• Мәдениет
  • 16 Сәуір, 2020

ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУСА...

Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі, ҚР-ның еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Халқымызда бабалардан келе жатқан: «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Осы бір мақал дәл осындай дүниені кезген індеттің салдары біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Ерлерімізді етігімен су кештіруге жазбасын деп тілеген халықпыз. Жағдай қиын болса, жұртшылық қиын-қыстау шаққа тап келсе, шығатын амалды тауып, бүтін бір Елді сақтап, қорғап қалудың жолында Ерлер жүрмегенде қайтпек?.. Ойламаған жерден, тіпті, тұтқиылдан десе де болғандай, жер жүзі үшінші дүниежүзілік соғысқа теліп жатқан бұл сұрапыл індет – «Covid-19» пандемиясы бүгінде, бүкіл әлемнің жүздеген еліне жайлады. Әр ғасырларда індеттің түрі кездескен. Бірақ, ол замандарда ел дамымаған, бәлкім, тазалықтың жоқтығынан дерміз де... Бірақ, бүгінгідей тамақтың тоқтығы мен өркениеттің шарықтап дамып кеткен кезеңінде де аты жаман індеттің осы бір түрі адамзат баласына ауыз салып отыр. Еліміз Егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекет ретінде тұғырлы орыннан көрініп, әлемнің ең озық өркениетке қол жеткізген, дамыған елдер қатарынан бой көрсетті. Біздің мемлекетімізбен бүкіл батыс, шығыс елдері санасатын деңгейге жеттік. Мәдениетіміз бен әдебиетіміз, экономика мен елдің әлеуеті айтарлықтай алға озды. Күн санап қызу да қарқынды шаруаларымызды жұмыстап, жарқын күй кешіп жаттық. Бәрі де тамаша! Тек, тек... Тек, осындай жайдары шақта Ел басына нақты емі табыла қоймаған белгісіз індеттен қатер келеді деп үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеген еді... Бірақ, «етікпен су кешер» Ерлеріміз бары дәтке қуат, көңілге медеу. Олар: Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен оның көшіне ерген көптеген ерлер. Сондай-ақ, дәл осы шақта аталы ой айтып, барша қазақстандықтарға «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мәлімдемесін жолдаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықты сабырға, байсалдылыққа шақырып, байбаламға бой алдырмай, індеттің қатерін бірлесе жеңуге үндеуі ерлікке пара-пар, нағыз көшбасшыға тән іс. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты күн сайын оттың ішінде жүрген әскербасы, қолбасы деуге болады. Оның аты өшкір індеттен келген экономикалық, әлеуметтік жағдайларды тұрақтандыру мен ұстап тұру тұрғысындағы күнделікті әр саланың басы-қасына барып, көзімен көріп, көңілімен тоқып, тиісті және тиімді тапсырмаларды беріп, оның үстіне, әл-ауқаты, тұрмысы төмен отбасылар мен жұмысы уақытша тұралаған кәсіпкерлерге материалдық және қаржылай қолдау көрсету мәселесін жолға қоюы, қазіргі жағдайда елге, халыққа жасалған үлкен қамқорлық. Біз, мәдениет саласының қызметкерлері де өз кезегімізде онлайн болса да ел тұрғындарын сабырға шақырып, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы қойылымдарымызды көрсетіп, онлайн-сұхбаттар жасап, қам-қарекетімізді жасаудамыз. Бірлесе білсек, Елім деген Ерлеріміздің ісіне қолдау танытып, тәртіпке бағынып, бір алақанның аясында жұмыла, жымдаса білсек, алмайтын қамалымыз болмайды, кез келген індетті жоюға қауқарымыз жетеді деген ойдамыз.

3207 рет

көрсетілді

290

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы