• Әдебиет
  • 16 Сәуір, 2020

СЕЙІЛБЕКТІҢ «СҰЛУШАШҚА» СЫНЫ

Әлібек СЕЙДЕХАН, тарих ғылымының докторы

Осы мақаламыз алаштың арда туған арыстарының бірі, республика шегінде халық ағарту, мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы, көсемсөзші, ақын, Сейілбек Үсеновтің қайраткерлік болмысы, әдеби-шығармашылық мұрасы жайында болмақ. Сейілбек Үсенов 1905 жылы, Сырдария облысының Шымкент уезі Сарыкөл болысында (қазіргі Қатын көпір елді мекені) дүниеге келген. Бес жасқа жетпей әкесінен айырылған оны тағдыр ерте қатайтып, ерте есейтті. Жастайынан білімге ұмтылған ол 1917 жылы Шымкенттегі бірінші сатылы мектепке оқуға барады. Оны аяқтаған соң, мұғалімдер дайындайтын үш айлық курста оқуын жалғастырады. 1920 жылы педагогикалық техникумға түсіп, ол жерде 1923 жылға дейін білім алады. Ол кезеңде мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орнын ашпай, халыққа білім беру мәселесін дұрыс жолға қою мүмкін емес еді. 1920 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылып, ол 1925 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты ретінде жұмыс жүргізе бастады. Міне осы оқу орнында білім ала жүріп, С.Үсенов қоғамдық-саяси жұмысқа белсене қатысады. Қалалық кітапханаларда отырып, саяси әдебиеттермен танысады, студенттік үйірмелерге мүше болады. «Кедейшіл жас» жастар басылымына редактор бола отырып, қазақ студенттерінің арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Аталмыш оқу орнынан 1925 жылы 16 студент бітіру жөнінде куәлік алған болса, солардың қатарында Сейілбек Үсенов, Құрманбек Жандарбеков, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б. болған. 1925 жылы, күзде 20 жасар С.Үсенов Шымкент қаласындағы Қазақ педагогикалық техникумында оқытушы, оқу бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылдан Шымкенттегі қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы жеті жылдық мектептің басшысы болады. Сол кезде өзі оқытқан шәкірттеріне білім ғана беріп қоймай, өмірді тануға да ықпал еткен. Олардың арасынан елімізге танымал тұлғалар, халқымыздың мақтанышы Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, т.б. шыққаны белгілі. 1928 жылдан 1929 жылғы ақпан айына дейін Сейілбек Үсенов Сырдария округінің халық-ағарту бөлімінде нұсқаушы болды, сонан соң Бостандық ауданына партия комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылады. Ол кезде Сейілбек Үсенов бар-жоғы 24 жаста еді. Сол жылдың қараша айында Шымкентке қайта шақырылып, Сырдария округінің «Ленин жолы» газетінің редакторы қызметін атқарады. Ал 1930 жылдың көктемінен Сырдария округтік комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі болады. 1931-1932 жылдары Мойынқұм ауданында жауапты хатшы (бірінші хатшы), 1932-1934 жылдары Алматыда «Социалды Қазақстан», (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. Осы басылымда қызмет ете жүріп, «аса маңызды саяси-шаруашылық науқанында жіберген қателігі үшін» партия қатарынан шығарылды. Біздіңше, бұл да қолдан жасалған қысастық. Өйткені, тумысынан «шындықтың шырағын сөндірмеуге» ұмтылып, ақиқатты бетке айтқан өткір тілді сыншы – журналистің көсемсөзі талайлардың шымбайына батқаны анық. Осылайша «Социалды Қазақстандағы» қызметі бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушілігіне төмендетілген Сейілбек партиялылығын қайтып алған соң, 1934 жылдың сәуір айынан 1936 жылдың тамыз айына дейін «Қарағанды пролетариаты» газетінде редактор, ал 1936-1937 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакторы қызметін атқарған. С.Үсенов кезінде әдеби ортаға сыншы ретінде де кең танылды. «Сын шын болсын, шын сын болсын» дейтін ұстанымды құп көрген қаламгер де қашанда туралығынан таймай, төл әдебиетіміздегі табысымыз бен жетістігімізді жұртшылыққа жеткізумен бірге, жаңа заманның бет-бейнесін сомдауда шынайылығы күмән тудыратын бәзбір шығармалар хақында да дер кезінде үн қатып, орнықты пікір білдіріп отырған. Әсілі, әдебиетіміздегі сын жанрының ақтаңгері М.Қаратаевтың 1987 жылы жарық көрген «Қазақ совет әдебиеті» оқулығында сынға әр кезде, әр дәрежеде О.Беков, Ә.Мәметова, Ш.Орынбаев, Ә.Тәжібаевтармен бір қатарда Сейілбек Үсеновтің де араласып отырғанын атап көрсетуі бекер емес. Осынау пікірдің өзінен-ақ қайраткерлігі мен қаламгерлігі қатар ұштасқан, ұлтқа қызмет етудің білімнен емес, мінезден болатынын тереңінен түйсінген С.Үсеновтің сын жанрына белсене араласып, едәуір еңбек сіңіргенін байқаймыз. 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналының №18 санында жарық көрген «Сұлушашқа сын» атты еңбегінде әдебиетіміздің көрнекті өкілі Сәбит Мұқановтың өлеңмен жазылған «Сұлушаш» поэмасының мазмұнына мін таға келе, шығарманың пішіміне де сыни көзқарасын білдіреді. С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы «Қазақстан» баспасынан 1928 жылы 5000 данамен жарық көрген еді. Ұлылардың қаламынан туған кесек дүниеге қоғамдық ортаның пікірі қашан да сан алуан болған. Айталық белгілі ақын Әділғазы Қайырбеков «Сұлушашты» көркемдігі, оқиға құрылысы жөнінен әлі күнге дейін қазақ поэмаларының алдында тұрған шығармалардың бірі деп білсе, сәбиттанушы, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек «Сәбит Мұқанов өз заманының жазушысы» атты сұхбатында оның белгілі бір дәрежеде уақыты өткен, тап бүгінгі көзқараспен қарағанда, белгілі бір жағдайда өткен заманның жаршысы, Кеңестік кезеңнің аса ірі жазушысы болғанын баса айтып, оны өзі өмір сүрген уақытпен бірге жүремін деп заманалардан артта қалып қойған жазушының бірі деп атап көрсетеді. Сәбит Мұқанов бар болмысымен қазақ әдебиетінің алыптар көшін бастаған аса ірі қаламгердің бірі болғаны даусыз. Оның еңбектерін саралай отырып байқағанымыз – Сәбит Кеңес үкіметіне шүбәсіз сенген, қалтқысыз қызмет еткен жазушылардың қатарында. Мәселен ол Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын сараптап, саралай отырып, оның өмір жолы мен саяси қызметіне өз көзқарасын білдіріп, «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтарын ғылыми талдаудан өткізген. Белгілі зерттеуші Қ.Ергөбектің жазуына қарағанда «Сұлушаш» поэмасының прототипі – Сәбеңнің асыл жары Мәриям Қожахметқызы Мұқанова болғанға ұқсайды. Бұл туралы белгілі ғалым, әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбек «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ел анасы» атты мақаласында бірқатар орнықты пікірлер білдіріп, С.Мұқановтың Мәриям Қожахметқызының адами асыл қасиеттерін айрықша бағалағанын айта келе, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин секілді әдебиетіміздің алыптарының оны «Сұлушаш келін» деп ерекше құрметтегенін атап көрсетеді. Одан бөлек қарымды қаламгер Ғ.Мүсіреовтың де кезінде Мәриям апаны «Әдебиеттің анасы» деп басын игенін, зор ілтипат танытқанын да айта кетейік. Ал С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасының прототипі болғандығын автор осынау мақаласында былайша келтіріпті: «Мәрия апай – Сәбең жарықтықтың біраз шығармасында өз атымен бейнеленетін кейіпкер де, енді біраз шығармаларында кейіпкердің түптұлғасы (прототипі) кейпіндегі жасырын тұлға. Өз басым «Мөлдір махаббат» романындағы Бәтес бейнесін көркем образға айналдыру жолында Мәриям апайдың көптеген адами қадір-қасиетін пайдаланғанын шама-шарқымша дәлелдегенмін. «Он алтыға келгенде кемел жасы, Тізесіне салбырап түсті шашы» деп жырлайтын «Сұлушаш» та солай! Поэма жазып аяқталған жазушы: «Мәриям, сенің шашыңа тартуым» деген ризашылықпен. Демек біз тілге тиек етіп отырған бұл поэманың жазылуына жазушының жарының да белгілі бір деңгейде ықпал-әсері болғаны анық. Музасыз мықты дүниенің жазылмайтыны тағы белгілі. Поэманың өз өміршеңдігін тапқандығы, ұлттық әдебиетіміздің «Алтын қорында» қала беретіні де дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Біз де бұл халықтық шығарманы шынайылықтан ада дей алмаймыз, дегенмен ол турасындағы белгілі қаламгердің «сын шын болсын, шын сын болсын» деген ұстаныммен қалың оқырманға ұсынған, кезінде баспа бетін көргенімен, аса бір еленбей мұрағатта шаң басып қалып қойған мәні жоғалмаған мақалаларына да бүгінгі заман көзімен қарап өз бағасын беретін уақыт келген сияқты. Сейілбек Үсеновтің «Сұлушашқа сынына» тереңірек тоқталуымыз да осы мақсаттан туындап отырған талпыныс. Асылы С.Үсенов сын жанрына кездейсоқ келген қаламгер емес. Ол заманында қайраткерлікпен қатар қаламын да тастамай, әдеби сынға да белсене араласып, едәуір жемісті еңбек атқарған азамат. Бұл сөзімізге оның «Ауыл мұғалімі», «Әдебиет майданы» басылымдарында жарық көрген көптеген сын мақалалары дәлел бола алады. Біз басты зерттеу нысанына айналдырып отырған «Сұлушашқа сын» еңбегінде автор әдебиетіміздің көрнекті өкілі С.Мұқановтың 1928 жылы жазылып, 5000 данамен оқырмандар қолына тиген өлеңмен жазылған романының мазмұнын бірнеше бөлімге бөле отырып, шығарманың пішініне сыни көзқарасын білдіреді. Жалпы шығармаға қойылатын талаптардың бірқатарына тоқталған автор: «Шығарманың мінсіз болуы, оның жалғыз сыртқы пішімінің әдемі, яки мазмұнының әдемі болуымен бітпейді. Екеуі де керек. Бірінсіз бірі жадағай. Әйтсе де мазмұнның пішінінен кейіндеп қалуы кемістік делінеді. Екі жағынан да қисыны келген шығарма болса қане!» – дей келіп, «Сұлушаш» поэмасында пішін кемістігінң толып жатқанымен бірге романның көзге ұрып тұрған басты сегіз қателігін де атап көрсетеді. Олар: романның өн бойында өлеңнің ұйқасын таппайтын тұстарының көп ұшырайтыны, өлең ағынының келмейтін жерлерінің көп болуы, өлең өлшемінде шалағайлықтың молынан кездесуі, тілдің орынды қолданылмауы, шумақтардың әртүрлі формада жасалуы, тілге кедейлігі, пейзажға көбірек орын берілуі, тіл қуатының олқы соғуы, ең бастысы, романда шынайылықтан гөрі қолдан жасалған жасандылық пен тұнып тұрған олақтықтың көп болуы. Сондықтан да автор «Асылы Сәбит (Мұқанов) мақсатшыл емес, затшыл ақын» дей келіп: «...шығармада біз нағыз тұрмысты көре алмаймыз. Өтіріктің енді қадірі кем... бізге барып тұрған шындық керек», – деп орынды, қатал талап қояды. Жалпы С.Үсенов осынау сыни мақаласында шығармаға өзінің обьективті пікірін ашық білдіріп, шынайы баға беруге тырысып бағады. Енді осы жоғарыда айтылған сын-ескертпелерге толығырақ тоқталайық. Алдымен қаламгер шығарманың мазмұнымен оқырманды хабардар етіп, поэманың 4 бөлімінің сюжетіне сипаттама береді. Поэманың пішіміне сын айтады. Автор поэмадағы өлең ұйқастарының бұзылуына, айтылып отырған ойға сәйкеспейтініне, романдағы өлеңдердің өлшемінде де шалағайлыққа жол беріп, бірде 12, бірде 10 буынға түсіп отырғанына тоқтала келе, Сәбит сынды белгілі ақынның, көпке үлгі болып жүрген қаламгердің бұлайша шынайылықтан шет кетуіне қынжыла сын айтады да, былай дейді: «Өткен қаталық келешекке сабақ» деген. Аз ғана деп көзге ілмей кетпейік. Елеп айтайық. Қолдан келсе аз қатаны да, міне мына ұйқасымды көріңіздер. Ел көшіп қысқы мекен алар жаққа, Бір күні жаппа тікті бір бұлаққа. Шалғын орып, малдардың бүйірі шығып, Шынықты шаршап келген қозы-лақ та. Бұдан тақыр күз болып елдің қысқы мекеніне көшіп келе жатқаны мәлім. Олай болса, тақыр күзде жайқалып тұрған қай жердің шалғыны? Тақыр күзде қозы-лағы несі? Кенже туғандар ма? Мәлімі жоқ, «текке», «жаққа», «бұлаққа» дегенге ұйқастырам деп «қозы-лаққа» деген-ау деймін. Нағызында бұлай ұйқасуы теріс. Өзгеше болғаны жөн еді. Өйткені жоғарғы жағдай тақыр күзде болмайды ғой. Олай болса табиғи болмайтын нәрсені жоғарғы сөздің әуеніне салып, ұйқастыра бергеннен мән шықпайды. Өлеңнің шындық қадірі кетеді». Шындығында да халықтық дастан негізінде жазылған «Сұлушаш» поэмасының, автордың өзі бастапқыда «фантазиялық роман» деп айдар таққан әйгілі шығарманың сол кезеңде қатты сынға ұшырағаны белгілі. С.Үсенов те, біздіңше, өз көзқарастары арқылы заманында көлемді әлеуметтік роман атанған еңбектің олқы тұстарын тап басып танып, орнықты пікір айтқан. Сондықтан да оның жоғарыдағы ескертпе-ұсыныстары орынсыз деп айта алмаймыз. Жалпы шығарманың кеңестік цензураның қатаң сүзгісінен өткені, сол қоғамның идеологиясына негізделіп жазылғаны да даусыз. Өйткені Т.Нұртазин атап көрсеткендей, «Сұлушаштың» жазылу тарихы мен көркемдік ерекшелігін зерттеушілер жазушының романды қазақтың өткенін мадақтаған ұлтшылдарға қарсы идеяда жазғанын айтады. Біз де С.Үсеновтің сынына бүгінгі уақыт көзімен қарап, әсіресе жазушының сөз қолданудағы көзге ұрып тұрған кемшіліктеріне тереңірек тоқталып көрейік. Біздіңше сыншының «Ақ сүтіңді еркелеп емген апа, Түн ұйқыңды төрт мезгіл бөлген апа» деген тармақты «Ақ сүтіңді еркелеп емдім, апа» деп түзетуін қарапайым оқырманның да құптайтыны анық. Сонымен қатар автордың «Сұлушаштағы» шумақтардың алдының 14, онан соң 12, 16, 8, 6 соңы 4 тармақпен бітетінін де тілге тиек етіп, оның айтарлықтай мін еместігін де мойындап, егер поэма 8 яки 10 тармақтан ауытқымай жазылғанда шығарманың шоқтығы мұнан да биік болып, өлең құрылысы да сұлуланып, жұтынып тұрар еді дегені де туған әдебиетімізге шынайы жанашырлығын білдіреді. Яғни, нағыз сыншыға тән мінез танытады. Мұнан біз автордың сыпыра сынауға емес, салқынқанды сараптауға, салмақты байлам жасауға бейім екенін көреміз. Енді сыншының поэманың басты кемшілігі ретінде көрсеткен шығармадағы тіл кедейлігі жөнінде де аз-кем сөз өрбітіп көрелік. С.Үсенов: «... Сұлушаш» романы, оның үстіне Сәбитті жекелеп алғанда, тілге кедейлігі көрінеді. Оқи бастасаң, тіл жағынан түрленуді көрмейсің. Осы кедейлік Сәбитті қайталаққа соқтырды. Әсіресе «Сұлушаш» романында қайталақтау көп. Мынаны қараңыздар: «...Жердің жүзін шық басқан қалың булап (32-бет); Шықтар күмістей боп жарқ-жарқ тамып (35-бет); Буланып шық басқан жер тыңдады (51-бет); Өрген қойды айналып шық болып (53-бет); Әлемді шық басқан тұманданып (69-бет); Жер үстін белуардан шық көмген (113-бет); Аттыларды көрсетпей шық жапты (113-бет)». Бейне «шықпен» ауыздандырғандай, айналдырып айта берген. «Шықтан» аяқ алып жүре алмайсың. Осы жағдай ақынның тілге, тыңнан тауып суреттеушілікке кедейлігін көрсетеді. Мұндайлар көп ұшырайды», – дейді. Шындығында да сыншы атап көрсеткендей, мезгіліне сай, шықтың да түсетін уақыты болады. Көктемде, жазда, яғни шіліңгір шілдеде шық болмайды. Демек ақынның «шыққа» құмарлығы шығарманың шырайын келтіріп тұрған жоқ. С.Үсенов те мұны аңғарымпаздықпен байқап, ақынды алдағы уақытқа мұндай орашолақтықтан аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ ол ақынның әсірелеуге тым бой ұрып, поэмада табиғатты суреттеуді тым көбейтіп жібергенін де кемшілік санайды. Әрине, бұдан поэмада пейзажға орын аз болуы тиіс деген ой тумауы керек. Мұны сыншы да мойындады, өз айтар уәжін де ұтымды білдіреді: «...Романның 50 пайызға жете қабасы табиғат суретіне кеткен. Мұнан табиғат қалпын суреттемеу керек дегендік шықпайды. Керегіне қарай айтылуы жөн еді дейміз. Әйтпесе күнделікті табиғат құбылысын суреттеп отырумен роман жазсақ, жылына жүздегенін жазып үлгеруге болар еді. Қараңыздар, таң бозарып атып келеді, жауын жауып келеді деп қайталап айта берген. Орынсыз, керексіз айтылған жері көп. Кей жерде қолжаулық қылып кеткен. Жаңа жоқ, кенеттен бұлт, тұман қаптап кеткен. Көктемде де, жазда да жауын үзілмейді. Бұл – басым кемшіліктердің бірі. Аңғару керек». Сыншының уәжін орынсыз деп айта алмаймыз. Осы тұста «Сұлушашқа» С. Қожанов сынды тұлғалардың да өткір сын айтқанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, ол 1929 жылы «За партию» журналында жарыққа шыққан «Жылтырағанның бәрі алтын емес» мақаласында «Сұлушаш» поэмасында әлеуметтік мәселелердің дұрыс көтерілмегенін сынға ала отырып, авторға бірқатар ескертпелер жасайды. С.Үсенов поэмада оқырманды еліктіріп, өз иіріміне үйіріп әкетер қуаттың аздығынан ақын соған қауқарлы бола тұра кемеліне келтіре алмағанын шынайы жеткізеді. Сондай-ақ ол азын-аулақ міні болса да поэманың пішіні мазмұнынан басым, тіпті сұлу шыққанын да ескерте кетеді. ...Мағжанның Омбыда Сәкен Сейфуллинмен бірге оқығаны белгілі. Сәкеннің Мағжанды Алматыға шақырып, сол жерде оның қызмет істеп, әдеби ортаға оралуына жағдай жасаймын деп әрекеттенгені де шындық. Осы жолдардан-ақ тағдыр-талайы Мағжан мен Сәкенді таразының екі басына, «тап тартысының» қарама-қарсы бетіне қойса да, олардың арасындағы екеуара рухани байланысының, етене жақындығының, әдеби достығының еш үзілмегенін байқаймыз. Сәкеннің 1937 жылдың 24 қыркүйегінде ұсталып, КСРО Жоғары сотының көшпелі әскери коллегиясының Алматыда істі 20 минут ішінде асығыс-үсігіс қарап, ату жазасына ұсынуында оның осынау «алашшыл» Мағжанмен байланысының да ықпалы болғанын жоққа шығармаймыз. Ал мұрағат деректері дәл сол күні 39 адамның ісі қаралып, Сәкенмен бірге Сүлеймен Есқараев, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Сейітқали Меңдешев, Ұзақбай Құлымбетов, т.б. атылғанын дәйектейді. Тек 20 жылдан соң КСРО Бас әскери прокуратурасы істі қайта қарап, КСРО жоғары соты 1957 жылы 21 наурызда Сәкен Сейфуллиннің толық ақталғаны жөнінде шешім шығарды. Бір қызығы, қаламгер Хамза Абдуллин бір мақаласында Сейілбек Үсеновтің де Мағжанмен пікірлес, сыйлас болғаны үшін сотты болғанын, қуғындауға ұшырағанын жазыпты. Қараңыз: «1936 жылы мен Омбы рабфагін бітірген соң Қызылжарға келіп, облыстық оқу бөліміне қызметке орналастым. Газеттің редакторы – Үсенов. Әдебиет бөлімінің бастығы – Абдолла Сәдуақасов. Сейітжан Омаров пен Қазбек Сүлейменов – секретариатта істеді. Ғазез Нұрмолдин – бөлім бастығы. Дәуітов (гимназист) – аудармашы. Бір күні, бір топ өлеңді құшақтап, Үсеновке бардым. Ол жақсы кісі екен, өлеңдерімнің біразын оқып, Абдолланы шақырып алды. Оған: «Мына баланың өлеңдерін оқып шық та, жарайтындарын жарияла! Содан соң қаладағы түрлі мәдени мекемелерге жіберіп, мақалалар жаздырып үйрет. Баулы!» – деді. Абдолла бөлмесіне апарып, біраз өлеңдерімді оқып шықты. «Кейбіреулерін жариялаймыз. Біразы түкке тұрмайды! Өлең жазған соң Мағжанша жазу керек», – деді. – Мағжаның кім? – дедім мен, өтірік түк білмегенсіп. Содан бір күн бұрын ғана Мақаңның үйінде болып, ол кісімен әңгімелескем. – Ой, сен жаңа «Булаевтанмын» дегенің қайда? Өз ауылыңның ақынын білмегенің қалай? Онда «сенен берекелі ақын шығады» деп үміттенуге де болмайды. – «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады, Толқынмен толқын жарысқан!..» Осындай өлең оқымадың ба? – Оқығанмын! – Оқысаң, жаңағы мен оқыған жолдардың жалғасын оқышы! – деді. Мен жұлып алғандай: Сыбыр – сыбыр кеңескен, Бітпеген бір егеспен Жарысып жарға барысқан! – деп суылдата жөнелдім. – Әй, қу бала-ай, Мағжанның атын айтуға қорқып, өтірік айтып тұрсың ғой! – деді. – Мүмкін солай да шығар, – деп мен күліп жібердім. ...Ақыры Абдолла екеуміз жақсы танысып кеттік. Ол мені мектептерге, клубтарға жіберіп, ұсақ мақалалар, кейіннен кішігірім очерктер жазуға үйретті. Кейінірек өлеңдерімді де баса бастады. 1937 жылдың 15 қаңтарында «Айша» деген өлеңім жарияланды. 1937 жылдың соңғы айларында Сәдуақасов пен Үсеновті «үндемес» алып кетті. Айыптары: екеуі де Мағжанды қонаққа шақырған екен...». Олай болса Сейілбек те, Сәкен де кеңестік тоталитарлық жүйеде жемісті қызмет атқарғанымен, алашшыл азаматтармен байланысын үзбей, күрескерлігінен танбай, ұлт мұраты жолында басын бәйгеге тіккен деуге толық негіз бар. Сондықтан Мағжан үшін айыпты болған мәлім де беймәлім Сейілбек Үсеновтей тұлғаның қайраткерлік болмысын ашып көрсетер уақыт жақын деп білеміз. Өйткені ҰҚК мұрағаттарында сақталған тергеу материалдарында Үсеновке тағылған айыптың бірі ретінде осы Мағжанмен етене байланысы да айтылады. Сәбит Мұқановпен де бір «ұйымда» болды деген де айып тағылады. Дегенмен бұл құжаттардың барлығы шындыққа сай десек қателесеміз. Себебі айыпталушы Үсеновтің атымен жазылған хаттамаларда ол контрреволюциялық ұйымның белсенді мүшесі болғанын, сол астыртын ұйымның басшысы Құрамысовпен ұдайы байланыс жасағанын, «Социалды Қазақстан» газетінде жүріп те партияға қарсы белсенді жұмыс жүргізгенін «мойындайды». Бірақ, сол құжаттарға Үсенов қол қоюдан бас тартқан. Сондықтан мұны дәлелді құжат деп айтуға болмайды. Қаламгерге тағылған тағы бір айып – «Ленин туы» газетіне басшылық ете отырып, халық жауларын әшкерелеуде белсенділік танытпауы. Бұл, біздіңше, шындыққа жақын келетін пікір. Олай дейтініміз, С.Үсенов өзіне жабылған жаланың бәрін жоққа шығарып, әріптестерінің бірде-бірін айыптамаған. Керісінше оның маңайында жүрген, талай шарапатын көрген бәзбір қаламгерлер сын сағатта солқылдақтық танытып, басшысының үстінен жалған куәлік беруге мәжбүр болған. Мәселен, газеттің жауапты шығарушысы болған Ш.Молдабеков тергеу барысында Үсеновтің газеттің бағытын өз арнасынан ауытқытып жібергенін, халық жауларын әшкерелеу үдерісіне үлес қоспай, ол турасында бір мақаланың да басылуына жол бермегенін атап көрсетеді... Ұлт руханиятының тамыршысы болған С.Үсеновтің «Сұлушашқа сыннан» бөлек бірқатар басқа да еңбектерін айтуға болады: «Жиренше шешен сөздері» («Жас қайрат», 1924 ж. №6), «Түсінбеймін» өлеңі («Жаңа әдебиет», 1928 ж. №10), т.б. Бұл еңбектері де алдағы күнде арнайы зерттеуді қажет етеді. С.Үсенов сынды тұлғаның әдеби-шығармашылық мұрасын арнайы зерттеу бүгінгі күннің кезек күттірмейтін міндетіне айналуы керек. Өйткені, С.Үсеновтің қоғамдық-әлеуметтік қызметі зерттелу былай тұрсын, қаламгерлік қарымы түгелдей назарымыздан тыс қалып келеді. Оның объективті де, субъективті де себептері бар екенін айтуға болады. Біріншіден, оның көркем шығарма жазғаны соңғы жылдары ғана белгілі болып отыр. Екіншіден, С.Үсеновтің қаламгерлік қабілеті әлеуметтік қызметінің тасасында қалды. Яғни С.Үсеновтің қоғам және мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін оның осы саладағы қызметімен қатар, әдеби-шығармашылық мұрасын да түбегейлі зерттеу, қала берді, ұлт тарихындағы алатын орнын нақтылау алдағы күндердің еншісіндегі іс деп білеміз.

1405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы