• Қоғам
  • 19 Наурыз, 2020

БЕЛДЕН – БЕЛЕСКЕ

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, «Ана тілі» газетінің 2007-2008 жылдардағы Бас редакторы

Биыл да қашанғыдай тойдан кенде емеспіз: Абай мен әл-Фарабидің мерейтойлары, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл (Бішкек күрежолының бойындағы базармен шатас­тырмауды сұраймын) һәм «Ана тілі» газетіне 30 жыл толып отыр. Отыз жыл — бір адамның орташа ғұмыр жасы ғой. ­Осынау бір буын уақыт кезеңінде басылымда небәрі алты бас редактор ауысқан екен. Солардың төртіншісі болғанымды ойласам, ­кеудеме мақтан сияқты бір сезім ұялайды. Иә, айналайын ана тіліне еселі болмаса да, әйтеуір бір сыбағалы еңбек сіңіру әр қазаққа мақтаныш болса керек.

«Ана тілі» өзінің алғашқы бас ре­дакторлары Жақаңның (Жа­рылқап Бейсенбайұлы), Мекеңнің (Мереке Құлкенов) және марқұм Жұмабек ­Кенжа­лин­нің тұсында кон­сервативті аудиторияға, консерваторлық ­идеалдар­ды мұрат тұтқан ұлтшыл-пат­риоттарға ­ба­ғытталған басылым ретінде қалыптасты. Жақаң­ның бас­тамашылдығымен газет фирмасына «Ұлт газеті» ­деген анық­тауыш­тың қосылғаны да содан. Мұның өзі ­Никсон тұсындағы американ консервативтік журналистикасын еске түсіретін. Мысалға, сол елдегі атақты ­Роберт Айлз құрған Fox News жаңа­лықтар телеарнасын алуға болады. Бұлар «үнсіз көпшілікке» — Silent majoritу-ға, яғни, әдетте өз пікірлерін сыртқа шығара бермейтін, қоғамдық және ­саяси өмірден тысқары жүретін, бірақ істің сағаты соққанда азу көрсетіп, айбат шегіп, өз пікірін батыл білдіретін бұқара адамдар тобына бағыт ұстаған БАҚ. «Ана тілін» әу баста өмірге әкелген де, таралымын тез арада жүз мыңнан асырып жіберген де осы «үнсіз қауым», солардың арман-тілегі болатын. Консерваторлық бұл бұқара адамдар тобының ­газет бетіндегі таза, анық бейнесі — ­Мырзан Қайғының (Мырзан Кенжебай) қаламынан күніге көк түйнектей домалап түсіп жататын мақалалар еді. «Ана тілінде» басредтің жиі ауыспауының да бірден-бір себебі тұрақты аудиториясының тұрақтылықты қажет етуінде болса керек. Негізінде мен күшік кезінде таланып қалған басредпін: «Ана тіліндегі» қызметімді ілгеріде, Жақаңның тұсында елтану бөлі­мінің меңгерушісі болып бас­тағам. Содан да шығар, ­газетке басшы ретінде оралып келген соң, бұрынғы тұрақты оқыр­ман аудиториясын сақтап қалуға тырысқаным. Оны біздің ­тұ­сымызда газет таралымының өзгермеуінен де аңғаруға ­болады. Бірақ контент едәуір өзгеріске ұшырады: бұрынғы тіл, ұлт проблемаларына енді ұлттық мүддені көздеген ­саясат, экономика, әлеуметтік мәселелер үстелді. Яғни контент әртараптандырылды. Бұл тақырыптардың құрылыс материалы қазақ тілі болғандықтан, олар мемлекеттік тіл ­мә­селесімен орайласып ­жататынын алға тостық. ­Осылайша, «Ана тілі» иткөйлегінен шығып, қанатын кеңге жайып, ендігі жерде жалпыұлттық басылым бола алатын ыңғай танытты. Осы редакциялық саясатқа сәйкес біз бұрынғы «үнсіз көпшілік» аудиториясын интеллектуалдық деңгейі жоғарырақ «белсенді азшылық» есебінен толықтырып, бейнелеп айтқанда, капучино ішетіндерді эспрессоны тәуір көретіндермен шалаптауға тырыстық. Осылайша, газет бұрынғы таза консерваторлық бағыттан жаңа консерваторлық (неоконсервативтік) сипатқа ауысуы тиіс еді. Айта кетер жағдай, осы ойымызды газеттің сол жылдардағы құрылтай­шысы Мереке Құлкенов те, оның орнына келген ­Бауыржан Омарұлы да айтқызбай ұғып, қолымызды қақпады. ­Нәти­жесінде редак­циялық құрам Нұрперзент Домбай, Асылхан Мамашұлы, Әділбек Жапақ, Қанат Әбілқайыр, Біләл Қуаныш, Қуанышбек Қари, Дархан Бейсенбекұлы, Бейбіт Жәлелұлы секілді жаңа лек журналистермен толықты. Көпшілігі осында газеттің қара жұмысынан сүргіленіп өтті. Бүгін әрқайсысы ақиқат пен шындық сөздің жебесіндей боп журналистикада өз бағыттары бойынша еселі еңбек етіп жүр. Бұл жігіттердің қай-қайсысы да саладағы неокондық бағыт — жаңалықты, ­проблеманы жалаң хабарлап қоймай, ­оларды ­«жасау», талдап жасау бағыты өнімді болатынын «Ана тілінде» жүріп анығырақ ұғынды ­деуге аузым барады. Басқаша айтқанда, кісі бір нәрсені оқығысы, көргісі кеп ­ауаланады, бірақ не керек екенін өзі де білмейді. Заманауи журналистік тренд — сүрсанадағы әлгі ­ауанды дөп тауып, соны қана­ғаттандыратын өнім жасап, ұсыну. Біздің бұл неокондық ізденістерімізді халық бірден ду көтеріп әкетті демей-ақ қояйын, алайда, сонымен бірге бөгде деп жатырқамағаны да анық. Көп нәрсе заманға да ­байланысты еді, бірақ сол тұста билік құрып тұрған жүйе қоғамды селт еткізіп, ой түсіріп, күздің таңғы желіндей ширықтыратын соны неоконсерваторлық ­басылымды аса қажетсінбеген, тіпті ептеп тіксінген де секілді. Қалай болғанда да, «ерте туып, еш заманның маң­дайына сыймаған» деп бір әнде айтылатындай, біз екіжарым-үш жылдан кейін өз даға-миссиямызды аяқтауға мәжбүр болдық. Осы уақыт мұғдарында басред ретіндегі мүмкіндігімді толыққа жақын көрсетіп болдым-ау деймін. Шындығына келгенде, қазып айтам деп қажып қалғанымды, тіпті сарқыла бастағанымды сездім. Менің не нәрсенің де майын-сөлін шығарғысы кеп тұратын перфекционистік «тоқпағымның» астында жүріп, жігіттердің де «запалы» бітіп қалғандай көрінді. Бірақ сонда да ұттырғанымыздан ұтқанымыз көбірек болды деп есептеймін. Мысалы, өз ­басым, спорт тілімен айтқанда, «ойыншы-жаттықтырушы» ретінде газетке бұрқыратып көп жазғанымның арқасында одан әрі жазушы-эссеист дейтін өз ­жолымды ­тауып кеттім. (Екіжарым ­жылда «Ана тілінде» жариялаған материалдарым кейінірек «Кәбиса жыл» дейтін үлкен кітапты құрады). Өмірімде бірінші рет ұжым басқардым, сырқылдақ «Волга» демесең, алғаш «бастықтың мәшініне» тақымым тиді. «Ана тілі» мені журнализмге әкел­ген жолдың басы болды — Ас­танаға ауысып, осы аттас журналды шығарған кезімде газетте жинақтаған басшылық тәжірибемнің пайдасын көрдім. Түйіп айтқанда, қазір журналистикадан кетсем де, «Ана тілінде» өткерген аз ғана уақытымды осы саладағы қызметімнің бір биігі ретінде әр кез еске алып отырамын. Белден белеске көтеріліп отырған мерейлі тойың құтты болсын, «Ана тілім»! Қазақ тілінің тойы, бүгінгі Тіл үмесі ұзағынан сүйсіндіргей.

1327 рет

көрсетілді

57

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы