• Қоғам
  • 19 Наурыз, 2020

ТӨРТ-БЕС КҮНДЕ 45 МЫҢ АДАМ ЖАЗЫЛҒАН ЕДІ

Қонысбек БОТБАЙ, баспагер

Біз 90-жылдардың басында «Ана тілі» газеті шыққан кезде келген алғашқы топтың ішінде болдық.  Газеттің алғашқы Бас редакторы Жарылқап ­Бейсенбай екеуміз сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде қызметтес болғанбыз. «Ана тілі» жарыққа шығатын кезде Жарылқап маған ұсыныс айтты. Осылайша, «Ана тілі» газетіне мықты мамандарды жинай бастады, өйткені ол адам тани білетін. Білімді, білікті, жазуы қалыптасқан журналистерді шақырды. Олардың қатарында Бақыт Сарбалаев, Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектептегі сияқты тілші-ғалымдар бар. Олар тілдегі мәселелер, жаңа сөздер, жаңа терминдер туралы жақсы материал­дарды көп жазды, көп мәселе көтерді. 

Біз жұмысты алғаш бастаған ­кезде қазіргідей жақсы ғимарат, арнайы мекеме, жағдай жоқ-тұғын. Өзіміз Тіл білімі институтында жайғастық, ал мақалаларды тіземізге қойып жаза беретінбіз. Мәжіліс залында, жиналыстардың үстінде жаза бердік. Қолдан келгенше адал жұмыс істеуге тырыстық. Ел алдында беделіміз де жақсы болды, абыройымыз асқақтап тұрды. Бір ғана мысал айтайын. Бұл оқиға менің ғана емес, бүкіл жұрттың жүрегінде әлі сақтаулы деп ойлаймын. Республика сарайында «Ана тілі» газетіне жазылу науқанын ұйымдастырдық. Дәл осы кезде ­айтыс өтіп жатқан, соның арасында айтыстың ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Жүрсін Ерман «фойеде «Ана тілі» газетіне жазылу жүріп жатыр, үзілісте жазылыңыздар» деп хабарлады. Ал үзілісте айтысқа келген бүкіл жұрт лап қойды. «Қазпоштадан» келіп, жазылуды жүргізіп отырған қыздарды ­басып кете жаздап, жұрттың газетке жазылуға деген ықыласы ерекше болды. Сондай жақсы үрдістер жүрді. Төрт-бес күннің ішінде 45 мың адамның газетке жазылған сәтінің куәсі болдық. Біз сондай жақсы кезеңде жұмыс істедік. Елге, тілге, ұлтқа, халықтың ­этнографиясына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты өзекті де өтімді ­ма­териалдарды көп бердік. Ұжым ұйымшыл еді. Әр материал оқылып, айдар, тақырып қоярда ақылдасып отыратынбыз. Мысалы, газеттің соңғы бетінде «Жиған-терген» ­деген айдар болды, соны жарты сағат талқылап, ақылдасып қойғанымыз есімде. Мен сол кезде газеттің тіл ­саясаты бөлімін басқардым. Сонда қазақ тілі мәселелерін, атқарылып жатқан жұмыстарды, шұғыл хабарларды ұтымды беріп отырдық. Бірде «Үржар аспаны ала-құла» деген материал бердік. Семей өңірі Үржар төңірегінде қазақ тілінің жағдайы қандай, не істеліп жатыр деп білім басқармаларымен, сол жердегі мекемелердің басшыларымен сөйлесіп, тәп-тәуір мақала дайындадық. Сонымен бірге қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы Оразақ Смағұловпен сұхбат бердік. Айқарма бетке шыққан бұл сұхбатты жұрт іздеп жүріп оқыды, редакцияға келіп іздегендер көп болды. Тағы бір ел талқысына түскен материал Герольд Бельгермен сұхбат еді. Ол сұхбаттың тақырыбы әлі есімде: «Калинин көшесінде тұратыныма намыстанамын» деген тақырыппен жарияладық. Сонда Бельгер немістердің Ресейде орнығып қалған жерлерінен М.Калининнің бұйрығымен көшіп, мұнда келіп қоныстанғандағы қиыншылықтары туралы әңгіме қылады. Ал Алматыға келіп, Калинин атындағы көшеге жайғасады. Ол халықтың басына осындай дүрбелең тудырған адамның атындағы көшеде тұратынына намыс­танатынын ашық айтты. Сонымен, жұрт ол материалға да ду ете қалды. «Ана тілі» газеті құрылған ­кезде-ақ оның басы-қасына қалыптасқан журналистердің ­жиналуы газетке аймақтардан авторлар тартуда көп септігін тигізді. Орталық Қазақстан, Жамбыл, т.б. аймақтардағы әріптестерге қолқа салып, материал жаздырып отырдық. Олар да бізді, газетті қолдады, сөзімізді жерге тастаған жоқ. Бас редакторымыз Жарылқап Бейсенбай сауатты азамат қой, ол бірде газетке қазақ шежіресін беруді ұсынды. Бұл кезде шежіре беру оңай емес еді. Соны ақылдасып, нөмір сайын қазақтың шежіресін беріп отырдық. Ол тақырып та бірталай оқырман жинады. Мен газетте көп те, аз да істеген жоқпын. Үш жылға жуық қызмет ­еткен екенмін. Бірақ осы уақытқа дейін осы басылымда, осы ұжымда жұмыс істегенімді әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Қазіргі таңда да ­газетке жазылғанмын, оқып тұрамын. Біздің кездегі газетпен салыстыруға келмейді, әрине. Өйткені қазір заманның да, оқырманның да ­талабы басқа. Ал ұлт басылымы «Ана тілі» газетінің 30 жылдық мерейтойында газет пен оның ұжымына тек сәттілік тілеймін! Оқырманның сұранысына ие ­басылым болып қала берсін!

1495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы