• Ақпарат
  • 23 Сәуір, 2020

ОМАРТАШЫ ВИКТОР

Жаркенттік бал арасын өсіруші Виктор Синицин өзі өндірген өнімнің сапасына кепілдік береді. Бал арасын баптау – Виктордың атакәсібі. Оның әкесі Александр Синицин 1971 жылға дейін осы кәсіппен шұғылданыпты. Виктор әскер қатарынан оралысымен әулетінің дәулетіне айналған кәсібін әкесі баласына табыстаған.

Содан бері Көктал кентінде тұратын Виктор Александрович «Орташа орыс арасының Жоңғар селекциясы» деп аталатын тұқымының тінін үзбей бағып, жерлестеріне балын саудалап келеді. Алғашқы кезеңде Виктордың меншігінде 15-20 ара үйірі болды. Қазір оның ара омартасының саны елуден асты. Бал беретін орыс арасының Қазақстанда қолда өсіріп, жерсіндірілгеніне 300 жылға жуық уақыт болыпты. Содан бері олардың әр аймақта жергілікті тұқымдары жетіліп, бабына қарай өсіп, өрістеген. Жерсінген бал аралары жұтаң жайылымнан да шырын жинап, иесіне береке береді. Бал арасы үшін Жаркент жерінде жайлы жайылым аз. Сондықтан жыл сайын мамыр айында Виктор ара омарталарын Іле өзенінің жағалауындағы Жиделі, Құндызды сияқты жасыл шалғыны мол аймақтарға көшіріп апарады. Бір айдан соң малшылармен бірге Арқас тауының баурайындағы жайлауға көшеді. Күзде қайтадан Іле өзенінің жағалауына бет бұрады. – Бал арасы маусым айында жетіліп, бал бере бастайды. Содан тамызға дейін, жайылым мен ауа райы қолайлы болса, қыркүйектің аяғына дейін омарта ортаймайды, – дейді Виктор. – Ауа райының қолайлығына қарай бал беретін араның өмірі 28-30 күн, аналық аралар 4-5 жыл тіршілік етеді. Алайда аурудан ада аналық араның 9 жыл тіршілік еткені жайлы ғылыми негіздеме бар. Аналық араны омарталас үйірі азықтандырады. Әр омартаның арнайы күзетші аралары болады. Бұл біздің отбасылық кәсіп. Болашақта кәсіп көзін кеңейтіп, үлкен жұмыс атқарамыз деп жоспарлаудамыз, – дейді омарташы Виктор. Өткен жылдың жаз маусымында В.Синицин өз омартасынан 1400 тонна сапалы бал жинапты. Жергілікті саудагерлер таза балға көптеп қант араластырып, жалған балдан еселеп табыс тауып жүрген көрінеді. Бұл келеңсіздіктерді Виктор Синицин алаяқ саудагерлердің талай мәрте бетіне басқан. Алайда арнайы сарапшылар жоқ болғандықтан жалған бал саудалаушылардың асығы алшысынан түсіп тұр. Мұндай жалған балды ұзақ мерзім азық ретінде пайдаланудың соңы ісік ауруына әкелетінін ойласақ, бал арасына байланысты аталған мәселені жедел шешпей жағдай түзеле қоймас.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

746 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы