• Тұлға
  • 02 Сәуір, 2020

Медет ТУРИН, ЦАРКА-ның киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшысы: «Фейк хабарламалардың мақсаты – елді дүрліктіру»

Коронавирус індеті уақытында әрі елдің көпшілігі карантинде жатқан уақытта фейк ақпараттар тіптен үдей түсті. Әлеуметтік желі арқылы немесе WhatsApp-қа келген сансыз хабарламаның фейк әлде шын екенін айыра білу үшін не істеу керек? Ресейлік мамандар «баласы мектепке баратын аналардың форумдары мен топтарында фейк ақпараттар жылдам тарайтынын» айтады. Біздегі жағдай қандай? Кибершабуылдарды зерттеу мен анализ жасау орталығының (ЦАРКА) сарапшысы Медет Туринмен фейк ақпараттардың түрі, олардан сақтану жолдары туралы былай дейді.

 – Халықтың көңілі коронавирусқа қатысты әр ақпаратты қалт жібермей оқимын деп алаңдаған шақта, әртүрлі әлеуметтік желілер, WhatsApp арқылы фейк хабарламалар күрт өсті. Коронавирусқа қатысты өршіген фейк хабарламаларды қандай түрге бөлуге болады? Олардың қай түрі әлдеқайда қауіпті?   

– Ақпараттық фейктердің қаупін бүгінгі қоғам аса елемей отыр. Фейк жаңалықтар мен мақалалардың салдары әртүрлі болады. Халық арасында паника тудырудан бастап, белгілі бір тағам өнімдері бағасының күрт өсуіне дейін алып келуі мүмкін.  Ең қайғылы мысалды Иран бастан өткерді. Вирустан қорғанудың жолы осы деген жалған ақпаратқа сенген бірнеше адам метилл спиртін ішіп қайтыс болды. (https://tass.ru/obschestvo/7929159).

Біздің ел де күн сайын түрлі жағдайларды бастан өткеріп отыр. Өткен аптада ғана «Алматыдағы карантинді бұзғаны үшін таксистерді күш құрылымдары соққыға жығуда» деген фейк видео таралды. Оның үстіне бұл фейк тиым салынған оппозициялық ұйымның ұсынуымен таралды (https://t.me/Kazdvk/7188). Бұл фейк ақпаратты көрген халық айран-асыр болып қалды. Алайда видеоның Қазақстан Республикасына түк те қатысы жоқ еді және ол видеодағы көрініс өзге елдің наша сатушыларын өзге елдің күш құрылымдары ұстап жатқан сәті болып шықты.

Әлеуметтік желілерде коронавирусты кәдімгі зімбірмен емдейді екен деген фейк жаңалық тарады. Нәтижесінде зімбірдің бағасы күрт өсіп, халықтың наразылығын тудырды.

Әдетте фейк жаңалықтар адамдардың нақты бір тобына бағытталады. Біздегі фейк жаңалықтарға әлсіз, яғни фейкке бір дегеннен әрі сөзсіз сенетін, сол сенімі негізінде жедел әрекет ететін топтар туралы айтып өтсеңіз.

– Сауаттылық деңгейі төмендеу болса және қоғамдық пікір қалыптастыратын тұлғалар мен сарапшыларға халық сенбесе, фейкке кез келген қоғам бірден сеніп қалуы мүмкін.

Фейк жаңалықтардың адамдарға ықпалын дұрыс есептесе, қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төнеді.

Фейк жаңалықтардың жаппай таралуын телефон терроризмімен салыстыруға болады, себебі олардың мақсаты бір: халық арасында паника тудыру және елді үрейлендіру.

– Елде төтенше жағдай жариялана сала «Депозиттер мен салымдарда қаржыңыз болса, шешіп алыңыздар, банкоматтар жабылады екен» деген аудиохабарламалар WhatsApp топтарда көп таралды. Жалпы мұндай фейк ақпараттар қаржы, экономика саласына зиянын қаншалықты тигізеді?

– Ол саланың сарапшысы емеспін, сондықтан қандай қаржылық-экономикалық зиян болатынын нақты айта алмаймын. Меніңше, мұндай жағдайда жапа шегу мөлшері өте жоғары. Дәл сіз айтқан сипаттағы фейк ақпараттар елімізде бірінші рет таралып отырған жоқ. Ертеректе мұндай фейктердің кесірінен жағдай нашарлап, жекеленген банктердің банкрот болу қаупі төнген еді. Айта кетейін, ол кезде фейк таратқандарды сол уақытта тауып, жазаға тартқан болатын. Мұндай хабар тарататындардың мақсаты әртүрлі болуы мүмкін: бәсекелестердің арсыз қадамы, саяси мүдде, сыртқы факторлар. Фейктердің шет елдерден келетіні де, жергілікті халық арасынан шығып жататыны да жасырын емес.

– Тұрғындардың жеке бас қауіпсіздігі мен экономикалық жағдайына соққы беретін фейк жаңалықтардан қаншалықты қорғана аламыз? Мұндай жаңалықтар жаппай таралса, оған соққы бере алу, яғни фейкті жоққа шығару жылдамдығымыз қандай?

– Ақпаратпен жұмыс істегенде мына қарапайым жайттарды қаперге алуға кеңес беремін:

  1. Хабарламаны жібермес бұрын оның фейк болуы мүмкін бе, соны елеп-екшеп алыңыз, күмәндансаңыз, хабарламаны ешкімге жібермеңіз.
  2. Дерек шыққан қайнаркөзді тексеріңіз. Ресми хабарларға ғана көңіл аударыңыз.
  3. Деректерді жеке-жеке тексеріңіз. Деректер мен қиялдың қосындысы – үгіт-насихаттың басты принциптерінің бірі. Сізге ұсыныстар тізімі келсе, оның бір пункті дұрыс болса, қалғанын да дұрыс екен деп сеніп қалу оп-оңай. Алайда ол тізімнің тең жартысы немесе ширегі фейк болып шығуы ғажап емес.
  4. Эмоциядан сақ болыңыз! Фейк авторлары жедел әрекет етуге шақыруы арқылы адамның эмоциясымен ойнап, оның көңілін алаңдатуға тырысады.
  5. Ақпаратты алғанда оның жалған болуы мүмкін бе – жақсылап ойланыңыз.

Сізге қатысты фейк ақпарат шықса, жағдайды толық баяндап, ақпаратты бірден жоққа шығарыңыз. Иә, сізге бірден құлақ аспауы да мүмкін екеніне дайын болыңыз. Негізінде мұндай жағдайда тәуелсіз БАҚ-қа жүгінген дұрыс. Себебі олар ең алдымен өз абырой-беделінің кемімеуіне мүдделі. Біз жиі ұрынатын қателіктер де бар. Фейк жаңалықтарды таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын әр жаңалықта батырып-батырып айтамыз. Алайда орталық арналардан фейктерді қалай анықтау керегін, фейктер не үшін жасалатынын, мұндай қадамның салдарын айтпаймыз. Біздің телевидение көрермендері тарапынан жоғалтып алған сенімін қайта орнатуы керек деп есептеймін. Себебі осы күні халқымыз телевидение жаңалықтырына қарағанда сапасыз видеолар мен әлеуметтік желілердегі постарға көбірек сенеді ғой. Қазақстан телевидениесі өткен ғасырда тұрып қалғандай көрінеді. Бұл менің жеке пікірім.

– Бір зерттеуіңізде фишингтік шабуылдар көбейгенін айтқан едіңіз. Оның да түр-түрін санамалап бере аласыз ба?

– Видеоконференциялар, онлайн-кинотеатрлар және азық-түлік жеткізетін фейк қосымшалар үшін ашылған платформалардың көшірмесі мен алаяқтық жасайтын сервистердің белсенді бола бастағанын анықтап отырмыз. Тіпті коронавирусқа қарсы абсурдты антивирус таралып жатыр.

Мұның себебі адамдардың көпшілігінің қашықтан жұмыс істеуге көшуінен болар. Көрші елдерде зейнеткерлер мен қарт адамдарға бағытталған таргетті жарнамалардың белсенділігі байқалады. Бұл, негізінен, дәрі-дәрмектерді ұсыну, COVID-19 тесттері мен оларды жеткізіп салу қызметінің фейк жарнамалары. Сондай-ақ туризм индустриясындағы алаяқтықтың белсенділігі артқанын айтар едім (ұша алмай қалсаңыз ақшаңызды қайтарып беруге жәрдемдесеміз, т.б.).

– Коронавирусқа қатысты Қазақстанда ресми ақпарат тарататын сайт бар. Алайда, Covid-19 немесе coronavirus сөздері бар домендердің өзі 100-ден асқан екен. Олардың қадамын, жазған ақпараттарын, шын-өтірік екенін бақылай аламыз ба?

– Бұл мәселені сөз қылғанда бақылау қолдан келеді деп қана айта аламын. Дұрысы мұнымен ҚР ҰҚҚ жанындағы МТҚ (мемлекеттік-техникалық қызмет) секілді мемлекеттік ведомоствалар айналысуы керек.

Сайт жасап, ойыңа келгенді жазу түк те қиын емес. Қылмыстық мерзімге кесілуің де оп-оңай. Фейк жаңалықтарды жазғаның және таратқаның үшін ҚР Қылмыстық кодексінде арнайы жеке бап бар.

– Енді ресми сайтқа келсек. www.coronavirus2020.kz деп аталады. ДДҰ-ның ресми сайтының өзіне хакерлік шабуыл жасалды. Қазақстандық ресми сайттың «беріктігі» қандай? Оны тексеріп көрдіңіздер ме? Хакерлік шабуылға ұшырап, жалған ақпараттар ресми сайттардан таралып кету қаупі қаншалықты жоғары? Мұндай жағдайда біз не істей аламыз және не істеуіміз керек?

– Сайт «ресми» деген ат алған соң ол нақты бір ведомостволардың қорғауында деп үміттенемін. Алайда, сіз өте дұрыс айтасыз, шын қаласа кез келген сайтты да бұзуға болады.  Әсіресе мемлекеттік сайттарды. Сіз айтқан сайтты тексеріп көруге мүмкіндігім болмады. Бізге жүгініп жатса, аудит жүргізіп, өзіміздің «WebTotem.kz» қорғанышымызды қойып берер едік. Ал әзірге оның «беріктігі» жайлы ештеңе айта алмаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ

13685 рет

көрсетілді

48

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы