• Әдебиет
  • 07 Мамыр, 2020

АЛАШТЕКТІ АКАДЕМИК

Құныпия АЛПЫСБАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор

«Шәкірттік – ұстаздықтан, ағалық – інілікке ауысқан қатынастар жалғаса берсін. 1 сәуір 2001 жыл. Алматы». Бұл – қазақ әдебиеттану ғылымындағы заңғар тұлғалардың бірі, академик Рымғали Нұрғалидың кезекті шыққан жаңа кітабының бас парағына өз қолымен, маған арнап жазған автографы. Осынау ойлы кітапты қолыма алып парақтаған сайын, ардақты ұстазым, ақылман ағатайым, қазақ сөзінің қадірін ұлықтаған, ұлағаты ұшан-теңіз тұлғаның жаныңа жылу берер бейнесі көз алдыма келіп, шәкірттік кез, ұзақ жылдар қатар жүріп, бірге өткізген күндер елесі жан толқынын тербетіп, сағыныш мұңына батыратыны бар. Мен үшін Рымғали ағаның ортаймас орны бөлек. Ғылым жолында да, өмір ­сапарында да ақылшы абызым болып еді. Мен ғана емес, Рымғали ағаның алдынан дәріс алып, оның сөз өнері жайлы толғаған толымы мол толғауларын тыңдаған жүздеген шәкірттің қай-қайсысының да тағылымы дара ұстаз, таланты талассыз ғалым, шешен тілді дәрісші жайында сағынышпен еске алатыны, сүйіспеншілікпен әңгіме қозғайтыны күмәнсіз.

ХХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ әдебиеті мен оның сөз өнерін ­сараптау саласына жалындаған жас толқын, жаңа буын, пайымы мен парасаты пәрменді, білімі мен біліктілігі аға буынның үмітін алға жетелеген, ұлттың рухани тынысына жаңа леп әкелген топ келіп қосылғаны баршамызға аян! Сол бір адуыны алымды алғыр топтың қатарында, келе-келе қазақ әдебиеттану ғылымының ірі тұлғасына айналған аса зор білімпаз, ғылымның тылсым тұңғиығына еркін бойлаған оқымысты, ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және гуманитарық ғылымдар саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы нөмірі бірінші сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымының докторы, тағы да көптеген атақ, лауазымдарды иеленген Рымғали Нұрғали да бар еді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Оның Жаратқан Иеден дарыған дара дарынының қанаттануына, өзі туып-өскен өрелі өлкенің – сөз өнері мен саз өнерінің сан алуан саңлақтарын самғатқан сәруар мекеннің игі ықпал еткені даусыз шындық. Рымғали Нұрғалиұлы 1940 жылы 1 ­маусымда, бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Абай ауданына қарасты Қайнар ауылында дүниеге келген. Академик Рымғали Нұрғалидың туған ауылы Қайнар ол дүние есігін ашқан жылдары, Абыралы ауданына қараған. Кейін ол аудан аумағы ядролық сынақ полигонына айналуына байланысты, Абыралы ауданы жабылып, ондағы кейбір елді мекендер мүлдем басқа жерлерге көшіріліп, аңыз мекен Абыралының әкімшілік аумағы Абай ауданына қосылады. Тал бесікте тербетілген туған жері, атақты Семей полигонының аумағы екенін айтып, сыр бөлісуші еді, жарықтық. Өмірден ерте кеткен туған ағасы мен қос қанаты – екі інісінің, қарындасы Нәсиманың қазасын қабара баяндап мұңаятын, жігері жасып көзіне жас үйірілетін. «Бәрі, бәрі қасірет қайнары – полигонның кесірі» деуші еді. Өзін де сол полигонның зардабынан пайда болған әртүрлі сырқат мазалап, ойын – онға, санасын – санға бөліп жүретінін айтатын. Рекең алты ағайынды еді. Олар: ағасы Тұрсынғали, інісі Жеңісқали, Әсия, Нәсиман атты қарындастары, кенже інісі Айғалилар ­болатын. Ұзақ жыл бойы адамзат ғұмырын ажал аузында ұстаған полигон тажалдың зардабы қатты ойсыратқан әулеттің бірі – осы Нұрғали әулеті болғанын біреу білер, бәлкім біреу білмес. Ең әуелі өзінен кейінгі інісі Жеңісқали, одан соң ағасы Тұрсынғали, біраз жылдан кейін кенже інісі Айғали дүние салды. Кіші қарындасы Нәсима Рекеңнен жарты жылдай бұрын, үлкен қарындасы Әсия ғана өзінен кейін екі-үш жылдан соң қайтыс болды. Бұл трагедия­лар тізбегі тумысы бөтен тұлғаның, тұңғиық таным иесінің жанын жаралап, тәнін тоздырып жүретінін іштей сезінетін едік... Бұл өңір – ұлттың ұстынына айналған көптеген ұлы тұлғалар өмірге келген, даналық сөздің де, дарабоз өнердің де, білікті білімпаздықтың да ордасы болған, тіптен қабырғалы қайраткерліктің де туы тігілген жер екенін бәріміз білеміз. Әкесі Нұрғалидың өз кезіне сай көзі қарақты азаматтың бірі болуы, оның аудан деңгейіндегі әртүрлі басшылық қызметтер атқаруы болашақ ғалымның дұрыс бағытта тәрбие алуына игі ықпал еткені кәміл. Ұшқан ұядан дарыған халықтық дәстүр, өскен ортаның нәрімен көгеріп-көктеген таным мен түсінік, ғылым мен мәдениеттің, әдебиеттің тайқазаны қайнаған ұлы шаһарда білім алып бойға сіңірген ғибрат – болашақ академиктің тас жарған талантымен ұштаса келе, Рымғали Нұрғали биігіне айналғаны оның шығармашылық ғұмырындағы жұлдызды сәттерден анық аңғарылып тұрар еді. Әуелгі таңдаған мамандығы журналистиканы жазушылықпен алмастырып, оған ғылым мен ұстаздықты ұштастыра білген сан салалы шығармашылығы бірін-бірі толықтырып, қаламгердің көп қырлы талантын айқындап тұрар еді. Тұңғыш кітабы «Трагедия табиғатынан» бастап, өзінің көзі тірісінде жарық көрген соңғы туындысы – «Толғауы тоқсан қызыл тілге» дейін жарияланған сын, зерттеу, монографиялардан тұратын мол мұрасының қай-қайсысын оқысаңыз да суреткерлікпен сабақтасатын ­сараптау, сырлы да сұлу сөздермен өрнектелетін талдау үлгісінің әрлі әлеміне еніп кетесіз. Бұл орайда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алатын, қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынына жаңа өрнек, тың пайым бағытын алып келген сыншы-зерттеушілердің ішінде Рымғали Нұрғали еңбектерінің оқшау отаудай алыстан көз тартатынын байқайсыз. Оның ұлттық драматургияның даму тенденция­лары мен теориялық мәселелеріне арналған еңбектері, қазақ әдебиеттану ғылымына соны сапалық белгілер әкелді. «Трагедия табиғаты» монографиясы М.Әуезов мұраларын зерттеуде жаңа бағыт қалыптастырып, тың идеялар ұсынды. Ұлы жазушының отызыншы жылдардың ортасына дейінгі өміріне қатысты деректерді мұрағаттардан тауып, қолжазба нұсқаларын қопара зерттеп, алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Ұзақ жылдар бойы саяси «тұтқын» статусынан арыла алмай, алмағайып күн кешкен «Қилы заман» романы жайлы тұңғыш пікір айтқан да (1967) сол кездегі жап-жас аспирант Рымғали Нұрғалиев болатын. Ерлікке пара-пар әрекет! Өйткені бұл тұс елуінші жылдардың елең-алаңында үдей соққан саяси дауылдардың дүрбелеңінен әлі де арыла қоймаған, алаңы мол кезең еді. Ал ­алпысыншы жылдары саясат кеңістігіне «жылымық» кезеңнің келуіне байланысты, сабақты инені сәтімен пайдалана білген жас толқын ғылым мен әдебиетке жаңа келген буын өкілдері, батыл да батымды пікірлер айта бастады. Сол тегеуірінді толқын өкілдерінің бірі де бірегейі Рымғали Нұрғали болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Рекеңнің ғалымға тән зердесі, зерттеушілік қабілеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе. Сонау студент кезінің алғашқы жылдарында-ақ, ғылым-білімге ­деген ынта-жігері мен қабілет-дарынын бірден байқатып, ұстаздар назарын өзіне аудара білген ол, қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, бойында балғын шағынан тұтанған Алаш рухының алауын бір сәт те сөндірмеген дана ұстаз Бейсекеңмен, профессор ­Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп, сонау 1961 жылы ­«Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» атты монографиялық зерттеу еңбегін жарыққа шығарады. Содан бастап ол қазақ әдебиетінің тарихына, теориясына, жеке жанрлық, т.б. көкейкесті мәселелері мен әдебиетіміздің дара тұлғаларының шығармашылығына арналған монография, сын, зерттеулерден тұратын қазақша, орысша басылған ондаған іргелі ғылыми еңбектер, публицистикалық және прозалық туындылар берді. Ал, қазақ оқырманы, академик Рымғали Нұрғалиевтің энциклопедиялық біліммен қаруланған кең шеңберлі ғалым екендігінің, өзінің өзекті зерттеулерімен, өзіне ғана тән соны пайымдарымен ғылымның биік тұғырына көтерілген тұлға екендігінің куәсі болды. Оның қаламынан туған «Трагедия табиғаты» (1968), «Талант тағдыры» (1969), «Күретамыр» (1973), «Өнер алды қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1977), «Поэтика драмы» (1979), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ революциялық поэзиясы» (1987), «Древо обнавления» (1989), «Арқау» 2 томдық, «Әуезов және Алаш» (1997), «Вершины возвращенной литературы» (1998), «Сөз сыры» (2000), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) тәрізді ғылыми еңбектері мен «Дән» (1977), «Ай қанатты арғымық» (1990), т.б. прозалық туындыларының қай-қайсысы да, өз кезінде өзегін жара көтерілмеген шетін жайларды қозғаған жаңалығымен, бұрын айтылмаған тың тұжырым, тосын пайымдарымен, бағаналы бағыт-бағдарымен құнды. Бүгін де таптырмайтын томдарға айналған осынау кітаптар – қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» туралы келер ұрпаққа келелі де кең тынысты мағлұматтар жеткізе алатын, қазақ әдебиеттану ғылымындағы көптеген жаңа пайымдар мен игілігі икемді идеялардың бастау көзі болғанын көрсете алатын, көркемдік әлеуеті кемел, ғылыми деңгейі биік, философиялық ой-тұжырымдары терең еңбектер. Біріншіден, ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ықпалымен, екіншіден, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, ­Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатовтардың көзін көрген, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды алыптармен аралас-құралас болған өз әкесі Нұрғалидың әсерімен Алаш идеясы көкірегіне жастай ұялаған студент, аспирант кездерінде-ақ олардың еңбектерімен жасырын танысып, алғашқы зерттеулерінің өзінде ғылыми айналысқа түсіруге ұмтылған Рымғали қайта құрудың қарбалас күндерінде де олардың ақталуы жолында азаматтық алымды істер атқарды, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан туралы алғашқы болып мақалалар жазды. Осы орайда, асыл ағаның Алаш қайраткерлерінің еңбектерімен жасырын танысуы жайындағы мына бір құпиямен бөліскім келеді. Ұстазы Бейсенбай Кенжебаев жасы егде тартып, ауру-сырқау белгілері сыр бере бастағанын сезсе керек, бірде сүйікті шәкіртіне: «әй, Рымғали, мына кітаптарды бүгінге дейін мен сақтап келіп едім, енді бұдан былай сен сақтап, келер ұрпаққа сен жеткіз!» деп, ішінде ­Ахмет Байтұрсынұлының баспадан 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқышы» бар, Алаш қайраткерлерінің бір топ еңбектерін шәкіртіне аманаттайды. Ұстаздың шәкіртке деген риясыз сенімінің, қапысыз көңілінің, адамдар арасындағы алалықтан ада адал қарым-қатынастың жарқын көрінісі еді бұл. Рымғали аға өз кезегінде, сондай сенімді маған да көрсетіп, «қайта құрудың» қабағы түйіліп сескендіре бастаған күндерінің бірінде аталған еңбектерді матамен орап қолыма ұстатты да «апаңның сандығына салып қой, басқа ешкім көрмесін» деп тапсырды. Мен әрине, қадірменді ұстазымның тапсырмасын бұжытпай орындадым. Фатима Ғабитованың Ілияс Жансүгіров мұрасын қалай сақтағаны жөніндегі хикаяны Рымғали ағаның өзі, кезіндегі бір лекцияның арасында бізге айтып қалғаны да бар... Сөйтіп, ұстаз аманаты 1988 жылы Шәкәрімнен басталып Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандар ақталғанша менің ауылдағы анамның сандығында сақтаулы жатты. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін құлашын кеңге сермеп Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылықтары туралы құлаш-құлаш мақала, зерттеу еңбектер жариялады, кітаптарын шығаруға көп еңбек сіңірді. Өзінің «Әуезов және Алаш», «Верщины возвращенной казахской литературы» монографияларын жарияласа, Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ жол» атты шығармалар жинағын құрастырып баспадан шығарды, Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі еңбектерінің таңдамалы жинағына бас редектор болып, ­баспадан шығуына үлкен қолғабыс жасады. Әдебиеттер туыстығы, олардың бір-біріне әсері мен ықпалы, аударма мәселелері – теориялық тұрғыдан өте мәнді, өте күрделі проблема. Осы тұрғыдан келгенде, ғалымның еңбектеріндегі ешбір елдің әдебиеті, өнері мен рухани дамуы еш уақытта томаға-тұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілмейтіні жайында қызықты факторлармен талданатын тұстар бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ. Бұл орайда, академик Рымғали Нұрғалиұлы тағдыры мен тарихы, ұлттық рухы мен ұлыстық ділі бір-біріне етене жақын ­бауырлас елдер мысалына жиі-жиі жүгініп, татар, башқұрт, қазақ халықтарына тән ортақ сипаттар, әдеби-рухани тұлғалар мен әдеби-тарихи мұраларға қатысты мәнді ғылыми байламдар жасайтын. Ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ұқсас құбылыстар, башқұрт пен қазақ, қазақ пен татар жұрттарының ортақ перзенті есептелетін, туыс халықтардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнері мен әдебиетін тел еміп өскен, тағдырлары қызық тұлғалар – Ақмолла, Ғалымжан Ибрагимов, Сабыр Шәріпов өмір жолдарын зер сала зерттеп, олардың шығармашылық шыңырауларына бойлай еніп, терең таныммен, талассыз талғаммен ой түйіп, орамы сәтті тұжырымдар жасап отырады. Шығармаларды талдау ­барысында ­туындайтын әдеби-теориялық теңгерімі тым жоғары түйіндеулер мен түйткілі кем ­пайымдаулар, классик ғалым зерттеулерінің кез келген жерінен табылады. Мысалы, «Телағыс» монографиясындағы ақындық өнер, халықтыққа ғана тән өлең өрнегі, поэзиялық туынды мен оның даму қозғалысындағы жаңа сипат туралы қорытылған мына бір ойға ­назар салайықшы: «Жадағай көріністерді қамту, фактілер жетегінде кету, қызыл сөз секілді кемшіліктерден арылып, адам жүрегінің тереңіне үңілу, философиялық біліктілік, саф тазалыққа ұмтылу – бүгінгі поэзиядағы өсу тенденциясын көрсетеді» [Нұрғалиев Р. «Телағыс». – Алматы: «Жазушы», 1986, 180 б.] деуі өлең өлкесіндегі соңғы жетістіктерді ескеруден туған байлам. Ғалымның қай еңбегін алып қарасаңыз да ғылыми-теориялық тұжырымдары, талдау тәсілдері, сөз астарына бойлау тереңдігі бүгінгі күн сұранысына да, келер уақыт талабына да ­жауап бере алатын, мәні жойылмайтын ой қуатын көрсетеді. Әдебиеттің әр саласында қызмет атқарған, түрлі жағдайда кездесіп пікірлескен, сапарлас болып әңгімесін естіген, шәкірт болып дәріс алған, шығармашылық ғылыми обьектісіне айналған жеке тұлғалар өмірінен үзік сырлар шертілетін тұстарда да, танымдық дерек пен өнегелік сипат, эстетикалық әсер мол болып отырады. Оның жазбаларынан әдебиеттің әртүрлі жанрында классикалық туындылар беріп, туған халқын мол қазынаға, зор қуанышқа бөлеген, әлем әдебиетінің алтын қорына көркемдігі жоғары игіліктер қосқан ұлы Мұхтар Әуезов, құнары құнды дарын иесі, көп жанрлы шығармалары қазақ әдебиетінің арнасына асау ағындай айшықты қалпымен қосылған Ғабит Мүсірепов, көкірегі толы сыр-шежіре, көненің көзі, көргендінің асыл бейнесіндей болған Сапарғали Бегалин, қазақ сөзінің қаламына қанат байлаған өрендерінің бірі Әбділда Тәжібаевтар жайлы көптеген көркем ойлы, кеңістігі келісті сырларды аңғарамыз. Әр кезеңдегі драматургияның, прозаның, әдеби сынның өркендеу бағдарын, өсу сатыларын, ізденіс иірімдерін, табыс-олжаларын таразылаған сәттерде де жетістікті бағалап, кемшілікті көрсету, олқылықты ашуда да ғалым-сыншы ой мен парасат еркіндігін танытады. Ұстаз-ғалымның халық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған, шежіре көкірек, тегеурінді дарын – Ілияс Есенберлиннің көркем сөз құдіретімен оқырманды тарих қойнауының алыс қиырын қыдыртатын, тұңғиық сырларына қанықтыратын тарихи романдарының әдеби-рухани дамуымызға жасаған ықпалын, кеңестік кезеңдегі өмірді бейнелейтін романдар сериясының әлеуметтік-эстетикалық қуаты туралы биік эстетикалық талғаммен пайымы құнарлы тұжырымдар жасай отырып, халық ғұмырының ғасырларды еңсерген панорамасын көрсететін көркемдік сипатын ашып береді. Сыншы-ғалым ұлттық театр өнеріндегі алғашқы арнаны халықтық қайнарлардан, ұлыстық ұстанымдардан іздейді. Оны алғашқылардың қатарында жүзеге асырған ақберен дарын иесі, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанин жөнінде алғаш рет зерттеу жүргізіп, тың деректер жинаған Рымғали Нұрғали болғаны да белгілі. Оның 1969 жылы жарық көрген «Талант тағдыры» атты еңбегі иісі қазақ режиссурасының, оның төлбасы Жұмат Шанин творчествосының «тар жол – тайғақ кешулеріне» арналған тұңғыш зерттеу, тұңғыш зерделеу екендігін де еске сала кеткенді жөн көреміз. Әдеби шығарманы теориялық ұғымдарға сабақтастыра талдап түсіндіру Рымғали Нұрғали зерттеулерінің өне бойында тұтастық сипатын сақтап отырады. Әдебиеттану ғылымының құрамына кіретін эстетикалық категориялар мен анықтамалар кең тармақ-тармағымен сөз етіледі. Сыншы-ғалымның зерттеулерінде мазмұн мен форма, тақырып пен идея, сюжет пен фабула, композиция, образ бен характер, әдеби әдіс, әдеби бағыт, әдеби ағым, әдеби стиль, әдеби жанр проблемалары ғылыми ойдың тарихи озық тәжірибелерін салыстыру, сұрыптау мен бүгінгі әдебиеттану ғылымының соны жетістіктерін игеру дәрежесінде, ­парасат биігінде әңгімеленеді. Бүгінгі уақыт талабына, Тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау толарсақтан қағып, саяси ұстанымдардың ұсқынсыз бұғауы үстемдік етіп тұрған кезеңнің өзінде де Рымғали Нұрғалидың батыл қадам жасағанына көз жеткізуге болады. Әсіресе, оның ғылыми обектісінің ең күрделі, маңызды, арналы саласына айналған Мұхтар Әуезов өміріне, творчествосына қатысты, оның тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты деректері, жылдар қатпарында қалған қызық қиырларға жетелейді. Рымғали Нұрғалидың ғылыми-зерттеу еңбектерінде тіл қасаңдығы, оқушы түсінігіне ауыр тиетін керексіз схоластикалық қисындар, қажетсіз ұзақ цитаталар немесе оқушының ойына ой қосуға қауқарсыз қарабайыр ­шолулар кездеспейді. Оның шығармашылық өнеріне тән ерекшеліктер шоғыры – стиль сұлулығы, нысанаға алынған материалдардың ­шырайлы шынайылығы, еліктіріп әкететін ерекше әсерлілігі, сонымен бірге оқырманның танымдық белсенділігі мен эстетикалық талғамын ұштай түсуді ескеріп отыратын орамдылығы ­болып жалғаса беретін, өзінше бір әлем. Әдеби шығарманы талдауда, өнер ­туындыларын бағалауда, теориялық байлам мен ғылыми тұжырымдар жасауда Рымғали Нұрғали эстетикасының биіктігі, оның құнары мол эрудициясы, тұңғиық терең білімі мен шашасына шаң жуытпас шешендігі, талассыз талғамы мен даусыз танымы үнемі шаң беріп отырады. Осындай қордалы тақырыптарды қопарып құнарлы ойлармен түйінделетін кітаптар жазу мен бірге ғылыми мамандар дайындаудың киелі парызына қосқан үлесі қаншама!? Ол өз мамандығы саласында білімпаз ғалымдығына орай тәуелсіз Қазақстанның ғылыми дәреже мен атақтар беретін тұңғыш жоғарғы Аттестациялық комитетінің мүшесі болып, оның ішінде филология ғылымы ­бойынша ­Сараптау комиссиясының төрағасы ретінде жаңа ұйымның белі бекіп орнығуына іскерлікпен атсалысты, ғылым жолын таңдаған талай-талай азаматтар тағдырының, күнгейлі күндерінің мол болуына қолұшын берді. Бір мүшелге жуық уақыт – он бір жыл Қазақ энциклопедиясын басқару ­барысында ұлт мүддесін көздейтін, ұрпақ игілігіне қызмет ететін сан алуан озық идеялардың, байсалды бастамалардың ұйытқысы болып, олардың жүзеге асуы жолында барынша тер төгіп, ерекше мол қажыр-қайраты мен телегей теңіз білімін молынан жұмсады. Тұңғыш рет құрастырылған Ұлттық энциклопедия басылымдарын, ғылыми теориялық тұрғыдан алып қарасақ, жаңа да биік деңгейге көтерді. Профессор Рымғали Нұрғалидың бас редакторлығы кезінде «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», «Ол кім? Бұл не?», «Шәкірт энциклопедиясы», «Шаңырақ», «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», энциклопедиялық принциппен жасалған «Айқап», Әлихан Бөкейхан «Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар» тәрізді дүниетанымдық мәні зор еңбектердің шоғыр-шоғырымен дүниеге келуі – сол соны да, тың бастамалардың іске асуының жарқын көрінісі. Ол «Абай» энциклопедиясы арқылы қазақ тіліндегі тұңғыш тұлғалық энциклопедияның негізін қалады. Рекеңнің ғалымдық дарыны қандай биіктен көрінсе, оның ұстаздық шеберлігі де сол биіктен табылатын. Біз оқыған кезде қазақтың тұңғыш университетінде дәріс беретін республикаға белгілі ұстаз-ғалымдардың барлығын айтпағанның өзінде, «көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған» Бейсенбай Кенжебаевтың алдынан тәрбие алу, Мұхтар Әуезовтің өзі болмаса да ұлы тұлғаның тағылымын бойларына терең сіңірген шәкірттерінің алдын көріп, Әуезов үнінің әсері жадыларынан әлі өше қоймаған тұлғалардан лекция тыңдау, Мәулен Балақаев, Темірғали Нұртазин, Кәкен Аханов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, асылдың тұяғы ­Ыбырайым Маманов, Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғали тәрізді профессорлардың телегей білім, терең талдау үлгісінде оқылатын дәрістеріне қанығу, біздің буынның бақытына орай кездескен кеніші мол мүмкіндік екендігін үнемі жадымыздан шығармай келеміз. Осындай асыл ұстаздардың ішіндегі біз айтқан пікірдің айқын айғағындай, нақты мысалындай болып, сол ұлағатты ортаның ХХІ ғасыр басындағы ұрпаққа үнін жеткізер, мұңын шертер көзіндей болып күні кешеге дейін ортамызда жүрген айтулы тұлғалардың бірі – профессор Рымғали Нұрғали еді. Студенттік кезден ғылым жолына түсуіме ықпал етіп, курстық жұмысқа жетекшіліктен докторлық диссертацияға кеңесшілік жасауға дейін үздіксіз жалғасқан жақындық ­аясында өз әлімше сезіп білген, көзбен көрген, талай рет куә болған ұстаз бойындағы асыл қасиеттері, талант қырлары, қабілет-қарымы, адамгершілік пен азаматтық келбеті турлы ұзақ-ұзақ толғауға ­болар еді. Алайда ұстаз-ағаны ­етене жақын сезініп кеткендіктен бе, ол жайында ақтарыла жазуға үнемі имене беремін, тартына сөйлеймін. Дей тұрғанмен, әдеби орта, зиялы қауым жақсы білетін, алдынан дәріс алған жүздеген шәкірттеріне де белгілі ұстаз келбетінің кейбір тұстарын қайталап айтудың артықшылығы жоқ деп білемін. Осы орайда Рымғали Нұрғалиев талантының алғаш ауызға ілінер ерекше бір қыры – оның лекторлық шеберлігі. Біздің курсқа Рекең бірінші курста «Әдебиеттануға кіріспе», төртінші, бесінші курстарда «Қазақ әдебиеті тарихы» пәнінің Кеңестік кезеңінен және арнаулы курстар бойынша дәріс берді. Біз оқуға түскен жылдары «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша қазақша оқулық жоқ болатын. Зекеңнің «Сөз өнері» кітабы әлі шықпаған кез. Бірінші курстың алғашқы күндерінен оқытылатын «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен лекция оқитын Рымғали Нұрғалиев шәкірт көңілін бірден-ақ баурап алып, әдебиет әлеміне деген құштарлығымызды бұрынғыдан да арттыра түсіп, әсемдік әлемінің гүлзар бағына енгізіп жібергендей болды. Әдеби болмысты түсіндіруінде қазақ әдебиеті шеңберінен әлдеқайда әрі асып, әр мысалын Еуропа және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сабақтастыра түйіндеп, ағыл-тегіл сөйлегенде лекция жазуға әлі дағдыланбаған, жүйелі ой қорытуға қалыптасып үлгермеген біз абдырап қалушы едік. Тума талант, қабілет-қарымына орай жинақтаған терең білімі, философиялық тұжырымды ойлары шешен тілмен көмкерілгенде айызымыз қанып, қанаттануға қоса, бұған дейін ештеңе оқымағандай күйге түсетінбіз. Рекең қандай тақырыпта лекция оқыса да студенттердің ынтасын тудыра отырып, нәрлі ой-тұжырымдарымен әсерлендіре, өзінің жазу мәнеріндегі көркемдікті әлсіретіп алмай сөйлейтін, үнемі шабыт үстінде жүретіндей көрінетін. Ол оқыған лекцияларда тіпті трафарет тәрізді есептелетін жазушы өмірбаянының өзі өзгеше стильде, көркем өрнектеле баяндалып, көркем образ деңгейінде тыңдалатын. Бұл құбылыс С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов тақырыптары өтілгенде ерекше көрініс табатын. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы тұсында аса бір сүйіспеншілік сезім мен ­шабытты күйде болды. Ұлы жазушыға ­арналып бірнеше күн бойы оқылған лекцияда «Абай жолы» эпопеясына көп орын берілді. Эпопеяның жазылу, жарық көру ­тарихын баяндай келе, ондағы образдар әлемі, кейіпкерлер болмысы, құрылымдық сипаты, табиғат құбылысы, мінез бен портрет, т.б. толып жатқан мәселелер жайында жеке-жеке талдай отырып ойын жинақтай сөйлегенде кітапта суреттелетін бар әлем қайта жаңғырып жан бітіп көз алдыңа келгендей ­болатын. «Эпопеяда кейіпкер көп. Үш жүзге тарта кейіпкер бар... кітапта ­аянышты тағдыр көп. Иіс кемпір, оның баласы Иса, немересі, т.б...» деп алып, әр алуан кейіпкерлер тобының басты тұлғалары, түрлі тағдыр иелері, көркем бейне ретінде олардың өзіндік орны мен көтерер жүгі жайлы жіліктеп талдап кетер еді. Романда боран, жауын, қыс, жаз, көктем, күз, т.б. алуан түрлі құбылыс, қилы іс-әрекеттің мол көрініс табатыны, оның бәрі де қазақ өміріне байланыстырыла суреттелетіні, белгілі бір авторлық мақсатқа қызмет істеуге, шығарманың идеялық мазмұнын ашуға жұмылдырылатыны туралы айта келіп, сол әртүрлі құбылыс, іс-әрекеттің әрқайсысына жеке тоқтала отырып, оларға байланысты роман ішіндегі өзіне керекті детальдар, оқиға, сюжетті жатқа айтып, ой маржанын төгілте баяндайтын. Бұрынырақ оқыған эпопеядағы ұстаз келтірген дерек, детальдарды аңғармағаныңды, не ұмытқаныңды сезініп, қайта оқығың келіп кетуші еді. Әсіресе, «Абай жолын» кең тыныспен талдап түсіндіру барысында романның екінші кітабының аяғындағы эпилог арқылы түйінделген ойларды жеріне жеткізе зор шабытпен толғаған тұстары әлі күнге көз алдымда, көңілімнен өшкен емес. Эпилогтағы Мұхтар Әуезовтің қалам қуатымен өрілген әуезді әсем ырғақты сөйлемдер лектор Рымғали Нұрғалиевтің құлаққа жағымды қоңыр үнімен тыңдалғанда оқылғаннан әлдеқайда әсерлі еді. Жеті жарым беттен тұратын эпилогтағы бірнеше абзацтық мәтінді жатқа айтып, шығарма түйінін берудегі жазушы шеберлігін ғылыми терең пайыммен, философиялық толғаммен тұжырымдап, шешендікпен жеткізе, кестелі тілмен баяндаған тұста Абай-Мұхтар, Мұхтар-Рымғали әлемі болып тұтасып, жарасым тапқандай көрінер еді. Бұлар арқылы қазақ әдебиетінің үш дәуірі бірімен бірі жалғасқандай, бір нүктеде түйіскен үш дәуір болып, бір ниетте ұласқан үш тұлға күйінде ұлт ұраны, қазақ үні, қазақ сөзі, қазақ ойы болып, бірін-бірі демеп болашақ бойлығына жол тартқандай. Қаламгерлік жолы әуелі журналист ретінде басталған, артынан әдебиеттану бағытында жазған ғылыми, сын еңбектерімен кең танылған Рымғали Нұрғали өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың соңын ала прозалық шығармаларымен де қайта көзге түсе бастады. Алайда көркем әдебиеттің кез келген жанрына қатысты жазылған мақалалары, драматургияны арнайы зерттеген ғылыми еңбегі арқылы сыншылық өресімен, зерттеушілік қабілетімен әдеби, ғылыми ортаға өзгеше сілкініс әкелген дарын иесінің прозалық шығармалары ғалымдық жолының тасасында қалып қойғаны рас. Оның «Дән» атты новеллалар жинағы, «Ай қанатты арғымақ» атты роман оның көркем прозадағы қаламгерлік қарымын танытқан туындылар болды. Қаламгердің алғашқы прозалық кітабы «Дән» деген атаумен 1977 жылы «Жалын» баспасынан шықты. Сонау 1960-70 жылдардағы ел өмірінен сыр шертетін, көзбен көрген, болған оқиғаның ізі суымай дер кезінде шығарма арқауына айналған елу дерек, елу тағдыр, бір-бірімен жалғасқан, бір-бірімен сабақтасқан тағдарлар тоғысы сан алуан ойларға жетелейді. Лирикалық сарында жазылған елу новелланың басын біріктіретін бұл кітап көркемдік қуаты мол, танымдық, тағылымдық қызметі ерекше туынды ретінде бағаланады. Сондай-ақ ол қазақ әдебиетіне өзгеше формалық, композициялық жаңалық, роман-хроника, повесть-күнделік, т.б. тәрізді әредік көрініп қалатын әдеби жанр түрлеріне қосылатын деректі новелла үлгісін әкелген бірден-бір шығарма деп бағалаймыз. «Ай қанатты арғымақ» романында қазақтың тұңғыш кәсіби режиссеры Жұмат Шаниннің өнермен өзектес өмірін, отызыншы жылдардағы репрессия кезіндегі ауыр тағдырын көрсетуге арналған. «Аяқталмаған трагедия» әңгімелер топтамасында Семей полигонының қасіреті суреттеледі. Біз, академик Рымғали Нұрғалиұлының шәкірттері, аяулы ағамызды ұлағаты ұшан-теңіз Ұстаз, хас таланттардың қатарынан орын алған Ғалым ретінде де, туған халқының рухани қазынасына қомақты үлес қосқан қабырғалы қайраткер – Тұлға, әз бейнесіне азаматтық болмысы сай Алаш ұлы ретінде де үнемі мақтаныш етеміз. Ұстаздығы мен ғалымдығы адамгершілікпен ұштасқан, қайраткерлігі мен азаматтығы табанды тұлғасымен тұтасқан Алаштың асыл перзенті, әз ағамыз арамыздан кетсе де мың-сан жанашыр көңілдерде ұялаған жарқын тұлғасы әрқашан есте сақталып, жаңғырып тұра берері кәміл...

2559 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы