• Тарих
  • 19 Наурыз, 2020

АСПАННАН ЕКІ «АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ» АЛЫП ТҮСКЕН ЕР ҚАЗАҚ

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ, журналист

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске биыл 75 жыл. Әскери мекемелердің ресми мәліметтеріне сүйенсек, елімізде соғыс жылдарында 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта полктар мен батальондар жасақталған. Шамамен 1 млн 400 мың адам майдан даласына аттанған. 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмады, олардың 125 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті. Сол соғыста 500-ге жуық қазақстандық азамат Кеңес Одағының батыры атанса, оның 100-ге тарта адамы этникалық қазақтар. Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алғандар қатарында ұшқыш Талғат Бигелдинов те бар еді. 30 жылдық мерейтойын тойлап отырған газетіміздің белді журналисі, қаламгер Раушан Төленқызы «Ана тілі» газетінде бірқатар айтулы тұлғалармен сұхбат құрған болатын. Батыр әруағына құрмет ретінде Талғат Бигелдиновпен жасаған сұхбат жайлы Раушан Төленқызының эссесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. 

«СЕН ӨЗІҢ… ФАШИСТ ЕКЕНСІҢ!»

…«Ана тілі» газеті 1990 жылдардың ортасы ауа тұлғалармен сұхбатқа ­кө­бірек ден қойды. Бас ре­дактор Мереке Құлкенов «Атамұра» кор­по­ра­циясының бас ­ди­ректоры Мұхтар Құл-Мұхаммедпен және киноактер Нұржұман Ықтымбаев­пен әң­гімеден кейінгі үшінші тапсырма­ны, Талғат Бигелдиновпен жүздесуді жүктеді. Күтпеген тапсырма… «Жоқ» деуге басшыдан, «иә» деуге Батырдан жүрегім дауаламай тұр. Бар тапқан уәжім «Ол кісі қазір не істейді?» болды. «Автомектептер мен жүргізушілер тәртібін реттеу мәселесі төңірегінде…». Телефон нөмірін таптым. Тердім. Аз-кемнен кейін тұтқаны біреу көтерді. Батыр екен. Жөнімді, өтіні­шімді айттым. Бөгеліңкіреп біраз тұрды да: – Атым кім дейсің? – деді. – Раушан. – А, Рихан… Ну… жарайды, бүгін түс­тен кейін кел. «Рихан емес едім» деуге болмай­ды, тіпті жақсы, кешегі «Лениншіл жастағы» Өтеген Оралбаев пен «Ана тіліндегі» ­Ертай Айғалиұлы ағалар қойған Рәшида, Рауғашының қасына тағы бір жаңа ат қосылды. …Трамвайдан бір аялдама ерте түсіп алдым да, енді өз ойыммен өзім жа­ға­ласып келемін. Қобалжып та, қорқып та барамын. «Келісе ме, келіспей ме деп едім, сөйтсем, ол түк емес екен. Егер сөйлесе алмасам, қайтемін? Мұндай адаммен сұхбатты шығара алмасам, қайтемін? Мені бір Әзілхан Нұршайықов дей ме екен? Бұл – мені сынау, бұл – сынақ…» деп, хақы иесіне ішімнен «қатты ұрсып», әрі өзімді-өзім қайрап келемін. Есіктің қоңырау түймесін басып едім, іштен «щас, щас» деген дауыс саңқ-саңқ етті. Қуанып кеттім. Іле, кілт сылдырлап, есік айқара ашылды. Қарсы алдымда Талғат Бигелдинов тұр! Арғы жақ у-ду. Үйде қонақтар бар екен. Ол кісі маған аңтарылып қарады. Мен абдырап қалдым. – Аға, мен… «Ана тілінен»… Түстен кейін кел деп едіңіз… – Ә-ә-ә… Иә-иә… Ну… жарайды, сен де қонақсың ғой. Кір, кір. Сірә, басқа біреуді күтіп отырғанда қоңырауды мен бассам керек… Қысылғаныма қарамай, дастарқанға шақырды. Орыс-қазағы аралас кілең үлкен кісілер. Кімдер екеніне мән бергенім жоқ, өзіме бір кісі ғана керек. Апайлар мен атайларға кедергі болмай, сәлден соң шығып кетермін дегенмін. Бәрібір әңгіменің реті бүгін келмес. – Бұл – корреспондент. Маған ­интервью беріңіз дейді, – деген Батырдың сөзінен соң бәрі бірінен кейін майдан, соғыс туралы әңгімеге көшті. Зейін қоймасқа болмады… Көңілді отырғанын пайдаланып, ертең келуге Батырдың уәдесін алдым. Ол кісі пейілдене келісті. Басқалары үлкендердің әдетімен маған әрқай­сысы кәмпит, тәтті ұсынып жатыр. – Жоқ, жоқ! Бір атай: – Бұларың не? Корреспондент ­сендерге кішкентай бала ма? Одан да, Талғат ­Якупбекович, бал бер, бал! Бәрі кеу-кеулеп, қостай кетті. ­Ал­масыма қоймады. Солайша, баһадүр бірінші күні сөз емес, бал берді. Ертесіне келісілген уақытқа кеше­гідей емес, батыл басып бардым. Барсам, ­Батыр ағам ол да кешегідей емес, ықыласы суып қалыпты… Қатарың емес, құрбың емес, «кешегі уәдеміз қайда?» деп, қалай базы­на айтарсың! Керек десең, онша жақтырмады. – Ертең телефон соғарсың, – деді сүлесоқ. «Бара берді» ұқтым да, сыртқа көңілім құлазып шықтым. Енді бүгін өзімді жазғырдым (Осын­дай кездерде сөз сұрап емес, бөз сұрай келгендей меселің қайтқанда, ертеңнен бастап тілшілікті тастайтын боласың. Ал, бірақ, таң атқанда, бүгін тағы да «Ана тіліне», жұмысқа баратының есіңе түскенде, қол-аяғың жерге тимейді). …Кімге ренжіп, кімге қыр көр­сеткенімді қайдам, үш-төрт күн телефонға жуымай қойдым. Сабама түссем, сағаттар өтіп жатыр. Дереу телефонға ұмтылдым. Тұтқаны ешкім көтермеді. Дыңылдап, діңкемді құртты, дегбірімді тауысты. Үйде жоқ па, әлде… Енді күн сайын Талғат Бигелдиновке қоңырау соғу әдетке ­айналды. Телефонның дискісі шыр ­айналып-айналып, Талғат ағамды «таба алмайды». Сәті түскен күні ол кісінің көңілі түспеді. «Соны қайтесің, Рихан» деп, сырғақтатады. Сол екі арада екі жеті өтіп кетті. Бастықтың көзіне түспеуге тырыса­мын. Қайда, ол үшін жұмысқа мүлде келмей қоюың керек. «Жазған құлда шаршау жоқ», тағы телефон шалдым. Бұл жолы тұтқаны тез көтергені не керек: – Айналып кетейін, интервью бере ­алмаймын, – деді тіке. – Онда, анау күнгі бал салып бер­ген банкіңізді апарып берейін. Бұл шыным еді. Ол уақытта банкі атаулы бүгінгідей емес, қат. Қажет кезде қолға түспей қалады. Әрине, басқа-басқа, банкіге қарап тұрған Батыр жоқ, менікі де жөнсіз болды ма, үнсіз қалды. Соны пайдала­нып, әлдене демей тұрғанда желіні үзетін тетікті тез түртіп жібердім. Сөйтіп, телефон тұтқасын үлкен кісіден бұрын қоймауға тиісті әдепті бұздым. Әрі тұрып, бері тұрып, бап­тап жүрген диктофонды, үнтаспаны салып алдым. «Бәлкім, сәті түсер?..». Қоңырау шалмай-ақ, қолайлы уақыт осы ғой деп, түске таяу бар­дым. Шәйдің үстінен түстім. – Қолыңдағыны шкафтың үстіне қоя сал да, кел, шәй іш. Баспалап сөз бастадым: – Балыңыз тәтті екен. – Жедің бе? – Иә. – Көзіңе тамыздың ба? – ?!? – Әне, қазақ десең, өзіңе тиеді. Балдың қадірін білмейсіңдер! Бал малдан кем пайда бермейді. Осы күні қазақтың қаншама жігіттері жұмыс таппай, сенделіп жүр. Бес-алтауы бірігіп, ара бақса, қайтеді?.. Табы­сы көп. Балы саулыққа пайда. Мен, міне, қанша жасқа келдім, сенен неше жас үлкенмін! Көзімнің өткірлігі әлі кеміген жоқ. Жанарым сау. Өйткені мен көзіме ұдайы бал тамызамын. Бал көздің жанарын сақтайды. Саған қараймын, келген сайын көзілдірік салып аласың. Бұдан былай көзіңе бал ­тамызып жүр. Бірақ қандай бал екенін мен саған айтайын… Көзге балдың қай түрінің ­пайдалы екенін айтқан. «Иә, түсіндім, ­жарай­ды, сөйтемін» дедім бастырмалатып. Бірақ құлағымда қалған жоқ. Ол аңғырттығымнан емес, аңдасам, Батырым шешіле бастады. – Аға, сіз өзіңіз соғысқа дейін балдың пайдасы туралы білдіңіз бе? – Қайдан білемін?!. Сен маған соғысты айтпашы! – Жарайды… Онда, мен кеттім. Шегінген немістер сияқты… – Немісте нең бар?! Фашистер де!!! – Иә, фашистер сияқты… Бірақ мен ертең тағы келемін.  «Шабуылға» дегім келіп тұрды да, шарт ете түссе, пәле болар деп, дереу шығып кеттім. «О, Құдай, ол ертең омартасына кетіп қалмаса екен» деп тілей-тілей, ескертпестен, ертеңгі сағат он бол­май, Батыр үйінің табалдырығына тірелдім. «Шегінерге жер жоқ, арқамда – «Ана тілі», есіктің қоңырау түймесін қайта-қайта, ұзақ басып тұрып ­алдым. Сонымен біраз уақыт тұрдым. Әдеп­сіздік, әрине, бірақ, енді қайтемін?.. Есіктің ­тысын қаптаған былғарыны саусағыммен сызғылап уақыт оздырған боламын. Түймені тағы түрттім. Ол тағы дыз етті. «Қапнашшегргөзщалдыайә!»... Мұным енді «Хан сыртынан жұдырық» қой. Сөйттім де, қоңырауды қаттырақ ­бастым. Талғат ағам есікті ашса да, көлденең тартқан күміс түсті шын­жырын ағыт­пастан, маған қадала қарап, біраз тұрды. «Ашыңызшы, а?». Мұншама «бет­пақтықты» күтпеген болуы керек, көзін алмаған күйі, тетікті сыдырды. Бұдан әрі сыпайылықтың жөні жоқ, сыналай ашылған есікке кимелей кірдім. Рұқсатсыз етігімді, пальтомды шештім. Ол кісі қимылымды бағып, үнсіз тұр. Жақтырмай тұрғанын ту сыртыммен, жұлын-жүйкем, алпыс екі тамы­рыммен түйсініп, сезінемін… Қолсөмкемді киім ілгіштің шкафына қойдым да: – Сәлематсыз ба? – дедім босаға­сынан жаңа кіргендей. – Сен өзің… фашист екенсің!!! – Сіз фашисті көрдіңіз бе? – Не?! Не дедің?! Қатты ашуланды. Екі көзінің қиығы қасына қарай шаншылып шыға келді. «Көзімнің өткірлігі қайтқан жоқ» дегені рас, өңменімнен өтіп барады. Мен қорқып кеттім. Ұят болды… Фашизмді жеңген Батыр адамға бұлай дегенім үлкен ағаттық еді. Енді қайт­тім, «айтылған сөз – атылған оқ»… – Онда… өзіңіз… айтпайсыз ғой… Маған да… тапсырма… – Сөзім сөзіме ­жуыспайды. «Мен енді не істейін?..». Қарап-қарап тұрды да: – Кір! Кір, бөлмеге!.. – деді. Үні аздап сынғандай ма, әлде, ма­ған солай көрінді ме… Қо­нақ­жайға өттім. Теледидар қосулы. Құдай ті­леуіңді бергір, Мақпал Жү­нісова ән салып тұр екен. «Суға кеткен тал қармайды», баһадүрге: – Аға, сіз Мақпалдың әнін жақсы көресіз бе? – дедім. Батыр – аңғал болса аңғал шығар, бірақ, баладай жаны саф келеді екен. Қолмен сылып алғандай жаңағы ашудан жүзінде қолма-қол түк қалған жоқ: – Айналып кетейін (өзгелер ай­налайын десе, бұл кісі «айналып кетейін» деп сөй­лей­тінін аңдадым), былтыр көктемде, Ленин сарайы жақта Наурыз тойында бір киіз үйге кірсек, Мақпал отыр екен. Мені көріп, атып тұра келіп: «Ой, Талғат ағам менің!» деп, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр. Маған арнап домбырамен біраз ән айтып берді. Домбыраны жақсы тартады. Дегенше болған жоқ, есіктің қоңырауы қағылды. – Мен кәзір, – деп ауыз бөлмеге беттеді. Біреуді мейірленіп қарсы алды. Екеуі емен-жарқын сөйлесті. Мен, әйтеуір, Батырдың жібігеніне қуанып отырмын. Ә дегенше, бөлмеге жасы 20-25-тер шамасындағы сұлуша жігіт бас сұғып, амандасты. – Газеттен келіп отыр. Интервью беремін, – деді. «Иә, сәт! Қанды басың бері тарт!». – А, онда мен жұмыстарыңызға кедергі болмайын, – деп, көп бөгелмей, аз-кем шаруасын айтып, шығып кетті. Батыр мейманын есіктен ұзатып салып келді де: – Кіші балам ғой (әңгіменің сәті туғанға қуанып отырып, мән бергенім жоқ, әлде, немерем деді ме екен…). Бұл да Талғат ­Бигелдинов, – деді. Енді өзі «хош» демейінше, тағы бір нәрсені бүлдіріп алармын деп, үстел үстін­дегі самсаған «ойыншық» само­лет­терді қызықтаған болып, орындықта тапжылмастан, үн-түнсіз отырмын. Ұшқыштың жаны – ұшақтың қанатында, назарым сүйікті самолеттеріне сүрініп отырғанын көрсе, өзі де әлдене деп сөз бастар… Ән аяқталды. Теледидарды сөн­діріп, әңгімеге дайын екенін аңдатты. …Батыр «булығып» жүр екен, ­сауал сайын сөз туындатып, көп, өте көп әңгіме айтты. Бір емес, екі таспаның екі жағы толды. Батырдың да көкірегіне байланған шері болады екен, семіп қалған сырды тарқатты. Тағдыры анасының құрсағында жатқанда-ақ басталыпты. Бала күнгі көп нәрсе есінде екен, тапқан, баққан ата-анасы туралы сөз қозғады. Жүз үш жасаған нағашы апасы Ха­диша әжейдің дұға үйреткенін, оны соғыстың өне бойына аузынан тастамағанын, кейін бейбіт ­заманда жұмыста да, тұрмыста да әлдеқалай қиындыққа душар болғанда оқи жүретінін әңгімеледі. Соғыс бітіп, елге келген соң, оқуға жиналғанда ата-анасы «Батырға енді оқудың керегі не?» деп таңғалғанын, бұған қалыңдық дайындап отырғанын айтқанда, «оны кәйтемін?» деп өзінің таңғалғанын айтып, рахаттана күлді. «Кәйтеміні несі? Үйленесің». «Жоқ. Оқимын. Үйленбеймін». «Сен әуелі ол қызды көрсеңші». «Көрсек, көрейік». Көрді. Он алтыдағы сүп-сүйкімді қыз екен. Еріксіз ғашық болды. Қалдырмай, өзімен бірге ала кетті. «Ол – мынау еді, ертерек қайтыс болды, байқұс» деп, қасы-көзі мөлдіреген сұлу келіншектің суретін көрсетті. …Бұл бір біткен іс болды. Таңертең Батыр қарсы алып еді, енді түсте бала күнінде бейнет кешкен, жас күнінде ұшып жүріп от шашқан, тіршілікте кезіккен қызықшылық пен қиыншылық бәрі-бәрі жиналып, жүрегіне қатпар-қатпар сыр болып қатқан дүр қария шығарып ­салды. «Бұл – менің сүріп жатқан өмірім, ­айналып кетейін». Таспаға тартқан сөздің бәрін іліп, тізіп немесе шала шолып жариялаудың жөн еместігін қаперге салды. «Газетке шығармай тұрып, жазғаныңды маған көрсетіп ал» деді. «О, әрине!». Соңыра, 12 бетке ықшамдап, ­компьютер­ге терілген өз әңгімесін оқыды. Көкейінен шықты. Әр бетіне жеке-жеке қол қойып берді. «Ал, Рихан, тағы жазамын десең, тағы кел» деп, ықылас білдірді. Жастық па, жұмыс па, сәті туып тұрғанда қайта ­оралмағанымыз-ай… Кезекті, келесі сұхбаттарды «қуалап» кете беріппіз.

АЖАЛ АСПАНДА ЕМЕС, СУДА ЖЕТЕ ЖАЗДАДЫ…

…Орынбор әскери-авиация училищесін бітірген сержант Талғат ­Бигелдинов 1942 жылы желтоқсан айында Калинин майданы түбіндегі шабуылдаушы авиация полкіне келді. Бірнеше күн бойы әскери аэродромда әуе шайқасының әдіс-тәсілдерін үйреніп, көп жаттықты. Сөйтіп, 1943 жылғы ақпанның 17-сі күні алғашқы әскери тапсырмаға, әуеге шырқап шықты. Аспанға алғашқы сапар сәтті өтті. Сол күні тағы да екі мәрте ұшып, тапсырма орындады. Солайша, соғыстың қиян-кескі ұрысына дендей еніп жүре берді. Бар-жоғы тоғызыншы шыққан шайқаста немістің ұшқышын қуалап жүріп, құлатты. Сөйтсе, ол сол уақытқа дейін кеңес әскерінің 300-ге тарта самолетін жойған, аспандағы айқаста 108 рет жеңіске жеткен, өздерінде адам теңгермес ұшқышы екен. Ол өзінің самолетін бар-жоғы 8-ақ әскери айқас өткерген, бар-жоғы жиырма жасар жігіттің атып түсіргеніне сенбепті. «Ол кім?». «Ол – қазақ» десе, «қазақ деген кім?» деп таңғалыпты ғой. «Мен соны білді дейсің бе? Ол өзі мені желке тұсымнан ұрмақ болып жанталасып жүргенде тура тұмсығымның алдына өзін-өзі алып шыға келді. Өзі келіп тұрған соң, аяйын ба, атқыладым. Қайта, менің өзімді Құдайдың сақтағанын айт!» деді сол күнгі сержант. Содан, Би­гелдиновке офицер дәрежесін беріп, звено командирі етіп тағайындады. …Жиырмадағы командир ­Харь­ков үшін шайқаста өзі шейіт кете жаздады. Самолетіне оқ тиіп, май­дан шебіне әзер жетіп үлгерді. Өз тобына қосылған соң, қайтадан ұшты. Бір күні Бигелдиновтердің полкына генерал В.Г.Рязанов Харьковтың маңындағы жау аэро­дромын талқандауды міндеттеді. Истребительдердің қорға­нышымен жарақтанған «Ил»-дер ша­буылға шұғыл аттанды. Таңалакеуімде дұшпанның аэродромына жетіп, сол жерде қаздай тізіліп тұрған бомбылаушы 12 ұшақты жойды. Ан­гарлар мен авиабомба қой­масының күл-талқанын шығарған полк жауынгерлері аман-есен оралды. Түскі сағат 14-те алты «Ил» Харь­ковты тағы бетке алды. Бұл жолы истреби­тельдерсіз «жалаңаш» ұшты. Өкінішке қарай, таңертең есесі кетіп, жауыққан жау оларға үдемелетіп, зениттерден оқ жаудырды. Үш-үштен бөлініп, екі белдеумен өзімізге қарай бет алған ұшқыштар аяқасты истребительдермен жарақ­танған немістің бомбылаушы ұшақтарына кез болды. Тапсырмадан оралып келе жатқан «мессерлер» бұларды байқап қалыпты. Бағытынан кілт бұрылып, біздің жігіттерге қарсы салды! Сөйтіп, айналдырған алты шабуылшы аттай он екі истреби­тельмен бетпе-бет қалды. Аспанда шыр көбелек шайқас басталды. Талғаттың ұшағына бауырынан оқ жаудырып жүрген бір неміс сумаң етіп, өзінен-өзі қарсы алдыға шыға келді. Қалт еткізбей, пушка атқылайтын гашетканы безілдете басты. Неміс истребитель қап-қара түтіні бұрқылдап, төменге қарай атқан тастай құлдилады! Бигелдиновтің ұшағы да «жарадар» болды. Бірақ кері қайтуға болмайды. Өйткені әудемжерде дұшпанның дала аэродромында 100 бомбылаушы мен истребительдер «менмұндалап» тұр. Соны бетке алды. Бұны көрген аэродром абыр-сабырға түсті. Самолеттері әуеге көтеріліп, бом­былаушы ұшақтың артқы кабина­сынан пулемет сақылдап қоя берді. Біздің шабуылдаушылар да қарап қалған жоқ, ес жиғызбай төпелетті. Аэродром әп-сәтте от-жалынға оранды. Біздің «Ил»-дер енді аэро­дромды артқа тастап, кері ұшты. Осы кезде оқ тиген самолеті сыр беріп, ауырлай бастады. Майдан шебіне дейін әлі 40 шақырым бар, шыдай алмайтын сияқты. «Ил-2»-нің ахуалын аңдап қалған немістің екі «Фокері» жалма-жан екі жақтан қаусырмалап, бұларды өз аэродро­мына қондырмаққа әрекеттенді. «Би­гелдиновті білмейді екенсіңдер!». «Сырқат» самолетпен-ақ сырғақсып, сансыратты. Олар ары далпылдап, бері қалтылдап, мысы құрыды. Түк шығара алмағанына ыза болды ма, бұрылып алып, біздің самолетті атқылай бастады. Бұршақтай жауған пулеметтің оғы жан қойсын ба, моторға, кабинаға тиіп, двигатель түтіндей бастады. Ұшқыш пен атқылаушы жалма-жан парашют ашып, тұйғын құстай түу төменге сорғалады… Аман-есен құтылған екеу майдан шебіне жетем дегенше бірнеше күн өтті. Аңдамай қалып, екі мәрте немістердің постысының тұсынан шыға қалғаны бар емес пе! Бетпе-бет келген жаудың екі солдатын жекпе-жекте жер жастандырды. Із жасыру үшін үш сағат бойы батпақта кеңірдектеп батып отырды. Майдан шебіне жетуге аз қалғанда атқылаушы абайсызда минаға түсіп, мерт болды… Солтүстік Донның жағасына таң ­алдында Талғат жалғыз өзі жетті. Арғы жағалауда – өзіміз. Тәнін темірдей қарыған тастай суық суға күмп етіп, жүзе жөнелді. Немістар байқап қалыпты. Өзенге оқ жаудыр­ды. Зуу-у, щсу-уф-ф… Өршеленіп, басы қылтыңдап, құлаштап келе жатқанында сол қолына оқ тиді. Осы кезде неше күннен бері арып-ашып, әбден әлсіреген жауынгердің үстіндегі сусіңді киімі ауырлап, батып бара жатқанын байқады. Бар күш-жігерін жиып, әупірімдеп, жағалаудағы тасқа жете жығылды да, ес-түссіз қалды… Ұшқышты жаяу әскерлер тауып, жертөлеге арқалап әкелді. Санитар жарасын таңып, медсанбатқа жіберді. Полктағылар оралмағанға оны опат болдыға жо­рып қойған. Жанкешті екен, жиырма бір күнде жазылып, штурвал ұстауға жарады. ­Солайша, Көктәңірінің, Көктің ұлы көкке қайта шырқады.

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ БІРТУАРЫ

Үш жүз бес рет ұшқанында ­эскадрилья командирі Талғатпен бірге соғысқан ешкім қаза болған жоқ. Анықтап айтқанда, соның бәрінде де оның кінәсінен ешкім ажал құшқан емес! Себебі бәрі командирге байланысты. Командир ұрысқа қалай бастап кірсе, ұрыс солай аяқталады. Саратов барлау мектебінде дәріс алған Талғат Бигел­динов – дұшпанның жердегі нысан­дарын әуеден фотосуретке түсірудің асқан шебері. Ұшқыш-командирдің өзгеге сирек қонатын осы қабілеті аңыз ­болып тарады. 152-гвардиялық истребитель полкының ұшқыш-истребительдері 144-гвардиялық Львов шабуылдаушы авиация полкінің эскадрилья командирі Талғат Бигелдиновтің дарынын, ол ба­стап ұшқан ұшқыштар тобының ешуақытта шығынға ұшырамағанын айтады: «Ауа райы қандай қиын болса да, тиісті ­нысанды қапысыз тауып, оны жоюдағы шеберлігі адам таңғаларлық. Әсіресе, 1944 жылғы қазанның 14-і күні атқарған операциясы әскери оқу-жаттығуда үлгі етуге әбден лайық. Талғат Бигелдиновтің эскадрильясындағы «төрттік» звеносына барлай жүріп шабуылдау міндеттелді. Операция кезінде олар Круглов маңындағы көз алдаушы түспен бояп қойған бақандай елу шақты автомашинаның үстінен түседі. Осы кезде біздің төрт истребительге сегіз бірдей ФВ-190 («Фокке-Вульф-190») және төрт МЕ-190 ұшағы тап берді. Осы арадағы Бигелдиновтің шеберлігіне сөз жетпейді. Звеносындағы төрт ұшақты ұйыстырып алды да, ша­буылды үдете түсті. Жаудың он екі ұшағының құрсауында жүріп-ақ, жеті мәшинені талқандап, қарамағындағы бірде-бір ұшқышты ажал құштырмай, самолеттерді бүтін күйінде аэродромға аман-есен қондырды» деп жазған. Штурмовик сексен рет аспанға көтерілген болса, Батыр атағы беріледі. Егер жүз алпыс рет ұрыс салса, Кеңес Одағының Батыры атағын екінші рет тағы аласың. Үш жүз отыз рет ұшсаң, үшінші мәрте… Бірақ үш есе батырлық бұйырған жоқ. Бигелдинов штурмовикпен үш жүз бес рет тапсырма орындағанда, Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған Анатолий Ефимов 244 рет ұшыпты… Майданға қатардағы ұшқыш ­болып кірген Талғат Бигелди­нов соғыс аяқталғанда Авиаполк гвардиясының эскадрилья командирі дәрежесіне жетті. Екі жылда 305 рет ұшқанды уақытқа шаққанда 500 сағат болады екен. Сол уақыт ішінде 21 танк, аспандағы айқаста 7 ұшақты оның ішінде бір өзі 5 ұшақты, топ­пен ұшып жүріп, екеуін құлатты. Және жерде бесеуінің көзін жойды. Өздігінен жүретін 5 артиллериялық қондырғыны және 2 локомотив, 37 автомобиль, әскерилері бар, техника тиелген 7 ­вагонды талқандаған. Кеңестік ұшқыштардың ішінде тұңғыш рет Берлиннің үстімен ұшқан. Бигелдинов – қайта қалпына келтірілген Прага аэродромына бірінші болып ұшақ қондырған кеңестік әскери ұшқыш. Екі мәрте Батыр болған 65 әскери ұшқыштың бірегейі. Кеңес Одағының Батыры атағын екi мәрте алған 120 Батырдың iшiндегi бiр ғана азиат текті азамат. Талғат Бигелдиновтің есімі Ақтөбе Жоғары азаматтық авиация ұшқыштар институты мен Қарағанды республикалық авиа­ция училищесіне берілген. Бірнеше қалалардың Құрметті азаматы. Соғыс Батыры Әскери-әуе ака­­де­миясын бітірген 1950 жылдары елімізде реактивті авиацияның өркендеген кезі. Реактивті самолеттер пайда болды. Осы самолеттерді сынау үшін ­жиырма бес ­адамды сынаушы ұшқыштыққа ­дайындады. Төртеуі қаза болды. Талғат апатқа түссе де, аман қалды… Бір қызығы дейміз бе, таңғаларлығы дейсіз бе, кәзіргі Аста­на әуежайының орнында бұрын Ақмола-Қараөткел төңірегінде Майлыбалық ауылы болыпты. Дәл осы жерде Талғат Бигелдинов туған. Ана жылдары Ақмолаға әуежай салуға жер іздегенде қолайлы, ыңғайлы осы Майлыбалық ауылы болыпты. Әуежай құрылысын да өзі бас болып жүргізді. Өткен ғасырдың ортасына дейін Қазақстандағы азаматтық авиация кенже қалған еді. Бүйірдегі Мәскеуге ұшу үшін түстіктегі Ташкенттен ба­рып мінеді екен. Себебі Алматыда Ил-18 ұшып-қонатын асфальтты, бетонды берік алаң жоқ. Батыр азаматтық авиацияны өркендетуді, оның негізін құруды қолға алды. Өзі осы саланы толық игеру үшін Мәскеу Инженерлік-құрылыс институтын оқып тауысты. Алматыдан соң, Балқаш әуежайын қолға алған. Одан кейін Бигелдиновтің бас­шылығымен Ақмолада, Павлодарда және Гурьев пен Оралдан басқа барлық облыс орталықтарында ұшу-қону алаңымен толықтай жабдықталған аэродром­дар салынды. Зейнет демалысына шыққан соң Автоәуесқойлар одағын басқарды. Өзі бас болып жүргізушілерді дайындауға қатты көңіл бөлді. Әрбір облыс орталығында ­автомектептер ашты. Жерде де аспандағыдай жүйелілік болғанын қалап еді. Одан басқа да көптеген қоғамдық қызметтерге ара­ласты. Қазақ онша тән ала қоймаған бал арасын өсірді. Солайша, Батыр Талғаттың тағылымы екі ғасырдан бері тәнті етіп келеді. Айтпақшы, Талғат Бигелдинов ­барлаушы болғандықтан, негізінен түнгі, жұлдыз жамыраған аспанды шарлай ұшқан. Демек, Батырымыз екі «Алтын Жұлдызын» аспаннан алып түсті…

1619 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы