өзге әріптестерім айта жатар. Мен осы газетте 15 жыл жұмыс істедім. Рух кемесінің екі капитаны Жарылқап Бейсенбайұлы мен ­Мереке Құлкеновтың қарамағында істеген осы уақыт мен үшін журналистік ­алтын уақытым деп есептеймін. Екеуі де уақыт тынысын тап басатын, ұлтшыл, өз істерінің хас шеберлері, батыл ­азаматтар екенін баса айтқым келеді. Олар «Ана тілінің» бағына келген бас ­редакторлар болатын. Жарылқап ағам кадрды таңдағыш еді. Сол кадрлардың жазғандары газеттің айдынын ­асырды. Ол сонымен қатар өзі де «жауға» сарбаздарымен бірге алдыңғы шепте қарсы шабатын сардар-тын. Мәселен, Жақаңды Қазақ шежіресінің негізін қалаушы деп айтсақ, ешкім қарсы болмас деймін. Тақырыпқа қатты көңіл аударатын. ­Мереке ағамыз, ұмытпасам, 97-жылы келді. Бұл кезде елімізге келген дағдарыс, ауыртпалық бұлты «Ана тілі» газетіне де үйірілді. Кәсіпкерлік таланты бар Мәкең газетін «жауға» бермеді және газеттің оқылуын, абыройын, беделін төмендетпеді. Мәселен, елде болып жатқан қиын жағдайлар, дағдарыстардың шынайы көріністерін сол кезде шыққан газет парақтарын аударыстырсаңыз, бәрін көре аласыз. Ащы шындық ­жазылды, ақиқат атойлап жарияланды. Бір ­мысалды келтіре кетейін. Құлекеев мырза білім министрі болғанда (2000 жылдары) үштілділікті құпия жолмен бастады. Екі эксперименттік мектеп ашпаққа ниеттенді. «Ана тілі» дабыл көтерді. Бүкіл республика қолдады. Кейін газетті 1 млн теңгеге сотқа да берді. Бірақ «Ана тіл» бастаған тіл ­жанашырлары жеңді. Бұл – бір ерлік. Екінші ерлігі – «Бинго» билетін шығарған компаниясын қазақ тілін қорлағаны үшін 40 млн теңгеге сотқа бердік, жеңдік. Үшінші ерлігі – ­Рес­­­публи­калық саз мектебімен шайқасты. Ұлттық мүдде, тағы да тіл тағдыры. Бір жыл шайқасып, ­директорын жұмыстан шығарттық. Бұл шағын мақалада газеттің ерліктерін, ұлты үшін талай тай­таласқа, арпалысқа, шайқасқа барған айбынды істерін сыйғызып жеткізу мүмкін емес. Мәселен, қиын кезеңде газет екі рет (халықаралық және республикалық) автошеру ұйымдастырды. Біріншісінде (2001 ж) бүкіл шекараны 37 тәулік ­бойына аралап, (17 мың шақырым) циклды мақалалар жазды, үлкен проблемаларды көтерді. Екінші автошеруде (38 тәулік, 19 мың шақырым жол жүрген) Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстанды аралап, шеттегі қазақтардың жағдайын сараптады. Бұл ерлік пе, ерлік! Осы ерліктерді қорықпай, газетіне бергізген Мереке Құлкеновті батыр демей көріңіз!

ТҮЙІН: ГАЗЕТІМДІ ТІЛ МАЙДАНЫНЫҢ АЛҒЫ ШЕБІНЕН КӨРГІМ КЕЛЕДІ

Аттың басын осы жерден тартып, 30 жылдығын тойлап жатқан қазіргі ­газет ұжымы басылымның бұрынғы қызметкерлеріне сөз тізгінін беріп жатқандарына алғысымызды ­айтамыз. Той құтты болсын! Әттеген-ай дейтініміз, бұл тойдың тура Тәждівирус ­дауылына кез болғаны. Оқасы жоқ. Бұл ауыртпалықтан да өтеміз, қаламдастар! Ең бастысы, Ана тілімізді әлі де өркендетпей, төрге шығармай отырған «вирустардан» сақтайық. Осы күрес нағыз азаматтық күрес. Ол Тіл майданы деп аталады. «Ана тілін» мен сол майданның алғы шебінен көргім келеді. Сәт сапар!

2090 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы