• Тіл
  • 07 Мамыр, 2020

Тіл білу – міндет

Қазір елімізде көптеген ұлт өкілі қазақ тілін меңгеруді қолға алып, мемлекеттік тілдің қанатын кең жаюына үлес қосып келеді.

Талдықорған қалалық емханасының жаңа ықшамауданынан ашылған бөлімшесінде қазақшаға жетік жас маман көп. Оларға хабарласқанымызда өзін Арина Комогорова деп таныстырған бойжеткен отбасын, ата-анасын, сіңлісі Ксенияны жақсы көретінін, демалыс күндері саяжайға барып, табиғат аясында еңбек еткенді ұнататынын, қазақ тілін меңгерудің қиындығын сезінбегенін, дәрігерлік мамандықты жанымен сүйетінін түгелдей айтып, ашық-жарқын мінезімен ақтарыла сұхбат берді. – Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулықтың әрдайым беки беруін, ынтымақ пен бірліктің нығаюын тілеймін! – деген Арина Геннадийқызы өз өміріне аз-кем шолу жасады. – Талдықорған қаласында туып-өстім. Отбасымызда 4 адам бар. Әкем Геннадий Ескелді ауданына қарасты Малиновка деген ауылда дүниеге келген. Қазір «Темірбетон» зауытында жұмыс істейді. Анам Надежда Ресейдің тумасы. «Темірбетон» зауытында жұмыс істейтін ол өте ашық, мейірімді адам. Менен бір жас кіші сіңлім Ксения дәріханада фармацевт болып істейді. Арчи атты итіміз бар. Мен үшін мемлекеттік тілді меңгеру ешқандай қиындық тудырған емес. Кішкентай кезімнен аулада балалармен ойнап өскендіктен болар, қазақ тілін оңай үйрендім. Сол себепті «Қиын болды ма?» деген сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Өйткені тіл білмей қиналған кезім есімде жоқ. 2013 жылы Талдықорған медицина колледжін бітіріп, фельдшер мамандығын алып шықтым. Бір жылдан соң Талдықорған қалалық емханасына учаскелік медбике болып жұмысқа кірдім. Мені елімізде жарияланған төтенше жағдай ­мазалайды. Себебі зор байлық саналатын денсаулықты тұрғындардың аса бағалай бермейтіні алаңдатады. Қазір көпшілік ұлттық тағамды тұтынуды тоқтатып, ұлттық құндылықтардан қол үзіп барады. Тіпті ­ауылды жерлерде сүт өнімдерін қаладан алдыратын отбасылар бар. Өкінішті әрине, бұл, ең алдымен, денсаулыққа тікелей әсер етеді. Осылай ой қорытып, қоғам өміріне алаңдаған Арина Геннадийқызы арманы отбасын құрып, сәби сүю екендігін жасырмады. Үлкен үйде тұрып, жеке көлігімен саяхаттап жүруді ұнататынын, жақын құрбысы Гүлмирамен бірге Анталияға қыдырып қайтқысы келетінін де айтып қалды. Сөзінің соңында көп ұлттың өкіліне мекен болған Ұлы Даладағы береке мен бірліктің тұрақты, бейбітшілік пен ынтымақтың мәңгілік болуын аңсайтынын, жақында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқуға кіріскенін жеткізді.

М.ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы

1060 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы