• Мәдениет
  • 23 Сәуір, 2020

«Сағынсаң егер Дәнешті Нұржаннан барып ән есті...»

«Танығың келсе Дәнешті, жантайып жатып ән есті» дейтін сөзді аз-кем өзгертуіміздің сыры белгілі... Қазақтың ән өнері кеудесіне қонақтаған дүлдүл әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісовтің Алматыдағы ән мен жырдың бесігіне айналған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткізген «Әнді сүйсең, менше сүй» атты жеке шығармашылық кеші талай тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, өнер биігіне жетелегені сөзсіз. Ел басына сынақ болып келген індеттің кесірінен сонау бір ғажап кеш жайлы қолға қаламды кейіндеу алып отырғанымызбен, сол бір ән мен күй тербелген күн жүректерді әлі де шымырлатып-ақ жүр...

Бұл кеш өзге кештен несімен өзгеше? Иә, ең алдымен Абай рухына құрмет білдіруімен ерекшеленді. Дәстүрлі әнші кеште әнді сүюдің озық үлгісін көрсетті, әнге құрметтің қалай боларын кеш тыңдармандары да ұғынып қайтты. Кеш өткізуі сирек талғампаз әншінің репертуарға тыңғылықты дайындалғаны бірден көзге көрінеді. Бұрындары орындап жүрген әндерді емес, тыңдарманның құлағынан алыстай бастаған шығармаларды орындап, халықтың әнге деген сартап сағынышын басты, өнерге деген елдің інкәрлігін асқан сезімталдықпен ұғып қойған өнерпаз ән мен күйдің інжу-маржанын тыңдарманға таңдап, талғап ұсынды. Дәнеш Рақышевтың төл шәкірті ретінде оның шығармалары сахнада әуелейтінін біліп келген жұрттың тамырын дөп басып, ұстазының әндерін бірінен соң бірін күміс қоңыраудай үнімен шырқап берді. Аппақ маңдайы жарқырап, көмейіндегі бұлбұл үнімен Дәнештің бұған дейін үлкен сахналарда орындалмай, шетін қалып қойған бірқатар әндерін тыңдарман жүрегіне жеткізді. «Шаң басқан архивтерде» жатыңқырап қалған ондай шығарманың бірі – «Соға кет» болса, екіншісі – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Аққулар, қош болыңдар» әні еді. Дәнеш әндері сахнада орындала бастағаннан-ақ елжіреген ел-жұрт «Айта түс!», «Шырқа, жарығым!» деп әншісін көтермелеп, Дәнешін еске түсіріп, тыңдарман теңіздей толқыды, ән сахнада әуелей шалқыды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Баркөрнеу» әнін орындағанда да туған ел мен туған жердің суреті көз алдыңа тізіліп, қойны-қонышы елге толы өңірдің арғы-бергі тарихы ән болып құйылып түскендей әсерге бөледі. Тағы да көрермен жүрек сөзін қошеметпен, разылықпен жеткізіп, алақанын аямай соқты... Абай рухына тағзым етудің тың үлгісін көрсеткен әнші бұл кеште әкесі – Қабимолда Жанпейісовтің Абайдың сөзіне жазылған «Мен боламын демеңдер» әнін шырқады. Осы ретте кештің аты «Әнді сүйсең, менше сүй» деп аталуының да тарихына тоқталып өткен дұрыс шығар. Шығармашылық кешін өткізем деп шешкен Нұржан Жанпейісов қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлымен хабарласып, кешінің атауын ақылдасыпты. «Басқасын білмеймін, дәстүрлі әнді қаншалықты жақсы көретінің, дәстүрлі өнерді қалай құрметтейтінің жалпы жұртқа айдай анық. Биыл ұлы Абайдың туғанына 175 жыл. Сондықтан кешіңді Абаймен байланыстырғаның дұрыс-ау... Репертуарыңда Абай шығармалары да болса, бұл да ұлы ақын рухына деген перзенттік құрметіңді танытпай ма?» деп ағалық ақыл-кеңесін аямаған жазушының сөзін құп көріп, кеш Абай өлеңінің бір үзігімен аталған екен. Иә, қолына қалам ұстаған жазушы болсын, ақын болсын, Абай шығармашылығын аттап өткен емес. Қылқаламын серік еткен қазақ суретшісінің де Абай шығармаларына не Абай бейнесіне бір айналып соғатыны хақ. Дәстүрлі әннің биігінде жүргендер де Абай өлеңінен құр қалмайды. Нұржан әншінің репертуарында да, әрине, Абай әні бар. Бірақ, Абайдың төл, өз әні емес. Әкесі Қабимолданың Абай өлеңіне жазған әні. Бала күнінен әкесінің тәрбиесімен Абай өлеңдерін құлағына құйып өскен Нұржан сал кішкентайынан Абай шығармашылығымен есейген ұл екенін ұмытпайық. Әкесі ақыл айтса да, қатты айтса да перзентіне Абайды алға тартқан екен. Әкесінің жанынан шығарған екі әні перзентінің жүрегінде ораулы келген. Сол екі әуенге салып отырып Абай әндерін орындаған әкесінің әуенін кішкене күнінен құлағына сіңірген. Міне, сол дүние «Әнді сүйсең, менше сүй» атты кеште көрерменге жол тартты. Нұржан Қабимолдаұлының өзі «Шүкір, Абайдың оншақты әні халық арасында кеңінен таралып, айтылып жүр ғой. Ал әкемнің әнін, Абайдың сөзін оқудың реті де, орайы да келіп тұрған соң, репертуарға осы әнді қостым. Бұл кешке жаңаша бір реңк берер деп ойлаймын. Әкемнің әнін мен орындамағанда, кім орындайды... Сондықтан, Абайдың өлеңіне жазылған «Мен боламын демеңдер» деген әнді сіздерге тарту етпекпін» дейді... Әнмен сусындап отырған жұрт сахнада Нұрғиса Тілендиевтің сирек орындалып жүрген әндері шырқалғанда тіпті теңселіп кетті. Ән қанатында қалықтаған көрермен Нұржан әншінің әр қимылын кірпік қақпай қадағалап, әнмен бірге тербеле жөнелген еді.

«Қалқаның әні», Кенен Әзірбаевтың әні, Әсеттің термесі, Дәнеш жеткізген әндер, тағы да біраз шығарманы әуелеткен Нұржан Жанпейісовті Дінзухра Тілендиеваның дирижерлігімен «Отырар сазы» ансамблі сүйемелдеді. Ән қанатындағы көрерменге Нұржан әншінің даярлаған сыйы – қазақы мәнермен, әуенмен құйылып түскен Ұлбике мен Күдерінің айтысын ұсынуы еді. Тарихта Ұлбике мен Күдерінің айтысқаны көпке белгілі. Сол айтысты кезінде Мырзатай Жолдасбеков спектакль қылып түсіріп, оның музыкасын Алтынбек Қоразбаев жазған екен. Халықаралық байқаулардың лауреаты Бибігүл Қилымхан мен Нұржан Жанпейісов екеуі сахнада Ұлбике мен Күдері болып айтыса кеткенде көрерменнің делебесі қозып, байырғы заманның төріне барып отыра қалғандай күй кешті. Қазақтың төл өнері – айтысты дәл осындай бояумен сахнаға алып шыққан қос әншіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дәстүрлі әнге серт берген Нұржан әншінің ән әлемі ерекше терең, мың бояулы. Осы тереңдік пен тазалық, мың-сан түске түрленген дауыс бояуы халықтың ерекше құрметіне ие. Әсіресе сахнада «Аңшының әні» әуелегенде көз алдында дала театры қойылым қойып кеткендей тыңдарманның делебесі қоза түсті. Байырғы жұрттың тұп-тұнық өмір салты, аңшының сөзі, сері жігіт пен қазақы тұрмыстың ғажап суреті ән болып көз алдыңда көлбеңдей өтеді. Қазақтың әні қазақтың бұзылмаған дәстүрі, қазақтың жаны десек, әншінің асқан шеберлікпен орындаған дүниесінен байырғы мен бүгінгінің арасындағы дәстүрдің жібі үзілмейтінін ұғасың. Қазақтың әні әуелегенде қазақтың жаны тербелетінін түсінесің. Кешеден бүгінге жалғасқан қазақы әуен – әр уақыттың сан қырлы сипатын жинап, жүрек тұсыңды шымырлатады. Нұржан әншінің әндері тыңдаушысын осындай сиқырмен баурап алады. Нұржан әншінің әуезіне құлақ қойсаңыз бір ғана әнші емес, тұтас халық театрының үнін еститін себебің де осы – дала үнін, дала арманы мен ұлттық ерекшелікті сипаттайтын байырғының сазын дәл жеткізе білуінде жатыр… Кеш барысында айтулы әнші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлі сахнаға көтеріліп, қазақтың қара домбырасын қолына алып, ән шырқады. «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр. Келер жылы Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Ұлтымыздың осы екі алыбында қазақтың сөзі, қазақтың болмысы, қазақтың бары мен жоғы сақталған» дей келе, Ақан Жылқышыбайұлы өнердегі досы Нұржан Жанпейісовтің кешіне ақ тілегін арнап, Жамбылдың жырын самғатты, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда» әнін шырқады. Айта кету керек, Отырар сазы оркестрі өздерінің жоспарына енгізген бұл концерттің басты қолдаушысы халық болса, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы да осы кешке қолдау білдіріп, халықтың әсем әуені қалқыған ән мерекесін тамашалауына мұрындық болыпты. Кеш барысында талантты күйші Мұрат Әбуғазы да өнер көрсетті. Шертпе күйдің шебері, өнер зерттеушісі, Дәнеш Рақышевтың мұрасын жинастыруда үлесін қосып жүрген Мұрат Әбуғазының домбырасынан төгілген күй де халықты өнердің тылсымына баурап әкеткен еді. Нұржан әнші осы кезге дейін де Париждің мәртебелі сахнасында, алыс-жақын шетелдерде, атап айтқанда Моңғолия, Қытайдағы ағайынға әнін шырқап, патша көңілді көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүргені белгілі ғой. Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттау жолында сүбелі үлес қосып жүрген Нұржан Жанпейісовтің сахнада жүргеніне ширек ғасыр, тіпті одан да көбірек уақыт шығар. «Өнер адамы, шығармашылықтың адамы үнемі ізденісте жүргені жөн. Арасын ұзартпай, әлсін-әлсін есеп беріп тұруы керек. Үнемі репертуарын жаңартып отырғаны да маңызды. Ең алғашқы жеке шығармашылық кешім Моңғолияның Баян Өлгей қаласында өткен екен. 2009 жылы Қазақконцертте жұмыс істеп жүргенімде, жеке шығармашылық кеш өткіздім. Үшінші концертімді 2017 жылы тағы да Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында бердім... Арасында елге де барып, есеп бердім. Үзеңгілес досым, бірге жүрген әріптесім Еркін Шүкіман екеуміз бірігіп «Қос күрең» атты кеш өткіздік. Ықылас мұражайында, «Ғалымдар үйінің» залында концерттер бердік. 2016 жылы Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығы кең көлемде аталып өтіп, Ықылас мұражайында «Әсет пен Дәнеш» деген атпен лекция концерт бердім... Ал мына «Әнді сүйсең, менше сүй» атты концертті Отырар сазы оркестрі өздерінің жоспарына енгізіп, алғашқы ұсынысты өздері айтқан еді» дейді Нұржан әнші осы кеші туралы сұхбатта.

Осы сұхбатты оқып отырып Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар мұражайында өткен концерт есімізге түсті. Кеш соңынан өнер адамдары жиналып, концертке баға бергенде өнертану ғылымының докторы, профессор Әсия Мұхамбетованың: «Қазақтың дәстүрлі әні мен күйін фольклор деп қана қарамаңыздар. Бұл – қазақтың ұлттық классикалық өнері. Менің арманым – осы өнерді көрсетушілер, яғни әнші-күйшілер өздері кітап жазса, қандай тамаша болар еді» деп пікір білдіргені де есте. Осы күні Нұржан Қабимолдаұлының сол үддеден шыға алып жүргенін де айта кету парыз. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында кафедра меңгерушісі ретінде дәстүрлі өнерге адалдығын танытып, шәкірт тәрбиелеп жүр және Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде Дәнеш Рақышұлының арнайы әншілік класын ашқан Нұржан Жанпейісовтің осы қыры да көпшілік назарынан тыс қалмаса екен дейсің. Нұрғиса Тілендиевтің «Мінездің өзгеруі дауысқа әсер етеді» деп айтқаны бар екен. Бала күнімізден дауысын құлағымызға құйып өскен бір әнші болса, ол Нұржан Жанпейісов дер едік. Ән қадірін біліп, дәстүрлі әншінің өнер жолына тілекші көңілмен жанкүйер болып келе жатқан бергі уақытта да оның әнге құрметі мен мінезінің өзгермегенін анық білеміз. Оның дәстүрлі әнге адалдығы мен тазалығының бір сыры осында жатса керек.

Хош, тыңдарманды ерекше күйге бөлеген концертті әншінің өзі бір жарым сағатқа жоспарлағанымен, кештің тез-ақ аяқталғанына көпшіліктің таң-тамаша қалғанын несіне жасырайық. Әншінің кешті бұлай жоспарлауының себебі де бар. Дәстүрлі музыкалық концерттер бір жарым сағатқа жетпеуі, жетсе, аспауы керек екен. Ұлттық классикалық музыканың, таза академиялық концертті тыңдаудың өзіндік шегі бар, деңгейі болады. Сол тәртіппен, академиялық талаппен жоспарланған кештің жалғасы алдағы уақытта үлкен сарайларда жалғасын тапса деген тілектес көңілмен жұрт үйді-үйіне тарағанына куәміз. Тұтас Алматыға ән салдырған сол бір кештен жүрегіміз ән мен жырға сусындап қайтты... Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлымен кеш біткен соң тілдесіп, «Дәнешті сағынған жан Нұржан әншіге құлақ қойса, шіркін» дегенімізде сөзімізді сәл-пәл түзетіп: «Нұржан қазір Дәнештің әнін ғана емес, оған қоса қазақ халық әндерінің ұмытылып бара жатқан нұсқаларын да, сонымен қатар Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілдерінің де, кейінгі уақыттағы композиторлар мен ақындардың да шығармашылығын ерінбей-талмай насихаттап, домбырасымен шырқап, оркестрмен орындап жүрген жоқ па? Иә, ол Дәнештің кенже қозысы, өзі айтқан әндерін түгел үйретіп, аманаттап кеткен ең соңғы шәкірті. Сонымен қатар қазір Жетісу ән мектебінің үлкен зерттеушісіне айналған, ән мен ұстаздықты қатар алып жүрген жан. Кітаптарын тасқа бастырып, әндерді таспаға түсірген еңбегін де қоса атауды ұмытпайық» дегені бар. Шынымен де Нұржан Қабимолдаұлының Алматыдағы кешінде қазақ тыңдарманы сағынып қалған бірқатар ән әуеледі. Өнерге сусаған жұрт әнмен бірге жан сарайын тазартты, залдың тұс-тұсынан әншісін көтермелеп, қолдау білдірді, «пай-пайлаған» дауыстан ән мен әншінің мерейі асып, түу биікке көтеріліп бара жатты...

Қарагөз СІМӘДІЛ Суреттерді түсірген: Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ

2666 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы