• Мәдениет
  • 16 Сәуір, 2020

БІР АУЫЛДАН ТҮЛЕП ҰШҚАН...

Елде төтенше жағдай жарияланбай тұрып Алматы облысы Қарасай ауданы Еңбекші ауылында «Туған жерге тағзым» атты тағылымды шара өткен еді. Жер дүниені шайқап тұрған індеттің кесірінен сондай тағылымдық маңызы зор іс-шаралардың тасада қалып қойғаны жарамас деген оймен қолға қалам алдық. Түркіменстаннан Қазақстанға әр жылдары қоныс аударған Байрам Тағанов атындағы колхоздың Мәдениет ауылының тұрғындары алыс-жақындағы ауылдас ағайындарына, жерлестеріне сауын айтып, хабар жіберіп, «Рухани жаңғыру» аясында «Туған жерге тағзым» атты тағылымды шара өткізейік деп бастама көтерген екен. Мәдениет ауылынан шыққан атпал азаматтар бастамасын барлығы бірауыздан қолдап, Еңбекші ауылын бетке алды. Жақсы сөздер сөйленді. Әдемі естеліктер айтылды. Ән мен күйден шашу шашылды. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардан бастап, үлкен-кіші, орта және жас буын өкілдері қатысқан шара өте тағылымды, өнегелі рәсімде ұйымдастырылды. «Бір ауылдан түлеп ұшқан» ағайындар бір-бірімен көрісіп, әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Дүниеден өткен ата-бабаларына арнап ауыл имамына құран бағыштатты. Атамекенге оралып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар жақсы тілектерін айтты. «Туған жерге тағзым» шарасын Мәдениет ауылынан шыққан азаматтар – Мырзабай Ахметов, Әбдіқадір Сәндібаев, Қалаубай Джаниязов, Жұмабай Әділмағанбетов, Қайырғали Ужазов, Мырзағали Нұрақов, Андрей Абулғазиев, Асқар Туғанбаев, Тоғызбай Алдамжаровтар жоғары деңгейде ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек. Алыс-жақындағы ағайынның басын құрап, ел-жұртты жиып, көпшіліктің көңілінен шығатындай дүние ұйымдастыру да оңай іс емес. Оның артында қаншама еңбек бар. Мәртебелі басқосуда белгілі ақын Сағи Жиенбаевтың жары Уәзипа Жиенбаева, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің және Ресей жаратылыстану академиясының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Назира Сәндібаева, белгілі әнші-композитор Жалғас Кеңесов, Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылы ақсақалдар алқасының мүшесі Мисекен Нұрғалиев, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Батыр ауылының әкімі Оңдабаев Қалнияз, Батыр ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жұппанов Қыдырбай, ардагер-ұстаз Аманкелді Ужазов, ҚР Парламентінің фототілшісі Сайлыбай Майлыбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география институтының доценті Андрей Абулғазиев және т.б. азаматтар жүрекжарды лебіздерін білдірді. «Ауыл бар ма, ақсақалсыз, данасыз» демекші, ауыл ақсақалдары Мұса Өміров, Рысбай Дүйсенов, Сағи Ержанов, Ережеп Тәжімұратов, Тектұрған Нұрақов, Жомарт Қошмағанбетов, Құрбанбай Базарбаев, Сабыр Дүйсеновтер той барысында шынайы жүректен шыққан тілектерін айтып, баталарын берді. Еліміз азаттығын алып, егемендігіміздің туы биікке өрлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сырттағы қандастарымыз Атамекенге орала бастады. Қазақстанға көршілес Түркіменстаннан ат басын бұрған ағайындар заманында елінен жырақта жүрсе де тілін, дінін, салт-дәстүрін, тарихын, шежіресін ұмытпады. Дәстүрді сақтап, келесі ұрпақтарға аманаттап, жеткізіп отырды. Жалпы, Түркіменстанда дүниеге келген қазақтар көші 1960 жылдары бастау алса, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап көш байсалды болды. «Ел елге қосылса – құт» дегендей, ел іргесі нығая түсті, санымыз көбейіп, сапамыз да артты. Олардың арасында өз саласының мықты мамандары, ғалымдар, оқымыстылар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, спортшылар аз емес. Тағылымы бөлек бұл іс-шараға ардагер ұстаздар да қатысты. Атап айтқанда, Ізбасқан Сарходжаев, Аманкелді Ужазов, Қыдырбай Жұппанов, Кеңес Нұрымов, Сағима Сарбалаева, Қалимаш Сәндібаева, Тұрсын Жаманқараева, Мұқаншәріп Нұрғалиев, Орынбасар Мәденов, Қадір Қарашаш, Ұлбалай Лұқманова, Роза Ұбайдуллаева, Қалдыгүл Нұрғалиеваларға құрмет көрсетілді. Ел келешегі – жастар екені белгілі. Дүбірлі той барысында Түркіменстаннан келген ағайындардың бүгінде немере-шөберелері көптеген салада жетістіктерге жетіп жүргені айтылды. Ол саланың бірі – спорт саласы. Қазақ күресінен Алматы облысындағы дүбірлі жарыста топ жарып, бас жүлдеге ие болған Ерасыл Майлыбаев, бокстан еліміздің жасөспірімдер арасындағы чемпионы Азат Жаңабай (Ақтөбе облысы); спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасы «Батыс» аймақтық чемпионы Нұртілек Абай (Маңғыстау облысы, Жаңа-Өзен қаласы), таэквондо спортынан жастар арасындағы ел чемпионы Шыңғыс Сәндібаев және т.б. жастар республикамыздың спорт саласына зор үлес қосып келеді. Аталған жастардың бірқатары той барысында ел алдына құрметпен шақырылып, есімдері көпшілікке таныстырылды. «Туған жерге тағзым» атты шарасына демеушілік көрсеткен Жаңабай Еңсепов, Ғалымбек Нұрымов, Асихан Әбдіхалыққызы, Ильяс Омаров, Мырзабай Ахметовтерге елдің айтар алғысы да шексіз болды. Сауапты іске қолдау көрсеткен азаматтарға «Алла разы болсын!» дейміз.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Алматы облысы.

934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы