• Руханият
  • 16 Сәуір, 2020

АБАЙДЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

Ұлттық академиялық кітапхана «Абай және рухани мұра» атты халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырды. Үш сағатқа созылған бұл іс-шараны бір мезгілде 500-ден астам адам қараса, осы кезге дейін бес мыңнан аса оқырман кейінгі уақытта тамашалаған екен. Онлайн-конференция модераторы, кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева спикер ретінде бұл шараға халықаралық дәрежедегі абайтанушы ғалымдар мен танымал жазушылардың шақырылғанын, сонымен қатар, еліміздің бүкіл кітапханашылары қатысып отырғанын айтады.

Белгілі фольклортанушы, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов «Абай шығармаларындағы адамзаттық құндылықтар» тақырыбындағы қысқа баяндамасында ұлы Абайдың адамды тану туралы ілімдеріне, әлеуметтік, рухани тұжырымдарына тоқталды. «Осы кезге дейін Абай өлеңдері халықтық сипатта көп зерттеліп келсе, қазір заман өзгерді, сондықтан, ұлы ақын өз өлеңдерінде көп дәріптеген «тұлға» мәселесіне назар аударылуы керек» деген ғалым: «Единица – жақсысы, Ерген елі бейне – нөл. Единица нөлсіз-ақ, Өз басыңдық болар сол. Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл, – деген өлең жолдарын мысалға келтіре отырып, Абайдың сол кезде жұртқа таңсық «единица» сөзін қолдану арқылы тұлға мәселесіне назар аудартпақ болғанын алға тартты. Мәскеу қаласынан қосылған белгілі жазушы, аудармашы Анатолий Ким Абайды «рухани ғарыш» деп бағаласа, ақын шығармашылығын зерттеуге ғұмырын арнаған Мұхтар Әуезовті «ұлы классик» деп атады. «Абай жолын» орыс тіліне аударған А.Ким Абайдың ойшылдық деңгейін Сократ, Әл-Фараби, Лев Толстойлармен қатар қойды. Қытай елінен тікелей қосылып отырған жазушы-аудармашы Акбар Мәжит «Абай шығармаларының Қытайда аударылуы және таратылуы» жайлы сөйледі. 1950, 1980 және 1995 жылдары аударылған Абай өлеңдері мен ғақлияларының сапасы сын көтермегендіктен, аудармасын бір айда өзі қайта жасап шыққанын айтты. «Бұл күнде Абай насихаты Қытай елінде өз тарапынан жүйелі жүргізіліп отыр», – дейді Акбар Мәжит. Онлайн-мәжіліске Түркия елінен қатысқан Мимар Синан атындағы Стамбул университетінің профессоры Абдуақап Қара «Абайдың түркі дүниесіндегі орны мен маңызы» туралы айта келіп, ұлы ақын руханияты бүкіл түркі дүниесіне ортақ екенін атап өтті. «Қайран елім, қазағым» сынды өлеңдеріндегі Абай сынаған теріс әдеттер мен мінездер басқа халықтарға да тән екенін, «қазағым» сөзінің орнына өзбегім, қырғызым, т.б. қоятын болсақ, мәні еш өзгермейтінін алға тартты. Абай сөздеріне түркі дүниесі кеңістігінен қарау керегін атап көрсеткен ғалым: «Ұлы ақын өзінің өткір сынын қазаққа арнағанымен, бұл аталған кемшіліктер бүкіл түркі дүниесіне тән», – деді. Ғалымның айтуынша, «Абай шығармашылығы осы кезге дейін орыс классикалық әдебиетімен біржақты байланыстырылып келген, шындығында, хәкім Абай түркі дүниесін де терең білген». Абай шығармашылығы Мажар елінде 1938 жылдан бастап таныла бастапты. Абайдың «Жаз», «Қалың елім, қазағым», «Көкбайға», т.б. өлеңдері мажар тіліне 1969 жылы аударылған екен. Мұны Венгриядағы Сегед университетінің оқытушысы, ғалым Раушангүл Мұқышева атап көрсетті. Будапешт қаласында Абай ескерткішінің ашылғанын, ол жерде өздерін түркі әлемімен етене байланыстыратын мадиярлар Абай әнін шырқап, іс-шараларын өткізіп тұратынын жеткізді. Абай шығармашылығы туралы Анкара университетінің оқытушысы, профессор Гүлжанат Ержиласун Құрманғалиева, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын Ұлықбек Есдәудет, Оңайгүл Тұржан, Алмахан Мұхаметқалиқызы, Дәулеткерей Кәпұлы да қызықты ақпараттармен бөлісті. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық онлайн-конференцияға қатысушы зиялы қауым өз кезегінде Ұлттық кітапхананы «қазіргі кезеңдегі бірден-бір ғылыми орталық» деп атап, кітапхана ұжымына зор алғысын білдірді.

Анар ҚАБЫЛҚАҚ, әдебиеттанушы

3581 рет

көрсетілді

383

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы