• Мәдениет
  • 30 Сәуір, 2020

Қағаз бетіндегі ақ пен қара

Әлдебір күні, алыстағы суретші Батухан Бәйменовтың шеберханасына арнайы барып, «әлдеқандай болар екен?» деген, дүдәмалмен кіріп, «бәрекелді-ай!» деп, дүрсініп шыққанбыз.

***

Графика деп аталатын қағаз бетіндегі ақ пен қараның мәңгілік майданына түсіп кеткен Батухан суретшінің таңдап алған әдісі – линогравюра еді. Оны пейілі кете игеріп, оған өз көзқарасын, пластикалық тілін, көркем әдісін сіңірді. Образдармен сәндей байыта, қанықтыра, кемерлей кеңітті. Бейнетін көріп, азабын да шекті (заман аунап түскенінде суретші біткен жаппай қолдарына палитра алып, дүрк көтеріле кескіндемеге кеткенінде, санаулы әріптестерімен біріге графика жанрына тұрақтап қалып та қойды). Ақырында шығармашылықтың шексіз қуанышына кенелді. Суретші болмысы – қарап салудың қарамағына түспей, беріден және қайырмай, қайта, қат тереңінен, түу әріден суырып, жан дүние, ақыл-парасат қойнауынан көз тарта, түрленте шығарумен бөлекше. Суретші шығармасының басты ерекшелігі – картиналарының көп фигуралы болып келетінінде. Жүздеген шаршы линолиумнан басылып шыққан әрбір оттисктің лек-лек адам, үйір-үйір жылқы, көшпелілер, ұшқан құс, жүгірген аң бейнелеріне меймілдей-мелдектей, толып тұратынында. Олардың күллісінің бүгінмен әсем үйлесіп, әммесінің өткен шақ, таңбалы тастар, скифтер, аң стилімен шым-шытырық шатыса, шырмала астасып кететінінде. Суретшінің өзіне ғана тән ерекше қолтаңбамен, штрих-өрнектермен қабыса байланысып жататында. Һәм сериялап, тұтаса көбейетінінде. Тұтас, бүтін көрінуінде. Суретші Батухан көруші шіркінге уақыттың уысынан көсіп алып, «Тұңғиық», «Көгілдір көл», «Қағаз ұшақ», «Желді бағындыру», «Қызыл планета», «Ұйқыда самғау», «Көшпелілер ойыны» деп келетін, ұзын тізбегі таусылып болмайтын түйдек-түйдек топтамалар жинағын берді. Түйдек-түйдек топтамаларының бауын ағытып, қыртысын жазса – ондаған, бәлкім жүздеген картина көлбеп және шығар... – Қане, сарқып көріңіз, саралап және көріңіз?

***

Суретшінің өнер ғұмыры – өскін салып, өркен жайған, сосын тоқырап тежелген, одан қайта еселеп өскен жылдарының өзегінде жатыр. Қолына қарындаш алып, қағазға бір де сызық түсіре алмай, еңкейіп налыған кезі бар. Һәм, суреттің суыртпақ жолын қайта тауып, бет қаратпай, бейнетке белшесінен кіріп, қалыптасты деген линогравюра заңдылықтарын бұза-жара, мына жағы бір жарым, мына жағы төрт-бес метрлік нән гравюралады бірінен соң бірін игеріп, қағазға емес, матаға басып-шығара, мерейі өсіп, тасып шалқыған сәттері және бар. Батухан Бәймен – бейнелеу алаңында әншейін суретші болып қана жүрмей, еңбекқорлықпен шектеліп қалмай, өресі биік сауат, интеллект иесіне айналып, «Атилла» кім, «Ашина» кім, «Ұмай ананың» шені қайсы, «Түркілердің» алған биігі қандай, «Алтын орданың» орныны қайда дейтін мың сан сұрақтардың жауабын түпкірлей тауып, оны өзінде, жүрегіне «пісіріп», шығармашылыққа айналдырып, композицияның орайына үйлестіріп, өріп, ақ пен қара шексіз сызықтар үйлесін, олардың ырғағын, әммесінің бос кеңістік пен даққа байланыс, тартылыс күшін дәл тауып, орны-орнына қоя білген жан. Салмағы аса ауыр тақырыптың бағасын мысқал кемітпей жарыққа шығарған ірі шығармашылық иесі. Батухан Бәйменнің суретші болмысы «жасап шығамын, іле саламыннан» емес, ылғи үрдіс, әмсе болжаудан тұрады. Картинаның берілу тәсілін, суретінің әуелде қарындашпен сызғанда линолиумда оның қалай ойыларын бағамдап, штихелмен ойып жатқанында қайтіп қағаз-матаға басыларын зерделеп, тұлғаның оң-терісін, бояуының қай жерде қандай қалыңдықта жағарын, басып-жаныштап бейнені қағазға түсіріп тұрғаны да оны әрі қарай қайтіп көркемдеріне бейілі кетіп отырғаны. Тап қазір Батухан суретші шығармаларының толассыз ырғақпен, топтала басылып, көбейе топтасып, көз тарта көркемделіп, паспарту-багет киіне, аясы кеңи шалқып, кемері тасып, мынау Шымкенттен, анау Алматы, Бішкек, Ташкент, сонау Кипр аралы картина көрушілерін тәнті етіп, қуаты тасып, айбыны асып тұрған дер шағы.

***

Шеберханасынан тап-таза, асқан бекзада ұқыптылықты көрдік. Қобырап шашылған қағазды, қотарыла төгілген бояу мен былғаныш валикті көрмедік. Құрал-сайман жүйесі табылып, орын-орнында жатыр, Әрбір сурет топтамасы көлеміне орай, багет-рамасына, баршасының түсіне қарай, сөрелерге сәндей тізілген. Мырза пейілімен әрбір картинаны бипаздай алып, алдыма жайып көрсеткен, назарыма ықыласпен салғаннан соң да әрқайсысының ретін қайта келтіріп, жинап, әрбір бұрышы итеріле тартылып, әуелгі қалыбын табумен болды.

***

Ірі талантты өзіндей иықтасының жырақтан іздеп келуі заңды. Атына заты сай сурет әлемі академиктері хабарласып, бір күні ақ шашы мен мұндалап Байтұрсын Өмірбеков, екінші күні айыр қалпағы көрініп Юристанбек Шығаев келіп есігін қақса, үшінші күні ала тақиясы көз тартып Акмал Нұр табалдырық аттап тұрғаны (Баткеңді бірінен-бірі «қызғанып» тұрғаны).

***

Жаратқан Ие бейнелеу дейтін шығармашылық мүмкіндікті кім көрінгенге емес, ілуде бір пейілі түскенге берсе, оны сезіне түсінген суретшінің өнер жолында әлгі парыз арқалатқан, қарызға босатылған қасиетке адал болмасына, тап Жаратқанындай, ішінен жарып шыққанын, қолынан өргенін халқына бермесіне әддісі жоқ. Есесіне көкірегі ояу көрушінің Батухандай суретшіден келген көл-көсір еңбекті өзіне мұра етіп алып, болашаққа апармасына әддісі және жоқ.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші

2650 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы